Ұлтын ұлықтаған ғұлама

Рахманқұл аға ел атынан ұлттың сөзін сөйлеген дуалы ауыз үркердей абыздарымыздың бірі әрі бірегейі еді. Ол кісі саналы ғұмырын халқының өзіндік болмыс-бітімін сақтау жолындағы ағартушылық қызметіне арнады және осы жолды таңдаған алдыңғы толқын ағалардың туған елінің жоғын жоқтағаны үшін қуғындалып, талай зобалаңды басынан кешіргенін біле тұра алған бағытынан қайтпаған күйі өмірден өтті.

Рақаң қандай тақырыпты әңгімелесе де айтар ойының түп төркіні елдік мәселесіне, ұлттың көкейкесті проблемаларын қозғауға барып тірелетін. Өткенге үңілсе тарихымыздың тереңнен сыр тартатын тұмса байлығын, қадым заманнан бастау алатын әдебиетіміз бен өнеріміздің кемелдігін толғай келіп, өзгеге тәуелді болған ондаған, жүздеген жылдарда осынау асыл қазыналарымыздың аяқ асты болғанын, сол жауһарлар табанға тапталғаннан кейін халықтың да қағажу көріп, пұшайман күйге түскенін, кешегісін бұлдыр етіп, тарихын белінен сызып, өзін қаңғыбас тобыр дәрежесіне дейін құлдыратқан бодандық кезеңін, сол кезеңде қазақ деген ұлттың өкілі екенін айтудан бетін басатын бүгежек ұрпақтың өсіп жетілгенін оқырманға жүрегі сыздай отырып жеткізетін.

Енді қайтпек керек дегенде, Құдайдан күндіз-түні тілеген тәуелсіздігіміздің тұсында бітірер шаруаларды мұрнынан тізіп беретін. Олардың бір парасы – қазақ тілін дамытудың, қазақ мектептерін көбейтудің, халық музыкасын өркендетудің, халық ауыз әдебиетін тәрбие құралына айналдырудың, түркі халықтарының қарым-қатынасын жандандырудың, егемендігіміздің іргесін бекітуге септігін тигізер тағы басқа толып жатқан мәселелердің төңрегінде өрбуші еді. Осының бәрі, түптеп келгенде, ғасырлар бойы езіліп-жаншылған халқымыздың бағзы замандағы қуаттылығын қалпына келтіруге, сөйтіп, бүгінгі ұрпақтың бірталайы көз жазып қалған, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізбен, тілімізбен, дінімізбен қайта қауышуға қолғабыс жасары сөзсіз.

Жалпы, әдебиет майданына өткен ғасырдың елуінші жылдары араласып, сын саласын өркендетуге сүбелі үлес қосқан, әсіресе қазақ романының қалыптасу, даму жолдарын зерттеуде соны серпін танытқан, қазақ фольклорына жаңаша көзқараспен қараудың тың үлгісін көрсеткен іргелі ғалым әдебиетшілік өнерді қоғам ісіне белсене араласумен, көп адам тілінің ұшында тұрса да айта алмайтын ұлтқа, оның өсіп-өркендеуіне қатысты зәру мәселелерді қалам ұшына алумен тығыз ұштастыра білді. Қайраткердің бұл бағытта табандылықпен жүргізген еңбегін «Р. Бердібай феномені» десек жарасады. Өйткені күреске толы саналы ғұмырында мыңнан астам мақала, қырықтан астам кітап жазған ғалым шығармаларының басым көпшілігі халқым деп тебіренген іңкәр жүректің елім еңселі болса екен деген

арманынан туған ізгі тілектерден, қынжылыстардан, құнды ұсыныстардан тұрады.

Ғалымның шығармашылық өмірде ел мүддесі жолындағы осындай табанды күрескерлікті таңдауына не себеп болды? Бәлкім бұл ана сүтімен, әке тәрбиесімен, өскен ортаның тәлімімен бойға сіңген қасиетін ер жетіп, оң-солын тани келе іздегенде, ата салтынан, қазақтық қалпынан біртіндеп қашықтап бара жатқан (дұрысы басқа біреулер қашықтатқан) халқының мүшкіл хәлін көріп, отқа күйген яки суға батып бара жатқан баласын құтқаруға ұмтылған жандай болып шырқыраған адамның жанайқайындай жанашырлық па екен?! Әлде ұлттың өзіндік болмыспен дамуына титтей де болса үлес қоссам деген ниеттің бара-бара дес бермеген үлкен мұратқа айналуы ма екен? Жоқ әлде таңдаған мамандығына байланысты қалам тербеу барысында қоғам тіршілігіне қатысты сан алуан проблемаларды көтере жүріп қайраткерлікке бой ұрғанын өзі де байқамай қалды ма? Қалай болғанда да елінің ертеңіне елеңдеген, беймаза да бейнетқор, халқына адал осы бір перзенттің ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойып, сол жолды өз өмірінің айнымас шамшырағы етіп алғаны ақиқат.

