Қали байдың қазасы
Алматы қаласындағы алғашқы қазақ мешітін салдырып, қазіргі ұлттық саябақтың алғашқы ағашын отырғызған, сауда керуендері Орта Азия мен Қытай мемлекетіне қатынаған атақты қазақ байы Қали Ордабаев (лақап аты — Дәу Қали) жайында шындық айтылмады. Өйткені жоқтаушысы жоқ, ұрпақтары жат жұртта өмір сүріп, өмірден өткен байдың тағдыры аянышты еді. Сүйегі Ресейде жатыр. Жетісудың жеті арысының бірі Дәу — Қалидың Алматы шаһарын абаттандырудағы ұлттық намысы мен ерік-жігері кейінгі ұрпаққа өнеге болса керек.
Жетісудағы ежелгі Үйсін мемлекеті жайында мың жылдар бойы айтылып келеді. Сол Үйсіндердің тікелей мұрагері, Үйсін атын жоғалтпай келе жатқан Сарыүйсіндер жөнінде тарихшыларымыз аса біле бермейді. Өздерін Үйсін, оның ішінде Сарыүйсіндерміз деп шежірені осылай бастайды. Сарыүйсіндерден белгілі Жандосай батыр, Белағаш — Нұрлы әулие, «Қызыр қонып, бақ дарыған» Сары би шыққан. Дәу Қали — осылардың жалғасы. Бозай, Ақши және Сарытауқым мен Күрті өңірі Қали атаның ата-бабаларының көшіп-қонған ата қонысы. Атамыз өте денелі, нағыз алыптың өзі болса керек. Сондықтан ол кісіні ат көтере алмайды. Баратын жеріне кілең сәйгүлік жегілген күймемен барады екен. Байдың балалық шағы мен жігіттік өміріне қатысты деректері жоқ. Қали атаның Балуан Шолақпен күш сынасуы қазаққа белгілі аңыз. Бұл жайында жазушы Сәбит Мұқанов «Балуан Шолақ» атты кітабында таңдана жазды. Ел ішіндегі аңызда 4-5 қап тұзды еркін көтеріп, Алматы көпесі Сқақ Ғабдуғлиевпен бәстесіп, бір қойдың етін жеп қойғаны шындық. Қали ата байлығына байланысты «Бай Қали», орысша оқығанына байланысты «Орыс Қали» атанған.
Қали байдың жарты миллион қойы қазіргі Іле өңірінің Қараой, Күрті, Сарытауқұм өріс-жайлымдарында көбейген. Қали ата малды көбейтіп қана қоймай, атақты жәрмеңкелерге апарып саудалаған. Сонау Арқадағы Қоянды, Жетісудағы Қарқара жәрмеңкелеріне байдың үйір-үйір жылқылары мен отар-отар қойларын әкеліп, мал базарын қыздырған. Ал сауда керуендері Бұхара, Ташкент және Құлжа, Шәуешек қалаларына қатынап, онда Ресейден шыққан неше түрлі тауарларын саудалаған. Қали ата байлығы мен сауда істеріне байланысты Ресей патшасының тізіміне тіркелген. Жетісудағы алпауыт байлар Пучаев, Ғабдуаливтермен қатарлас болды. Сол кездегі Төменгі Іле, Күрті өңіріндегі мал осы байдың қойы мен жылқысы еді. Алматыдағы қала салтын көріп, шаһар тіршілігін ұнатып, өзіне ағаштан салдырған зәулім үйі кейінгі қазақтарға үлгі болды. Қали ата Романовтардың 300 жылдық мерейтойына, Алматы қаласында өткен мәдени шараларға қатысқан. Қали атаның Алматы қазақтары үшін жасаған игілікті ісі, қанша уақыт өтсе де, ұмытылмай келеді.
Патша заманында Алматыдағы алғашқы қазақ мешітін Қали Ордабаев өз қаржысына салған еді. Қазіргі орталық мешіттің бұрынғы ескі үйі осы кісінің Алла жолындағы ісінің белгісі. Қазір оның орны да жоқ, бұзылған. Алматыда алдыңғы ғасырда өзбек, ұйғыр, татар, дұнған мешіттері азан шақырды. Таза қазақ мешіті болмады. Қали Ордабаевтың сол салдырған мешіті 80-жылдарға дейін келіп, азан даусын жоғалтқан жоқ. Басқа мұсылман мешіттерінің бәрі бұзылғанда, Құдай сақтап аман қалды. Жаңа мешіт ашылғанда оны салдырған Қали байдың аты аталмады. Өйткені Қали атаның мұсылмандық ісін, ерен еңбегін білетін жан болмады.
