Мұстафа Шоқайдың Түркияға махаббаты оның 20-дан аса мақала жазуына түрткі болды

Бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай туысқан түрік халқы туралы жиырмадан астам мақала жазған екен. Оның алғашқылары елден кетуге мәжбүр болып, 1920 жылдың ақпанынан 1921 жылдың наурыз айларында (сол кезде шыққан мақалалардың уақытына қарай айтылып отыр. — Ә. Б.) Грузияда болғанда Тифлисте шығатын «Вольный горец» газетінде басылған еді. Осы материалдардың өзінен бірден көзге түсетін екі-үш ой-сезімді айрықша бөліп айтуға болады. Бірінші, түбі туыс, тілі үндес, діні сәйкес халыққа деген ерекше туысқандық ықылас. Бұл кез келген мақала мазмұнынан айқын аңғарылады. Екіншіден, 1922 жылы тәуелсіздік алған түрік еліне ерекше қызығу, шынайы тілектестік білдіру, бәлкім, Түркістан аймағының азаттығын аңсаған пендеде осы жақтан да азаттық лебі есер ме екен деген арман да болуы мүмкін. Үшіншіден, ХХ ғасыр басында әлеуметтік әділеттілікті ту етіп, адамзат қазынасына бергені аз, алғаны көбірек болған Кеңес өкіметі тарих сахнасына шығысымен өзінің революциялық идеяларын, коммунистік насихатын қол жеткен елдерге түрлі жолдармен тасымалдағаны белгілі. Осымен байланысты түрік жұртының кеңестік ықпалдан тыс болуын ойлау да жоқ емес.

Анадолы шаруалары орыс большевиктерін неге ұнатпады?

1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін большевиктердің бетке ұстар «ұлттардың өзін-өзі билеуі құқығы» ұранын Ленин өз алдына мемлекет құруға дейін болады десе, ал Ресей большевиктерінің ХVI съезінде бұл қағидатты мәселені Сталин «бос қиял, мағынасыз бірдеңеден басқа ештеңеде емес» деген еді. Мұндай кеңестік саясаттың екіжүзділігін Мұстафа Шоқайдың алғашқы материалдарынан айқын аңғарылады.
1920 жылғы 4 қаңтарда жарық көрген «Түрік коммунистерінің сапары» деген мақала Мұстафа Шоқайдың Түркия тақырыбына арналған тұңғыш публицистикалық еңбегі деуге болады. Бұл белгілі қайраткер Мұстафа Субха басқарған, құрамында Әзірбайжан денсаулық халық комиссары Әлімов бар 16 коммунистің Түркияға сапарына негізделген. Бұлардың мақсаттары большевиктік идеяларды насихаттау және анатолиялық бұқараны таптық негізде жікке бөлуді тез жүзеге асыру үшін Ресей үлгісінде коммунистік ұйымдар құру болатын. Алайда бұл топ шекаралық Карскіде-ақ өздері күтпеген жайға кезігеді. Олардың билікті жедел қолға алуға шақырған коммунистік теориясы да, Мұстафа Субханың қызыл сөзі де түрік шаруаларына түк әсер етпей, қайта олар насихатшылар тобынан өздерін тыныш қоюды талап етеді. Түркияның ішіне кірген сайын делегацияның жағдайы қиындай түседі. Олардың түрік халқын жұмысшы-шаруалар демократиясы жолына түсуге шақырған үндеулері қарсылыққа ұшырап және митингі өздерінің тезірек елден кетулері туралы шешіммен аяқталады.
