Маңғыстау-Қазақстанның ірі логистикалық хабы

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның басым бағыттарының бірі болып саналады. Бұл ретте, Маңғыстау облысының атқарар рөлі ерекше.

20-шілдеде Ақтауда халықаралық көліктік-логистикалық форум өтті. Басты мақсат — теңіз порты жүк айналымын арттыру. Маңғыстау облысының инвестициялық тартымдылығын көрсету. Маңғыстаудағы көзделген логистика саласында жобаларды іске асыру Қазақстанның Каспийдегі логистикалық торабының қуатын 2018 жылдың аяғына дейін 25 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді.

Іс-шара кезінде көліктік-логистикалық әлеуетті арттыру, Каспий транзиттік дәлізіндегі бірыңғай тариф және өзара тиімді ынтымақтастық жайы сөз болды. Мәселені талқылауға халықаралық теңіз жобаларының ірі инвесторлары — теңіз логистикасы белсенді дамыған елдер: Ресей, Әзірбайжан, Түркия, Қытай, Грузия, Америка, Ұлыбритания, Италия порттарының өкілдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, жергілікті ірі мұнай компаниясының жетекшілері қатысты.

-Маңғыстау облысының инвестициялық және көліктік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамытуға арналған халықаралық форумға қош келдіңіздер! Өздеріңізге белгілі, біздің облысымыз Каспий жағалауындағы бірден бір аймақ ретінде Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бағдарламасында шешуші маңызға ие. Мұның дәлелін өздеріңіз Қазақстанның теңіз қақпасы-Ақтау, Құрық порттарында болғанда көрдіңіздер, -деді кездесуде сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Каспий жағалауы елдерімен одан әрі белсенді ынтымақтасуға Маңғыстауда барлық жағдай жасалған. Айталық, еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту үшін биыл Құрық порты құрылысының екінші кезеңі-автомобиль өткелін салу басталды. Жоба баламалы маршруттар бойынша автомобиль тасымалын дамытуда бәскелестік ахуал қалыптастырады.

Мультимодальды логистикалық тізбекті дамыту мақсатында заман талабына сай құрғақ жүк және паром флоты жасақталуда. 2020 жылға дейін флоттағы кемелер саны 20-ға жетеді.

Форум аясында Маңғыстау облысы әкімдігімен және «А+А Group of Companies», «EnerMech» компаниялары арасында үшжақты меморандумға, Ақтау және Анаклия порттары арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Меморандумдар энергетика, көлік және логистика салаларына инвестиция тарту және өзара ынтымақтастық мақсатында жасақталды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген: С. Майемеров