Хақ Тағалаға деген құлшылықтың мәні

Күллі жаратылыс атаулы − Алла Тағаланың құдіретін, шеберлігін, ілімін, жалғыздығын, ұлылығын танытар жеке-жеке құдайылық мөр. Біз осыларға қарап Оны таныдық, әлі де тану үстіндеміз.

Құран Кәрімде: «Мен жындар мен адам баласын «тек қана (мені танып), маған ғибадат етсін» деп жараттым» – дейді («Зарият» сүресі, 56-аят).

Демек, Алла Тағала бізді бұл дүниеге Өзін мына жаратылысқа қарап тапсын, танысын, білсін, құдіретінің, шеберлігінің, ілімінің алдында таңғалып, бас исін, құлшылық етсін деп жіберген. Мысалы, кез-келген атақты суретшінің табиғатты өрнектеген суретіне қарап таңғалып, тамсана таңдай қағамыз. Оның өнерін, шеберлігін, талантын мойындап, оған мақтау айтамыз. Ал, енді сол суретшінің салған суретін бір сәт бағалап көрелікші!… Өспейді, өнбейді, төрт мезгілде әр түрлі құбылысқа енбейді, ағаштары жеміс бермейді, сулары ақпайды, құстары сайрап, балықтары жүзбейді. Міне, біздер осындай жансыз, жасанды, көшірме суреттерге қарап таңғалып, таңдай қағамыз. Бірақ сырттағы көркемдігі ғажап мына шынайы әлемге көңіл бөлмейміз. Ондағы жұпар исі аңқыған сан алуан гүлдерді, әр түрлі жеміс-жидегін шашу еткен ағаштарды, құрлық пен теңізді мекендеген сансыз қасиетке ие жанды-жансыз атаулыны, көздің жауын алар жасампаздыққа тұнып тұрған жалпы табиғатты жаратқан негізгі Ұлы Суретшіні, шебер Жаратушыны елемеуге бола ма? Саналы адам үшін нағыз мақтауға ие сол Жаратушы емес пе? Қалай ғана Оның құдыретінің, шеберлігінің, ұлылығының алдында таңғалып, Оған мадақ, мақтау айтпастан жайбарақат жүре аламыз?

       Ендеше, адам баласының ең басты міндеті – Ұлы Жаратушыны тану. Оның ұлылығын дәріптеп, «Аллаһу әкбар», «Аллa Тағалам, сен қандай ұлысың!» деп бас иіп, мадақ айту. Иә, Оның шексіз құдыретінің, ұлылығының, шеберлігінің, ілімінің алдында таңғала бас иіп, мақтау айту – құлшылықтың нағыз өзі.

Намазымыздың әр рәкатында үнемі оқылатын «Фатиха» сүресіндегі: «Бүкіл мадақ та, мақтау да тек қана бүкіл әлемнің Раббысы − Аллаға тән» – деудің мағынасы да осы болса керек.

Құлшылықтың тағы бір мәні – Ұлы Жаратушы тарапынан бізге тегін тарту етілген сан жетпес жақсылық, ризық, нығмет үшін рақметімізді ғибадат арқылы білдіріп, Оның алдында қарыздар екенімізді мойындау. Жан-жағымызды қоршап жатқан күллі болмыс атаулы тек қана біз үшін жаратылған.  Алла Тағала өзінің шексіз құдыретімен оларды әлсіз, дәрменсіз

адам баласының қызметіне бас идірген. Алып табиғат денелерін Ұлы Жаратушы өзі бас идірмесе оларды күшпен бағындыруға адам баласының қауқары жетпесі даусыз. Олай болса, рухымыздың, жан дүниеміздің қорегі – біздің намазымыз, оразамыз, жалпы күллі ғибадатымыз. «Рағд» сүресінде: «Біліп қойыңдар! Жүректер тек қана Алланы еске алу арқылы жай табады», – деп, ғибадат жасаған уақытта ғана рухымыз еркін тыныс алып, жүрегіміз жай тауып, жан дүниеміз тыныштыққа, шексіз рахатқа қауышып, ерекше ләззатқа бөленетінін білдіреді.

Сонымен, ғибадат – рухымызға қорек, жүрегімізге шипа, денемізге саулық, ақылымызға туралық, ерік-жігерімізге қуат, сезімдерімізге кемелдік, әлсіздігімізге сүйеніш сыйлайды.

—         Ғибадат – өмірімізді ретке келтіріп, күнәлардың батпағына батудан, рухани ластықтан сақтайды.

—         Ғибадатымыз – екінші дүниемізге жинаған азығымыз, мәңгілік дүниеде бақытты болудың бірден-бір жолы да сол.

—         Ғибадатымыз – бәрінен бұрын Ұлы Жаратушының бізге жүктеген ең ұлы парызы.

—         Ғибадатымыз – иманымыздың белгісі, әлсіздігіміздің, мұқтаждығымыздың, шарасыздығымыздың, қысқасы, құлдығымыздың нышаны.

Біздің Аллаға бас июіміз – басқаға бас имейтіндігіміз үшін берілген шынайы антымыз бен сертіміз. Өйткені біз Аллаға құл болған кезде ғана нәпсіге, дүниеге жалпы барлық басқа жалған құлшылықтардан құтыламыз. Тәніміз сәждеде барынша кішірейген сәтте, рухымыз Ұлылардың Ұлысына самғай ұшып, көтеріліп жатады.

 

Ислам ғылымхалы