Ресей большевиктері мен Түркиядағы Анатолия қозғалысына қатысты ресейліктер хабарлар арқау болған «Большевизм және Анатолия қозғалысы» атты мақалада Түркиядағы бар шындық теріс айналдырылып берілген болатын. Онда Түркиядағы барлық революциялық күштің шоғырланған орталығы Анатолия кеңестік Ресейдің Қызыл армиясымен бірге мұсылман Шығысын еуропалықтардың езгісінен тез босатуға ынтығып отыр делінген. Бұл кеңестік стиль еді. Алайда автор Кіші Азиядан Константинополь арқылы Батумиге келген Түркиядағы жағдайды жақсы білетін кісінің мәліметіне сүйене отырып, Мұстафа Кемал бастаған қозғалыстың революционизмі тек Антантаға қарайтын Константинополь билігіне бағынбауда, ал Анатолиядағы қозғалыстың мәскеулік коммунизммен ешқандай идеялық жолы қиыспайды деп жазады. Бұл мақаладан екі мәселе айқын байқалады. Біріншісі, әлі тарихы толымсыз әрі әлсіз болса да Ресей большевиктерінің Түркияға әсер етуге ұмтыла бастағандығы. Оның басты себебі — өзі Антантаның ықпалынан екіге бөлініп отырғанда большевиктердің «ұлттардың өзін-өзі билеуі құқығы» дейтін перделі жалған насихатының Анатолия түріктерінің мүдделерімен үндес келуі.
Мұстафа Шоқай «Кемалистер мен большевиктер» атты мақаласында Түркия мен Ресей елдерінің жетекші ұйымдарының арасындағы өзара қатынас мәселесі, екі елдің билігінің Әзірбайжанға қатысты ұстанымдары әңгіме етіледі. Саяси шолушы соңғы кездері большевиктер мен кемалистердің өзара қарым-қатынасы туралы мәселе өзекті сипат алғандығын, сондықтан бұл арақатынастың шынайылығына жарық беретін әрбір жаңа хабарды елеп отырудың қажеттігін алға тартады. Мысалы, Анатолиядағы қозғалыс большевиктерді қанағаттандырмай, тіпті Ресей басшылары Бакуде өткен съезде Мұстафа Кемалдың революциялық сипатының жетімсіздігін, Ресей үлгісімен кеңестер құра алмағаны үшін сынайды. Бірақ кемалистерге әлі де қол созып, кездесуде большевиктік «ұшқын» нағыз революциялық өрт тудыруы мүмкін деп үміттенеді.
Мұстафа Шоқай Түркия елінде болғандардың нақты мәліметтері негізінде ондағы большевиктердің азат етушілік миссиясына күдікпен қарап, олардың насихатында көтерілген мәселелердің жалғандық сипатын дұрыс түсіне бастағандығына дәлелдер келтіреді. Мұстафа Кемалға жақын адам өздерінің большевиктерден көптеген жаңалықтар, оның ішінде олар туралы көптеген жаман да нәрселер естігенін, содан бұрын большевиктердің әңгімелеріне күдікпен қараса, енді Әзірбайжандағы Гянджадағы қиратудан кейін өздерінде ешқандай күдікке негіз жоқ екенін айтады.
Қарастырылып отырған үш мақаладан түйер түйін — большевизм мен кемализмнің арақатынасынан Кеңес Одағының саясатының екіжүзділігін білу, «достық» қолын ұсынған болып, көрші елге өз революциялық идеяларын тықпалау, таптық негізде халық арасында іріткі салу, реті келсе төңкеріс жасау.

Мұстафа түрік бауырларын қалай қорғады?

Анатолиядағы жағдаймен толық таныс, тіпті Мұстафа Кемалды жеке танитын және ангор Үлкен Халық Жиналысының көптеген мүшелерін жақсы білетін адамның әңгімесі негізінде жазылған «Анатолиядағы түріктер арасында» атты көлемді мақала Мұстафа Кемаль басшылығының ішкі саяси жағдайынан хабар береді.
