Бүгін жер сатып, ертең «жерленетін жер» таппай қалмайық!

Қазақстан деген алып «базардың» тәуелсіздік алғанына да биыл жиырма бес жыл. Осы уақыт аралығында жер асты байлықтарын есептемегенде, жер бетіндегі ұшқан құстан бастап, жер бауырлаған жәндікке дейін жаһандық жәрменкеге сатылымға шығарып үлгердік. Ендігі кезек  «Әлем бойынша тоғызыншы орын аламыз» — деп қазақтың мақтанышпен айтатын  жеріне келсе керек.

Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев бастаған ығайлар мен сығайлар  шілденің бірінен бастап ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы  сатылымға шығарамыз деп, елді бір дүрліктірген болатын. Бүгін жер сатқыш «саудагер» мырзалар  халықтан ыңғайсызданды ма, жоқ, әлде қызыл комиссар рөліндегі комунист Косаревтен қаймықты ма, әйтеуір, ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мырза шет елдіктерге ешқандай жер сатылмайды деп мәлімдеме жасады.  Бір қызығы бұл жолы жер сатылмасын деп Кәрім Мәсімовке үндеу жолдаған Мұхтар  Шаханов емес, аты шулы Бекболат Тілеухан да емес, комунист Косарев болды. Осындай да қалған  партиялар  мен  биліктің шалыс басқан жерін түзеп отыратын оппозиция қайда? — деген заңды сұрақ туады саналы адамның басында. Жерден, елден артық нендей істен бас ала алмай жүр халық қалаулылары мен ұлт зиялылары. Байқап, бағамдап көрелік.

Парламент сайлауында «коммунистермен» бірге оқ бойы озбаса да, жеті пайыздық межеден өтіп, депутаттық креслоға жолдама алған «Ақжолдың» серкесі Азат Перуашев мырза күні кеше журналистт\ермен дауласып «Дайрабайдың көк сиырын даулап жүргені» белгілі болды.

Мәңгілік оппозиционер ЖСДП-лық Жармахан Тұяқбай сайлау әділ өтпеді деп үкіметтің өгей баласындай бұл жолы да өкпелеп үн қатпады. Парламет сайлауының сәнін кіргізбесе де, партиялардың санын көбейтетін «Бірлік» пен «Ауыл»  атқа мінерлерінің үн қатпауы айтпаса да түсінікті жайт. Ал ел алдында  зиялы қауым аталынып жүрген игі жақсылар қайда? Ол кісілерге үнсіздік әлемінде жер керек емес тәрізді. Жұмған ауыздарын ашпауды жөн көріпті.

Жердің көптігінен бе? Әлде, сататын дүние қалмағандықтан ба? Ол жағы белгісіз. Әйтеуір, соңғы кездері билік тарапынан жер сату мәселесі жиі болмаса да ауық-ауық көтеріліп тұратын болды. Естеріңізде болса, бұдан сәл ертеректе Қытай еліне ауыл шаруашылығына пайдалану мақсатында соя егуге Шығыс Қазақстанда иесіз жатқан жерлерді берейік деген ұсыныс  жасалған болатын. Ол кезде де ел болып, жұрт болып  Шаханов бастап, қалған бұқара қостап, жерді бергізбеп едік. Түйіндей келгенде, Жерімізді саудалап жүріп жерленетін жер таппай қалмасақ болғаны.

Есдәулет ҚЫЗЫРБЕКҰЛЫ