Өкпе қалай тарқады?

Жасы жағынан Ескелді би үлкен, Балпық би кіші екен де, Дарабоз-ана олардың екеуінен де үлкен болса керек. Бұрындар келін ата-анасының үйінен мініп келген атына ауыл балаларының бірін отырғызатын дәстүр болыпты. Дарабоз-ана келін боп түскен кезінде алдынан шыққан бір топ баланың ішінен өзіне ұнап кеткен Балпықты тік көтеріп алып атына мінгізген екен. Ел ішінде «болашақ әулиені, бәлкім, өзі шарапатты адам білген шығар» деген сөз бар.
Бірде Есекең мен Бапекең өкпелесіп қапты. Мұны естіген Дарабоз-ана екеуін де қонаққа шақырып, алдарына бір ыдыспен ас қойыпты (айран болса керек), екі қасық беріпті.
Қасығын қолына ұстаған Бапекең асықпай астан дәм татыпты да, қасығын төңкеріп қоя салыпты. Есекең де дәм татып, қасығын алшысынан түсіріпті де, араларында дәнеңе болмағандай амандық-саулық сұрасып, әңгімелесіп кетіпті.
Дарабоз-ана өткенді сөз етпестен, кішісінің кішірейіп, үлкенінің үлкендік жасап, дәмін сыйлап отырғанына ризаланып, шай қамына кірісіпті.