«Балағынан бала саулаған» құтты ел едік…

Қазақта «Балалы үй — базар, баласыз үй — мазар» деген терең мағыналы сөз бар. Солай демекші, сәбидің іңгәсіне зар болып жүрген «жарымжан» отбасылар әлемде 150 миллионға жетсе, соның жарты миллионға жуығы бізге тиесілі. Бұл — ұлтқа төнген қауіп.

№1 мәселе: Белсіз еркектеріміз — 57 пайыз!

Бедеуліктің салдарынан жапа шегіп отырған жұптар санының 400 мыңнан астам екендігін осыдан біраз уақыт жаздық. Дабыл қақтық. 400 мың — бала тууға қабілетті жас шамасындағы отбасылардың 16-18 пайызы. Ал ДДҰ өлшемі бойынша 15 пайыздан асса, шектен шыққандық. Егер жылына 150-160 мың жас некеге тұрса, соның 20 мыңы балаға зәру шаңырақтың қатарын толықтыруда. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының профессоры Вячеслав Локшин: «Бала көтере алмай жүр деп, негізінен әйелдерді кінәлап жатамыз. Ал сол бірнеше жүз мың жұптың тең жартысында керісінше ерлердің денсаулығының нашарлығы анықталып отыр», — дейді бұл тұрғыда. Оны айтасыз, отызында орда бұзар жігіттеріміздің 57 пайызы белсіз. Сөзімізді нақты деректермен дәлелдесек, осыдан 20 жыл бұрын 1 миллилитр ұрықта 60 миллион сперматозоид белсенді болса, бұл жақсы көрсеткіш саналған. Ал қазір медицинада 1 миллилитр ұрықтағы 20 миллион сперматозоидты қанағат тұтса керек. Әлем ғалымдарының «ұрық осылай сұйыла берсе қайтпекпіз?» деп бас қатырулары жайдан-жай емес. Егер еркекте еш кінәрат болмаса, олар әйелдерін алғашқы бірнеше секундтың өзінде-ақ ана болу бақытына бөлей алады екен. Қажымас қара нарға теңейтін күйеуі жары алдында осылай өзін «қара басқандай» сезінсе, одан өткен дәрменсіздік жоқ шығар… Зерттей келгенде ер-азаматтарымыздың белсіздігінің №1 мәселеге айналуының түп-тамырында үлкен мән жатыр.