Анатолиядағы мемлекеттік билік ангордың 250-дей депутаты бар Үлкен Халық Жиналысында шоғырланған болатын. Жиналыс төрағасы — Мұстафа Кемал, ол әрі үкіметтің басшысы. Депутаттар негізінен үш топтан тұрады. Олардың басым бөлігі Мұстафа Кемалдың билігін қуаттайды. Олар өздерінің бағдарламасын «халықшылдық» деп атайды және халықтық басқару ұранын көтергеннен кейін орган «Халық басқару» деп аталады. Екінші депутаттар тобы — «Халк зюмряси», мұсылман социалистер. Үшінші топтағы депутаттар коммунистерге идеялық жағынан ниеттес. Олар өте аз.
Осылармен қатар әңгіме иесі түрік газеттерінде большевиктік радиодан алынған 1920 жылдың мамыр айының соңында Әзірбайжан төңкерісінен кейін болған ерекше мәнді ақпаратқа тоқталады. Онда Бакуге башқұрт және қырғыз қызыл әскерлерінің кіргені, оның жаппай Анатолияда ерекше қуаныш туғызғаны айтылады, тіпті мұны Халық Жиналысының бір депутаты бостандықтың ұлы идеясына сәйкес батыс пен шығыс түріктерінің қосылуына мүмкіндік беретін оқиға ретінде санап, большевиктерге қанағаттанғандық сезімін жеткізген болатын. Алайда Гянджиді талқандаған Бакуде орныққан орыс әскерлерінің бөлімдері екені мәлім болғаннан кейін бұл сезімдер күрт өзгереді. Жиналыс депутаттары басқаша сөйлей бастайды. Тіпті Мұстафа Кемалдың өзі орыс большевиктеріне қатысты мәселе туралы бірнеше рет айтқан болатын. 27 қыркүйекте Үлкен Халық Жиналысын ашардағы ресми сөзінде ол орыс большевиктерін білмейтінін, оның ішкі мәнінің өзіне мәлім емесін, тіпті әлеуметтік-саяси доктрина ретінде большевизмді білудің қажеті бар ма дей отырып, қолдан келетін мүмкіндіктермен өздерінің мемлекетін құру қажеттігін және осы жолда нақты көмек көрсете алатын барынша интернационалистермен қолма-қол, тығыз қарым-қатынаста болуды жақтады.
Ірі мемлекеттер болғанына қарамастан, Америка, Кеңес Одағы және Түркия Ұлттар Лигасынан сырт болатын. Сондықтан Мұстафа Шоқай Түркияның Ұлттар Лигасының Кеңесіне кіретіні туралы хабарды төтенше тарихи маңызды оқиға санап, енді Түркияның батыстың мәдениеті мен демократиясы жолына түсетінін, өзінің халықаралық жағдайын нығайтатын болғанын қуанышпен қабылдаған көңіл күйін «Түркия және Ұлттар Лигасы» атты мақаласынан жақсы танылады.
Автор «Яш Түркістан» оқырмандарына сол кезде жер бетінің 54 мемлекетін біріктіріп, ұлттардың саяси-әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқарып отырған Ұлттар Лигасының Кеңесі туралы қысқаша мағлұмат беріп, оның жұмысының ерекшеліктері мен мақсат-міндеттерін баяндайды. Мақала «Олай болса, Шығыстағы ықпалды елдердің бірінен саналатын Түркияға Ұлттар Лигасынан өзіне лайықты орын берілуі әбден заңды» деген тұжырыммен аяқталады. Ал Кеңес үкіметінің Түркістандағы ресми органы саналатын «Правда Востока» осы оқиғаларға орай «Түркияны сату» айдарымен «Кемалшылдар шетел капиталистеріне Түркияны үлестіріп жатыр» деген тақырыпшамен кемалшылдарды түркі халқына жау етіп көрсетуге тырысқан болатын.
Түркия Республикасының Ұлттар Лигасына ресми мүше болуын тағы да оның халықаралық жағдайын нығайтатын айрықша маңызды тарихи оқиғаға бағалай отырып, саяси сарапшы «Түркияның Ұлттар Лигасына кіруіне большевиктердің көзқарасы» атты мақалада өздерін ең жақын досы етіп көрсетіп жүрген большевиктердің ауыздарынан «ақ ит кіріп, көк ит шығады» десе де болатынын айтады. Олардың Түркияның Ұлттар Лигасына кіруіне ең күшті қарсылық көрсетіп отырғанын, Түркістан түріктерінің көз алдында Түркияның беделін түсіру мақсатында алуан түрлі өтірік-өсектер таратып жатқанын айтып, ол ақпараттарды қатал сынға алады. Мысалы, «…Түркияның Ұлттар Ұйымына (дұрысы — Лигасы. — Ә.Б.) кіруі — оның француз империалистік саясатының қақпанына түскендігі… Мұның өзі Түркияның ірі елдер қатарына кіріп іріленуін көрсетпей, қайта оның әлсіздігін және ұлттық бас игіштігін көрсетеді…» — дейді большевиктер.
Түркия үкіметінің елдің бүгінгі ауыр жағдайына қарамастан, шетелдердің қыспағынан құтылу мақсатында теңіз жағалауындағы Тразбон, Самсон, Адырна және Мерсин қалаларында, Анадолының шартарабына болат жолдар салып жатқанынан хабардар ететін «Большевиктердің Түркияға қарсы ынтымағы» атты қысқа ғана мақала да автордың шынайы достық көңіл — күйін танытады.
1933 жылы жазылған «Орыстардың «Түрік ауруы» атты мақаласында Мұстафа Шоқай орыстың эмиграциядағы газеттері әдетте ұлт азаттығы мәселесін теріске шығаратынын, тек «Возрождение» газеті ғана ара-тұра болса да Украина ұлттық қозғалысы туралы материалдар жариялап жүргендігін, ал Милюков басқарып отырған орыстың республикашыл-демократтарының ой-пікірін білдіруші «Последние новости» бұл мәселеге көз жұмып, жақ ашпай отырғанын айтады.
1933 жылы Түркияның тәуелсіздік алғанына 10 жыл толды. Алайда осы айтулы күнге орай туысқан Түркістан түріктері өздерінің жүрек түкпірінде сақталып келе жатқан арнайы сөздерін айтып, Түркия ұлттық төңкерісінің тарихи маңызын терең сезініп, Анадолыдағы бауырларына өздерінің шексіз сүйіспеншілігі мен достық сезімін таныта алмаған. Өйткені Кеңес өкіметі Түркия мен Ресей түріктері арасына «Қытай қорғанын» соғуды көздеп, біртұтас түрік ұлтының осы екі бұтағын бір-бірінен бөліп тастамақ оймен Мәскеу үкіметі Түркістандағы түріктердің Түркиядағы қандас бауырларына өздерінің ең қарапайым туыстық сезімдерін білдіруге жол бермеген. Осындай себептерден «Социалды Қазақстан» және «Шоралар Түркіменстаны» Мәскеудің қас-қабағынан қорқып, 29 қазандағы Түркияның ұлттық мерекесі туралы еш материал баспаған. Осы жайлар жазылған «Түркістан кеңес баспасөзі және Түркия республикасының 10 жылдығы» атты мақаласында сонымен қатар түркістандық бір журналистің Анкараны аса бір ыстық сүйіспеншілікпен суреттегені және Түркия Жоғары Ұлт мәжілісін бүкіл түрік халқының ерік-жігерін білдіреді дегені үшін Түркияның мәскеулік достары тарапынан «пантуркист» деп айыпталып, партиядан шығарылғаны жөнінде «Яш Түркістанның» бір санында жария етілгені туралы да айтылады.

