«Тергеушілер»  филмі полицей беделін көтере ала ма?

«Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша Алматыда Қазақстан тарихында алғаш рет детектив оқиға жанрында қазақ тіліндегі отандық сериалдың түсірілімі жүріп жатыр. Біз де  сериалдың түсірілім барысымен арнайы танысып қайттық.  Түсіріліммен «Adam Media Plus» командасы айналысып жатыр. Болған оқиғаға негізделген сериал «Хабар» телеарнасында биыл көрсетіледі деп жоспарланған.

«Детектив жанры көрермендер үшін қашан да қызық, бұған көрерменді сюжетке толықтай елітіп әкетуі, логиканы қолдануға және кейіпкерлермен бірге жұмбақтың сырын ашуға итермелейтіні себеп болса керек. «Тергеушілер» детектив сериалы — осындай жобалардың бірі. Сондай-ақ, осы сериал арқылы көрермендер құқық қорғау жүйесі қалай жұмыс істейтінін, түрлі жағдайларда қандай әрекеттер қабылдайтынын біле алады», ─ дейді мамандар.  

Картина неміс көрермендерінің арасында 10 жылдан бері танымалдығын жоймаған неміс франшизасының негізінде түсіріліп жатқанға ұқсайды. Қазақстандық бұл жобаға халықаралық команда жұмылдырылған.

«Тергеушiлер» қазақстандық детектив сериалы өмірін қатерге тігіп, қарапайым азаматтарды қорғау үшін ерлікке барған полицейлердің күнделікті жұмысын баяндайды.

Әр серияда көрермендерді түрлі тергеу оқиғалары, аға тергеуші Кәмшат Мырзабекқызы бастаған жас та батыл тәртіп сақшыларынан құралған команданың қылмыскерлердің ізіне түсуі, оларды әшкерелеу оқиғалары күтіп тұр. Кәмшат есімді басты рөлде қазақстандық белгілі актриса Гүлшарат Жұбаева ойнады.

Кәмшаттың қарамағында төрт әмбебап сарбаз бар, олардың әрқайсысы ерекше қабілетке ие: адал, табанды және әділ ІІД тергеушісі Ермек Байназар (актер Азамат Шарғынов), көңілді және тартымды жедел қызметкер Нұрлан Ақберен (актер Ербол Садырбаев), мансапқор және бикештердің сүйіктісі Асқар Еділбай (актер Нияз Шайсұлтанов), маман-криминалист Гауһар Елжанқызы (актриса Гүлбахрам Байбосынова).

Жұбаева Гүлшарат Өмірбайқызы, Қазақстан Тұңғыш Президенті қорының лауреаты: 

Арманымды өнерде сомдап жатырмын

— Гүлшарат, менің естуімше, сіз қазір ең сұранысқа ие отандық актрисасыз. Білуімізше, бірнеше телесериалға түсіп үлгердіңіз. «Іңкәр жүрек», «Қария», «Қара шаңырақ» сериалдарында басты рөлдерді сомдадыңыз. «Қазақ елі» сериалына да ұсыныс түскен екен.  Енді  тергеушінің рөлін сомдауға кірісіп кетіпсіз. Осы образ жайлы айтып берсеңіз.

— Тергеуші — өмірде қатал адам. Өз ісінің шебері. Тергеуші әйел адам болғандықтан,  қылмысқа әйелдік көзқараспен қарайтын жерлері бар. Сол жағынан нәзіктік байқалып қалады.  Өзім актриса болмағанда, тергеуші болуды қалар едім. Кезінде ІІМ  академиясына құжат тапсырып та көргенмін. Бірақ маған онда оқу бұйырмады. Бір кездері  полиция болып жұмыс істеу о бастан арманым болған еді. Бала күнімде спортпен айналыстым. Таэквондодан қара белбеу иегерімін. Таэквондоның екі түрімен айналыстым:  ITF, WTF.  Жетістіктерім де бар. Сондықтан органға жұмысқа тұрам, осы салада оқимын деп ойлағанмын.  Бірақ сәті түспеді. Қазір сол арманымды өнерде сомдап жатырмын. Әрине, басында қорқыныш болды. Бірақ өмір бойы арманым полиция болу еді.  Сондықтан бұл образды сомдауға құлшынып кірістім десем де болады. Біріншіден, кәсіби мамандар жұмыс істеп жатыр, екіншіден, шетелден келген режиссер. Бұл режиссердің келуі бізге үлкен мектеп.  Үшіншіден, бұл жерде актерлерге қарым-қатынас бөлек. Осындай команда барда бізге жұмыс істеу оңай.

