Тәрбие негізі — баламен сырласу

Дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру — бәріміздің парызымыз. Үйде балаларды жазу-сызуға, ауызша есепке машықтандыру, оларға қызықты әңгімелер айтып беру сияқты істермен қоса оларды бір мезгіл үй шаруасымен айналыстырса, бала үшін оның маңызы зор. Бұл ретте бала, біріншіден, білімге құштар болып, екіншіден, ол еңбекке дағдыланады.

Ал еңбек пен білім егіз екенін естен шығармауымыз керек. Жас жеткіншекке жанұяда дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады. Дұрыс тәрбие алған бала ата-анасын қуантып отырады. Дұрыс тәрбие берудің өзекті бір саласы — жас жеткіншектің еңбекке деген әлеуметтік көзқарасын қалыптастыру.
Ата-ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен Олардың пікірімен санасып отырған да артықтық етпейді. Өз баласымен ашық сөйлесе, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ.
Баланы мектепке апарып, алып қайтар жолда сырласып, әңгімелесуге болатынын естен шығармаған жөн.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», — дейді Әл-Фараби. Сонымен, қорыта келе, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруді қоғам болып қолға алу, балаларымызды отансүйгіштікке, ата-баба салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ етіп тәрбиелеу баршаға бірдей міндет деп есептеймін.

Айымгүл Азамат