ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ СЕКІРІС

«Жібек жолының сандық жүрегі» байқауына

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ СЕКІРІС

«Қазақтелеком» қарапайым адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартуды мақсат етеді

(ЭКСПО-2017 көрмесіндегі компания стендінен репортаж)

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар…» депті біреу баяғыда. Сол айтқандай, Қазақ Елінің бас қаласының төрінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі есігін айқара ашты. Керемет көрме күн сайын жүздеген, мыңдаған қазақстандықтарды, шетелдік қонақтарды алып магнитше тартып, қызықтырып тұр. Дәл қазір көрменің көрігі қызған шақ. Қазақша айтқанда, бұ көрмені көрген де арманда, көрмеген де арманда. Егерәки, жолыңыз түсіп, сол көрмеге бара қалсаңыз, тақырыптық павильондар ғимаратының 3-ші қабатындағы «Қазақтелеком» компаниясының айшықты стендіне бас сұқпай кетпеңіз. Себебі, бүгінгі заманғы технологиялық төңкерісті өз көзіңізбен көресіз. Көресіз де, таңдай қағасыз. Сөзім дәлелді болуы үшін, өз көзіммен көрген, өз құлағыммен естіген жағымды жаңалықтарды рет-ретімен баяндап көрейін.

Шіліңгір шілденің 23-інші жұлдызы. Ауаның температурасы +34С. Астана шаһары. ЭКСПО-қалашығы. Құжынаған халық. Қыз-қыз қайнаған көрме. Халықтың нөпіріне ілесіп, «Қазақтелекомның» көрмеге қойған жаңалықтарын (бұл туралы алдын-ала ақпарат жинадым) өз көзіммен көруге бардым. Стенді алыстан-ақ көз тартады. Аппақ қабырғаларға орнатылған үлкенді-кішілі теледидарлар самбырлап сөйлеп тұр. Сан-түрлі технология. Жаңа заманның жаңалығы. Болашақтың құрылғылары. Ғаламат жылдамдық. Таң қалдырарлық мүмкіндіктер. Стендіні араламас бұрын, компанияның қос қызметкері (бір жігіт пен бір қыз) күлімсіреп амандасып, ілтипатпен қарсы алды. Жігіттің есімі – Мейрам Бірімжан. Мамандығы – инженер. Ол сол жерде менің ГИД-імнің қызметін атқарып, стендіге қойылған барлық жаңалықтарды егжейлі-тегжейлі түсіндірді.

       

Жібек жолының сандық жүрегі

БАҚ-тардың ақпаратында «Сандық Жібек жолы» деген тіркес жиі айтылады. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетелік, Сандық Жібек жолы дегеніміз – бұл ауылдық елді-мекендерге кең жолақты ғаламтор желісін тарту жолымен жоғары технологиялық сандық инфрақұрылым құру, телерадиохабарларын тарату жүйесін барынша жетілдіру, телекоммуникациялық хабты дамыту, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аса үлкен мәліметтерді өңдейтін орталықтар салу және т.б.

Айта кетелік, Қазақстан Еуразияның кіндігінде орналасқан ел болғандықтан, Жібек Жолының ақпараттық ағындары біздің аумағымыз арқылы өтеді. Қазақстан Еуропа мен Қытайды, Үндістанды және тағы басқа елдерді байланыстыратын орталық болып табылады. Жібек жолының сандық жүрегі – «Қазақтелеком» компаниясы екені даусыз. Ол 20 жылда нарықтың жаңа жағдайларына бейімделе отырып, қалыптасу мен жаңарудың күрделі кезеңдерінен сүрінбей өтті. 20 жыл бойы компания еліміздің инфокоммуникациялық инфрақұрылымын жетілдіре және дамыта отырып, Қазақстанның халықаралық телекоммуникациялық қауымдастықтың толыққанды мүшесі болуына айтарлықтай үлес қосты. Аталған компанияның бүгінгі заманға сай технологиялық секіріс жасағанына біреу сенер, біреу сенбес. Қош делік.

Сөйтіп, Мейраммен бірге көрмедегі кереметтерге үңіліп, сөзіне құлақ түрдім. Алғашқы тұрған аппарат – «LT ID Phone» деп аталады. Оның ерекшелігі, абоненттерді аса жоғары жылдамдықпен ғаламторға қосады. Онда 8-10 фонпорт бар. Әр фонпортта — 10 МгБит. Бұл аппарат ғаламтор қызметін әр үйге, пәтерге ерекше жылдамдықпен бөле алады. Тіпті, әр абонентке секундына 2 МБит ұсына алады. Технологияның жаңа буыны. Мүмкіндіктері өте мол. Одан әрі Мейрам корпоративтік және жекеменшік тұтынушыларға арналған жаңа қызмет түрлерімен таныстырды.

 

Көмекші камералар, ақылды қала және онлайн-түбіртектер

Корпоративтік тұтынушыларға арналған бөлімге бас сұғарда «Қазақтелеком» ұсынатын жаңа қызмет түрімен таныс болдым. Ол – «Мобильдік байланыс пен қалалық телефонның бірігуі» деп аталады. Корпоративтік клиенттерден «Сүйінші!» сұрарлық жаңалық бұл. Яғни, соларға ыңғайлы болуы үшін іске қосылады. Айта кетелік, бұл жерде корпоративтік клиенттердің барлық қызметтері бір жерге біріктіріледі. Атап айтқанда, қоңырау соғу, бейнеконференция өткізу және т.б. Мысалы, ұялы телефонмен біреумен сөйлесіп тұрып, қалалық телефонға жедел ауысуға болады. Тіпті, оны сөйлесіп тұрған абонентіңіз сезбей де қалады. Ал, ендеше! 2018 жылдан бастап осы қызмет түрі іске қосылады.

Міне, жаңалықтың көкесі! Мысалы, Сіз басқа қалада жүрсіз делік. Үй-жайыңызды біреулер тонап жатқан жоқ па деп алаңдайтыныңыз анық. Қапа болмаңыз, қолыңызға қалта телефоныңызды алып, үйіңізде не кеңсеңізде не болып жатқанын алақандағыдай анық көріп отыратын күнге жетесіз. Көмекші камералар бәрін көрсетіп тұрады. «Мұндай камераларды көшелерге, дүкендерге, үйлердің кіре берісіне орнатуға болады. Олар бәрін «жазып» тұрады. Камераға түскен ақпарат компанияның Мәліметтерді өңдеу орталығына жинақталады. Сол жерден еліміздегі кез-келген қаладағы көріністі көре аласыз. Мысалы, жолда келе жатып, ұялы телефоныңыздың көмегімен үйіңізде, кеңседе не болып жатқанын анық көре аласыз. Ақпарат 7 күн бойы сақталады. Оны мәліметтер мұрағатынан өзіңізге көшіре аласыз»,- деп түсіндірді жаңалықты Мейрам Бірімжан. Инженер-маманның айтуынша, бұл технологияның артықшылығы – еліміздің кез-келген қаласына қанша камера қойсақ та еркімізде.

