Әлеуеті мықты өңір өнерімен де өркенді
Жақында Астана қаласында Батыс Қазақстан облысының мәдени күндері өтті. Осыған орай, облыстық тарихи өлкетану музейі мен облыстық халық шығармашылығы орталығы «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде көрме ұйымдастырды. Көрмеге келушілер батысқазақстандық қолөнер шеберлерінің туындылары мен музей жәдігерлерін тамашалады. Жұртшылыққа қолөнер шебері Төлепберген Сарманбековтің зергерлік бұйымдары мен Ерболат Мұсағалиевтің таза былғарыдан жасалған аяқ киімдері және белбеулері қатты ұнады. Келушілер, сондай-ақ, Асылан Сарыбаевтың да қазақы ою-өрнекпен нақышталған әсем домбыраларына үлкен қызығушылық танытты. Музей директоры Мирболат Ерсаевтың айтуынша, біздің өңірдің тарихи жәдігерлеріне Ұлыбритания, Италия, Ресей, Венгрия, Қытай және Бельгия елдерінің туристері қатты қызығып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (OSCE) Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші Дьерд Сабо оң бағасын берген.
Облыстың сыртқы сауда айналымы — 4 млрд. доллар
«ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесінің корпоративті павильонында Батыс Қазақстан облысының инновациялық жобалары таныстырылды. Сол жолы ұйымдастырылған инвестициялық форумда облыс әкімі Алтай Көлгінов сөйлеп, форум қатысушыларын өңіріміздің инвестициялық әлеуетімен таныстырды.
— Аймақтағы минералды ресурстардың молдығы және инвестициялық ахуалдың жақсаруы өзге өңірлер арасында тікелей шетелдік инвестиция тарту үлесінен алғашқы орында болуға мүмкіндік беруде. Яғни ТШИ 1,2 млрд. доллар көлеміндегі жалпы инвестицияның 71 пайызын құрайды. Облыстың сыртқы сауда айналымы 4 млрд. доллардан асты. Қазіргі уақытта шетелдік инвесторлармен және өңірдегі бизнесмендермен ынтымақтасудың арқасында заманауи технологиямен жабдықталған және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар ашылуда. Мәселен, өңірде финдік технологиямен жиһаз және терезе жасау және мұнай-химия саласында канада-ирандық жобаны қолдану, түрік инвесторларының кәсіпорындарымен бірлесіп трансформатор шығару табысты жүзеге асуда. Біздің облыста жеке инвестицияны дамытуға болатын салалар жеткілікті. Мұнай-газ саласы мен агросекторды және азық-түлік өнеркәсібін дамыту біздің аймақ үшін аса қолайлы. Өткен айдан бастап облыстағы кәсіпорында тоңазытылған қозы еті Таяу Шығысқа экспортталуда. Ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында Қытай нарығына шығу жоспарлануда. Тері мен жүн-жұрқаны өңдеп, киім-кешек өндіретін боламыз. Бұл үшін испандық және итальяндық технология мен жабдықтарды пайдаланамыз. Сонымен қатар, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру аймақтық экономикалық драйверлер мен импорт алмастыру бағытындағы басымдықтардың бірі болып есептеледі. Облыс басшылығы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында кез келген жауапты коммерциялық бастамаларды қолдауға дайын. Сонымен қатар, қызметін бастаған және перспективалық даму мүмкіндігі зор инвесторларды жеке қабылдауға әрдайым әзірмін. Менің әріптестерім біздің өңірде бизнестеріңізді өркендету үшін барлық мүмкіндікті қарастырады, — деді форумда облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Жиында сөйлеген «Қазақинвест» ҰК өңірлік филиалының директоры Азамат Бисенов облыстың инвестициялық әлеуеті жайында баядады. Оның мәліметінше, өңірдің жалпы ішкі өнімі 6 млрд. долларды құрайды. Орал Еуропаға жақын орналасқан қала болғандықтан, біздің облыс халықаралық логистикалық орталық болып есептеледі. Қазақстан табиғи ресурстарының байлығымен әлемге әйгілі. Бір ғана Ақжайық өңірінде 100-ден астам компания қызмет етуде. Облыста бір жылда ауыл шаруашылығы саласында құны 380 млн. доллар болатын тауар өндірілген. Экономикалық драйверге айналған басқа салалар да оңынан даму үстінде. Мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, аймақтағы азық-түлік өнімін алу тұрақты түрде дамуда. Азамат Бисенов шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанда қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді. Еуразиялық Экономикалық одақ аясында көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бизнесмендер кеден және баж салығынан босатылып, демеуқаржы беріледі және визасыз режимде жұмыс жасауына мүмкіндік беріледі. Қазақстандағы әлеуметтік және саяси тұрақтылық, телекоммуникация инфрақұрылымының оңына дамуы шетелдік инвесторлардың бизнесінің дамуына оң әсер етеді.
Қазіргі уақытта 5 млн. долларға Орал халықаралық әуежайының ғимаратын жаңғырту көзделуде. Әуежайдың аумағы кеңейтіліп, тасымалдау ағынын жылына 300 мың адамға дейін ұлғайту жоспарланған. Соңғы уақытта Ресейдің Мәскеу және Германияның Франкфурт қалаларына ұшып баруға болатын халықаралық рейстер ашылды. Алдағы уақытта әуежай арқылы Нидерландтың Амстердам және Түркияның Стамбұл қалаларына қатынауға жол ашу көзделуде. Оралдан Еуропаға шығуға құны 1,3 млрд. болатын теміржол құрылысын қолға алу жоспарланған. Бұл жобалар басқа елдермен байланысты нығайтуға, тауар айналымын жандандыруға мүмкіндік береді. Азамат Бисенов биыл қызметін бастаған «Қазақинвест» ҰК шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізуді соңғы уақытта белсенді қолға алып жатқанын айтты.
Форум барысында «ҚПО б.в.» компаниясының басқарушы директоры Бейбіт Сабыров Қарашығанақ концорциумы жүзеге асыратын жобалар жайында әңгімелесе, «Nostrum Oil and Gas» компаниясының бас директоры Кай Уве Кессель «Жайықмұнай» ЖШС мен компаниялар тобын дамыту жайына тоқталды. Ал финдік «Бизнес Хаб» компаниясының директоры Мұхтар Манкеев облыста жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар жөнінде баяндады.
Жиында Қарашығанақ консорциумы операторы ретінде «Зениттехсервис» және «Эдвайтедж Қазақстан» ЖШС-ларының өкілдері арасында меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. Кейін бизнесмендерге В2В және В2G форматында кездесуге мүмкіндік берілді.
— Бүгінгі кездесуге 33 мемлекеттің елшілігінің өкілдері мен бизнесмендері келді. Форум инвестиция тартуға болатын салаларды анықтауға мүмкіндік береді. ЭКСПО павильонында Финляндия өкілдерімен кездесу өткізіп, бірлескен үш жобаны жүзеге асыруға келістік. Яғни, облыста фин технологиясымен жиһаз және есік-терезе шығару, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және құрылыс саласында 3D-жобалауды қолдануға басымдық беріледі. Сонымен қатар, бірқатар салаларды дамыту бағытында Түркия және Қытай елдерімен келіссөз жүргізілуде, — деді облыс әкімі.
Ұлттық ойындар ұлықталды
Облыстың мәдениет күндеріне байланысты Астана қаласы «Этноауыл» ұлттық мəдени кешеніндегі «Қазанат» ипподромы алаңында ұлттық спорт түрлерінен сайыс оздырылды. Спорттық сайыстарға облысымыздан келген 50 спортшы қатысты. Шара барысында облысымыздың Ақжайық, Зеленов жəне Жəнібек аудандарының көкпаршылары сайысқа түсті. Одан əрмен қазақ күресі, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату ойындарында жігіттердің ептілігі, күш-жігері, мергендік қасиеті сыналды. Тазылар жарысын да көпшілік қызыға тамашалады.
«Қазанат» ипподромындағы жекпе-жекте жəнібектік көкпаршылар жеңіске жетіп, 500 мың теңгені ұтып алды. Басқа да спорт түрлері бойынша жүлделі орындарға ие болғандарға дипломдар мен медальдар табыс етіліп, ақшалай сыйлықтар берілді. Ұлттық спорттың 8 түрінен өткен сайыстың жүлде қоры 1 млн. 600 мың теңгені құрады.
Жарқырайды Жайық жұлдыздары
«ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесі алаңындағы амфитеатрда өткен Ақжайық өңірі өнерпаздарының гала-концертіне келушілер көп болды. Концерт белгілі композитор, дирижер Еркін Нұрымбетовтің «ЭКСПО — Ақжелең» шығармасымен ашылды.
Бұдан әрі батыстың күмбірлеген күйлері төгіліп, əсем əндері бірінен соң бірі шырқалды. Дəулеткерей атындағы қазақ халық аспаптарының оркестрі Құрманғазының «Серперімен» жиналғандарды бір серпілтті. Оркестр сүйемелдеуімен оралдық əншілер Айбар Қайырханов, Алтынбек Оразов, Тимур Мусин Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын», Кабалевскийдің «Дон Кихот серенадасын» шырқады. Танымал əнші-термешілер: Сәуле Таудаева, Ернар Өмірәлі, Күләш Қуанышқалиева, Дастан Есентеміров Мұхит «Айнамкөзін», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Асыл жанын», халық әні «Ақ еркені», Ғарифолла Құрманғалиевтің туындысы «Оралымды» шырқады. Орыс халқы аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен күміс көмей оралдық əншілер: Эльмира Усаева, Екатерина Левина Александр Алябьевтің «Соловейін» тамылжытты. Концертте танымал ақындар: Қадыр Мырза Әли, Мәлік Бердалиев, Ерікқали Ахметов, Талант Арғынғалиевтің сөзіне жазылған жергілікті композиторлар Донеділ Қажымовтың «Орал», Ғұбайдолла Хибашев «Ақжайық — өлкем», Жаскелең Ғайсағалиевтің «Астанаға тағзым», «Ұрпақ үні» əндері шырқалды. Ал есімі елге белгілі әзіл-сықақшы, Тұрсынбек Қабатовтың жерлестері туралы айтқан көңілді қалжың-қағытпалары көрерменнің езуін жидырмады. Гала-концертте әкелі-балалы ерекше дарын иелері, ел мақтанышы, композитор-әншілер Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтер және эстрада жұлдызы Дәурен Сейітжанов өнер көрсетті. Сондай-ақ, «Назерке», «Ақжайық», «Қызғалдақтар» би ансамбльдері ұсынған хореографиялық қойылым да көпшіліктің көңілінен шықты.
Дайындаған: Айша Өтебәлі,
Батыс Қазақстан облысы