Қазақ қызына өмірлік 8 өсиет
Исламға дейінгі кезеңде өмір сүрген Үмамә деген ақылды әйел қызы Үнасты Кинда патшасы Хариспен үйлендіргенде, әлі күнге құны ескіре қоймаған мынадай өсиет айтқан екен:
«Қызым, егер бір қыз ата-анасының байлығы жеткілікті болып күйеуге шығуды қажетсінбейтін болса, онда бәрінен бұрын оған сен лайық болар едің. Алайда өмір заңы басқаша, ер адам қалайша біз үшін жаратылса, әйел де о баста ер адам үшін жаратылған.
Қызым, сен өзіңді туып, аялап өсірген әке-шешеңнің ұясынан ұшып, жат жұртқа кетіп бара жатырсың. Ендігі уақытта сен күйеуіңе бағынып, оның ризашылығын алып отырғайсың, сонда ол да сенің алдыңда құлыңдай құрақ ұшатын болады. Сен оны сыйлаған сайын ол да сені жақсы көріп қалағаныңды істейтін болады.
Мен саған қазір мына өсиеттерді айтайын, егер сен оларды бұлжытпай орындайтын болсаң күйеуіңмен ара-қатынасыңда мін болмайды:
1.Үйге ішіп-жейтін не әкелсе де шын жүрекпен қабыл ал, қанағат иесі бол.
2.Не істе десе, соны істе, тыйым салған нәрселеріне жолама.
3.Үй ішін де, үсті-басыңды да таза ұста. Күйеуіңе жақсы көрінуге тырыс, жақсы иістеріңнен себіне жүр. Ол сенен тыжырынбайтын болсын.
4.Ұйықтайтын, тамақтанатын кездерін жақсы біл. Ол бұларды қай уақыттарда жасайтын болса сен сол уақыттарда тамағын әзірлеп, төсегін салып қой. Өйткені аштық пен ұйқысыздықтан барып адам ашу шақырғыш келеді.
5.Күйеуіңнің дүниесін көзіңнің қарашығындай сақта, ысырапшылдыққа жол берме.
6.Оның абыройын ойла, тума-туыстарына да құрметпен қара.
Оған қарсы шығушы болма.
7.Күйеуіңнің сырын елге жайма. Қарсы шықсаң, саған деген өшпенділігі оянады, ал сырын елге жайсаң, қиянаттан көз ашпайтын боласың.
8.Күйеуің қайғырып отырғанда — сен қуанышты болма, күйеуің қуанышты кезде — сен қайғырма»
ElAna.kz