Ақылды қала. Қала қалай «ақылды» болады деп ойланасыз. Қалада тұратын адамның барлығы коммуналдық қызмет түрлерін тұтынады. Әр айдың соңында коммуналдық көрсеткіштерді құзырлы мекемелерге беру үшін телефонға «құлағымызды жабыстырып» алатынымыз шындық. Кей-кейде операторға қосылу үшін бір сағатқа жуық уақыт күтеміз. Болашақта «Қазақтелеком» бұл «азаптан» құтқарады. Ол үшін судың, электр қуатының есептегіш құралдарына датчиктер жалғанады. Сол датчиктер базалық станциядағы арнайы датчиктерге ақпарат жібереді. Бұл «Астана энергия тұтыну», «Астана су арнасы» сияқты құзырлы мекемелерге өте тиімді. Бұрынғыдай әлгі мекеме қызметкерлері үй-үйді аралап, есік қағып, көрсеткіштері сұрап жүрмейді. Ол үшін үй иесінің де пәтерде болуы шарт емес. Әрі ақпарат көпке жария етілмейді. Ай сайын датчиктің көмегімен тұтынылған су не электр қуатының мөлшері жөніндегі ақпаратты құзырлы мекемелер өздері көріп отырады. Технологияның артықшылығы сол – LoRA компаниясының технологиясын қолданады. Бір батарейкасы 6-7 жылға жететін датчик энергияны аз жұмсайды, ұзақ жұмыс істейді.

Қазір онлайн-түбіртектердің қызметі жақсы дамуда. Келешекте тіпті қағаз түбіртектер жойылып кетуі де мүмкін. «Алдағы уақытта барлық терминалдар тек электрондық түбіртек беруге көшіріледі,-деп әңгімеледі одан әрі Мейрам Бірімжан. – Қазіргі кезде барлық кассалық терминалдардың үштен бір бөлігі онлайн-қызмет түріне көшірілді. Бірте-бірте бәрі көшеді. Бұл біздің компанияның инновациялық қызметінің бір түрі». Оның айтуынша, ЭКСПО-қалашықтың аумағында 27 кассалық-машина орнатылған. Егер Сіз қалашықтың аумағындағы бір павильоннан немесе сауда нүктесінен бір зат сатып алсаңыз, түбіртегін сұраңыз. Сол түбіртекпен арнайы сыйлыққа қол жеткізуіңіз мүмкін. Себебі, «Қазақтелеком» АҚ-ы ЭКСПО-қалашықтың аумағында «Түбіртек сұра – сыйлық ұтып ал!» атты акция өткізуде. Сыйлықтардың ұтысы күн сайын сағат 16.00-де «Қазақтелеком» компаниясының стендінің жанында ойнатылады. Оған тек ЭКСПО-қалашық аумағында берілген түбіртекпен қатыса аласыз. Ол түбіртек www.oofd.kz  порталында тіркелуі шарт. Ұтыс тәртібі бойынша, бір тәулікте берілген түбіртектің біреуі сыйлық ұтады. Яғни, кез-келген сомаға бір зат сатып алып, сол түбіртектің көмегімен flash drive, powerbank және өзге де бағалы сыйлықтар ұтып алуыңызға болады.

Теледидарды ұялы телефоннан көресіз…

Стендідегі «саяхатымызды» жекеменшік тұтынушыларға арналған бөлімде жалғастырдық. Мейрам тоқтамай ұзақ сөйледі. Себебі, жекеменшік тұтынушыға қатысты жаңалық та көп екен. «Қазақтелеком» ID-теледидар қызметін ұсынады. Оған қосылып, ай сайынғы төлемді төлейсіз де, сүйікті киноларыңыз бен телебағдарламаларыңызды теледидардан, планшеттен және ұялы телефоннан көре бересіз»,- деп түсіндірді ол жаңалықтың бірін. Оқырманға түсінікті болуы үшін, VIP-отбасы топтамасындағы қызмет түрлеріне тоқтала кетейін. Мысалы, сіз «VIP TV» пакетін таңдадыңыз. Ай сайын оған 7 999 теңге төлем төлейсіз. Бұл пакетке: қалалық телефон, 300 Мбит/с лимитсіз жоғары жылдамдықтағы ғаламтор, Касперский антивирусы (екі құрылғыға бірдей жүктей аласыз), ғаламторды ата-аналардың бақылауы, ID TV сандық теледидары (ноутбук, планшет немесе смартфондағысын өзіңіз таңдайсыз), үздік телетоптамалар, «Megogo+» кинофильмдер пакеті, караоке сияқты 10-ға жуық қызмет түрлері кіреді. Демек, ғаламторға жалғансаңыз болғаны. Үйде, үйдің маңында, далада автокөліктің ішінде отырып-ақ қалаған 100 телеарнаның бірін, сүйікті киноңызды не бағдарламаңызды көре аласыз. Барлығы дайын тұрады.

