«Ұлттық болмысты ең әуелі қазақтың қыздары сақтайды»

Танымал театр сыншысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай: 

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ДЕГЕН – ҒАЖАЙЫП ДӘРЕЖЕ…

– «Қазақ қызы» дегенде көз алдыңа Ананың бейнесі келеді.
Ұлы Мұхтар Әуезов сонау 1920-шы жылдарға дейін-ақ «Өмірдің негізі – әйел» деп үлкен мақала жазған. Жиырмадағы балаң жігіт Мұхтарды толғандырған әйел тағдыры сол кездің өзінде-ақ аса зәру, салмақты тақырыптың бірі болғанын осы арқылы танып, біліп отырмыз. 
SygaiҚазақ қызы дегенде көз алдыңа сұлулық, әдемілік, әсемдік, биязылық, мейірімділік, нәзіктік елестеп, барлығы бойға ток жүріп өткендей, аса бір әсерлі сезімге бөлейді. Бұл бекер емес. Әйел бар жерде жылылық бар. Тартылыс бар. Өмірде мән бар. Мағына бар. Қоғамда ер адамның жанын жаңғыртатын, жасартатын тірегі де, діңгегі де, таянышы да – әйел. Тек қазіргі күні емес, бұрын-соңды замандарда ер-азамат әйелмен қолұстаса жүріп қоғамда көптеген ерліктер жасап келе жатыр.
Қазақ қыз туса «өрісім кеңейді» деп қуанады. Ал өріс бар жерде кеңістік бар, кеңдік бар, өмір үшін күрес бар. Сондықтан, қыздардың қоғамдағы орнын, оның орасан маңызын бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Қандай бір жағдайда болсын, әйел баланың араласуынсыз өткен тіршіліктің бәрі бос, мәнсіз, мағынасыз болып көрініп тұрады. Әйткенмен де, қазір қоғамда қызметке тұрған әйелдердің ер азаматтардың алдында қадірі түсіңкіреп кетпей ме немесе олар ер адаммен иық тірестіріп шыға келмей ме дегендей бір кереғар пікірлер де жоқ емес. Оны жасырмайық.
Қоғам екі жақты дамиды. Оның ері де, зайыбы да уақытын үйлестіріп, шаңырақты ұстаудағы, бала тәрбиелеудегі қастерлі міндеттеріне нұқсан келтірмей әртүрлі деңгейдегі қызметін лайықты атқарып жатса, оған біз неге тарыламыз? Өз басым әйел адамның ісі тек бала-шағаны бағып үйде отыру дегенге онша түсінбеймін. Қазір қаншама дарынды қыздарымыз Парламентте, өзге де ресми мелекеттік қызметтерде отыр. Қаншама қыздар – өнер қайраткерлері, халық әншілері, артистер. Ал бұларды торға тыққан тоты құстай үйде қамап ұстағанымыз дұрыс па? Бұлардың бойындағы асыл қасиеттер халық игілігіне бағытталуы керек емес пе. Мысалы, әйгілі өнерпаздарымыз – Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова, Хадиша Бөккеева, Бибігүл Төлегеновалар, атақты ғалымдарымыз – Шәрбану Батталова, Рәбиға Сыздық, Әлия Бейсеновалар ошақ қасында отырып қалса не болар еді? Бұлардың әрқайсы бір-бір атпал азаматтың жүгін арқалап жүрген жоқ па. Олардың ғылымдағы ашқан жаңалықтарын, сахнада жасаған керемет сиқырларын ер адам жасай алар ма еді? Жасай алмаса ше? Сондықтан, ер адамның орнын жоқтатпай, қайта, олардың қатарын толтырып жүрген әйелдерді етегінен тартып, сен тек үй ішін қорып отыруға тиіссің деп қамап ұстауымыз қиысынға келмейді.
Әрине, сөз жоқ, шаңырақтың шаттығы, отбасының қызығы әйелмен ғана көрікті. Әйтеуір, әйел күйеуімен беталды жағаласпай, онымен арпалыспай үйдегі тірлігін де, түздегі шаруасын да елге пайдалы жағдайда шешіп жүретін болса оған тарлық көрсетудің ешбір реті жоқ қой деп ойлаймын. Мысалды алыстан іздемей-ақ, сонау Әлия мен Мәншүкті алыңызшы. Солар кез келген жігіттен артық ерлік жасаған жоқ па! Екеуі же жиырмадан асар-аспас шағында жайнап шыққан Шолпан жұлдыздай бүкіл әлемді жалт қаратып, Кеңес Одағының Батырлары атанды.
Жалпы, қазақ қызы жаратылысын қалыпты өлшемдерге сыя бермейтін ғажайып құбылыс деп санаймын мен…

