Қытайлық кәсіпкерлер ОҚО-да екі зауыттың құрылысын бастамақ

Қытайлық кәсіпкерлер Оңтүстік Қазақстан облысында биоэтанол өндіру зауыты мен фосфор өндірісінің  қалдықтарын қайта өңдеуден өткізетін өндіріс ошағын іске қоспақшы. Көрші елдің инвесторлары биоэтанол өндірісіне Отырар ауданын,ал фосфор қалдықтарын өңдеуде Созақ өңірін  қолайлы көріп отыр.

Бүгін бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі мен Қытай фторселикондық өндірісі  ассоциациясының директоры Сианжун  Цао мырза бастаған делегацияның кездесуінде мәлім болды.

Өңір басшысы шетелдік инвесторларға облысымыздың инвестициялық тартымдылығы мен индустриалды-инновациялық жобаларды іске асыратын аймақтардың әлеуетін баяндады.

Облыс экономикасын өрге сүйреп келе жатқан салаларға тоқталған әкім инвестиция тарту  бойынша жергілікті билік тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен мүмкіндіктерге кеңінен тоқталды.

«Елге инвестиция тарту – экономиканың ең негізгі тетігі. Осыны ескере отырып біз кәсіпкерлерге барынша қолдау білдіріп отырмыз. Өңірімізде 11 индустриалдық 1 арнайы экономикалық аймағымыз жұмыс істейді.   Шетелдік инвесторлар кедендік, мүліктік салықтардан босатылады. Сондай-ақ жер телімі, инфрақұрылымдық қажеттіліктердің бәрімен толық қамтамасыз ететін боламыз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Кездесу барысында қытайлық делегацияны бастап келген Сианжун Цао мырза негізгі екі бағытта зауыт құрылысын бастауға мүдделі екендіктерін жеткізді. Осы ретте шетелдік инвесторларды оңтүстік өңіріне арнайы шақыртқан елімізге белгілі кәсіпкер Серікжан Сейтжановтың да еңбегін атап өткен жөн.

«Біз Оңтүстік Қазақстан облысында негізгі екі бағытты дамытуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі – биоэтанол өндіру ісі, ал екіншісі фосфор қалдықтарын қайта өңдеуден өткізу. Егер екіжақты келісімдер орындалып жатса, екі зауыттың құрылысын тезарада бастауды жөн көріп отырмыз», — деді Сианжун Цао мырза.

Айта кетейік, бүгінгі таңда әлемде биоэтанол өндірісінің өрісі кеңіп, пайдаланушылар қатары артып келеді. Ғылым тілімен айтсақ, биоэтанол дегеніміз техникалық абсолюттендірілген спирт құрамы 99,9 градусты құрайды. Аталмыш жаңа отын түрі жанар-жағар майға қарағанда, ауаны ластамайды және парниктік газдарды да бөлмейді.

Бір сөзбен айтқанда адамзат баласына да, қоршаған ортаға да зиянсыз отын. Қытайлық инвесторлар биоэтанол өндіру ісінде оңтүстікқазақстандық жүгері мен бидай, арпа қалдықтарын пайдаланбақ. Бұл өз кезегінде Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық саласын дамытудың ерекше жолы болмақ.

Шетелдік инвесторлардың екі жобасына да қолдау білдірген Жансейіт Қансейітұлы тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.  Тиісті құжаттарды тездетіп әзірлеп, қажетті жер телімдерін бөлуді және де екі зауыттың да іргетасын биыл қалауды тапсырды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі