ОҚО шаруалары 6 айда 139,1 млрд. теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімін өндірген
Оңтүстік Қазақстан облысында ағымдағы жылдың 6 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 371,5 млрд. теңгені құрады. Ал өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 250,4 млрд. теңгеге жеткен. Сондай-ақ облыс шаруалары 139,1 млрд. теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімін өндірген. Бүгін бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов мәлім етті.
Облыс экономикасының дамуына серпін беретін жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы 6 айда 1,1 трлн теңгені құрапты. Бұл ретте негізгі үлесті өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы қосып отыр. Жалпы өңіріміздегі өнеркәсіп саласы өңдеу, тау-кен, бу, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау өнеркәсібінен құралады. Соңғы 6 айда өңдеу саласында 250,4 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өсім негізінен тамақ өнімдерін өндіру, фармацевтикалық, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп өнімдері есебінен жүзеге асып отыр.
«Облысымыздағы индустриаландыру картасының екінші бес жылдығы жоспарына сай 135 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Оның ішінде ағымдағы жылы 17 жобаны іске асыру көзделуде. Аталған 17 жобаның жалпы құны – 37 млрд теңгені құрайды. Егер жобалар толық іске асса, 909 жаңа жұмыс орны ашылатын болады», — дейді Арман Сәбитов.
Өңірде сауда саласында даму байқалады. Соңғы 6 айда бөлшек сауда айналымы 182,3 млрд теңгені құрап, 18 млрд теңгеге артқан. Ал, сыртқы сауда айналымы 1,1 млрд АҚШ долларына жетсе, оның ішінде экспорт – 468,3 млн АҚШ долларын, импорт – 620,6 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Экспортқа негізінен ет, тамақ өнімдері, дәрі-дәрмек, металл, машина, құрал-жабдық, тоқыма бұйымдары шығарылуда.
Айта кетейік, облыстың экспорт құрылымында Нидерланды, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Ауғаныстан мемлекеттерінің үлесі мол.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі