Білім гранттарының тізімі қашан жарияланады? Қосымша 35000 теңгені қандай мұғалім алады?
2017 жылдың білім гранттарын тағайындау қорытындысына байланысты бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз мәслихаты өтті. Оған Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы бес жыл ішінде алғаш рет жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлуға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі өскен. Мысалы, бакалавриат гранты былтырмен салыстырғанда 6230 орынға көбейіпті. Осылайша, 2017-2018 оқу жылына білім гранттарының саны 37 932 грантқа ұлғайған. Оның ішінде 35 082 грант – І курсқа қабылдау үшін, 2850 орын – жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне бөлінген. Б.Асылова мемлекеттік білім беру тапсырысы берілген жоғары оқу орындарының тізімі де кеңейтілгенін атап өтті. Жалпы, білім грантын тағайындау конкурсына 63 169 адам қатысқан. Оның ішінде 49858 жас – қазақ тіліндегі оқу бөліміне, 13 311і – орыс тіліндегі оқуға тапсырған. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы шеңберінде де арнайы квота бар. Осы квоты иелену үшін 9 148 адам өзара бәсекеге түскен. Білім гранттарының тізімі 14 тамыз күні «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланатын болады. Сондай-ақ, грант иегерлерінің тізімі Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайттарында орналастырылады.
Қосымша 35000 теңгені қандай мұғалім алады?
Жоғары сыныптарға физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарға негізгі жалақының үстіне қосымша үстемеақы берілмек. Оның көлемі – шамамен 35 мың теңге.
«Арнайы тәртіп бар. Ол бойынша мұғалім дайындықтан өтіп, ағылшын тілін тиісті дәрежеде меңгерсе, жоғары сыныптарда химия, биология, физика пәндерін оқытса және біліктілігін жетілдіру курсынан өтсе, оған үстемеақы төленеді. Яғни, жалақының үстіне шамамен 35 мың теңге қосылады», — деді ол.
Сонымен қатар Білім және ғылым министрінің орынбасары үстемеақыға ие болатын ұстаздардың тізімі жасалып жатқандығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тізім қыркүйекте дайын болуы мүмкін. Ал мұғалімдерге қосымша үстемеақы беру мемлекет бюджетінен қарастырылған екен.
«Қазіргі таңда біз тиісті ақпаратты жинап жатырмыз. Себебі, жоғары оқу орнында ағылшын тілінде бітірген студенттер бар. Қыркүйек айы басталған уақытта тізім дайындалады. Сол уақытта қанша ұстаздың (ағылшын тілінде – автор) білім беретіні жайлы нақты ақпарат бере аламыз. Біріншіден, осыған мемлекет бюджетінен өткен жылы қаржы қарастырылған. Біз осы жылы барлық талап бойынша тиісті нормативті-құқықтық базаны дайындадық. Барлығы нақты әрі ашық болуы шарт», — деп түйіндеді сөзін Бибігүл Асылова.
Толығырақ: Егемен Қазақстан, Бақ.кз сайтында