Ұялшақ азаматтардың халі ушығып барады

Closeup of an unhappy young couple in the bedroomОсы уақытқа дейін мемлекет негізінен әйелдердің денсаулығына көбірек мән беріп келді. Әлбетте, ұрпақ жалғыстырушы болғандықтан, қыздарымыз бен аналарымыздың қашанда басты назарда тұрғаны өте орынды. Ал өзінің жыныстық қабілетінің әлсіздігін құпия ұстауды қалайтын ерлеріміз үнсіз жүре берген соң, үкімет те алаңдамаушы еді, істің насырға шапқанын байқамай да қалыппыз. Сондай-ақ, ер адамдар өз денсаулығына салғырт қарайтыны тағы бар. Әйелдермен салыстырғанда, олар дәрігерге үш есе аз көрінеді екен. Салдарынан сырқаттың алдын алу мүмкіндігі де азаймақ. Статистикалық деректерді алға тартсақ, соңғы бес жылда кеуде обырына қарағанда, простатит рагына шалдығушылардың саны екі есе өсіп, отандық медицинаны аяғынан тік тұрғызды. «Әсіресе шалғай елді мекендердегі азаматтардың жағдайы алаңдатады. Өйткені медициналық көмектің қолжетімділігі әлі де дұрыс жолға қойылмаған ауылдарда қанша еркектің қандай ауруға шалдыққанын тап басып айту қиын» дейді мамандар. Жағдайдың ушыққаны соншалық, құзырлы орындардың тек еркектер үшін бүкіл республика көлемінде кешенді шараларды қолға алмасқа амалдары қалмады. Сол шаралар негізінде жүргізілген жаппай медициналық тексерудің нәтижесі дәрігерлердің жағасын ұстатып отыр. Скринингтік зерт-теулер нәтижесінде эректильді дисфункция белгілері (түрлі дәрежеде білінген) ер адамдардың 56,3 пайызында, фертилділіктің бұзылу белгісі (түрлі дәрежеде білінген) 30,4 пайызында анықталса, жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялар 42,4 пайызында білінген екен. Аса кең тараған уроандрологиялық патология ер адамдардың 58,3 пайызын жайлап алған. Уроандрологиялық ауытқушылығы бар емделушілердің 43 пайызы артериалдық гипертензиядан, 56 пайызы қант диабетінен зардап шегеді екен. Еркектеріміздің өздері шағым айтып келмесе, құзырлы сала мойын бұрмаса, не күйге түсер едік? Бұл — бұл ма, еліміздегі техногендік аймақтарда жұмыс істейтін ерлердің денсаулығын зерттеген екен, барлығы 26000 ер адамның 63,5 пайызында ұрпақ жалғастыру функциясының бұзылғаны белгілі болған. Айта кетейік, белсіздік дертінің көбеюінің ең басты себептері — экология, тамақ сапасының төмендеуі және жыныстық қарым-қатынас төңірегіндегі сауатсыздық. Былайша айтқанда, ерте және кездейсоқ жыныстық қатынастар да өз алдына бір себеп. Еркектердің салауатты өмір салтын ұстанбай, ішімдік пен темекіге әуестенулерінің де зияны өте көп. Қазіргі қиын-қыстау кезең, мәселен жұмыссыздық, тұрмыстың төмендігі сияқты әлеуметтік факторлар да жүйкеге әсер етпей қоймайды. Ал күйзеліс еркектердің гармондарын төмендетіп жібереді екен.

«Ерлердің денсаулығы» мемлекеттік тұрғыда шешілмек

nono

Түбіңе жеткізетін түйінді түйткілді шешу үшін үкіметтің енді арнайы бағдарлама қабылдауына тура келді. Бағдарламаға аз-маз тоқтала кетсек, ол 2016-2020 жылдар аралығында еліміздің барлық аймақтарында шамамен 70 пайыз еркектің денсаулығын түземек. «Ерлердің денсаулығы» атты мемлекеттік бағдарламаға артар жүк ауыр. Бағдарлама аясында еліміздегі бірқатар аймақтарда жұмыс істей бастаған ер-азаматтар денсаулығын қорғау орталықтары жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, шетелге маман жіберіп, тәжірибе алмасу да сөз болып отырған игі іс шеңберінде жүзеге аспақ. Жобаның мақсаты — ер адамдардың ұрпақ жалғастыру мүмкіндігін арттыру, демографиялық жағдайды жақсартуға барынша жағдай жасау. Міндеті — андрологиялық қызметті ұйымдастыруды жетілдіру, ер адамдардың ұрпақ жалғастыру жүйесі ауруларының алдын алу бойынша іс-шаралардың тиімділігін көтеру, денсаулығы сыр бергендерді тиімді ем-доммен қамтамасыз ету.

Денсаулығыңды күтуді әйелден үйрен!

Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының директоры Мырзакәрім Алшынбаевтың айтуынша, ерлер арасында простатит 40 пайызға, аденома 28-30 пайызға артқан. Простатит демекші, ол барған сайын “жасарып” барады екен, яғни 16 мен 35 жас аралығындағы тепсе темір үзетін жігіттердің 80 пайызы осы дертке шалдыққан. Бұл — ойлантатын жайт. Белсіздік проблемасы тіпті шетін мәселеге айналып барады. Оны мемлекеттік тұрғыда шешпесе болмайтын халге жеткен. «Бұл аурумен сексолог, сексопатолог, психолог, гинеколог, эндокринолог, кардиолог дәрігерлер бірігіп жұмыс жүргізулері тиіс», — дейді еліміздің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев.
Еннің бұралуы сынды аурулар бұрындары там-тұмдап қана белгі беруші еді, бүгіндері тіпті сирек кездесетін дерт болудан қалған. Нақты мысалдар келтірсек, жасы 25-тен төмен 4000 адамның біреуі осы дертке шалдыққан екен.
— Бұрын белсіздікке 40-50 жас аралығындағы азаматтар шалдықса, бүгінгі күні 20-25 жастағы жігіттер де жиі кездеседі. Өкінішке қарай, ерлер орташа есеппен әйелдерге қарағанда 12 жылға қысқа өмір сүреді. Бұл еркектердің ауруын асқындырып алатындарының кесірі. Аурудың алдын алуға олардың өздері құлықсыз. Әйтпесе қазір отандық медицина сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді, соның көмегіне жүгінсе болады ғой, — дейді бас уролог. Оның пікірінше, медициналық көмек мәселесіне келгенде еліміздегі еркектердің психологиясын түбегейлі өзгертуіміз қажет.
— Әйелдердің басы ауыра қалса, бірден дәрігерге жүгінеді. Ал біз, ерлер қауымы, қолды бір сілтеп жүре береміз. Азаматтар өз денсаулығына салғырт қарайды. Мен үнемі жігіттерге «Өз денсаулығыңды күтуді әйелден үйреніңдер» деймін. Бізде әйелдердің денсаулығын жақсартуға арналған бірнеше бағдарлама бар. Енді Үкімет ерлердің денсаулығын жақсартуға бағытталған бағдарлама қабылдады. Оның нәтижесі мен жеткен жетістіктерімізді алдағы уақытта жария ететін боламыз, — дейді ол.

Өзіне сенімсіз еркектер көбейіп бара ма?

1Тағы бір өзекті мәселе — қазір қара нарықта еркектің қуатын арттыратын небір дәрі-дәрмек, биологиялық белсенді қоспалар т.т. қаптап кетті. «Секс шоп» дүкендерінің де саудасы қазір қызып тұр. Демек, шынымен де өзіне сенімсіз еркектер көбейіп кетті не шамасынан тыс күшті көрінгілері келеді. Қалай дегенде де, «әйелді естен тандырсам» деген асыра сілтеушіліктің арты үлкен кесапатқа апаратыны анық. Оларды дәрігермен ақылдасып барып пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Отандық БАҚ-тарға (everything.kz) берген бір мәлімдемесінде андролог Владимир Арепьев:
— Бұл дәрілердің құрамында не бар, не жоғы белгісіз. Қытай медицинасы деп мақтағанымен, оның нақты дәлелі жоқ. Есесіне қанша жігіттер белсіздікке душар болуда. Қазір ер-азаматтардың 40 пайызы осындай препараттардың әсерінен белсіздікке ұшыраған, — дейді. Бұдан ұққанымыз, желілік маркетинг арқылы емін-еркін сатылып жатқан күмәнді қоздырғыштардың зиянды-зиянсыз жақтарын тексеріп, қадалағап отырған жауапты орындар жоқтың қасы.
Ата-бабаларымыз аттың үстінде жүріп, таза ауамен тыныстап, тек етпен тамақтанып, шөлдерін қымыз-шұбатпен басқан. Соның арқасында артынан көп ұрпақ қалдырып, ұзақ жасаған. Айтқалы отырғанымыз, бүгінгінің еркектері де бір сәттік ләззатты шыңына жеткізсем деп арпалысқанша, дәрі-дәрмекті қымыз-шұбатпен алмастырып, салауатты өмір салтын ұстанса, күштері артып, қуаттары өздігінен таси түсер еді. Табиғи нәрсеге не жетсін!