— Мұндай детектив сериалдың қоғамға қажеттілігі бар ма?

— Әлбетте, қажеті бар деп ойлаймын.  Себебі соңғы кезде халық арасында Ішкі істер қызметкерлеріне көзқарас басқаша екенін байқап жүрмін. Барлық мамандықтарда әртүрлі адамдар бар ғой. Осы Ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты қиын екенін, өмірлеріне қауіпті екенін  ескеруіміз керек. Қызметін атқару барысында өмірден өтіп кеткен Ғазиз Байтасов секілді, соңғы кездегі Алматыдағы теракт кезінде қаншама боздақтарымыз елі үшін құрбан болды. Сондықтан халық арасында орган қызметкерлерінің беделін асыру керек деп ойлаймын. Халықтың бұларға деген сенімін қайта қалпына келтіру қажет. Неге екенін білмеймін, қазір халық орган қызметкерлеріне сенбейді. Сондықтан Ішкі істер органы қызметкерлерінің жасап жатқан жұмыстарын насихаттауымыз керек.

— Өткен жылғы терактының бір жылдығы аталып өтілген жоқ. Алматы қаласы әкімдігі де үнсіз, халық та ұмытып кеткен. Осы оқиғаны «фейсбук» есімізге салды.  Аза тұту, сол кезде құрбан болған полицейлерді еске алу секілді бір шара өткізу керек пе еді?  Бұл да бір полицейлердің беделін көтеретін шара болар еді, бәлкім?

— Шын мәнінде, осыны мен де ойладым. Еске алу, қызметі барысында өмірден озған полицейлердің ерлігін дәріптеу, осы арқылы терроризмнің қасірет екенін, ұлтқа төнген қауіп екенін насихаттауға да болар еді. Қазіргі уақытта елімізде  терроризмге қарсы күрес қатты жүріп жатыр.  Жақында ғана Ғазиз Байтасов жайлы сөз болды. Бір кісілер сол жайында фильм түсіреміз деп жүгірген екен, дегенмен қиын болыпты. Осы арқылы халық арасында қызметкерлердің беделін көтеруді ойлаған. Көрген адамдар ол кісінің соншалықты ақкөңіл болғанын айтады.  Бұлар өз заманымыздың батырлары ғой. Алматыдағы  терактіде  қаншама адам өз жанын шүберекке түйіп отырғанда, полицейлер  кеудесін оққа төседі.  Байқағаныңыздай,  оларды еске алып жатқан ешкім жоқ. Соңғы кездері  ештеңеге селт етпейтін болдық. Осындай ерлікке толы хабарды естиміз де,  артынша-ақ ұмытып кетеміз. Қазір жас балалар әнші болам, бизнесмен болам деп армандайды.  Неге жасөспірімдер полиция болсам деп армандайтындай идеалды, қазақ полицейінің тың бейнесін қалыптастырмаймыз?

  • Пікір білдіргеніңізге рақмет!

