ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДЫ ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҒАНА ЖОЛДАЙМЫН
Парламент Мәжілісінің ең жас депутаты Геннадий Шиповскихпен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының ашылуынан кейін жүздесудің сәті түсті. Небәрі 26 жастағы азамат қарапайымдылығымен, қазақтың тіліне жанашырлығымен есте қалды. Айта кетейік, Геннадий Шиповских Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Елбасы алдында мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілінің қадір-қасиетін танытып, оны құрметтеуге шақырып елдің ризашылығына бөленген болатын. Қазақтың тілін мақал-мәтелмен өрнектеп, астарлап сөйлеуге деген шеберлігі жас депутаттың мерейін үстем етіп тұрғандай көрінеді.
-Геннадий Павлович, Мәжілістің алтыншы шақырылымына депутат болып сайланғаныңыз құтты болсын! Сайтымыздың атынан жұмысыңызға сәттілік тілейміз.
—Рахмет баршаңызға.
-Әңгімені туып өскен жеріңізден бастасақ?
—Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты «Сексеуіл» кентінде 1989 жылы 22 қазанда дүниеге келіппін. Осындағы қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебін тәмәмдадым.
-Ата-анаңыз туралы айта кетсеңіз?
—Әкемнің аты — Геннадий Павлович Шиповских. Анам -Лидия Николаевна Куликова. Екеуі де қарапайым еңбек адамдары еді. Амал қанша тағдырдың ісі ғой, екеуі де мен ат жалын тартып міне бастағанда мына дүниеден өтіп кетті. Ұлтым-орыс.
-Одан кейінгі өмір жолыңызға тоқталсаңыз?
—Балалар үйінде тәрбиелендім. Расын айтайын ол жер маған өте ұнай қоймады. Бірнеше рет қашып кеттім. Ақыр аяғында еркіндікті аңсаған маған Алла тағала үлкен тарту жасады. Қала іргесінде шаруа қожалығы бар жанұялы кісілердің (бес баласы бар) үйіне бір досым ертіп апарды. Менің жағдайыммен жете танысқан олар мені еш ойланбастан патронаттық негізде тәрбиеге алды. Осы отбасы да жетімдік көрмей ер жеттім. Мені қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қаққан папам Мұрат пен мамам Баянға қарыздармын.
-Біздің білуімізше сіз, машинист көмекшісі екенсіз? Демек, оқудан қол үзбей, біліміңізді жетілдіре түскенсіз-ау?…
—Иә. Ата-анам менің білім алғанымды қалады. (Қара жұмысқа жегіп қойса да болар еді). Балаларының алды жоғары оқу орнында оқитындығына қарамастан мен үшін бар жағдайды жасады. Қаладағы №6 мектептің кешкі бөлімінде оқуымды жалғастырдым. Мектептен соң Қазалы ауданындағы теміржол училищесіне түстім. Оны бітіргеннен кейін Қызылорда жөндеу локомотивінде жұмыс істедім. Осылайша өмір жолым жақсы адамдардың арқасында бір арнаға түскен секілді.
-Отбасыңыз бар ма?
-Әзірге бойдақпын.
-Жастығыңызға қарамай, Парламент секілді құзырлы органға жұмысқа келуіңіз кездейсоқтық емес пе? Әлде, елбасы алдында жастар атынан сөз алып көзге түскеніңіздің пайдасы тиді ме?
—Мен бұл туралы нақты ештеңе айта алаймын. Мүмкін «Нұр отан» партиясының жиындарында белсенділік танытуым жолымды ашқан болар. Бәлкім бұл Алланың қалауы шығар. Расым осы. Ең бастысы Мен жұмысшы табының өкілімін. Партияның маған депутат болуға мүмкіндік беруі мен үшін үлкен абырой. Парламентте түрлі саланың өкілдері жиналады. Ал мен болсам жұмысшы табының мүддесіне өкілдік етемін. Алда үлкен жауапкершілік күтіп тұрғанын жақсы білемін. Қазақта «көш жүре келе түзеледі» деген жақсы мақал бар. Мен көтерген мәселелер әріптестерім арасында әділ шешіледі деген үміттемін
ТЕЛЕАРНАЛАР СҰХБАТ АЛУҒА ШАҚЫРҒАНДА БІРІНШІ ҚОЯТЫН ТАЛАБЫМ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ
-Мына сұраққа жауап беріңізші? Кешегі машинисттің көмекшісі, өзін Парламентте қалай сезініп жүр?
