Қызыңды еркелет, ұлыңды аспанға көтер, қазақ

Құдайдың берген перзентiнiң жаманы жоқ. Ата-анаға адал болса, ұлы не, қызы не? Дегенмен, бiздiң қазақ ежелден ұлға басымдық бередi. Неге дерiңiз бар ма?! Ең алдымен ұл қара шаңырақтың иесi емес пе?! Ал, қара шаңырақтың иесi деген сөз елдiң иесi деген сөз! Қыз – жат жұрттық екенiне ешкiм таласпаса керек. Қыз болашақ құдаңыздың елiн бақытты қылады, сонысымен де ол екi жаққа бiрдей сыйлы.

Қыз – қонақ! Одан туған перзенттi қазақ «жиен ел болмайды» дегенде, оны жек көргеннен айтпайды, жиеннiң өзiнiң елi бар екендiгiн ескертiп айтады. Жек көрсе нағашылап келген жиенге таңдаған тұлпарына бәсiре деп ен салып бере ме?! Жек көрсе «жиендi ұрма…» дей ме?

Ұл – үмiт! Ол – бiр шаңырақтың ғана емес, берiсi бiр рулы елдiң, әрiсi тұтас ұлттың үмiтi. Бесiк жырының өзi де ұлға басымдық бере отырып жырланбайтын ба едi?! Қызды жек көргеннен емес қой оның бәрi. Өзге жұрт қызды қалай сыйлауды әуелi қазақтан үйренсiн! Әлi күнге дейiн кез келген ауыл «қызды ренжiтпеңдер» деп ақыл айта алатын үлкендерден үзiлген жоқ. «Қызды ренжiтпеңдер» дегеннiң астарында мағынасының салмағы атан түйеге жүк болатын рухани сыр жатыр. Расында да қыз ренжiмесiн. Қыз ренжiсе…

Алайда, бiз бүгiн қызды ренжiтпеу дегендi басқаша түсiнiп жүрген жоқпыз ба, осы? Неге бiз бүгiн ұлдан гөрi қызға көбiрек мән беретiн болдық? Ұл бала дүниеге келгенде ұрпақ жалғастырар тұяқ келдi деп қуанатын қазақ едiк қой. Кеше ұл бала дүниеге келсе «осы босағаның тiрегi болсын» деп әжелер оның кiндiгiн табалдырықтың астына көмiп жататын. Ал, қыз бала дүниеге келсе, кiндiгiн ошақтың басына көмiп, барған жерiнде қазан-ошаққа ие болар келiн, ұрпақ өрбiтер ана болсын!» дейтiн. Сөзге мән берiңiз, «төркiнiнде» демейтiн, «барған жерiнде» дейтiн. Бүгiн… «Ұл оқымаса оқымасын, қыз оқысын, барған жерiнде жыламайды» деп басталатын әңгiме «жақсылықты ұлдан көресiң бе, қыздан көресiң бе, Құдай бiледiмен» аяқталады. Ол аз болса «күнiме қыз жарап тұр» деймiз ұялмай. Иә, иә, күнiмiздiң қызға түскенiне намыстанбайтын болдық. Қызды көкке көтеремiз деп ұлдарымызды жерге тығып жүрген жоқпыз ба?! Мұны ойланған кiм бар?

Мысал дейсiз бе? Ол ендi жетiп артылады.

Бiреудiң отбасының iшкi тiрлiгiне араласу ойымызда жоқ, дегенмен… Жоғары бiлiм беру саласында үлкен абыройға ие құрметтi ағамыз бар. Зейнет жасына жеткен соң орнын… қызына бердi. Мен әдепкiде бұл ағамыздың ұлы жоқ екен ғой деп ойлағанмын. Сөйтсем жақсының тұяғы емес пе, бiзден ақылды ұлы бар болып шықты. Тек о бастан бұдан гөрi қызға көбiрек басымдық берiлген. Нәтижесiнде қыз бүгiнде аузымен құс тiстеген саңлақ. Аға-жеңгемiз бар тапқан-таянғандарын ұлты белгiсiз жиендердiң аузына тосады. Қызының барған жерi жоқ-жұтаңдау жандар болса бiр сәрi, тұрмысы ағамыздың тұрмысынан сәл кейiнiрек демесеңiз, осы жүрген қай-қайсысымыздан да бақуат тұрады. Ал, ұрпағын жалғастырып жатқан ұл әлi күнге отбасымен пәтер жалдап күн өткiзiп жүр.