Ойынқұмарлар да ескерусіз қалмапты. 2016 жылы «Қазақтелеком» мен «VAR Gamer» компаниялары келісім-шартқа қол қойыпты. Соның нәтижесінде «Қазақтелеком» өз тұтынушыларына бірнеше ойындар ұсынады. Әсіресе, бұл «танктер», «ұшақтар» атты әскери ойындар. «VIP GAMER» пакетіне тапсырыс берсеңіз, оған қоса ғаламтор, теледидар, телефон және премиум-аккаунт сияқты 11 қызмет түрін тұтына аласыз. Бұл технологияның өзгешелігі сол, ойындарды 1,5 есе жылдам жүктейді.

«Ақылды үйде» тұрғыңыз келсе, «Қазақтелекомға» барыңыз

Шетелдік киноларда өз үйін бірнеше шақырым жерден бақылап, басқарып отыратын адамдарды көретін едік. «Ақылды үй» деген технология осы. Қазақша айтқанда, өз үйіңді қашықтан басқару. Мысалы, таңертең асығып жолға шығып, үйдегі теледидарды не үтікті тоқтан суыруды ұмытып кеттіңіз. Біраздан кейін сол есіңізге түседі де, қатты алаңдай бастайсыз. Бірақ… алаңдаудың қажеті жоқ. Ұялы телефоныңыз арқылы «Ақылды айырып-қосқышты» іске қосасыз да, бар шаруаны тындырасыз. «Айырып-қосқыш қалай ақылды бола алады?» деп таңданасыз.

«Ақылды үйге» жалғанғыңыз келсе, арнайы пакетін сатып аласыз. Ең бастысы, үйіңіз ғаламтор желісіне жалғануы шарт. Арнайы пакетте алуан түрлі датчиктер ұсынылады. Атап айтқанда, есікті ашып-жабатын датчик, үйдегі түтінді көрсететін датчик, дабыл датчигі, ауа температурасының датчигі, аққан суды көрсететін құрал, үйдегі қозғалыс датчигі, IP-камера және ақылды айырып-қосқыштың датчигі бар. Сіз өз ұялы телефоныңыздың көмегімен ақылды айырып-қосқышты іске қосасыз. Ол сөнген кезде телефонға хабарлама келеді. Есік ашылып-жабылғанда да солай. Бұл – қауіпсіздіктің кепілі»,- деп егжей-тегжейлі түсіндірді Мейрам.

Стендіні аралап жүріп, алған әдемі әсеріммен сыртқа беттедім. Шыға берістен қарсы жолыққан бір ақсақал: «Әй, балам, қай павильонға барған дұрыс? Саған ұнағаны қайсы?» деп сұрады. Мен еш бөгелместен: «О, ақсақал, Сіз теледидарды көп көресіз. Ендеше, сол жаққа барып, жаңа технологияларды көріңіз. Үйге барып, кемпіріңізді қуантасыз. Ол жерде қызықты нәрсе өте көп»,- деп «Қазақтелекомның» стендіне жол сілтедім.

Сөз түйіні

Технологиялық секірістің көкесі «Қазақтелекомда» екен! Тек оны мың рет естігенше, бір рет көзбен көру керек. Ендеше, көріңіздер! Ешқандай өкінбейсіздер! Халықшыл компанияның қарапайым адамдардың өмірін жақсартуға ұмтылғанын байқайсыздар. Оның шынында да «Жібек жолының сандық жүрегіне» айналғанын көресіздер. Жақсыны көрмекке асығыңыздар, ағайын!

Төлен ТІЛЕУБАЙ, журналист