Әрине, жоғарыда өзіміз әңгімелегендей, қазақ ұлтының, қала берді барша түрік жұртының сөзін сөйлейтін «һәм оны басқаларға да тыңдата білетін сәруарлыққа» (М. Әлімбаев) жетуге дейін ғалым өмірдің ұзақ та күрделі соқпақтарынан өтті. Әңгіме түсінікті болу үшін Рақаңның өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасай кеткенді жөн көрдік.

2

Кеңес үкіметінің әлі қабырғасы қатая қоймаған кезінде Оңтүстік Қазақстанның қияндағы бір ауылында дүниеге келіп, Қазан революциясының дауылы астаң-кестеңін шығарса да, елдік қалпынан, дәстүр-салтынан, ән-жыры мен би-күйінен әл-әзір ажырай қоймаған ортада өскендіктен болар, Рақаң халықтық өнерге жастайынан араласты. Домбыра тартып, күй шертуді үйренді. Клуб көркемөнерпаздарының белсенді мүшесі болды. Айтыстарға қатысып, жанынан суырып салып айтуға машықтанды. Ащысай кенішінде еңбек еткен жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде кеншілер өмірінен жазған өлеңдері мен очерктері де жарық көріп тұрды. Осылайша Рақаңның мәдениетке жақындығы, оны жанындай сүйетіні болашақ ғалымның балаң жылдарында-ақ белгілі бола бастады.

Өнерге деген құштарлық оны астанаға қарай жетеледі. Бұл кезде күй атасы Құрманғазыдан бастап бірнеше халық компазиторларының ондаған күйлерін домбырада шебер орындай білетін, өзінің пайымдауынша бойында басқа да әртістік қабілеттер жоқ емес Рақаң консерваторияға түсуді жоспарлайды. Алайда соғыстан кейінгі жүдеу тіршілік Рақаңның қолын байлайды. Консерваторияға түсіп кеткен күннің өзінде тұрмыс жағдайы қинайтынын болжаған жас талапкер сөз өнеріне, халықтық ән-жыр дәстүріне бейімдігін ҚазМУ-дің филология факультетінде одан әрі шыңдай түсуге

бекінеді. Білім іздеген, оқысам деген талабы таудай ол ҚазМУ-ге оқуға қабылданғанымен, сабақты екі жылдан әрі қарай жалғастыра алмады. Оқудың сырттай бөліміне ауысып, ауылдағы қарт ата-ананың қасы-қабағына қарау үшін елге оралады. Ащысай кенішіндегі орта мектепке мұғалім болып орналасады. Мұнан кейін де түрлі себептермен астанаға жолы түспей, оқуды Қызылорда педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетінде жалғастыруына тура келеді. Институтты ойдағыдай тәмәмдағаннан кейін өз мамандығы бойынша еңбекке араласады. Алғашқыда мектеп директоры, соңынан аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып 3-4 жыл жұмыс істейді.

Қызметке араласып, тұрмыс түзеле бастағаннан кейін бәрін ұмытып, бейғам тірлік кешуге де болар еді. Бірақ ондай керенау тіршілік Рақаңның табиғатына жат. Қайтсем білімімді жетілдіремін деген ой оны көп мазалайды. Ақыры, ғылымның соңына түсу үшін жайлы қызметті тастап, Алматыға аттанады.

Көкірегі ояу, көңілі сергек жас ҚазМУ-дің аспирантурасына құжат тапсырып, әдебиеттануға арналған бір орынды конкурс бойынша жеңіп алады. Екі жыл бойы тапжылмай теориялық біліммен қаруланады. Бұл да болашақта ғалымның тегеурінді әдебиетші, қарымды қаламгер, жалынды публицист һәм бұқарашыл, ойшыл қоғам қайраткері болып қалыптасу жолында өзіндік бір мектеп болды деген ойдамыз.

