Адам алдымен ізгіліктің дәнін себуі керек!

 Дана халқымыз өмірді ақ пен қара жолақ деп бекер айтпаған.  Сол себепті де мына бес күндік жалғанда шындық пен өтірік қатар жүреді. Алайда түптің түбінде ақиқаттың жеңіп шығатыны бәрімізге мәлім ғой. Осыған байланысты  көпке өнеге боларлық мына бір тәмсілді  баяндап берсем деймін.

Ертеде әлде бір патша өзінің қартайғанын сезіп, таққа мұрагер болатын адамды іздеген екен. Бірақ ол мұрагерді өзінің балалары мен орынбасарларының арасынан іздемей, ел арасынан таппақшы болады. Сөйтіп, бір күні елінің жастарын түгелдей жиып алып: «Мен қартайдым. Менен кейін патша болатын мұрагерді таңдауым керек. Мұрагерді сендердің араларыңнан таңдап алуды ұйғардым», дейді. Сол кезде патшаның балалары өз құлақтарына өздері сенбей, аңтарылып тұрып қалады.

Сөзін әрі қарай жалғастырған патша: «Мен бүгін сендердің әрқайсысыңа бір дәннен беремін. Бұл ерекше өсімдіктің дәні. Ол дәнді бүгін үйлеріңе апарып, егіп, суарып, тура бір жылдан кейін өсірген өнімдеріңді менің алдыма әкелесіңдер. Мен содан кейін сендердің араларыңнан патша болуға лайықты адамды таңдап, ел алдында жария етемін», дейді.

Ол жиынға Линг есімді бір жас жігіт те қатысқан болатын. Ол да бір түйір дән алып, анасына әкеледі.

Жігіттің анасы дәнді өсіретін ыдыс тауып, топырақ таңдап, оның күтіміне көмектеседі. Әлгі жігіт еккенін күн сайын суарып,  күтіп баптайды. Үш апта өткенде өзгелер еккен дәндерінің керемет болып өсіп жатқандығын сөз ете бастайды. Ал Линг еккен дәнінің өсетініне деген сенімін жоғалтпай, үмітін үзбей, бір жыл жүреді. Ақыры ештеңе өспейді. Бір жыл да өтті, уәделі күн жеткенде патшаның алдына баруы керек болады. Намыстан өртеніп, қолынан ештеңе келмегеніне күйінген Линг «патшаның алдына бармаймын» дейді.

Бірақ анасы оған адал болуды, шынайы болуды үгіттеп, топырақ салынған бос ыдысты ұстатып, патша алдына жібереді. Анасының ақылына құлақ асқан ол, бос ыдыспен патшаның алдына келеді. Өзгелердің өсірген сан түрлі өсімдіктерін көріп, ұялады. Біреулер оны мазақ қылса, біреулер аяушылық танытып жатады. Патша кіріп келе жатқанда ол ығысып, басқалардың тасасына тығылады.

Кірген бойда сан түрлі көздің жауын алып жайқалған өсімдіктердің арасынан жасырынып тұрған Лингті байқап қалады. Патша оған көпшіліктен дара алға шығуын сұрайды. Алайда Линг патша мені жазалайтын шығар деген қорқыныш сезіммен бір қадам алға басады. Өйткені тек мұның ыдысында ғана ештеңе өнбеген еді. Патша одан есімін сұрайды. «Менің есімім Линг» деп жауап береді жас жігіт.

Патша Лингке қараған күйі: «Міне, біздің патшамыз! Оның аты Линг!» деп жар салады. Линг өз құлағына өзі сенбейді. «Ештеңе өсіріп әкелмеген оны қалайша патша тағына мұрагер етпек?!»  деп, жиылғандар  түсінбей, шулап тұрып қалады.

Сол кезде патша: «Мен барлығыңа тура бір жыл бұрын дән тараттым. Оны егіп, өсіруді бұйырдым. Бірақ мен сендерге қалай баптасаңдар да өспейтін, яғни қуырылған дән берген едім. Ал сендер оның өспейтіндігін түсінген соң, дәндерді ауыстырып қойдыңдар. Араларыңда Линг қана шынайы, адал, өтірік сөйлей алмайтын азамат екендігін көрсетті. Алдыма бос ыдыспен келуге де батылы жетті. Міне, сол себепті де ол келесі патша болады. Бұдан әділ, халық қамын ойлайтын патша шығады деп ойлаймын», деген екен.

«Не ексең, соны орасың» дегендей, адам алдымен ізгіліктің дәнін егуге ұмтылуы керек, сонда ғана өзгелерден кінәрат іздемейді. Егер өзің жақсы адам болсаң, сенің жаныңда жүрген адамдар да сол бағытқа қарай бұрылғанына көзің жетеді.

Мұны айту оңай шығар, алайда ісіңмен өнеге көрсету көп адамның қолынан келе бермейтіндіктен, көпшілікке ой салсын деп айтып отырмын.

 

Ғалияның хатынан, Маңғыстау облысы