Түріктер әлеміне тұрғызылған «Қытай қорғаны»

Кеңес Одағындағы түріктердің азаттығы үшін күресте тұтастықты қамтамасыз етіп, алауыздыққа жол бермеу мақсатында жазылған «Түркия — Кеңес достығы (Уәли Нұралдин бектің мақалаларына орай)» және «Алауыздыққа орын қалдырмайық (Уәли Нұралдин бектің мақалаларына орай)» атты екі мақала Түрік баспасөзі беттерінде түрікшілік мәселесін өз деңгейінде бірден-бір көтеріп жүрген түрік қаламгері Уәли Нұралдин бектің үш мақаласына орай жазылған. Мақалалардың алғашқы екеуі «Дүние жүзіндегі түріктер … танысыңыз!», екіншісі — «50 миллион түрік бұқарасы қауіп астында» деп аталады. Мұстафа Шоқай Кеңес Одағындағы Түрік автономиялары бастарынан кешіріп отырған қайғы-қасіретін кеңестік құрылым мен Түркия арасындағы достық-ынтымақ арқылы үйлестірмек болса, екінші қаламгер Мырзабала бек «Кеңестік құрылым мен Түркия Республика арасында ешқандай да достық болуы мүмкін емес» деп пайымдайды. Мұстафа Шоқай екінші қаламгерді құптай отырып: «Кеңестік құрылым мен түркілік — бір-біріне мүлде жанаспайтын екі басқа ұғымдар» деп, төрелігін айтады. Және бұған бірнеше мысалдар келтіреді. Орыс большевиктерінің түріктерге қатынасын барынша айқын көрсететін біреуін тілге тиек етейік.
1926 жылы Ташкентте Өзбекстан мемлекеттік баспасы шығарған Мураевскийдің (Лопухов) «Орта Азиядағы төңкерістік қозғалыстар тарихы жөнінде» деген кітапша Кеңес партия мектептері мен сауда оқу орындары үшін оқулық ретінде бекітілген. Осының 26-бетінен мыналарды оқуға болады: «Жергілікті (яғни Түркістан) халық бұқарасының ұйымы ұлт мәселесі төңірегіндегі айтыстарымызды Кеңес өкіметінің ұлттық автономия саясатына орай қоздырып, ауыр зардаптарға апарып соғуы ықтимал аса қауіпті жолға түсті. Бұл «ұлттық қозғалыстар» тез арада пантүркизмге, Шығыстың езілген түріктерінің басын қосып, біртұтас түрік ұлтын қалыптастыруға бағыт ұстады». Бұдан да басқа бірнеше мысалдарды келтіре отырып, Мұстафа Шоқай большевиктер түріктердің ұлттық және мәдени тұтастығын көргісі келмейтінін, түріктер әлеміне тұрғызып жатқан «Қытай қорғанын» ешқашан бұзбайтыны, қайта бұл қорғанды ұзарта, қалыңдата беруге мүдделі деп түйіндейді. Дегенмен автор Уәли Нұрадин бектің ой-пікірлерінің пайдалы екеніне назар аударады. Біріншіден, большевиктер Түркияның ұлттық және мәдени идеологиясы — түрікшілдіктің бітпес жаулары екенін Түркия Республикасындағылар сезінулері керек. Екіншіден, большевиктердің тепкісінде жатқан түріктердің мұғажырдағы өкілдері түрікшілдік үні атамекенімізде әлі өшпегенін анық көру мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал «Алауыздыққа орын қалдырмайық» атты екінші мақалада Мұстафа Шоқай Уәли Нұрадин бектің мақалаларын «Яш Түркістанда» басқанда ешбір саяси мақсат көзделмегенін, Кеңес Одағының түрікшілдікке, түріктердің бірлігіне қарсы бағытталған «Қытай қорғаны» мен «кедергі қою» саясатының салдарларынан өзара байланыстарын барған сайын әлсіретіп бара жатқаны туралы шындықты Түркия халықтарына әйгілеп, түркиялық баспасөздің назарын аударуды мақсат еткен болатынбыз деп жазды.
1934 жылы жазылған «Мәскеу және Түрік коммунистік партиясы» атты мақалада Ресейде шыққан «Шығыс коммунистік партиялары бағдарламаларына қатысты құжаттар» атты кітаптағы «Кеңес достарының» Кемал Түркиясына көзқарасы мен бағасы, яғни оны «жартылай тәуелсіз ел» деп жазуы туралы әңгіме болады.