Публицист-жазушы, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай: 

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫ ЕҢ АЛДЫМЕН ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗДАРЫ САҚТАЙДЫ…

Hali– Меніңше, қазақтың қыздары – қазақтың нағыз картинасы. Қазақтың болмысы. Сонау Тұмар – Томирис ханымнан бастап Домалақ ана, кешегі Ұлмекен, Зере сынды ұлы шешелеріміз өткен. Олардың есімдерін тізе бастасақ бірталайға барамыз. Ұлжан… Ұлпан, мәселен… қазақтың Джакондасы деп жүрміз. Бұл аналарымыздың бәрі де айрықша құрметке лайық. Осылардың әрқайсы небір алмағайып замандарда елдігімізді сақтауда орасан міндеттер атқарған.
Халық бастан кешіп отырған бүгінгі ахуал да өте күрделі. Мәселен, талайдан бері «Жаһандану жақындап қалды!» деп жаныққанымыз рас. Шынында, «о кісі» арамызға әлдеқашан келіп қойған. Баяғыдан тайраңдап жүр қаламыз бен даламызда… Ал осындай аласапыран кезеңдерде ұлттық қалпымызды, төл болмысымызды сақтап қалу қиынға соғатыны өз-өзінен түсінікті.
Міне, оны сақтайтын, ұрпақтан ұрпаққа алып баратын – ең алдымен Қазақтың қызы! Сол себепті, меніңше, мемлекет, Үкімет ең алдымен барлық жақсылықты Анаға, Қазақтың қыздарына жасауы керек. Сонда ғана біз қазақ қызы қандай болу керек деген әңгімеден арыламыз.
Одан соң бүгінде «Қыздарымыз шашын шұнтитып кесіп тастады… Киген киімі дұрыс емес, жыртық шалбармен жүр. Кіндігі ашық» дегендей әңгімелер көп айтылады. Мұның бәрі, сайып келгенде, заманның элементтері. Бәрі де біртіндеп қалатын нәрселер. Ең бастысы – қазақтың қызы саналы болуға тиісті. Халықтың қанына сіңген ежелгі дәстүрлеміз сақталуы керек. Ал мұның негізі қайдан қалыптасады? Бұл тек отбасындағы тәрбие арқылы ғана емес, ірі мемлекеттік деңгейде жүзеге асатын жағдайлар. Бір өкініштісі, біздің мектептерде Ұлттық бағдарлама деген жоқ. Сондықтан, мектептерде ұлттық этика, ұлттық дәстүр, салт-сана жөнінде кешенді түрде бағдарлама жасалуы қажет. Сонда қазақтың қызы ондай боп кетті, мұндай боп кетті деген сөз де біртіндеп тыйлар ма еді…

ҚАҺАРМАНДАРЫНЫҢ КЕСКІНІН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ АРҚЫЛЫ СОМДАҒАН

shanshun«Үздік шетелдік фильм үшін» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын иеленген әйгілі қытай режиссері, Венеция, Канн фестивальдерінің лауреаты Чжан Имоу өзінің «Батыр» («Ying xiong») фильміндегі арулардың кейпін қазақ қыздарының кескінінен алғанын мойындапты.

