Абайдың христиан миссионеріне жауабы

Сәдуақас қажы Ғылманиды «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» кітабын төтешеден қазіргі қазақ харпіне аудару барысында бірқатар мәліметтерге ие болдым. Соның бірі Абай хакімнің христиан миссионеріне жауабы.

С.Токжигитов Зұлқарнайын туралы «Кәһф» сүресінің 84 және 89 аяттырын келтіріп «…Күн шыққан, батқан орындарына барып, сасық қара балшыққа батты» және «Аспан мен жерді Хұдайға ұстатып қойды» деп Құранды мінемек болғанда, Сәдуақас қажы оған қарсы, «Абай ақсақал мен месионер сұрақ-жауабын келтірсек артық болмас» деп 1860 жылдары Семей өңірінде болған Абай Құнанбайұлы мен христиандық миссионері ортасындағы тартысты жазады. Хакім жайлы ғұлама келтірген тың дерек мені де бей-жай қалдырмады. «Аманның да өз сәті болады» демекші, кеш те болса, қолжазбадан көрген деректі харпін өзгертпеген күйінде оқырманмен, абайтанушы, сәдуақастанушы ғылым жолындағылармен бөліскенді жөн көрдім.

Бұл дерек, «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» кітабының қолжазбасында 97-бетінде «Жерді көтеріп тұрған көк өгіз» деген бөлімінде баяндалады. Бұл жерде С.Ғылмани ақсақалда қалай болса солай беруді жөн көрдім. Мәтін былай:

«Жердің қандай екенін адам білмегенмен Хұдай біледі. Ендеше, аптор Зұлқарнайын туралы аятты 18-с, 84-аят, тағы сол сүре 89-аят мәнілерін жазыб күн шыққан, батқан оырындарына барыб сасық қара балшыққа батты деб және аспан мен жерді Хұдайға ұстатыб қойды деп мінейді. Бұлай күнді батты деп мәні беру теріс. Оның түзу мәнісі; батар табты. Батты мен батар табты екі мәні болыб, екі арасы сонша қашық.

Бұл туралы Абай ақсақал мен месионер сұрақ-жауабын келтірсек артық болмас. Ол уақиға былай:

Ресей патшалығы тұсында. Шамасы 1860 жылдарда патша жанынан мұсылмандармен оның ішінде қазақбен дін жайында айтысыб прауслауной дінге тартыб соқындырмақ болыб, Самипалатнск қаласына месионрдің бастығы келеді. Келген Семей қаласында он екі мешіт болатын. Он екісін де жабтырыб бекіттіреді. Кімде-кімнің менің сұрағыма ақыл қанағат қылатындай жауаб берсе ғана ашатын болады. Мұсылмандардың ғалымдары ақылдасыб, бұған жауаб беретін Құнамбайф Ебарһым, одан басқа жауаб бере алмайды деб ат шабтырыб Абайды алдырады. Ол келіб танысыб, білісіб ахрында жауаб беретін болыб дагауыр жасасыб мұсылман жағынан Абай мен үш кісі, хрстиан жағынан жиырмаға тарта адамдар болады. Абай жағындағы Әріб ақын, татардың бір адамы. Жұрттың сөйлесуден қорқуы патшалық заңы бойынша қарсы болған адамды месионр жер аударуға прабалы дегеннен қорқысқан болуы керек.

Месионр мен Абай ортасында бригауар; екі жағы да ойлағанын айтуға, брабалы ақылға қонымды болған сөзді мақұлдауға, екі жақтың отырғаны сөз қоспауға, жауаб түзу берілсе мешітті ашыб беруге, сол сықылдыларға жасасқан. Көп сұрақ болса керек, бірақ содан екі сұрақ оның жауабы ғана айтылады.

Бірінші сұрақ. Месионер: «Хұдай қаһар қылса бар халықты тарының қауызына сиғызады дейді. Осы ақылға сия ма»?

Абай: «Сияды. Оған мисал адам далаға шығып көзін жан-жаққа салса, барлығын көреді. Әрине соның бәрін көрген көздің титтей бір жанары. Махлұқ көзінің жанары соншалық нәрсені қамтуға жарағанда Хұдай қаһары бар нәрсені көрген жанардан қалай», — депті.

Екінші сұрақ. زوالقارناين (Зұлқарнайын. –ауд.) күннің жерге кіргенін көрді. Күн жерден әлденеше хесса үлкен. Ол қалай? Кірді деу ақылға сия ма?

Абай: «Құран تَغْرُبُ деб батар көрді деді. تَدْخُلُ болса жерге кірген деуге сияды. Міне, қараңызшы, күн қай жерден батты десе, біз айтбаймыз ба, «ана Семей таудың ар жағына батты» дейміз. Сол сияқты айтылған сөз» дегенде «Бұл да ақылға сиятын сөз» деп месионер қабылдабты.

Сол сөзді өзі оқыған адам бола тұрып аптор сасық қара балшыққа батты деуі үстірт сөз екені анық. Ендеше, Құранды мінеу орынсыз. Түзу мәні бере алмаған кісіні мінеу керек.

Ал Зұлқарнайын — мұсылман. Сол мұсылман ішінде пайғамбар деп, кейбіреулер әулие деб кейбіреулер талас қылады. Өзі Ебраһым Пайғамбар тұсында болған адам. Жыл санаудан екі мың жылдан артық уақытта өмір сүрген адам. Оны Ескендір Макидони деушілер болса да, ол тіпті дұрыс емес. Оның аты Әбу Кәріб Шәміс Ғамири деген Яменнен шыққан адам. Ескендір Макидони заманынан қанша ұзақ бұрын болған. Жалғыз-ақ, сондай ұзақ шығыс батысқа барғаннен, екі шетке барды деб Зұлқарнайын аталған. Және Ескендір Макидони арсту мәзһабында, бұл кісі мұсылман.

Жүрген жерлері шығыс-батыс дегеннен басқа айтылмаған. Жалғыз-ақ, екі тау арасын бекітуі анық. Ол қай тау? Көпірек ғалымдар Капказ дейді».

Бүкіл қазақ даласын аузына қаратқан дуалы ауыз, абыз ақсақалдың келтірген деректері қисынсыз деп айта алмаймыз. Христиандық миссионермен болған дауда Абайдың келтірген нақли дәлелдерін ортаға салады. Ал, ендеше? Бүгінгіде Абайдың діні турасында әртүрлі лақаптар айтып, қисынсыз бұрмалау жасап жүргендер не дер екен?

Бұл дерек, Абайдың діни тұрғыда кім болғанын айқындай түссе керек. Ол жағы исламтанушы болмағасын, менің мәселем бола қоймас деп ойлаймын. Өйткені, жөнге жығылып, ақылға тоқтаған, «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген қазақтың қарапайым азаматы ғанамын. Ал, пәтуалы сөзді имамдар мен исламтанушылар айта жатар.

Құран мен Ислам құндылықтарын күстаналап, «Құран туралы ақиқаттар» деген кітап жазған автор. Ал, С.Ғылмаин 1970 жылы «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» кітабын осы кітапқа тойтарыс беру мақсатында жазған.

Оразбек Сапархан