«Донор» күйеулер қаптап келеді

Иә, жағдай мәз емес. Егер еркектер өздеріне көңіл бөлмесе, аурулары асқынып, балалы болудан қалады. Ал әйелі ана болғысы келсе, қайтпек? Қазір “донор” еркектер пайда бола бастады. Күйеуі белсіздікке шалдыққан бір қалталы әйел ЭКО орталығы арқылы әрқайсысы бес мың долларға бағаланатын ұрық сатып алып, бірінен кейін бірі екі ұл туып алғанын жақсы білеміз. Ал күйеуі алғашында рұқсат бергенімен, жылдар өте «өзімнің емес, бөтен еркектің баласын асырап жүрмін» деп, күйіктен араққа салынып кетті. «Қолдан ұрықтандыру арқылы пайда болған қойдың еті дәмсіз болады» дегенді естіп едік, сол сияқты өзінің қаны болмаған соң, балаларды бауырына баса алмаса керек. Міне, ұрық донорлығының зардабы қандай!
Бизнес еркектердің ышқыр астында да жанданып жатқанға ұқсайды. Шымылдықтың ар жағындағыны сөз ету ерсілеу, әрине. Әйтсе де, бұрындары ашық айту ұят саналып, өз арнасынан алыстамайтын көрпе астындағы екеудің жұмбақ тірлігінің бүгінде бүкпесіз жария болатыны былай тұрсын, тіпті небір тосын жаңалықтарымен таңғалдырып жүр. Жасанды ұрықтандыру орталықтарына күніне 100-ге тарта ер адам донор болсам деген ниетпен келетін көрінеді. Жетіскен екенбіз… Демек, сұраныс бар. Иә, сұраныс болмаса, ұсыныс қайдан болсын? Ал сұранысты тудырып отырған — нәзікжандылар. Бұрындары ЭКО-ға талайлар қырын қараушы еді, қазір олар үмітті ақтап, перзент сүйе алмай жүргендерге қуаныш сыйлаумен мәртебелерін биіктетіп алды. Осы орайда ЭКО-ға қатысты жақсы пікірлер айта берсең, көп-ақ. Әрине, егер жасанды жолмен ұрықтандыруда ерлі-зайыптыларға ешкім «көмектеспесе» жақсы-ақ. Еркектерді өзге әйелге донор ретінде пайдалануды көпшіліктің қаламайтыны рас. «Бұл шариғат заңына қайшы» дейді ҚМДБ. «Ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, әйелдің жатырына енгізілсе, шариғатта рұқсат етіледі; бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және «зина» ұғымы туатындықтан, шариғатта тыйым салынған» деген уәж айтады олар. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері Медет Құрмашұлы «мұндай пәтуа шығаруға Қазақстанда жасанды жолмен ұрықтандырудың ерекше дамып кеткені себеп болғанын» айтады.
— Біздің пәтуа бөліміне осы жөнінде сұрап келетіндер өте көп. Мәселен, жақында бізге бір ерлі-зайыпты адамдар келді. Күйеуі белсіз. Сол себепті «басқа бір еркектің ұрығын салып ұрықтандырсақ, сол арқылы балалы болсақ, қалай болады?» деген сауал қойды. Мұндай мәселе қазір көп таралып жатыр, — дейді ҚМДБ өкілі «Азаттық» тілшісіне.
Медет Құрмашұлы діни ұйымының «ерлі-зайыптылар балалы болу үшін басқа бір донордың ұрығын қолдануға мүлдем тыйым салу керек» деген пікірін:
— Бұл, біріншіден, шариғатта зина болып есептелінеді. Екіншіден, адамға моральдық тұрғыдан да дұрыс емес, — деп түсіндірді. Ал жасанды ұрықтандырумен айналысатын орталықтар өз әрекеттерінен қандайда бір жат нәрсе көріп отырған жоқ.
Сонымен, бизнес демекші, біздің елде донор еркектерге 10 мың теңге төлесе, донор болуға кет әрі емес азаматтары көп саналатын Ресейде — 1500 рубль. Ал батыста 150-200 доллар көлемінде. Айтпақшы, донордың жас мөлшері міндетті түрде 18 бен 40-тың арасында болуы тиіс екен.
Қалай дегенде де, алдағы уақыттарда донор еркектердің саны артуы әбден мүмкін. Себебі біздің елдегі жекеменшік бір зертхана аты әлемге әйгілі «Cryos Transnational Ltd» банкімен келісімшартқа отырған болатын. Бұдан былай әйелдердің тапсырыс берулеріне де болады екен. Демек, танымал тұлғаның өзімен жақындаспай-ақ, одан бала сүйетін күні алыс емес. АҚШ-та донор болуға келісімін берген жұлдыздарға 25 мың доллар төленетін көрінеді. Әрине, қаржыны тапсырыс берушінің өзі төлейді. Оған қосымша тұтынушы банктің қызметі үшін тағы шығынданады. Рас-өтірігін кім біледі, біздің елде бір кәсіпкер әйел ресейлік әнші Сергей Лазаревті 10 мың долларға бағалап, дегеніне жетіпті деген сыбыс бар. Айтпақшы, «әнші Бүркітті «көндіріп беріңдерші» деп жалынып, бір әйел 5 мың долларын дайындап отыр екен» дегенді де естідік.
Қалаған еркегінен бала тууға бел буатындар, әлбетте, жалғызбастылар. Олардың «бір рет туады екенмін, ақылына көркі сай немесе әкесі сияқты дарынды болсын» деп тілейтіндері белгілі. Әңгімемізді мамандар пікірімен жалғастырсақ, республикалық Жалпы генетика және цитология институты директорының орынбасары Бақытжан Бекманов бір сөзінде:
— Біздің кейде Еуропада «сән» саналатын құбылыстарға еліктеп кететін жаман әдетіміз бар. Бұл дұрыс емес. Біреуді нысанасына алып, одан бала тууды өз басым дұрыс деп ойламаймын. Ертеректе Англияда «евгеника» ғылымы пайда болып, көп ұзамай жойылып кетті. Өйткені оған үзілді-кесілді қарсы болғандар саны күрт артып, «евгеника» қатты сынға ұшырады. Оның іргетасын қалаған — ғалым Ф.Гальтон. Сол «евгениканың» алға қойған мақсаты дарынды адамдардың ұрпақтарын жасанды ұрықтандыру арқылы тарату болған. Қоғам сол кезде оларды «адамзат баласының генетикасын жақсартуды емес, тек «сапалы» ұрық таратуды мақсат тұтқан» деп айыптады. Ал бұл моральға жат нәрсе. Жалпы, реципиент алған ұрықтың оның бар талабына жауап беруі неғайбыл. Оған ешкім кепілдік бермейді, яғни еркек қанша дарынды болсын мейлі, әйелдің өмірге дәл сондай дара тұлға әкелуі екіталай. Ғылымда дәлелденгендей, анасының гендері басым болып кетуі әбден мүмкін, — деген болатын.