Перизат Мырзахметова, «Адам медиа плюс» компаниясының бас редакторы:

16 сериядағы 16 қылмысты оқиғаның бәрі де өмірде болған

— Қазіргі уақытта «Тергеушілер» сериалының  сцеанарист-редакторы болып жұмыс істеп жатырмын. Мұндағы негізгі қызметім — сценарийді адаптация жасау. Яғни сериалды қазақ мәдениетіне, менталитетіне ыңғайластыру. Біздің менталитет еуропалықтардан басқаша ғой. Ол немістерден алынған франшиза болғандықтан, немістердің қимыл-қозғалыстары, сөздері бізден бөлек. Сондықтан біздің менталитетке бейімдеу ─ ең негізгі жұмысым. Сонымен қатар, түсірілім барысында режиссерге тілдік ерекшелік жағынан көмектесем. Ал сериалға қысқаша тоқталсақ,  бұл сериал Германияда он жыл бойы рейтинг ұстап тұрған. Әлі күнге дейін халықтың сұранысында. Одан соң бірнеше мемлекет осы франшизаны алып, сериал түсірген.  Біз де бірінші рет осындай детективті жанрдағы Ішкі істер департаментінің жұмысын көрсететін сериал түсіргіміз келді. Осы жағынан Ішкі істер департаменті бізге көп көмектесті. Ол жақтың заңымен әрбір процедуралар бізге сай келе бермейді. Сондықтан ол кісілермен ақылдаса отырып, көп нәрсені өзгерттік. Он алты серия дайындадық. Он алты сериядағы болған қылмыстардың барлығы біздің қоғамда орын алған қылмыстар. Образдардың барлығы типтік, жинақтық образдар.

— Дәл бүгін осы жанрда сериал түсіру қандай қажеттіліктен туындады?

— Ол — көрерменнің қызығушылығы. Көрермендердің барлығы тек қана отандық арналарды көрмейді ғой, қазір кабельдік теледидар бар. Көпшілігі детективті жанрды жақсы көреді. «Декстер», «Касл» сериалдарынан байқауға болады. Қазақ тілінде мұндай сериалдар мүлдем жоқ. Тіпті бір-ақ рет болды. 2000 жылдардың басында «Парыз» деген сериал болды.  Онда он шақты серия бойына бір оқиғаны ашуға тырысты. Ал бізде әр серияда жеке бір оқиға баяндалады. Бір қылмыстың басталуы мен ашылуын  бір серияда көрсетеміз.

— Демек, біздің қоғам үшін полицейлердің қызметін жақсы жағынан көрсету керек болар?

Біз олардың жұмыстарын шынайы көрсеткіміз келді. Оларды жасанды түрде жағымды қылып көрсету емес, бұлардың бәрі пара алмайды, керемет әділетті деп көрсетіп жатқан жоқпыз. Біз олардың шын мәнінде бастарын қауіпке тігетінін көрсетеміз. Өз өмірлерін тәуекел етеді. Олар уақытпен де санаспайды. Кез келген уақытта өз парызын өтеуге дайын тұрады. Бізде ішкі жұмыстар көп көрсетіледі: тергеу барысы қалай жүргізіледі, жауап алу қалай іске асады? Біздің отандық теледидарда криминалист  маманның жұмысы бірінші рет көрсетілейін деп жатыр. Шетелдік сериалдарда криминалистің қылмысты ашуға қаншалықты көмегі тиетіні көп көрсетіледі. Ал бізде ондай дүние болмаған еді.

—  Сериал  шынайы оқиғаға негізделген бе?

— Оқиға ұқсас болған шығар, бірақ детальдары өзгереді. Адамдары, қатысушылар, күдіктілер қосылады. Көркемдік шындық бар, ол жағынан да кішкене өзгертулер енгізілді. Ішкі істер департаментімен сөйлескенде ең бірінші «Бұл қылмыс қоғамда болды ма?»  деп сұрадық. Себебі біз көркемдік шындықпен неше түрліні ойлап таба береміз. Бірақ оның қоғамға қатысы болмаса, көрерменнің ешқандай қызығушылығын тудырмайды.

— Бір жылдың ішінде  Ақан Сатаев, Нұртас Адамбайлар  драма, криминал жанрында фильм түсірді. Жалпы, жоғары жақтан детектив жанрында сериал түсіріңдер деген тапсырма болған жоқ па?

— Жоқ. Ондай тапсырма болған емес.

Демек, қоғам баяғы 90-жылдардағыдай бандитизм, детективке қызығушылық танытады ғой.