Қалай болғанда да ұлттық болмысымыздан алыстап бара жатырмыз. «Қыз жат жұрттық» деп түсiнген елдiң бүгiнгi ұрпақтары «жайым болмай кеткеннен кейiн қызым қолына алды» деп масаттана сөйлейтiн болдық. Ал, бұл масаттана сөйлейтiн жағдай ма едi?! Түсiнген жанға бұл өлiм ғой! Қыздың қолына барып тұрудан үлкен намыстанбайды, әке-шешесiн қолына алу арқылы бүкiл төркiн жұртын жерге тығатынын қыз пайымдамайды.

Немересi жыласа «осының-ақ күнi-түнi жағы сембейдi екен» деп күңкiлдейтiн ене бүгiн қызының баласын бағып отыр. Ол «жаманның» өзiнiң әжесi жоқ болса мейлi екен ғой…

Сонымен, бүгiн қай қазақтың ауылына бармаңыз, алдыңыздан арсалаңдап жиендер шыға келедi. Ал, бұл ауылдың өзiнiң кiшкентайлары қайда дейсiз бе? Олар өз нағашыларының елiнде жүр. Адам түсiнiп болмайтын қым-қуыт заман… Ол ол ма, жиендерге фамилиясын беретiндердi бүгiнде жалғыз қаланың қаратаяқтарының арасынан кездестiрмейсiз, олар әр ауыл-әр ауылдан да табылады. Жо-жоқ, бұл өмiр ғой, өмiр болған соң кейде бұған мәжбүрлiктен баратын жағдайлар да кездеседi. Оны ендi түсiнесiң ғой…

Сiз бiздi қоштарсыз, қоштамассыз, бiрақ бүгiнде қазақтың кемпiрлерiнiң жиен бағып отырғаны рас. Былай қарағанда онда тұрған сөкет ешнәрсе жоқтай көрiнуi мүмкiн. Алайда, ұлттың тамырынан ажырауы осыдан басталатынын ұмытпауымыз керек. Бiз осы арқылы ең бiрiншi кезекте елге тұтқа болатын ер баланы туған жерiнен, кiндiк жұртынан ажыратып отырмыз. Өзiнiң кiшi Отанын сүйiп өспеген ұл ертең тұтас Қазақстанның патриоты болады дегенге сенесiз бе? Өз басым сенбеймiн.

Иә, бiз осылайша ұлдарымызды өзiмiз жасық етiп өсiрiп жатырмыз. «Ұлым емес, қызымнан көрiп отырмын, жақсылықты» дегендi ести берген ұл түптiң түбiнде өзiн адамның қоры екенмiн-ау деп ойламай ма? Қыздың баласын өбектеп, ұлдың баласына ыңғай бермегеннен кейiн ол өзiн кем сезiнбей ме? Өзiн кем сезiнген, өзiн қор санаған еркектен қандай ерлiк күтесiз? Сөйтемiз де «қазақтың еркектерiнде бұрынғы ата-бабаларындай емес, намыс жоғалып бара жатыр ғой» деп дiлмәрсимiз. Бөгенбай, Қабанбай, ер Есеттердiң қайсысы нағашы әжелерiнiң тәрбиесiнде өсiптi?

Демек, жастарымыздың бойында отансүйгiштiк рух табылмай жатса, жаттың қолтығында кетiп бара жатқан қарындасын қызғана алмаса, қызғанған күннiң өзiнде де ана еркекке арыстандай ақыра алмаса, оған оның титтей де кiнәсi жоқ. Кiнә бiзде. Үлкендерде. Өйткенi оларды осылай жасық қып тәрбиелеп жатқан өзiмiз. Бұл ұлттың түбiне бiр жетсе, «Құдай ұлдан бере ме, қыздан бере ме?!» деген осы сөз жетедi.+

Қызыңды еркелет, ұлыңды аспанға көтер, қазақ!

Абай БАЛАЖАН,

«Оңтүстiк Қазақстан»