Кітап авторлары Түркия Коммунистік партиясына мүше болғандардың 90 пайызы түрік бұқарасы екенін айта келіп, түрік компартиясы күллі түрік халқына, түріктің төңкерісшіл демократтарына, жұмысшы, шаруа диктатурасы мен социализм құру жолындағы күресіне басшылық ете алатын деңгейге көтерілді, ол кеңестік тәсілмен жұмысшы және шаруалар диктатурасын орнату үшін шарт жағдай әзірлеуде деп ашықтан-ашық жазған болатын. Алайда кітаптың кіріспесінде түрік төңкерісіне Ресейдің пікірін білдіретін Сталиннің «Кемал төңкерісі — империалистерге қарсы күрес тудырған тек буржуазия табының төңкерісі. Бұл төңкеріс өз табиғатында жұмысшы, шаруаларға және шаруа төңкерісіне жат» деген сөзін келтіреді.

Кемализмді жау етіп көрсеткен кім?

Мұстафа Шоқай «Большевиктердің «Түрік достығы» атты мақаласында «кеңестік-түріктік достықтың» буына есі кетушілер арасында орыс большевик төңкерісі мен түрік ұлттық төңкерісі мұраттарынан ортақтық көре бастағандарды қатал сынға алады. Ол бір-біріне ешқашан мазмұн, мақсат жағынан жанаспайтын «большевизм» және «ұлтшылдықты» екі басқа дүние деп санап, большевизм ұлтшылдықты теріске шығаратыны тәрізді, ұлтшылдық та большевизмді теріске шығарады дейді. Түркияның батыстың мәдениеті мен демократиясына түскен жолы орыс большевиктерінің жолымен еш қиылыспайтынын ескертеді. Сонымен қатар ол кемализм жеңістері большевиктердің материалдық және идеологиялық көмегінің нәтижесінде емес, ең алдымен түрік қоғамының салауатты ұлттық негізге құрылуы мен түрік халқының асқан ерлігі, жол бастаушыларының парасаты мен көрегендігі арқасында түбі туысқан ел алған бағытынан тая қоймағанның нәтижесі.
Мәскеу большевиктерінің Түркияға байланысты ұстанып отырған екіжақты саясаты «Түркия туралы большевиктердің екі басылымы» деген мақаланың өзегі болған. Егер Түркия Республикасының 10 жылдық мерекесіне тарту ретінде шыққан профессор Жуковскийдің «Екінші Түркия» («Земледельческая Турция») атты кітабы түрік-кеңес достығының нығаюына қызмет ететін болса, ал «Түркиядағы ауыл шаруашылығы мәселесі және шаруалар қозғалысы» атты мақала Кеңес Одағындағы «еріксіз» және бейбіт әлемдегі «ерікті» оқырмандардың санасына түрік ұлттық төңкерісіне қарсы дұшпандық, өштік ұрығын себеді. Екінші кітап авторы Түркия шаруаларында кемализм саясаты нәтижесінде туылуы тиіс «таптық жіктелуді» көрсету үшін олар бір жағынан байлар мен кулактардың тепкісінде екенін көрсетуге тырысса, екінші жағынан олар үкіметтің ауыр салығы астында жаншылып жатқан тәрізді суреттеледі. Мұстафа Шоқай кемализмге сәл басқаша қарайтын Сталиннің сызып берген жобасы бойынша Кеңес өкіметі Түркияны Мәскеудің саяси мақсаттарына пайдаланбақ, кемализмді Түркиядағы жұмысшылар мен шаруалардың көз алдында қаралап, оларға жау етіп көрсету арқылы Түркия ұлттық төңкерісінің мән-маңызын жоймақ, сондықтан екінші кітап осы бағытқа қызмет етпек дейді.