—Қалай десем екен, бәлкім ғимарат өзгерген шығар. Мүмкін қала басқа. Бірақ мен сол баяғы Генамын. Өз басым бұрынғы жұмысымда қандай жауапкершілік алсам, тап сондай сезімдемін. Өйткені екі жұмысымда ұқсастық бар. Екеуінде де халықтың тағдарына жауаптылық басым. Бұрынғы жұмысымда халықты тасымалдау міндеттелсе, мұнда Парламент локомотив… Тағы да жол үстіндемін… Сондықтан еліміздің өркендеуі үшін қызмет жасауға тиіспін.
-Сіз қазақ тілін өте жетік білесіз? Жасыратыны жоқ, Мәжілістің өзінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы тар. Көпшілік жағдайда заң жобалары ресми тілде дайындалады. Депутаттық сауалдарда солай. Сіз өзіңіз, қай тілге көбірек үстемдік бересіз алдағы уақытта?
—Мен бұрын да айтқанмын, тағы да айтамын, депутаттық сауалды тек қазақша жолдаймын, керек адам аудармашы арқылы (Арнайы құрылығымен құлаққа салатын) аударып тыңдай жатар. Бұған бас қатырғым келмейді. Мен тіл мәселесін көтеруде жалғыз болмаймын деп ойлаймын. Бақытбек Смағұл, Нұртай Сәбильянов, Бекболат Тілеухан секілді көптеген азаматтар мәжіліс төрінде үнемі қазақ тіліне басымдық беріп жүр ғой. Бұл тұрғыда менің айтарым, Ахмет Байтұрсыновтың «Тілі жоғалған елдің – өзі жоғалады» деген сөзімен сарындас. Қазақ халқын ұйытып, ынтымағын арттырып отырған – қасиетті ана тілі! Оны сол ортада өсіп, жете түсінген мен айтпағанда кім айтады.
-Соңғы сауал: Таяуда орыс тілді телеарналардың бірі сізден сұхбат алғысы келген екен, сіз қазақша жауап беріпсіз? Бұл көптеген шенеуніктің қолынан келмейтін іс. Жалтақтық басым. Байқағаным: сіз, бұл қалыпқа симайтын секілдісіз?
—Өз басым телеарналар сұхбат алуға шақырғанда оларға бірінші қоятын талабым-мемлекеттік тіл. Сол тілде ғана сауалға жауап беруге дайынмын деп ескертемін. Бұл жерде өзімнің ана тілім — орыс тілін аяққа жығып беріп отырғам жоқ, керісінше, орыстардың да қазақша сөйлей алатынын, сол тілде ойланып-толғануға олардың да шама-шарқының жететінін көрсету. Өзге қандастарыма үлгі болу. Қазақтың тілінің өркендеуіне өзімше үлес қосу. Қазақтың даласында туғаннан кейін, сол жерді басып жүргеннен кейін, барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді білуге міндетті! «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген сөз бар қазақта. Тіл мәселесі — шындап кетсек ар-ұяттың өлшемі ғой! Дәл қазақтай мейірман, қонақжай, ақылды, момын халық жер бетінде өте аз. Мен өзім соны қатты сезінемін. Жетімдіктің тақсіретін тартқанда маңдайымнан сипаған қазақ ұлтына қарыздармын. Сонда өзіме ант еткенмін: Қазақ ұлтының бір қажетіне жараймын деп. Сол ұстанымды серік етіп келемін қазір. Елбасының өзі халыққа жолдауында 2020-шы жылға қарай, барша қазақстандықтар қазақ тілінде сөйлейтін болады деген ой айтты. Оған да санаулы жыл қалды. Сондықтан тіл мәселесінде талапты күшейтіп, ел басына қолдау көрсетуді азаматтық парызым деп ұғынамын.
-Уақытыңызды бөліп сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет!
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК