Бай болудың 100 пайыз дәлелденген әдісі!
Әбу Сайид ибн Мәлик он үш жасында әкесімен бірге Ухуд шайқасына қатысқан сахаба. Сол соғысты әкесі шейіт болады да, отбасының бүкіл ауыртпашылығы жап-жас Әбу Сайидтың мойнына түседі. Кедейлікті бастан кешіреді. Аштықтан қарындарына тас байлап алатын кездері болады.
Сонда үйіндегілер:
«Бар да, Алла елшісінен (с.ғ.с.) бір нәрсе сұрап кел! Жұрттың бәрі сұрап жатыр ғой» деген шағым мәндес сөз айтады. Алғашында барғысы келмейді. Бірақ жағдай қысып бара жатқан соң, не де болса, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) барып жолығуға бел байлайды. Құдайдың құдіретін қараңыз, Расулулланың (с.ғ.с.) қасына барып қалса, ол халыққа мына сөзді айтып тұр екен:
«Көңілін тоқ тұтқан және ар-намысты жоғары ұстаған кісілерді Алла Тағала өзге жұрттан бай етеді»
Осы сөзді естіген Әбу Сайид тілегін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтпай-ақ үйіне қайтып кетеді. Содан кейінгі жағдайды өз аузымен былай деп жеткізген:
«Алла елшісінен (с.ғ.с.) ештеңе сұрамай үйге қайтқан күні Алла бізге рызық-несібесін жіберді. Содан былай ісімізге береке дарығаны сонша Ансарлардың арасында бізден бай ешкім болмады…» (Ахмад ибн Ханбал. Мүснад. ІІІ т., 449-бет)
Міне, біздің несібе іздегенде жасайтын үлкен қателіктерімізді бірі осында жатыр. Айналадағы әркімнің дәулетіне көз тігіп, мен де солардай болсам ғой деп іштей тілеп жүрудің өзі көңілдің тоқ емес екенін білдіреді. Оның орнына Алланың маған берген несібесі өзіме жетеді, Құдайға шүкір деу керек.
Екінші мәселе – ар-намысты жоғары ұстау. Жұртқа алақан жаюды намыс көрудің өзі адамды еңбекке баулып, табысқа қарай жетелесе керек. Абай атамыз айтқандай, телмірген көзімізді емес, маңдайымыздан аққан терімізді сатуымыз қажет. Сонда бай боламыз. Алла елшісі (с.ғ.с.) қателеспейді.
Асылбек Әуезханұлы