Шылым шегесіз бе? Онда оқыңыз!

Темекі – құрамында никотин (nicotiana) және төрт мыңға жуық улы зат бар темекі өсімдігінің майдаланған, құрғатылған және қолдануға дайын күйдегі жапырағынан жасалады. Тұқымы өте майда болғандықтан, алдымен көшеті өсіріліп, сосын егістік жерге отырғызылады. Темекі–жапырағында танин, желім, шайыр, крахмал және алколоидтар бар өсімдік. Темекінің ішінде – ең көп мөлшерде никотин алколоиды бар. Никотин сульфат тұздары ауыл шаруашылығында құрт-құмырсқаны өлтіру үшін қолданылады. Темекінің түтіні ағзаға зиянды және улы заттардың жиынтығынан тұрады. Бұлардың ішінде ең қауіптісі – никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе рагіне ұшырататын әртүрлі радиоактивті элементтер (бензепирен, полоний, висмут, т.б.).

Никотин – циаминге пара-пар у. Никотин улы зат болғандықтан, медицинада дәрі ретінде қолданылмайды. Мәселен, 5-6 тамшы никотинді итке берсе, сол заматта өліп кетер еді. Ал бір қорап темекінің құрамындағы никотинді инемен шаншыса, адам әп-сәтте көз жұмады. Алайда адам ағзасы никотинді қан арқылы емес тыныс жолымен қабылдайтындықтан, бірден емес, «баяу өлім» арқылы өз түбіне өзі жетеді.

Темекі құрамындағы улы заттардың саны 70-тен 300-ге дейін жетеді. Алайда темекі шегу кезінде улы заттар одан сайын арта түседі. Өйткені темекі тұтатылғанда, температура 600-ден 900 градусқа дейін көтеріледі де, жаңа улы заттар мен өнімдер түзіледі. Осылайша темекінің құрамындағы улы заттар саны 4 мыңға дейін көбейеді.

Никотин темекі түтінімен ауызға, одан әрі тыныс жолдарымен өкпеге, одан адам қанына сіңіп, қан арқылы адам ағзасының түкпір-түкпірін улайды. Сілекей арқылы жұтынғанда, никотин өңешке, асқазанға өтеді. Сөйтіп, ауыздағы, еріндегі, тілдегі, таңдайдағы өте сезімтал жүйке талшықтарын зақымдайды. Никотин қан арқылы миға жетеді, әуелі оның жүйке клеткаларын (нейрондарды) қоздырады, сосын оларды улай бастайды. Никотин түтін арқылы тыныс жолдарымен өтетіндіктен, темекі түтіні оның ішкі қабыршақтарын ыстайды, ісіндіріп, қабындырады, қан түйіршіктеріндегі оттегіні адам ағзасына таратушы тамырларға ауыр зардабын тигізіп, қан айналымы қиындағаннан ми, жүрек, басқа органдар «қорексіз» қалады. Көк түтiннiң салдарынан адамның бүкiл қан тамырлары жиырылып, қан алмасу қиындайды. Жүрекке үлкен ауыртпалық түсетіндіктен, жүрек талмасына алып келедi. Миға баратын қан мөлшерi азайып, ол өз күшiнде жұмыс iстей алмайды. Барлық ағзаларға оттегi жетiспегендiктен, бас ауырып, жүрек сыздап, аяқ-қол қақсайды. Темекі шегетін аналар тапқан баланың қан түйіршіктерінің гемоглобині кем болады.+

Нұрбек Қайырмұхаммед