– Бастапқыда нағыз адами биік өредегі, әрі ержүрек арулар тұлғасын жасау үшін ежелгі Қытайдың, одан бүкіл Еуропаның көрнекті әйелдері тарихын қопарып, көп іздендім. Бірақ танысқан бейнелерім қанағаттандырмады. Ешқайсынан іштей де, сырттай керемет табиғи үйлескен бейнені жолықтыра алмадым. Бір күні өте кездейсоқ жағдайда қазақ сұлуларының суреті басылған журнал кездесе кеткені. Қысқасы, іздегенімнің бәрін осыдан кейін таба бастадым. Олардың шынайы сұлулығы, жанарларының жарқылына дейін қатты қызықтырды. Кез келген қиындыққа төзімділік, өжеттік, сонымен қатар аса инабаттылық, ер-азаматты сыйлауы сияқты сирек қасиеттерді де солардың бойынан кезіктірген едім. Ғажап болды. Керемет қуандым, – дейді ол. (Du zhi wen zhai журналы)

ТАҒЫ ДА ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ ҚАҺАРМАНДЫҒЫ ҚАҚЫНДА

Орыс зерттеушісі Инга Стасевич өзінің «Социальный статус женщины у казахов: традиции и современность» (СПб.: Наука. 2011) деп аталатын кітабында дәстүрлі көшпенді қоғамның түбегейлі өзгеруіне байланысты қазақ әйелінің соңғы екі жүз жылдағы әлеуметтік дәрежесін назарға алыпты.

etjukgO8G8AБір сүйінгеніміз, ғалым олардың қара түнек тірліктен Қазан төңкерісінен кейін ғана құтылғаны туралы совет дәуірінде ғасырға жуық уақыт айтылған «шындықты» бірден теріске шығарады. Қазақтың қызды ежелден ұлдан артық мәпелеп жеткізгенін, есті әйелдерін қатты құрметтегенін жазады. Қызды сәби кезінен-ақ атқа мінгізіп, қаршадайынан бәйгелерге қатыстырғанын; қыздардың он төрт-он бес жасқа келгенде қыран құс балапанын аулауға кірісетінін, тіпті, асау ат үйретуге қатыса бастайтынын айтады. «Халық ауыз әдебиеті шығармалары арқылы ат құлағында ойнаған жауынгер қыздар бейнелерін білеміз. Қару-жарақты жақсы игерген олар қажетті жағдайда ел қорғап, қолма-қол сайыстарда жеңіске жетіп отырған екен» дейді. Тек сол ерлік белгілері жұрнағын қазақ ханымдарының дәстүрлі киімдері мен олардың мінез-құлқынан ғана аңдаймыз» дегендей ой айтады. Соған қарағанда, зерттеуші Домалақ ана, Қарқабат, Алтыншаш, Әлпеш, Айбике, Айнакөз, Ақбикеш аналар, Бопай ханым, Айша бибі, Қарашаш сұлу деп жалғаса беретін қазақ арасында кең танымал есімдерді былай қойып, даңқы алысқа жайылған Томирис (Тұмар ханым), Боарикс бикеш (Бөріқыз) аттарын естімеген-ау деп отырасың. Әйтсе зерттеу еңбегінің мазмұны тереңдеп, кітап мәні бірден биіктеп кетер еді. Мысалы, ұлт мақтанышына айналған осынау қыздардың бірін әлем Кир патшаны күйретіп, Парсы империясының негізін қалаушы сақ-массагеттердің патшайымы деп білсе, екіншісін Византия империясымен бейбіт мәмілеге келуде шешуші міндет атқарған ғұн-савир одағының бегайымы ретінде таниды. Бұдан артық әлеуметтік дәреже бола ма.
Қазақ – өз қыздарының көркі мен ақылын, өжеттігін лайықты бағалай білген халық. Ұлы Даланың ханымдары Қазақ мемлекетінің қоғамдық-саяси иерархиясында әрдайым айрықша деңгейде көрінген. Біздің қарындастарымыздың Шығыстың өзге елдеріндегі құрбыларынан басты айырмашылығы ересен еркіндігінде және өте аршыл-намысшыл келетіндігінде шығар. Әрдайым ашық-жарқын, қарапайым қазақ қыздары шешуші сәттерде асқан батылдығымен ерекшеленген. Тіпті, қатардағы әйелдердің өздері қысылтаяң тұстарда жасын отындай жарқылдап, қайран қалдырған. Әйтпесе, Сыпыра жыраулар:
– Момын елге тимегін,
Кеуілінде мұңлы шер болар.
Ерегісіп қоймасаң,
Ызалы ел бірігіп,
Қылыш алып қолына,
Қатыны да ер болар,
Сеніменен тең болар, –
деп толғамас еді.
Келтіре берсе, мұндай мысал көп.

Топтастырған Құлтөлеу Мұқаш

elanasy.kz