1931 жылы Ұлттар Лигасына тең құқықты мүше болып, әлем назарына іліккен Түркия еліне деген көзқарастың түрліше болғаны заңды. Мұстафа Шоқай өзінің «Мен патриотпын» («Je suis partout») газеті Түркия саясаты хақында» атты мақаласында Франция баспасөзінің ара-тұра болса да Түркияға мойын бұрып қоятынын, бірақ оның саясаты көбіне Түркияны Мәскеудің шылауында деп кінәлайтынын, осы тектес материалдардың баспасөзде жиі жарияланатынын атап көрсетеді. Оның ойынша, Францияның ішкі саясатында көрнекті рөл атқаратын, күшті авторитарлық үкімет құру идеясын жақтаушылардың органы «Мен патриотпын» газетінің Түркияға Италия жақтан төнетін қауіп туралы ашықтан-ашық жазғанда оның себебін Францияның Түркияға жаны ашығандықтан іздемейді, Анадолының оңтүстік жағына Италияның аяғы тисе, өздерінің Сириядағы мүдделеріне қауіп төнеді деп үрейленетінімен түсіндіреді. Бұл материал Түркия мен Францияның арасында мүдде ортақтығы пайда бола бастағанына ишара емес пе екен? Ал Мұстафа Шоқай мұндай пікірге өз көзқарасын білдіре отырып: «Біз атамекенімізді бұғауында ұстап отырған Мәскеу қызыл үкіметі мен бауырлас Түркия арасындағы достыққа қуана қоймағанымызды мойындаймыз. Сонымен қатар Түркияның қызыл түзімге (жүйеге — Ә.Б.) және коммунизмге деген түпкі, шын мәніндегі көзқарасына ешқашан шүбә келтірген емеспіз» деп туысқан түркі халқының берік ұстанымына сенім білдіреді.
Түркия үкіметінің 1934 жылғы 16 қазан күнгі «Үкіметіміз бен кеңестік Ресей үкіметі арасындағы қатынастарға байланысты Берлинде шығатын «Яш Түркістан» журналын елімізде таратуға тыйым салынды» деген мазмұндағы қаулысымен 1929 жылдан шығып келе жатқан «Яш Түркістан» басылымының Түркия жерінде таратылмайтын болуы Түркияны екінші отаны санайтын барлық түркістандықтардың жүрегіне ауыр салмақ түсірген күтпеген жағдай болған еді. Сол себепті Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» Түркияға кіргізілмейтін болды… («Жығылғанға жұдырық») атты мақаласында Түркия үкіметінің мұндай шараға баруына не себеп болды деген сұрақ қоя отырып, Түркия үкіметінің өздерін елдің сыртқы саясатына сәйкес келмейтін істермен шұғылданды деген кінәлауға түсініктеме беруді қажет деп санайды. Біріншіден, түрік-кеңес достығына қарсы баспасөз беттерінде ешқашан, ешқандай материал жарияланбағанын, екіншіден, өздерінің түрік-кеңес достығы қандай жағдайда пайда болғанын және қандай факторлардың ықпалымен оның дамығанын жақсы білгенімен, оны суытуға бағытталған мақсат көздемегенін түсіндіреді.

Алаш арысы Түркияның болашағына сенді

Бүгін бүкіл дерлік Еуропа Мәскеумен достық қатынас орнатып отырған кезде, өздерін түрік-кеңес достығына нұқсан келтіріп, Түркияны Еуропа мен Кеңес Одағы арасында жалғыз қалдыруға әрекет жасаушылар ретінде айыптауды ешқашан қабылдай алмайтынын, оған дәлел боларлықтай ешбір материал жарияламағандарын, сонымен қатар бауырлас Түркияның атамекенімізді жаулап алған империямен достығына сүйсіне де алмайтынын ешқашан жасырмағанын ашып айтады. Сонымен, автор өздерінің ешқашан түрік-кеңес қатынасын суытуға ұрынбағанын, түрік ұлттық төңкерісін большевиктік насихаттың жаласынан қорғағанын, мұны осы күнге дейін өздерінің борышы деп санап келгенін, бұдан соң да солай ете беретінін мәлім етеді.
