Қандай банктен депозит ашу тиімді?

Қазіргі кезде ақша жинауды, депозит ашуды жөн көретіндер аз емес. Жиналған ақша ешқашан артық болмайды. 7kun.kz cайты оқырмандардың өтінішімен банктердегі депозиттердің пайызы қанша екенін анықтап көрген еді.

2017 жылдың қаңтар айында Қазақстандық кепілдік қоры (ҚКҚ) жеке тұлғалар салымына тиімді сыйақы ставкасын 14 пайыз етіп бекіткен соң банктер теңгеде сақталатын депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін төмендете бастады. Нарықта орта есеппен теңге депозитінің мөлшерлемесі 2-2,9 пайызға түсті. Тиісінше шетел валюталарындағы пайыздарда төмендеді. Яғни қазіргі кезде Қазақстандағы кейбір екінші деңгейлі банктерде (ЕДБ) теңгемен салынған депозиттің жылдық сыйақы мөлшерлемесі (ЖСМ) 13%-ға, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 14%-ға төмендеді. Бұған дейін 1%-ға жоғары болған. Аталған ЖТСМ тек бір жыл көлемінде рәсімделген депозиттерге және қаржыңызды депозиттен шешіп алмаған жағдайда ғана қосылады.

Қазіргі уақытта депозит пайызы төмендемеген банк — Халық банк. Бұл банкте депозитті салудың ең төменгі мөлшері 15 000 теңге. Салымды (депозитті) толықтыру мүмкіндігі шектелмеген. Ерекшелігі -1 айға депозит аша аласыз. 1 айға ЖСМ — 10%, 3 айға — 11%, 6 айға — 12%, 9 айға — 13%. 2 жылға дейін депозит ашқыңыз келсе ЖСМ 14%-ды құрайды. Ал ЖТСМ 1 айға — 10,6%, 3 айға — 11,7%, 6 айға — 12,9%, 9 айға — 14%, 12 айда — 15,2%, 24 ай аралығында — 14%.

Қазкоммерцбанкте депозитті 3 айдан 24 айға дейін сала аласыз. Бастапқы салымыңыз 15 000 теңгеден кем болмау керек. Аталған банкте 3 айға ашылған депозитке ЖСМ көлемі — 8%. 6 айға — 11%, 12 айға — 13,2%, 18-24 ай аралығында 13%-ды құрайды. Ал ЖТСМ көлемі 3 айға — 8,4%, 6 айға — 11,6%, 12 айға — 14%, 18-24 айға 13,8%.

Ал Кaspi bankте сыйақының жоғарғы жылдық тиімді мөлшерлемесі депозитіңіздің мерзіміне қарамастан — 12%. Яғни депозит салу мерзімі — 1 айдан 24 айға дейін. Қазақстан бойынша кез келген филиалдан ақшаны алуға және салуға болады. Салымдар Қазақстаннның салымдарға кепілдік беру қорымен сенімді сақтандырылған. Депозитті 1000 теңгеден бастап салуға болады.

Forte bankте  депозитті тек 12 айдан 36 ай аралығында сала аласыз. ЖСМ — 13%, ЖТСМ — 13,8%. Салымның ең аз сомасы — 15 000 теңге және толықтыру шектеусіз.

Цеснабанкте депозит ашудың ең төменгі сомасы — 10 000 теңге. 1 айдан 60 айға дейін ашуға болады. ЖСМ 1 айға — 6,5%, 3 айға — 8%, 6 айға — 10%, 13 айға — 13%, 18 айға — 12% 36-60 айға — 10%, . Ал ЖТСМ 1 айға — 7%, 3 айға — 8,4%, 6 айға — 10,5%, 13 айға — 13,8%, 18 айға — 12,7%, 36-60 айға — 10,5%.

Ал депозитті доллар немесе еуромен ашқыңыз келген жағдайда көпшілілік банкте ЖСМ — 1,5%, ЖТСМ — 1,5%-ды құрайды.

Айта кетейік, Ұлттық банк +/-1% дәлізі бойынша базалық мөлшерлемені 11%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты алдағы уақытта депозит мөлшерлемесі төмендеуі де мүмкін.

Депозитке қатысты басқа да сұрақтар туындаған жағдайда банктердің ресми сайттарында көрсетілген телефонға хабарласып ақпарат алуға болады.

Ескерту! Банктерде депозит түрлері көп, біз сізге ең тиімді депозит туралы ақпарат бердік.