Рақаңның аспирантурадан кейінгі өмір жолы біздің осы пікірімізді дәлелдей түседі. Ғылыми, мәдени ортадағы шығармашылық қызметті «Қазақ әдебиеті» газетінен бастаған ол қоғам өміріне бірден белсене араласып кетеді. Теориялық біліммен сусындаған, әрі сол кездегі насихат құралдары қанша қампайтып мақтағанымен өзі өмір сүріп отырған ортадағы небір келеңсіздіктерді іс жүзінде де көзімен көріп өскен намысшыл жас қазақ ұлтына, оның әдебиеті мен мәдениетіне қатысты аяқ басқан сайын кездесетін әділетсіздікке, халқының болашағына нүкте қоюға бағытталып, мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан құйтырқылықтарға іштей қарсы болып, ширығып жүруші еді.

Әрбір істің өз сәті болады. Р. Бердібайдың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1956 жылғы 22 сәуірдегі нөмірінде жарық көрген «Ең үлкен мәдени байлық» деген мақаласы соғар сағатын күтіп, саналы ұлдың көңіл түкпірінде жатқан екен. Соңынан халық арасында кеңінен талқыланып, үлкен қолдау тапқан, бұған керісінше авторы үкімет тарапынан қудалауға ұшыраған бұл еңбектің жазылу тарихы да қызық. Тілші бір үлкен конференциядан ұлы орыс тілінің халықтардың өсіп-өркендеуіне тигізіп отырған орасан зор әсері туралы газетке материал дайындауға тапсырма алады. Бастапқыда орыс тілінің құдыретін көрсетуге арналып жоспарланған мақала ақырында керісінше, қазақ тілінің бүгінгі бейшара хәлін жұртшылық алдына жайып салады.

Бұл ешкім күтпеген тосын оқиға еді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана партияның бағытын «дұрыс түсінбеген», саясаттағы «теріс көзқарастары» үшін М. Әуезов бастаған қазақтың бір топ ақын-жазушылары қуғындалып, кейбіреулері итжеккенге айдалып та кеткен болатын. Мұны көзі ашық азамат

білмей отырған жоқ. Өзінің басына да сондай зобалаңның тууы мүмкін екенін түйсінді. Бірақ қайсарлық, халқына жанашырлық сезімі жеңді. Өйткені орыс тілінде оқыту кеңінен қолға алынып, жер-жерлерде қазақ мектептерінің жаппай жабылып жатқан кезі еді. Қазақ тіліндегі газеттер тек орыс тілінен аударылып шығатын сүреңсіз дүниелерге айналды. Мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасы нашарлап, ол жүрдім-бардым істелетін тірліктің бірі болды. Орта мектепті қазақ тілінде бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге талаптанған шәкірттердің тауаны шағылды, бағы байланды.

Осының бәрі жинақтала келгенде, жоғарыдағыдай батыл мақаланың жарық көруі заңды әрі халық үшін пайдалы еді. Бірақ ол авторға таяқ болып тиді. Партияның республикалық орталық басылымдарында мақаланың «зияндығын», оның авторы Р.Бердібайдың «ұлтшылдығын» әшкерелеген материалдар жарық көрді. Мұның соңы авторды жиналыстан жиналысқа сүйреген кінәлауларға ұласты. Сонда да айтқанынан қайтқан жоқ. Өзін жиналысқа салып «Қателігіңді мойында» деп сілкілеп жатқанда көлгірси алмай: «Шыны солай ғой» дегені ортағасырлық Еуропадағы инквизиция кезінде Жердің Күнді айналып жүретінін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп бағуға тырысқан атақты ғалым Галилео Галилейдің тағдырын еске түсіреді. Діни схоластика үстемдік құрып тұрған ол заманда мұндай пікір айтқан адамды өлім жазасы күтіп тұрар еді. Одан құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол үшін өз теорияңнан бас тартуың керек. Галилео Галилей қателігін мойындаған болады. Осы кезде ғалымның өлім жазасынан құтылғанына риза болған жұртшылыққа қарап: «Әйтсе де ол айналады ғой!» дегені сонау ортағасыр қойнауынан бүгінге жетіп, нақылға айналып кетті. Бұл – шындықтың ешуақытта өлмейтінен көрсетеді.

Бір қызығы «саяси қателігі» үшін «сыбағасын» алғаннан кейін де автор кейбіреулер сияқты тайғанақтық танытып, мұндай даулы тақырыптарды айналып өтуге тырыспайды. Республикалық, облыстық газеттерде «Шығыс қазынасы», «Қазақша энциклопедия қажет», «Бодандықтан бостандыққа», «Әдебиет тарихын зерттеудің кейбір мәселелері», тағы басқа мақалалар жариялап, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жоғын түгелдеуші әдетін жалғастыра береді. Әсіресе соңғы мақаласы жұртшылық арасында қоғамдық ой-пікір туғызды, сонымен бірге Кеңес үкіметінің кезінде мейлінше сығымдалған әдебиетіміздің тарихын әріден, ғасырлар қойнауынан бастауға құлшыныс білдірген көптеген қазақ ғалымдарының толғамдарымен ұштасып жатты.

«Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеген жылдарында сыншы-публицист ретінде танылған ғалымды өмір толқындары Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына алып келеді. Осының алдындағы екі-үш жыл бойы қудалаудан көз ашпай, небір қысылтаяң күндерді басынан өткерген ғалым, мұнда таза ғылыми жұмысқа ден қойып, әдебиеттің тарихы мен теориясы мәселелерімен тереңірек айналысады. Сыншы ғалымның осы тұстағы ізденістерінің

нәтижесі «Әдебиет және өмір», «Қазақ әдебиетіндегі замандас бейнесі», «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы», «Дәстүр тағылымы» атты кітаптардан көрініс тапты.

Жоғарыда аталған еңбектерінде қазақ әдебиетінің әр дәуірдегі туындыларын білгір талдаған Р. Бердібай қомақты да көпқырлы жанр – романның беделді зерттеушілерінің де бірі болды. Осы жанрды терең талдап, танымдық, теориялық деңгейі биік монографиялар жазды. Оның қазақ романының туу, қалыптасу тарихына, қазақтың тарихи романына арнаған еңбектерін ғалымдар мен жұртшылық жылы қабылдады. Автордың кандидаттық және докторлық диссертациялары да роман тақырыбына арналды. 1961 жылы «Қазіргі қазақ романындағы сюжет проблемасы» деген тақырыпта кандидаттық, ал 1970 жылы «Қазіргі қазақ романдарының теориялық мәселелері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұларда автор қазақ әдебиетіндегі жетекші жанр – романның дамуын, жетілу үрдістерін, қалыптасу жолдарын, оның жанрлық ерекшеліктерін, өмір шындығы мен көркемдік бейнелеу арасындағы жымдасуларды байыпты талдап көрсетеді.

Роман тақырыбын зерттеуде автор кандидаттық және докторлық монографиялар жазумен ғана шектелмей, «Роман және заман», «Қазақ романы», «От легенды к роману», «Қазақ тарихи романы», «Тарихи роман», «Мұхтар шыңы» тәрізді бірнеше мазмұнды кітаптар жариялады. Әдебиеттану ғылымына қосылған үлес деп бағаланған бұл еңбектерінде Р. Бердібай романның дүниетанудағы, оқиға таңдаудағы, идея мен композицияны үйлестірудегі, сюжетті көркем қиюластыру мен характер сомдаудағы, тартыс табиғатын ашудағы, кейіпкердің шыншыл бейнесін жасаудағы, тағы да басқа толып жатқан мәселелердегі көтерер жүгін теориялық тұрғыдан тұңғыш рет арнайы қарастырып, жан-жақты зерттеді.

Оның зерттеу объектісіне айналған тарихи романдар қатарынан М. Әуезовтың, С. Мұқановтың, М. Есенберлиннің, Ә. Кекілбаевтың, М. Мағауиннің, Ә. Әлімжановтың, С. Сматаевтың, Д. Досжановтың, Д. Әбіловтың, З. Ақышевтің, А. Тоқмағамбетовтің, Ж. Молдағалиевтің, С. Жүнісовтің, Қ. Жұмаділовтің, Ш. Мұртазаның, М. Сәрсекеевтің, Х. Есенжановтың, З. Шашкиннің шығармаларын көруге болады. Ғалымның бұл іргелі еңбектеріне кезінде Б. Кенжебаев, М. Ғабдуллин бастаған көптеген беделді ғалымдар жоғары баға берді.

Жоғарыда аталған еңбектерден ғалымның қазақтың тарихи романдарын індете зерттеу арқылы өзінің бойындағы туабітті халықшылдық қасиеттерін одан әрі дамытып қана қоймай, сол кезеңнің жазылмаған заңы бойынша күнделікті тіршілікте қазбалай беруге болмайтын ұлтқа, оның тарихына қатысты мәселелерді халқына тарихи көркем шығармаларды талдай отырып жеткізуді мақсат тұтқаны аңғарылады.

