Күйеуі мен әйелі (әзіл өлең)
Күйеуi:
— Мынау iстi бүйтер ек,
Анау iстi сүйтер ек.
Кешке дейiн жалпиып,
Отырасың жүйкелеп.
Әйелi:
— Маза бершi, ей, күйгелек,
Анау шөптi жый бөлек.
Ұзақ күнге жатасың,
Көзiңе шыбын үймелеп,
Күйеуi:
— Жисаң өзiң жый бөлек,
Айттым маған тиме деп.
Өсек десе, шiркiн-ай,
Кiрер ме едiң кимелеп!
Әйелi:
— Тағы ұтқыздың серкенi,
Жат ендi илеп көрпенi.
Тауды үйiне тасып жүр
Елдiң сендей еркегi.
Күйеуi:
— Уа, кемпес ақырын,
Бұл сөзiңнiң аты кiм?
Бермесiңдi алады
Көрдiң бе елдiң қатынын!
Әйелi:
— Сапылдап қал шешенiм,
Дұрыс болсын есебiң.
Бәрiн салдың картаға,
Қалды жалғыз есегiң.
Күйеуi:
— Тарт, әй, байқұс, тiлiңдi,
Не дүниең бүлiндi?
Сенi де салам картаға,
Төлегемiн құныңды.
Әйелi:
— Шығып па едi тиының,
Өттi маған күйiгiң.
Орта жолда өлмеп пе едi,
Бiзге апарған сиырың?!
Күйеуi:
— Ой, көгергiр көсегең,
Қиқуладың кешеден.
Қонақ отыр, ұят қой,
Неткен өзiң есек ең?!
Мен:
— Оу, кiдiршi, туысқан,
Жаман ғой сөз қуысқан.
Айтысам деп жеңгеймен,
Қаласың ғой жұмыстан.
Әйелi:
— Әй, қайным, қайным,
Қайтем айтып айыбын!
«Мал табады» картамен,
Бұл отырған жайының.
Сауыншы ем мен фермеде,
Суретiм тұр көрмеде.
Жiбермедi қызғанып,
Мына надан көрмеге.
Кеше мынау мас едi,
Былай дедi Кәсенге:
— Осы бiздiң Құйқабай,
«Как собака на сене».
Мен:
— Бармаса өзi жұмысқа,
Сiздi ұстаса қуыста.
Ендеше сол Кәсендi,
Бұлай деуi дұрыс па?!
Оспанхан Әубәкіров