Атажұртты арнайы іздеп келген қария

Қартайған шағында ата-бабасы дүниеге келіп, аяқ басқан жерді аңсап, атажұртты, Сырым Датұлының туған жерін  бір көруді армандап, ауданымызға арнайы ат сабылтып келген Даттың Адамбайынан тарайтын Темірқұл қажы Тәліпұлын және оның немере інісі Әбділхамит қажы Сыдықбайұлын, Темірқұлдың атайдың немересі Сабыреддин Фатауддинұлын, қонақтарды ауданға бастап келген «Дана KAZ» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлын аудан әкімі Төлеген Төреғалиев  қабылдады. Ата-бабалары Қазақстаннан «жерімізді орыс тартып алды, дінімізді де құртады» деп, Тәжікстанға өтіп, кейіннен Ауғанстан, Иран елдерінде тұрған қандастарымызға аудан басшысы Төлеген Серікқалиұлы Сырым елінің тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеп,  биыл Сырым Датұлының 275 жылдығына орай ауданда ауқымды шаралар ұйымдастырылатынын айтты.

Меймандар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайында болып, көненің куәсі құнды жәдігерлермен танысып, Сырым туралы фильмді тамашалады.

Темірқұл қажының айтуынша,  руы – байбақты, Даттың бәйбішесінен туған Адамбайдан тарайды.  Әкесінің аты – Тәліп. Оның әкесі – молла Естай. Оның әкесі – Беркін. Беркін бабасы 1777 жылдардың шамасында қатты қиындық көріп , Тайпақ ауданы жерінен 500 шаңыраққа бас болып көшкен екен. Себебі, қазақтың құнарлы жерлерін Ресей үкіметі күшпен тартып алса керек. Ол жерлерді қазақтар әлдеқалай пайдалана қойса, өздері қиналып жүрген қазақтарға  айып төлетіпті. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» болған уақыты екен.  Халық ашаршылықтан қырылып, қиындық көрген екен. Тәжікстанға келген  қазақтар аузы дуалы, киелі адамдар болса керек. Тәжікстан үкіметіне «Біз қиыншылық көріп көшіп келдік, бізге қоныс бер» деп арызданып, оларды Қолап өңіріне орналастырған екен.

Ол жақта да Ресей үкіметі тыныштық бермей, Ауғанстанға көшіпті. Ауғанстанға барған қазақтардың бәрі де 1977 жылға дейін тыныш өмір сүрді. Кеңес үкіметінің әскері Ауғанстанға басып кіргенде Ауған елі көтеріліс жасап, соғыс басталды. Қарапайым халықтың күн көруі қиын болды.. Түркияға, Иранға қазақтар қоныс аудара бастады. Бір мыңдай отбасы Иранға барды. Иранның  Гурган, Бендертүркпен, Аққала, Кумбеткәус деген қалаларындағы қазақтармен  араласып, он-он бес жылдай отырды. Сол ағайындар қол ұшын созып,  қиындықты сезбей өмір сүріпті.

–  1991 жылы «Қазақстан егемендік алды, мемлекет болды» — деген ақжолтай хабар жеткесін, қуанышымыз қойнымызға сыймай, жүрегіміз жарылардай қуандық. «Біз Отанымызға барамыз» деп, Президентіміз Нұрсұлтанға арыз жаздық. «Біз Ауғанстан азаматы емеспіз, біздің ұлтымыз – қазақ, Отанымыз азат болды, енді өзіміздің Отанымызға, елімізге, топырағымызға, жерімізге, мемлекетімізге барамыз»,- деп Иран өкіметіне де арыз жаздық. Сөйтіп, 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан ағамыздың жарлығымен Қазақстанға көшіп келдік. Қазір Түркістан қаласының Ынтымақ ауылында тұрамыз,- дейді 81 жастағы Темірқұл қажы ақсақал.

Арғы аталары Беркінді «хан» деп те атаған көрінеді. Беркіннің  Молла Естай есімді бір баласы болған. Молла Естай Ауғанстанның Құндыз қаласының Шардара ауылында өмір сүрген. Сол жерде қайтыс болып, жерленген. Молла Естайдың Ықсан, Құрбан, Тәліп, Имамеддин, Рахима, Меңгүл есімді төрт ұлы, екі қызы болған. Бұл кісілер Пұлқұмыр қаласының Гүргіреуік деген ауылында отырған. Тәліптің ұлы Темірқұл қажы, 1936 жылы Ауғанстанда дүниеге келіп, екі әйелінен жеті ұл, екі қыз көріп отыр.

Бірнеше ғасыр атажұрттан қол үзіп қалғындықтан, елде қалған ағайындарды іздеп, ата-баба қоныс тепкен жерге өзі тұрмаса да, ұрпақтары көшіп келсе деген ақсақалдың арманы бар. Елден жырақта өмір сүрсе де, тілді, дінді, салт-дәстүрді ұмытпаған Темірқұл қажының немересі Сабыреддин бүгінде Теректі ауданының Покатилов ауылдық мешітінің  бас имамы. Ұлының есімін ата-баба құрметіне Сырымдат деп қойыпты. Темірқұл қажы өзі де, немере інісі Әбділхамит  те  үлкен қажылыққа барып келген.

Атажұртты арнайы іздеп келген қандастарымыз Сырым Датұлының кіндік қаны тамған жері Қосарал ауылына барды. Олармен бірге «Нұр Отан» партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары, Даттың Жомартынан тарайтын Талғат Дарғожиев, жұмыспен қамту орталығының басшысы Саламат Иманғалиев сапарлас болды. Мұнда Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин қонақтарды қарсы алып, Даттың Сырымының жетінші ұрпағы Жұбан Зейнуллинмен жүздестірді. Жұбан аға Даттың шежіресімен таныстырды. Бұрын «Адамбай ағашы» атты ағаш болғанын айтты. Бүгінде бұл ауылда Даттың Адамбайлары аз екен. Мүмкін қиын кезеңде көбі жан-жаққа қоныс аударуға мәжбүр болған шығар, бәлкім.

Қонақтар Сырымның  ұрпақтары Қазы мен Омардың зираттарына арнайы барып, құран бағыштады. Құлпытастың жазуларын оқыды.  Даттың жайлаған жерінің ауасымен тыныстады, аталарының табанының ізі қалған даланы  көрді, жусанын терді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА