Балалар фильмінің жағдайын сұрайтын жан бар ма?

Түнгі қытымыр аяз. Алыстан үрген иттердің даусы мен немістердің жамырай сөйлеген қатқыл үндерінен олардың концлагерьге қарай келе жатқаны байқалады. Әлгінде балалар камерасына түнделете тығылып кеп, бауыр еті баласына бір түйір картоп беруге кіріп кеткен ана, әлі шығып үлгермеді. Арпылдаған иттер таяған сайын, оларды аяй түстім, кішкентай сәби жүрегім шымырлап барады. Байғұс ана, аязға домбыққан қолдары дірілдей, аштықтан әлсіреген баласына мейірім төге бір түйір картобын асығыс жегізуде. Ит жетектеген фашистер түрмеге еніп келеді. Жаным шырылдай «Қашсай, қаш, қаш, тығылыңдар, келіп қалды» деп, фильмдегі кейіпкерлермен бірге қиналып, сәби жүрегім одан бетер езілген. Содан, қашып үлгере алмаған ана байғұс, қатыгез фашистердің таяғының астында қалды. Шыңғырып жылаған бала. Теледидар сыртында оларға қосылып мен де жылап отырмын. Көз жасына қарайтын фашистер ме, алды да, ана мен баланы мәңгілікке екі бөлек ажыратып жіберді. Егіліп бірге жылап, қорыққаным сондай, шошығанмын ғой, біреуді іздеген болуым керек, жан-жағыма қарағанымда бөлмеде ешкім жоқ, жалғыз екенмін. Содан, көп ұзамай ауырып, ауруханаға жатып шыққаным да есімде. Бұл жаңадан ес біліп келе жатқан, 5-6 жас шамасында көрген «Есіміңді ұмытпа, ұлым, Гена» атты кино болатын. Фильмнің тұтас көріністері есімде қалмағанмен, сәби түйсігіме, санама қатты әсер еткен осы тұсы мәңгілікке жадымда жатталып қалды. Бұл көрініс менің бойымда адам баласына аяушылықпен қарау мен адамзатын сүюге деген түйсік қалыптастырды. Осы күні қиянат еткен жанның өзін, жеме-жемге келгенде аяушылық сезімім оянып, жамандыққа қимай қаламын. Әрине, мынадай қатыгез әлемде бұл сезім, ұғым, сана ақылыммен айнала қоршаған орта ұғым, түсінігімен үйлесімде деп айта алмаймын. Өміріңе де көп кедергісін тигізеді. Қатыгез әлемнің қатты талаптарына сәйкес келмейді. Фильм желісі мені ғана емес, мен секілді талай сәбидің ұғым, түйсігін тәрбиелеп, санасына сіңгеніне сенімдімін.

Айтайын дегенім, елімізде фильмдерді қадағалайтын мекеме жоқ болғандықтан, қазір телекино өнімдер түрлі қарақшылық жолмен жасалып, елге қалай кіргізіліп жатқаны белгісіз. Бұл жерде ата-аналардың балаларының жан дүниесінің қалыптасуына жауапсыздығы да қара ниеттілердің оң жамбасынан келіп, жас өрендер санасының оңай улануына әсерін тигізуде. Жұмысбастысы бар, бала тәртібіне немқұрайлы ата-ана бар, үйде баласын жалғыз тастап, алданып көріп отырсын деп, алдына түрлі дискілер мен фильмдер қалдырады. Дискінің ішінде қандай  көрсетілімдер бар екенін тексеріп те жатпайды. Сол себепті баланың қандай фильм көріп жүргенін сіз де білмейсіз.

