Қазақ пен мазақ немесе ЭКСПО-да қонақжайлылығымызға дақ түсірген кімдер?
ЭКСПО-ның жақсы өтуі тек Елбасымызға, тек мемлекетімізге ғана емес, барша қазақстандықтарға сын. Рас, әлемдік көрме өткізу оңай емес екендігін біз, халық, қатты сезіндік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қанша қиналсақ та, ЭКСПО ғимараттарын көздің жауын алатындай, ұялмай әлем қонақтарына көрсететіндей етіп салдық. Енді мінеки, шетелдік қонақтар да, өзіміз де оның қызығын көріп жатырмыз.
ЭКСПО-да не көп, қызық көп. Тек қалтаңда мыс-мыс ақшаң болсын!
Бірақ ЭКСПО басталмай жатып мені де, ұяты мол өзгелерді де масқара жағдайға ұшыратып отырған бір мәселе осы мақаланы жазуға мәжбүр етті. Марко Поло деген саяхатшы осыдан пәлен ғасыр бұрын қазақ жерін аралағанда таң қалыпты деседі. Сөйтіп, ол таңданысын қағазға түсіріпті. «Қазақ деген таңғажайып елді көрдім. Ондай қонақжай халық әлемде жоқ. Егер халықтың бәрі сол қазақтың пейіліндей болса, онда бүкіл әлемді тегін аралап шығуға болар еді». Бұл жазба бүкіл төрткүл дүниені шарлап кетті. Оны біз мақтаныш еттік. Шынында да біз қонақжай, мәрт халық едік қой.
Өкінішке орай, мына ЭКСПО тойында сол қонақжайлылығымыз сыр берді. Қысқасын айтқанда, абыройымыз айрандай төгілді. Алдымен жемқорларымыз халықтың тірнектеп жиған ақшасын жеп, бір масқара болдық. Ал көрме басталмай жатып таксишілеріміз ауыздарын арандай ашып, қонақтарымызды тал түсте тонады. Бір таксишіміз шетелдік қонақты әуежайдан қалаға әкелгені үшін 40 мың теңге сұрап, бірден «даңққа» бөленді. Ең жоғары рекорд осы болды. «Пайда ойлама, ар ойла!», «Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» деген қазақтың ұранды сөздерін ұмытқан арсыздар бұдан кейін көбеймесе, азайған жоқ. Мысалы, бір күнгі пәтерақы құнын 45-50 мың теңгеге аспандатқандарға не дерсің? Көрме жаймаларындағы тамақ та тым қымбат екенін газеттің бәрі жамырап жазып жатыр. Ауа мен судан ақша жасаушылар көбейіп кетті. Біздің ауылдың бір топ тұрғындары барып, аштан өліп қала жаздапты. Масқара! Бұл паңдық па, арсыздық па, не сонда?
Біздіңше, әншейінде жәрмеңкенің бағасын төмендетуге шебер мемлекеттік қызметкерлер ай қарап жүр ме? Неге бұл жолы олар алыпсатар мен саудагерлерді ауыздықтамады? ЭКСПО шынында да еліміздегі басқа этностардан гөрі қазаққа үлкен сын еді ғой. Біз осында ғасырлардан келе жатқан қонақжайлылық дәстүрін жарқыратып көрсетуіміз керек-тін.
Болашақ туризмді жандандыруға ЭКСПО алтын қақпа екенін біз неге ұмыттық?
Ар-ұятты ұмытып, таразыдан жегені үшін, алыпсатарлықта бағаны қымбаттатқаны үшін Алла Тағалам оларды тасбақаға айландырыпты деген аңыз бар. Қазір біздің елімізде бұрын-соңды болмаған қымбатшылық қысып тұр. Теңгеміз сабан ақшаға айналып бара жатқанын қалың бұқара зар жылап айтып жатыр. Мемлекет қымбатшылықты тоқтатуда қауқарсыз. Енді міне, бұл қымбатшылық, арсыздық ЭКСПО-ға да салқынын тигізді. Дегенмен әлі де біршама уақытымыз бар. Ең болмаса бағаны ЭКСПО-да ауыздықтайық. Қашаннан да жаба тоқуға шеберміз. Осы «шеберлігімізді» неге осы ұлы тойда көрсете алмай қалдық? Қазақты мазаққа айналдырғандарды тезге салу, намыссыздықтарын бетке басуды ұмытпауымыз керек. Себебі қазағымызда келешекте не көп, ұлы тойлар көп. Сол тойларда тағы да ұялып, төмен қарап қалмайықшы, ағайын!
Қазағымыз сұрапыл аштықта да «Малымды алсаң да, пейілімді алма!» деп Алласына жалбарынған. Мазаққа айналу оңай, ал оны жөндеу қиынның қиыны.
Ертай Айғалиұлы