— Менің жеке пікірім, неге екенін қайдам, біз кез келген жанрға, кез келген форматқа он жыл кейін келеміз. Біз бұрынғыдай ваакумда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Кеңес үкіметі кезінде біз сыртта не болып жатқанын білмейтінбіз. Қазір бәрін білеміз, бәрі ашық. Ресейдің осыдан он жыл бұрынғы бағдарламаларын жасаймыз. Он жыл бұрын болған сериалдарының желісімен түсіреміз. Сол феноменді неге біз он жыл кейін жүретінімізді түсінбей-ақ қойдым. Біздің кез келген бағдарламалардың стилистикасы да әлі сондай. Мынау «Ел аузында» деген секілді сары бағдарламалар бар ғой, олардың қолданған әдістерін осыдан он жыл бұрын «МузТВ» қолданатын. Болмайтын бір тақырып шығару деген секілді. «Нұр.кз»-тің қазіргі қолданып жатқан әдісі осы. Неге екенін, біз он жыл кейін жүреміз. Ол біздің кинода да болып жатыр. 90-жылдардағы тақырыптарды басқа мемлекеттер өтіп кеткен болса, біз енді қозғап жатырмыз.

— Өзіңіз білесіз, журналистер отандық өнімдерді қатты сынайды. Бүгінге дейін журналистердің толық көңілінен шыққан отандық сериал жоқ.  Көп жағдайда  сценарийдің жұтаңдығын, кейіпкерлер арасындағы мағынасыз диалогтарды,  актерлердің бойындағы жасандылықты сынап жатады…

— Біз франшизамен жұмыс істеп жатқандықтан, көп нәрседен ауытқып кете алмадық. Біз бірінші маусымда франшизамен жұмыс істейміз де, келесі маусымдарда өзіміз жазуға тырысамыз. Ол кезде диалогтардың барлығы басқаша болады деп сенемін. Бұл жерде көрерменнің сауаттылығы да өте маңызды.  Мысалы, кеше әлемнің назарын аудартқан «Тақтар ойыны» сериалы басталды: Қазақтілді көрермен мен орыстілді көрерменнің талқылауы әртүрлі. Олар әрбір қимылға, әрбір диалогқа, әрбір кадрға назар аударып, мынаның соғысқаны, мынаның қылыштасқаны күшті болды дейді. Маған блогер Аршат Ораздың талдағаны ұнады.  Бізде осындай бір эпизодты талдайтын адам бар екен-ау деп қуандым. Жаңа буын өсіп келе жатыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мен «Қазақтың 100 әні» деген бағдарлама жасағанымда украиналық достарымыз жәрдемдесті. Сол кезде пиаршылар қатты дайындалды. Бізді ертең анау туралы сынауы мүмкін, мынау туралы сынауы мүмкін деп, сұрақтарды ортаға салдық.  «Қазақтың 100 әні» эфирге шыққан күннің ертеңіне шыққан бірінші сын қандай болғанын білесіз бе? «Нұрлан Әлімжанның аяғында неге қызыл туфли?» деген сын болды. 90 минуттық бағдарламадан түйіп алған ойлары сол ғана екен. Не диалогтарына мән бермеген, не әнге ешқандай сын айтылған жоқ. Сосын не үшін қызыл туфлиді таңдағанын стилистер түсіндірді. 

Бізде  әрбір сериалды сауатты мамандар талдайтын болса, отандық сериал дамитын еді, көрермен қызығушылығы артатын еді. Өзім 13 маусымға созылған «Анатомия страсти» сериалын   жақсы көрем, оны шетелдік көрермендер «Мэри ана серияда бүйтіп айтқан,  мына серияда неге бүйтіп айтты» деп талдаған кезде, одан сайын көруге ынталанасың. Олар диалогқа мән береді. Біз қазақ негізі сөзге мән берген халықпыз ғой. Бірақ ол қасиетімізден неге айырылып қалғанымызды білмеймін.

  • Пікір білдіргеніңізге рақмет!

 

Бауыржан Карипов