Құрметті Ералы Ұлықпанұлы!

Маңғыстау облысының әкімі
Е.Ұ. Тоғжанов мырзаға

Құрметті Ералы Ұлықпанұлы!

Елбасы өзіңізге үлкен сенім білдіріп, сізді Маңғыстау облысының әкімі етіп тағайындады. Бұл жауапкершілігі зор абыройлы қызмет екені белгілі. Сізді бұл жұмысты абыроймен атқарып, халықтың көңілінен шығады деп сенеміз. Біз туған жеріміздің гүлденіп көркеюін шын жүрегімізбен қалаймыз. Сол үшін қолдан келер көмегімізді көрсетіп, халықтың талап-тілегін сіздерге жеткізіп отыруды жөн санаймыз.
Әрине, халықтың тілегін сізге көзбе-көз жеткізуге бізде мүмкіндік бола бермейді. Себебі біз сіздердің салтанатты сарайларда өтіп жатқан, алқалы жиындарыңызға шақырыла қоймайтынымыз белгілі. Бірақ халықтың аманатын қалай да жеткізуміз қажет. Сол үшін әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдаланғанды жөн санадым. Жақында Маңғыстау ауданына қарасты Тиген ауылына барып қайтқан едім. Қарапайым ауыл халқының өтінішін сізге жолдап отырмын.
Маңғыстау облысы табиғи газбен 99% қамтамасыз етіліп болды. Бұл Республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Қазір облыста газ келмеген 3 елді мекен қалды, соның бірі – Тиген ауылы.
Тиген ауылы Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе-Ақшымырау тасжолы бойында орналасқан. Тиген жәнеТасмұрын ауылдарында қазір 25 үй бар, бұл ауыл негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысып отыр. Тиген ауылы аудан орталығы Шетпеден 43 км қашықтықта орналасқан, асфальт жолы келіп тұр. Ауылда жарық, ұялы байланыс бар. Ең бастысы мал шаруашылығына өте жайлы жер. Суы тегін, 20 фонтан бар, су жер асты қысымымен аспанға атқылап жатыр. Ауыл тұрғындары жазда егін салып, аудан халқын бақша өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылы Тиген ауылының тұрғындары, өз күштерімен екі жылыжай салып егін еккен болатын, өкінішке орай өткен қысты жылу болмағасын егіндері үсіп кетіпті.
Бұл ауылда қысы-жазы ыстық су атқылып жатқан фонтан да бар, бұл судың қасиеті денесіне жара шыққан адамдар әлгі сумен емделіп жазылып жатыр. Бұл табиғаттың халыққа берген үлкен сыйы болар. Егер де газ келсе, сол сумен емдейтін санатория ашуға болады. Тиген ауылына газ тартылатын болса, бұл ауылға көшіп келетіндердің саны артқалы отыр. Мал шаруашылығымен айналысатын адамдар көп.. Бұл ауылдың тұрғындары «жұмыс тауып беріңдер» деп үкіметке ауыртпалық салмайды. Мал өсіреді, етін, сүтін сатады, сонымен күнелтеді. Егер де Тиген аулына газ келсе, «ата кәсібімізді кеңейтіп, жүн, тері илейтін цех, шұбат дайындайтын, ет тартып, шұжық шығаратын құрылғы алып, кәсіпкерлікпен айналысар едік» дейді.
Бірақ қазір Тиген ауылы тұрғындарының жағдайы өте қиын! Олар бұрын пешке көмір жағып жылынатын еді, қазір Маңғыстау облысы түгел газбен қамтамасыз етілді, сондықтан да Маңғыстау облысына енді көмір мүлдем келмейді. Көмір жоқ болғасын, қыста үйлері қиға жылынбайды, бала-шағасы, үлкен кісілері суықтан жиі ауырып қалады екен
Тиген ауылына газ құбырын тартуға, не кедергі?
Бірінші сылтауы үкіметте қаражат жоқ, екінші ауылда халық саны аз, ауылдың болашағы жоқ дейді.
Егер де Тиген ауылына газ келсе, ауылға көшіп келетіндердің саны артады, халық саны көбейеді. Шындығын да Тиген ауылына газ тартуға бюджетте қаражат жоқ па?
Бюджетте ақша жоқ болса, газ келіп тұрған Онды, Жыңғылды, Шайыр, Жармыш ауылдарына жер бетімен жүріп тұрған бірнеше жүздеген км болатын газ тұрбаларын кесіп тастап, пластик тұрбамен жердің астымен газ тартпас еді.
Ал газ келіп тұрған ауылдардағы, жарамдылық мерізімі өтпеген, жаңа газ құбырларын талқандап, кесіп лақтырып тастап, орнына жер астымен миллиардтаған теңге тұратын құбыр тарту қандай қажеттіліктен туып отыр? Әрине, барлық ауыл газбен толық қамтамасыз етіліп, бюджетте ақша артығымен қалып жатса, заман талабына сай құбыр тартқан дұрыс. Бірақ бір ауылдың халқы қыста газдың жоқтығынан үсіп өлейіндеп отырғанда, газ келіп тұрған ауылға қосымша газ құбырын тарту қисынсыз емес пе?
Бұл – мемлекеттің қаражатын талан-таражға салу, жеке адамдардың табыс табуы үшін жасалып жатырған жағдай деп санаймын
Егер де, «жаман айтпай жақсы жоқ» деген, қысты күні Сайөтестен газ құбыры жарылса, Сайөтес, Қызан, Ақшымырау, Тұщықұдық, Шебір ауылдары мүлдем жылусыз төтенше жағдайда қалады.
Бұл қауіптің алдын алудың жолы Сайөтес-Ақшымырау газ құбыры бойындағы Мәстек жерінен Тиген ауылына 39 км болады, Тигеннен Шайыр ауылына дейін газ құбырын тарту керек. Сол кезде жолың бойындағы Тасмұрын, Тиген ауылдарына газ келеді, әрі Маңғыстау ауданын толық газбен үзіліссіз қамтамасыз етіп, қауіптің алдын алуға болады.
Құрметті Ералы Ұлықпанұлы!
Мен қарапайым ауыл халқының өтінішін сізге жеткіздім деп санаймын. Ендігі жауапты өзіңізден асыға күтеміз. Сізді ауыл тұрғындарының өтінішін ескеріп көмек көрсетеді деп үміттенеміз!
Тиген ауылының қарапайым халқы сізге үлкен сенім артып отыр.

Құрметпен Жәнібек Сүйеуұлы Қожық