«ҚазМия» зауыт өнімі экспортқа шығады
Бүгінде өңірімізде Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жанданып жатқан жобалар аз емес. Олардың бірқатары қазір қуатты күшіне шығып, Әулиеата өңірінің экспорттық әлеуетін көтеріп жатса, енді екіншілері тірлігін тіктеп, жұмысын жүйелеуде. Міне, сондай өндіріс орнының бірі — Жамбыл облысы Шу ауданындағы «ҚазМия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Аталмыш серіктестік мия тамырын өңдейтін өндіріс орнының құрылысын 2014 жылы қолға алған болатын. Жобалық құны 900 миллион теңгені құраған зауыт жылына 2500 тонна мия тамырын өңдейді деп көзделген. Және кәсіпорынның құрылысы жапониялық инвесторлардың тікелей қаржыландыруымен жүзеге асқан. Міне, осы зауыттың лентасын өткен жылы облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке салтанатты түрде қиып, жұмысына сәттілік тілеген-ді. Содан бері арада бір жыл өтіп отыр. Осыған орай, кәсіпорынның қазіргі аяқ алысы қандай және елді елең еткізген жобаның ертеңінен не күтеміз деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
«ҚазМия» ЖШС-ның директоры Олжас Әбдешовтың айтуынша, қазір зауыттың жұмысы жоспарға сай жүріп жатыр екен. Және қыркүйек айының аяғына қарай алғашқы 16 мың тонна өнімді Жапония еліне жөнелту көзделуде.
— Биыл біз өз тарапымыздан мия тамырын жинаған жоқпыз. Бар күш-жігерімізді жаңа қондырғыларды орнатуға, онымен жұмыс істеуге үйренуге және жыл аяғы да таяп қалған соң, шикізатты өңдеуге жұмсадық. Себебі зауыт салып, оны іске қосқан соң, көзге көрінетін, ауыз толтырып айтуға тұратын нәтиже көрсетуіміз керек. Сондықтан қазіргі таңда шикізатты Оңтүстік Қазақстан облысынан сатып алып жатырмыз. Бір өкініштісі, дәл осы мия тамырын Жамбыл облысында да, оның ішінде Шу ауданында жинауға бар мүмкіндік бар. Бірақ бұл іспен айналысып жүрген кәсіпкерлердің бірде-бірінің рұқсат қағаздары жоқ. Содан барып біз олармен жұмыс жүргізуге қорқасоқтап, тамырды сырттан алдырып жатырмыз. Десе де, келер жылдан бастап өз қызметкерлеріміздің күшімен мия тамырын жинау жоспарлануда. Осы мақсатта, келесі жылы қосымша 30-40 шақты маусымдық жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Тағы бір ескере кетерлігі, зауыт қондырғылары өндіріске елімізде алғаш рет кіріп отыр. Жапондықтар бұл құрылғыларды өздері жасап шығаратындықтан, бір ғана данасын бізге берді. Және техниканың тілін облысымызға арнайы келіп, мамандарымызға түсіндіріп кетті. Бір сөзбен айтқанда, бұл қондырғылармен жапондықтар мен біздің мамандар ғана жұмыс жасай алады. Бұйыртса, осыны тиімді пайдаланып, қыркүйек айында алғашқы өнімді экспортқа шығарсақ деп отырмыз. Одан әрі жұмыс қарқыны күшейетін болады, —дейді серіктестік директоры.
Осылайша, маман кәсіпорынның көкжиегі енді кеңейіп келе жатқанын хабардар етті. Қойма, цех сынды өндіріске қажетті құрылыстардың барлығы толықтай бітіп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын қосымша айтып өтті.
— Биыл зауытта 24 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 21-не жергілікті жердің мамандарын тартсақ, 3 инженерді сырттан шақырттық. Қызметкерлеріміздің дені «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында келуде. Ал жалпы штат бірлігін айтсақ, кәсіпорнымыз 31 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Негізі өндіріс орны мия тамырының экстрактісін (ұнтақ түрінде) шығарады. Одан бөлек мия тамыры экстрактісінің тағы бір түрі бар, ол қою болып келеді. Бұл қою экстракт еліміздің дәріханаларында жөтелге қарсы, қақырық тастауға көмектесетін ем ретінде сатылып жатыр. Бірақ біздің шығарып жатқанымыз — ұнтақ түріндегі шикізат. Қою экстракті шығару үшін жапондықтар өнімді өңдейтін зауыттарын облысқа көшіру туралы 2015 жылы облыс әкімдігімен мәмілелескен болатын. Алайда екінші зауытты мұнда әкелу үшін, алдымен біріншісін аяғына тұрғызып алуымыз керек. Осы мақсатта қазір аянбай тер төгіп жатырмыз. Егер жоспарымыз жүзеге асып, екінші кәсіпорын бой көтеретін болса, В гепатиті, көз аурулары сынды дерттерге қарсы емге қолданылатын моноаммониум глицирризинат деген бағалы өнім шығаруға мүмкіндік туады. Әзірге келісілген меморандумға сай, жапондықтар шикізатымызды дәріге айналдырып, ел тұрғындарына қолжетімді бағамен сатуға уәде етіп отыр. Одан кейін дәрі түрлерін өзіміз де шығаратын боламыз, — дейді Олжас Әбдешов.
Серіктестік басшысының сөзіне сүйенсек, кәсіпорынның тірлігін тіктеуге билік тарапынан көрсетіліп жатқан көмек те аз емес екен.
— Облыс және аудан әкімдіктері тарапынан осы жобаның іргетасы қаланғаннан бері жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Олардың ішіндегі ең ауқымдысын айта кететін болсақ, биыл «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 60 миллион теңге бөлініп, инфрақұрылым жүргізуге көп демеу болды. Сонымен қатар, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының тарапынан да инвесторларға көмек көрсету мақсатында түрлі қолдаулар болды.
Енді жапондық әріптестерімізбен біріге отырып, Ресей, Тәжікстан, Әзірбайжан елдерінде орналасқан мия тамырын өңдейтін зауыттарға мамандарымызды жіберіп, тәжірибе алмасуларына мүмкіндік жасауды ойлап отырмыз. Сол кезде кәсіпорын өз жұмысын күшейтіп, техника тілін жетік білетін мамандарымыздың саны артатын болады. Бұл өндіріс орнының болашағын баянды ете түсері анық, — дейді О.Әбдешов.
Иә, осылайша Шу өңіріндегі кәсіпорын алғашқы өнімін экспортқа шығаруға қамданып, келешекке де кемелді жоспарларын нықтауда. Енді тек жапондықтармен дәрі-дәрмектің ел тұрғындарына қаншалықты қолжетімді болатын жағын бір пысықтап алу қажет секілді. Себебі жобаны қаржыландырып, оған қоса дәріні шығарып отырған солар болғандықтан, бағаны да белгілеу олардың қолында екені анық. Сондықтан бұл бастамаға жауаптылар инвестормен етене жақын жұмыс жасауы тиіс. Өйткені медицина мамандарының айтуынша, мия тамырынан жасалған дәрі-дәрмек бауыр, көз, бүйрек сырқаттарына таптырмас ем екен. Ал мұндай емнің ел тұрғындарына, облыс жұртшылығына ауадай қажет екені сөзсіз.
Саятхан Сатылғанов
Жамбыл облысы