«Қазына» би ансамблі Түркияда өткен халықаралық байқауда үздік атанды
Түркия Республикасының Бурса қаласында өткен ХХХІ Халықаралық «Алтын Қаракөз» фольклорлық би байқауында оңтүстікқазақстандық «Қазына» би ансамблі бірінші орынды иеленді. «Алтын Қаракөз» деп аталатын Халықаралық өнер сайыпқырандарының дүбірлі додасы тарихында Қазақстанның бишілері алғаш рет жүлделі орыннан көрінді. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының мамандары хабарлайды.
Байқауға Қазақстан Республикасымен қатар, Әзірбайжан, Чили, Косово, Черногория, Грузия, Беларусь, Аргентина, Албания, Македония, Қырғызстан, Филиппин, Қытай, Босния және Герцеговина, Кипр, Молдова, Башқұртстан, Үндістан, Румыния, Татарстан және Болгария сынды 21 мемлекеттен би ұжымдары қатысып, өз ептіліктері мен мықтылықтарын танытты. Би қимылымен тілсіз өнер байлығын паш еткен әр елдің дарабоз бишілері ішінен көшбасшы орынды қазақстандық «Қазына» би ансамбліне берсе, екінші орынға Молдова мемлекетінің өнерпаздары лайық деп танылып, «Күміс Қаракөз» жүлдесі бұйырды. «Қола Қаракөз» аталымына ие болған Грузияның би ұжымы үшінші орынның жүлдесін өз еліне арқалай қайтты.
Аталған би байқауының мақсаты — халықаралық өнер ұжымдарының бірегейін анықтау және өзара қарым-қатынасты арттыру болса, сайысқа қойылған талап деңгейі де күрделілігімен ерекшеленді. Би тобының сахна мәдениеті мен әрбір қимыл-қозғалысы, музыка ырғағымен байланысы мен өз мемлекетінің ұлттық нақышын бейнелейтін киім үлгісі қазылар алқасының назарынан тыс қалмады. Дода барысындағы егжей-тегжейлі зерделеу мен би тактикасының сәттілікпен орындау шеберлігін сараптау, кіл мықтылардың айрықша сипаттары мен өнер әлеміндегі биіктіктерін аңғартты.
Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі, Бурса Муниципалитеті мен Түрксой Халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген «Алтын Қаракөз» фольклорлық би байқауына қатысқан «Қазына» би ансамбліне Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі қолдау білдірді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының лауреаты, ҚР мәдениет қайраткері Әжібекова Зәуре Бекембайқызының жетекшілігіндегі бірнеше халықаралық, республикалық би байқауларында жеңіс тұғырынан көрініп, күнгей өлкенің өміршең өнерін насихаттап жүрген би ұжымы бұл сайыста да қазақтың ұлттық өнерін паш етті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі