Баланы мектепке дайындау қанша тұрады?
Астана қаласындағы «Аружан» сауда орталығында мектеп жәрмеңкесi ашылды. Шамамен бiр айға жалғасатын жәрмеңкеде отандық тауар өндiрушiлердiң өнiмдерi сатылмақ. Baq.kz тiлшiсi осы салада елiмiздiң кәсiпкерлерiн бiрiктiрген жоба – «Bizdinforma» ЖШС директоры Гүларай Мұртазинадан бiр баланы мектепке дайындау қанша тұратынын анықтады.
«Bizdinforma» – Қазақстанның өндiрiсiн дамытуға бағытталған жаңадан жасалған үлкен жоба. Ол елiмiздегi үлкен-кiшi тiгiн фабрикаларының мектеп формасын халыққа танытып, оқушылар кисiн деген ниетпен жасалып отыр. Бiздiң жобаға қатысушылар көп. Қазiргi таңда елiмiздiң әр өңiрiнен 10-нан астам тiгiн фабрикасы өз заттарын, өнiмдерiн осы жәрмеңкеге алып келiп, елге таныстырып жатыр. Жәрмеңкеде аяқ киiм, сөмке, спорт киiмi мен мектеп формасын өндiрушiлер бар», — дейдi «Bizdinforma» ЖШС директоры Гүларай Мұртазина.
Мұртазинаның айтуынша, «Атамекен» ҰКП қолдауымен ашылған жәрмеңке 5 қыркүйекке дейiн жалғасады. Мектепке керек заттарды сағат 10-нан кешкi 22-ге дейiн сатып алуға болады.
«Өнiмдердiң бағасы орташа деп есептеймiн. Баға базардағы бағадан бiраз жоғары, бiрақ аса қымбат емес. Есесiне, бұл ақшаға сапалы өнiм сатып алуға болады. Бiз базарға әкелiнiп жатқан Бiшкек, Қытай мен Түркия киiмдерiмен бәсекелес болып, сапасымен озып отырмыз деген ойдамын. Негiзi бағаларды тауар өндiрушiлердiң өздерi ұсынады. Жәрмеңкеде де тауарлар фабриканың өз бағасымен сатылады», — дейдi Г. Мұртазина.
«Bizdinforma» ЖШС директорының айтуынша, жәрмеңкеде бiрiншi сыныпқа баратын бiр баланы дайындау үшiн 15 мың теңгеден астам ақша жеткiлiктi. Оның сөзiне қарағанда, 15 мың теңгеге оқушы толық киiне алады.
«Костюм-шалбар, жылы күрте немесе сарафан 15 мың теңге аралығында құбылады. Таза былғарыдан жасалған ортепедиялық аяқ киiм бағасы 10 мың теңгеден басталады. Ал сөмкелер 3 мыңнан 7 мың аралығында болса, спорт киiмдерi 10 мың теңгеден аспайды. Мектеп формасының жиынтығы 15 мың теңгеден асып кетпейдi. Дегенмен, киiмдердiң бағасы өлшемiне байланысты құбылады», — дедi маман.
Бiз өз кезегiмiзде, киiм бағасының өлшемiне қарай қалай құбылатынын байқап, баланы мектепке дайындау қанша тұратынын жәрмеңкедегi бағаларды негiзге ала отырып, өзiмiзше есептеудi жөн көрдiк.
Сонымен, жәрмеңкеде 4 800, 7 мың, 10 мыңдық сөмкелердi кездестiруге болады. Аяқ киiм 9 990 — 13 990 теңге аралығында құбылады. Жылы күрте 7 300 теңге, жилет 5 200 теңге, пиджак 13 500 теңге, белдемше 4 200 — 4 800 теңге, блузка 4 500 теңге, сарафан 7 500, 8 900, 11 300 теңге, спорт костюмi 7 500 — 11 940 теңге, шұлық 400-800 теңге, колготки 800 теңге, бант 650 теңге және т.с.с. Жоғарыда ұсынылған кездейсоқ бағалар бойынша есептесек, бiр балаға оқу құралдарын есептемегенде ең аз дегенде 40 мың теңгедей қаржы кетедi екен.
Толығырақ:
https://baq.kz/kk/news/bilim__gilim/balani_mektepke_daiindau_kansha_turadi20170814_183200