1927 жылдан шыға бастаған, Түркістанның ұлттық тәуелсіздік идеясы мен түрікшілдік ой пікірлерін таратуда, Түркістан және Анадолы түріктері арасында тіл мен рухани бірлікті нығайтуда маңызды қызмет атқарып, Түркістанның ұлттық туын атамекеннен сырт жерде бірінші көтеріп келе жатқан «Жаңа Түркістан» журналының үкімет қарарымен жабылған да Мұстафа Шоқай туысқан халық деген ыстық жүрегін суытпаған болатын. Бұл хабарды 1931 жылы «Яш Түркістан» журналының №23 санында жарияланған «Жаңа Түркістанның» жабылуы» атты мақала «Түркістанның ұлттық тәуелсіздігі жасасын!» және «Бүкіл түріктердің рухани бірлігі жасасын!» деген жалынды сөздермен аяқталған болатын.
Мұстафа Шоқайдың туысқан түрік халқына деген ықыласын оның өз сөзімен айтқанда, Түрік нәсілінің тарихында ең басты орындардың бірін иеленетін, ең ұлы тұлғалардың бірі Мұстафа Кемал Ататүрік сынды көсем-қолбасшының, ұлы реформатор және мемлекет қайраткерінің дүниеден өтуіне байланысты жазған «Ататүріктің қазасы» және «Ататүріктің реформалары» деген екі мақаласынан да жақсы тануға болады. Автор Ататүрік басшылық еткен соңғы 10 жылдық реформа барысында Түркияда қол жеткен оңды өзгерістерді, бәлкім, дүниежүзінде ешбір ел бастан кешірмегенін, бұл реформалар елдің сыртын ғана емес, ең бастысы ішін, түрік халқының таным-түсінігін, ойлау жүйесін өзгерткенін атап көрсетеді.
Алаштың ардақты қайраткері Мұстафа Шоқай азат Түркия елінің гүлденгенін армандап: «Ататүрік реформасының нағыз бағасын тарих өзі беретін болады. Бұл күнде Түркияда болып жатқан оңды өзгерістерге қарап, бұл елдің болашағына ешқандай күдік-күмән жоқ екенін сеніммен айтуға болады» деген еді. Шынында да, өз халқын шексіз сүйетін Ататүрік Түркия тарихының бағытын өзгертіп, Түркия тарихының жаңа бетбұрысына қызмет еткен оның реформалары табыстан табысқа жете беруіне кепілдік беретіні шүбәсіз еді. Оны тарих дәлелдеді де.
ХХ ғасырдың аяғы Мұстафа Шоқай аңсаған Тәуелсіздік туы Қазақстан көгіне көтерілді. Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып таныған ел Түркия болуы заңды еді. Содан екі ел арасындағы саяси және экономикалық, қоғамдық және әлеуметтік қарым-қатынастардың жаңа кезеңі басталды. Бүкіл түрік халқының ұлы перзентінің шынайы қызығушылығы Қазақстанның тәуелсіздік алуымен жаңа мазмұн, жаңа сипатқа ие болып жаңарды, жаңа деңгейге көтерілді.
Бұл күндері еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты мақаласы қызу талқыланып, тәуелсіздіктің екінші ширегінде рухани жаңаруға ерекше көңіл бөлініп отырғанда Мұстафа Шоқайдың туысқан түрік халқы туралы жазғандарына тағы да терең ой жіберсек, әсіресе 1931 жылғы «Ұлт зиялысы» атты мақаласындағы «Түріктің «батыстық білімді» халықтың «шығысты рухымен» ұштастыру тәжірибесі біздер үшін өнеге» деген сөзіне құлақ түрсек артық болмас еді.

Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір,
саяси ғылымдар докторы, профессор