    
Бұл бір әріп, бір ауыз сөзді қатаң сүзгіден өткізіп барып, бұқараға жолдайтын кеңестік идеологияның қатаң тәртібі билік құрып тұрған дәуір заңы еді. Кино аркылы бала санасына, адам санасына өз идеологиясын сіңіріп, өмір бойғы өз әскерін алдын ала жасақтаған. Ал біз қазір тәуелсіз казақ еліміз. Бізге жаны да, дені де сау бала, адам керек. Дені сау бала, ол — басы ауырмайтын, асқазаны мен аяқ-қолы сыздамайтын, қарны тоқ, киімі бүтін бала ғана емес. Ол — психологиялық жай-күйі мен ұғым-санасы үйлесімін тапқан бала. Күнделікті теледидар, интернет ресурс арқылы көріп, тамсанып жүрген фильмдер бала санасын жақсы жағына тәрбиелеп, тағдырына жағымды ықпал ететін адамгершілікті көзқарас қалыптастырып жатыр дей алмаймыз. Мысалы, режиссер Артур Краустың Алдаркөсе туралы түсірген анимациялық фильмін көрген баланың ұғымында қазақтың аяр, өтірікші, даңғой, ақымақтығы туралы түсінік қалыптасады. Қазақтың бай-бағландары семіз, қарны қабақтай, ойсыз, ал, аналары ойбалап қалған, алдана беретін ақымақ кейіпте сипатталған. Олардың жандарындағы балалары қайда? Отбасы, әулет, туыспен араласу мәдениеті қайда? Фильмнің желісіне сай қазақтың қарым-қатынас мәдениеті шет қалған. Біреуді алдап, арбап өмір сүру дағдысы кеңінен насихатталып кеткен. Кеңес үкіметі кезеңінде түсірілген фильмдерде ұлт санасын төмендетіп басу үшін кез келген кинода қазақтарды тамақты былапыт жейтін, дастарқан үстінде былапыт сөйлейтін мәдениетсіз етіп көрсету саясаты болған. Шын мәнінде олай емес қой. Тәрбиелі, өнегелі істері толып жатыр көрсетсе. Ал мына фильм сол кеңестік саясатты ұстанған. Қазақтарды мазақ етіп түсірген бе дейсің. Танымы қалыптасып келе жатқан бала өз туған елінің тарихын, тарихи тұлғалары туралы білуге міндетті. Бірақ осындай сүйкімсіз кейіпте, бала жаны жасқанып, өз ұлтынан жиіркенетіндей деңгейде емес. Өмірді тануға талпынып қанат қаққан бала танымына тәрбиелік мәні жоқтың қасы. Жаны сау бала, ұрпақтың саулығы — ұлттың байлығы.


Көрші Ресей елінде маскүнемдіктен жылына 500 000-дай адам қайтыс болады екен. Ал қылмыстың 60-70 пайызы ішімдік ішкен адамдар қолымен жасалады. Осындай мәліметтерді сараптай келе, Ресей мемлекеттік Думасы 2012 жылы кино өнерінің көрермен санасын жаулауда айтатын ой-ұғымына сендіру эффектісі өте жоғары, идеологиялық насихат құралы деп танып, эфир арқылы көрсетілетін, түсірілетін кез келген фильмдерден ішімдік ішу, ішімдік жарнамалауға тыйым салатын заң қабылдау жөнінде қаулы қабылдаған. Қатыгез деген орыстардың өзі кино өнерінің, телекино өнімдерінің халыққа ықпалынан ығып жатқанда, аз ғана халық, есік-тереземіз дүниенің төрт бұрышына айқара ашық бұқаралық ақпарат кеңістігінде телекино өнімдерінің көрсетіліміне неге байыппен қарамасқа!? Мысалы, Египетте балалар фильмдерін жасау мемлекет тарпынан қатаң бақыланады. Балалар фильмдерін түсіруге мемлекет арнайы қайтарымсыз қаражат бөледі де, оның орындалуын, не түсіріліп жатқанын бақылайды екен. Ал біздің елімізде «соқыр тауыққа бәрі бидай» дегендей, жан әлеміне қатысты шығармашылық дүниелердің бәрін жапа-тармағай қылғытуда. Бұл өз кезегінде келешек ел тізгінін ұстайтын ұрпақтың ой-санасының дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізетіні белгілі.
Айтайын дегенім, елімізде фильмдерді қадағалайтын мекеме жоқ болғандықтан, қазір телекино өнімдер түрлі қарақшылық жолмен жасалып, елге қалай кіргізіліп жатқаны белгісіз. Бұл жерде ата-аналардың балаларының жан дүниесінің қалыптасуына жауапсыздығы да қара ниеттілердің оң жамбасынан келіп, жас өрендер санасының оңай улануына әсерін тигізуде. Жұмысбастысы бар, бала тәртібіне немқұрайлы ата-ана бар, үйде баласын жалғыз тастап, алданып көріп отырсын деп, алдына түрлі дискілер мен фильмдер қалдырады. Дискінің ішінде қандай көрсетілімдер бар екенін тексеріп те жатпайды. Сол себепті баланың қандай фильм көріп жүргенін сіз де білмейсіз.
Айта — айта жауыр болған мәселе десек те, балаға, ұрпақ саулығына қатысты әрбір іс күн тәртібінен түспеуі тиіс мәселе. «Балаларды денсаулығына зиян тигізетін жағымсыз ақпараттардан қорғау» туралы заң жобасының мәжілісте қолға алынғанына бес жылдан асты. 2012 жылдан бері талқылануда. Одан бері қаншама жасөспірімнің санасы уланды. Салауатты өмірмен хош айтысты. Баяғыда бір жыршы «Қобыланды келеді сайменен, Қобыланды келеді сайменен» деп, жырлап қоймай қойған екен. Жалығып кеткен бір тыңдарман: «Уай, жыршым, қойшы, әй, енді, Қобыландың қашан шығады ана сайдан. Шығарсай тезірек», — деген екен. Сол сияқты, бала тәрбиесіне, денсаулығына, жан дүниесінің қалыптасуына кері әсері бар дүниелер қолданыстан алынып тасталуы өз кезегін әлі күтуде.

Зүбайра Акимова,
Астана