Бұзықшылық жасаған балаға қалай ұрсу керек?

Бала тәрбиесі – ата-ана үшін жауапты да маңызды мәселе. Баланы әсіресе, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, болады мен болмайдыны айыра алмайтын жасында тәрбиелеу өте қиын. Бұзықшылық жасайтын кездері өте көп болады. Бала тәрбиесімен көбінесе әйел адамдар айналысатын болғандықтан кейбір әйелдер «балам ашуыма тиген кездерде оған ұрсып, кейде ұрып та аламын» деп жатады. Бұл жайлы дініміз не дейді? Балаға ұрсу немесе ұру дұрыс па?

Балаға қай жасында болмасын ауыр сөздер айтып, кемсітіп, ұрсуға болмайды, ал ұруға тіпті болмайды. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Балаларыңа қарғыс айтпаңдар, бұл қабыл болуы мүмкін» – деп балаларға ұрсып, қарғап-сілемеу керектігін ескерткен.

Ашуыңызға тиіп, бұзықшылық жасаған сәттерінде сабырлы болуға тырысыңыз. «Мынау не, ақымақ» т.с.с. ауыр сөздер айтқаннан ештеңе де өзгермейді, қайта баланың психологиясына теріс әсер етеді. Одан да «менің балам (қызым) ендігәрі мұндай жаман қылық жасамайды, себебі ол ақылды, солай ғой ия?» десеңіз, бала бұл сөздеріңізді тезірек ұғады. Ұрысқанда да «ақылдым, мұның дұрыс емес», «менің алтын балам неге бұлай жасады екен?» деген сияқты сөздерді қолданыңыз. Ондай сөздерді естіген бала кінәсін өзі-ақ сезініп, екінші ол істі жасамайды. Ал үнемі ұрыс естіп, дөрекілігіңізді сезінген бала бұзықшылық жасауға дағдыланып кетеді.