Түйін:
«Балағынан бала саулаған» құтты ел едік. Енді «Жетпісбайлар», «Сексенбайлар» былай тұрсын, «Қырықбайлардың» тізеден жоғары, белден төмен жағы әлсіз тартып, санымызды көбейту мүмкіндігінің тым төмендеп кеткені қатты алаңдатып отырғанда, осындай осал тұсымызды пайдаланған кейбір еркектер «ұрық сатамын» деп қазақы қоғамның теріс батасын алды. Алаштың санын қалай арттырамыз деп «шақшадай басымыз шарадай болып» жүрсек, демографияны жақсартудың негізгі «көзінің» түрі мынау. Бүкіл қоғам болып шешуге тиіс аса күрделі мәселе бұл. Тіпті әйелдердің де белсіздер қарасын көбейтіп жүргендердің бірі өзінің күйеуі екенін біліп тұрса, оның емделуіне атсалысқаны жөн. Ықылым заманда Әлпеш ананың жесір қалып, ұрпағын көбейтуге қалай мұрындық болғаны тарихта жазылған. Зерделі келіншек өзінің жесірлігінен гөрі келін болып түскен әулет тұқымының жалғаспай қалатынын уайым етіп жүрсе керек. Бірде ол төркін жұртына барып, әкесі Дулатпен бірге туысқан Ақмырза деген кісінің Гүлше (Құрым, Дәмелі, Дәмеш, Тұрымтай деп те айтылады) есімді қызын атасы Найманға алып берген екен. Осындай даналығымен ол қазақтың қасиетті аналарының тізіміне ілінген. Қысқасы, «Ері саудың — елі сау, аурулы елде күнде дау» демекші, ең абзалы — ер-азаматтарымыздың өздерін күтіп, дендерінің сау болғаны.

Ләззат БИЛАН