Қазіргі Офицерлер үйінің жанында ұлттық саз аспаптар мұражайы бар. Патша үкіметі негізінде әскерлердің жиыны өтетін казарма екен. Сол казарма құрылысына қаржылай орасан көмек берген Қали Ордабаев болатын. Осы ғимаратың құрлысы басталғанда, Қали бай 200 қой, 100 жылқы берген. Ол кезде байлар туралы жақсы айтылмаған. Орысша оқып, орыс ұлықтарымен сырлас, дәмдес болған. Орыстан әйелі де болған көрінеді. Ол балаларын Ресейдің белгілі оқу орындарында оқытты. Өзі де орысша оқып, үздік білім алған. Ресейден шығатын белгілі басылымдарды жаздырып алған. Үкіметтің ішкі-сыртқы саясатын жақсы білген. Санкт-Петербургке, Мәскеуге Қали бай Димекеңнің (Қонаев) атасы Жұмабай қажы, Медеу Пұсырманұлылармен бірге іссапармен барып тұрған. Ұл-қыздарын заман талабына сай оқу-білімге, кәсіп-өнерге тәрбиелеп, оқыту бұлардың басты мақсаты болған. Қалидың үлкен ұлы Ғаббас патша үкіметі тұсында әскери оқу орнын бітірген. Әскери қызметі өсіп, полковник дәрежесіне көтерілді. Кеңес Үкіметі орнағанда шені одан сайын өсіп, қазақтан шыққан алғашқы генералдың қатарында болды. Түркістан әскери округінде басшы қызметте жұмыс істеді. Генерал Ғаббас Қалиұлы Ордабаевтың тағдыры әлі беймәлім. Өзбекстанға кеткені жөнінде аз ғана дерек бар.
Қалидың тағы бір ұлы — Рамазан Ордабаев. Санкт-Петербургте Ауыл шаруашылық академиясын бітірді. Бұл азамат атақты «СХЦ-ды» ұйымдастырушылардың бірі болған. Алашқа белгілі Ораз Жандосовпен бірге қызмет еткен. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары орман шаруашылығы министрі болып, сойқанды саясат кезінде «Байдың баласы» атанып, қудаланды. Қызметтен бір күнде төмендетіліп, соңында «Халық жауы» атанып, атылады. Ораз Жандосов жағында болған Рамазан ұлт мүддесі үшін құрбан болды. Қазір одан ұрпақ бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Рамазан ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен студент кезінде араласып тұрған.
70-жылдары өнердің жұлдызы жанды. Бір ғана «Гүлдер» ансамблі Қазақстан өнерін шырқау биікке көтерді. Әлемге әйгілі Роза Рымбаеваның даңқы осы кезде шықты. «Гүлдер» ансамблін өмірге әкелген, жер аударылған байдың (Қали) қызы Гүлжаһан Қалиева еді. «Қалиева» деп айтудан сақтанып, ол «Ғалиевна» болып атанып жүрді. Өйткені тегін өзгертуге кеңес берген Тұрар Рысқұлов еді. Басында Ленинградта оқыған оны, әкесі бай болғандықтан, оқудан шығарып жіберді. Еңіреп жылап Мәскеуге келді. Тұрар Рысқұловтың қабылдауында болады. Тұрекең оқудан жазықсыз шығып кеткен жас қыздың «құқын қорғап», қайтадан тез арада өнер студиясына алдырады.
Мұның алдында оқудан шыққан студент Қонаевты сол кездегі Луначарскийге айтып, оның да тағдырына ара түскен. Атақты бай қызы Гүлжаһан заман қиянатын жас күнінде көп көрді. Ол өнер қайраткері дәрежесіне көтерілді. Гүлжаһан қазақ цирк өнерінің әлемге танылуына барын салды. Гүлжаһан Қалиқызы Алматыда эстрада және цирк студиясын ашты. Осы өнер ордасында Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Бекен Жылысбаевтар дәріс оқыды. Гүлжаһанның өнер жолындағы тағдыры мен тағылымы жеке басы бір кітапқа арқау болады. Гүлжаһан Қалиқызы Ордабаеваның қайда жүргені, отбасы болған-болмағаны жөнінде мәлімет жоқтың қасы.
Алматыда, Күрті ауданының Ақши ауылында Қали атаның біраз туыс-жақындары тұрады. Ата жайында тірнектеп дерек жинап жүрген жайым бар. «Сарыүйсіндер» атты шежіре кітапта Қали атаның аты жазылғандай. 1927 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған. Сөйтіп, Ресейде дүние салды. Орыс тілін білгендіктен, сонда майда-шүйде жұмыстар істеп, туған ел-жұртын ұмытпай, хабар алып тұрды. Өмірінің соңында өзімен бірге кеткен кіші әйелін жіберіп, әйеліне «келеріңде туған жерден топырақ әкел» деп өтінеді. Әйелі шүберекке орап топырақ әкеледі. Ол топырақты сүйіп, шайға қосып ішеді. Бұл оның туған жерге деген сағынышы мен ыстық махаббаты еді. Сөйтіп, көп ұзамай аурудан көз жұмады. Қали байдың өмірі осылай аяқталған.
Нұрман Құлжан Әбішұлы