Р. Бердібайдың өмір белестерінің келесі бір кезеңі Қазақ совет энциклопедиясын шығарушылар тобының құрылып, жұмыс істей бастауымен байланысты. Қазақша энциклопедия шығарудың қажеттігін

айтып, сонау елуінші жылдары баспасөзде мәселе көтерген де өзі еді. Енді соның сәті түсіп, энцикопедияның жауапты хатшылығына шақырылған ол осында редакцияның жауапты хатшысы болып еңбек еткен жылдарында да елінің өткеніне үңіліп, одан кеңестік дәуірде айтуға тыйым салынған халқының бойындағы жақсы қасиеттерді іздеп-тауып, ебін келтіріп энциклопедия кәдесіне жаратып жіберуді білек сыбана қолға алады. Ұмыт бола бастаған есімдер мен еңбектерді іздеу жұмыстарын ұйымдастырады. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, түп негізі таптық жіктелуден тұратын, басты мақсаттарының бірі халықтың жадын өшіруге бағытталған әміршіл-әкімшіл қоғамда жүзеге асырылуы өте қиын міндет еді. Сондықтан да оны жігін білдірмей, тігісін жатқыза жүргізу қажет болды. Осылай жасалды да. Бұл орайда Мәскеуде әлденеше басылымы дүркін-дүркін жарық көріп отырған Үлкен кеңес энциклопедиясының тәжірибесін көлденең тарту қолға алынған іске айтарлықтай қолғабысын тигізді. Сөйтіп, бұрын-соңды арагідік айтылып жүрген қазақтың талай хан-сұлтандары мен бай-болыстарының, ақын-жыраулары мен әнші-күйшілерінің, сал-серілерінің өмірбаяндары энциклопедия беттерінен орын алды. Міне осындай игілікті істердің басы-қасында, бел ортасында Рақаң жүрді.

Р. Бердібай өмірінің жиырма жылдан астам уақытын фольклортану ғылымына арнады. Ғылымның бұл күрделі саласындағы қызметін ол М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушілігінен бастады. Мұнда да өзіне тән алғырлығымен, әдебиеттің қай саласын қолға алса да, өзіндік қолтаңбасын қалдыра білетін дағдысымен аса көрнекті ғалымдар: М. Әуезов, Е. Ысмайылов, М. Ғабдуллин кезегімен басқарған бөлім жұмысын әп-сәтте дөңгелетіп әкетті.

Арада бірер жыл өткеннен кейін Р. Бердібайдың басшылығымен халықтың арғы-бергі өткен өмірінің қайнар көзі – фольклорды жан-жақты зерттеуге бағытталған, фольклор туралы бұған дейін айтылып келген пікірлерді тың ойлармен байыта түскен сындарлы еңбектер жарық көре бастады. Атап айтқанда «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фольклорының тарихилығы», «Қазақ фольклорының поэтикасы», «Қазақтың архаикалық фольклоры», «Фольклор және оның этнографиялық негіздері» және басқа ғылыми жұмыстар жазылып, олар Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азияда жоғары бағаланды, баспасөзде фольклор тақырыбына арналған мұндай еңбектердің осы аймақтарда тұңғыш рет жарық көріп отырғаны атап көрсетілді. Ал «Қазақ фольклористикасының тарихы» деген ғылыми еңбек үшін Р. Бердібайға және бірнеше фольклоршы ғалымдарға Қазақстан Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлығы берілді.

Ғалымның көне, қаһармандық, ғашықтық, нақтылы тарихи жырларды жанрлық-стадиялық сипаты жағынан зерттеу жөніндегі тұжырымдамасы эпостануда жаңа бағыттың негізін салды. Бұл жылдарда ғалымның қаламынан «Қазақ эпосы», «Сарқылмас қазына», «Кәусәр бұлақ», «Эпос – ел қазынасы», «Жыршылық дәстүр», «Айтыс әлемі» тәрізді іргелі еңбектер туды. Оның ғылыми жетекшілігімен отыздан артық докторлық және

кандидаттық диссертация қорғалды. Бұл және басқа еңбектері оны қазақ фольклоршыларының көшбасшысы деңгейіне көтерді. Р. Бердібайдың қатысуымен қазақ фольклорын филология факультеттерінде оқытудың бағдарламасы жасалды.

Ғалым Рахманқұл Бердібайдың зерттеушілік қызметінің тағы бір саласы – түбі бірге туысқан халықтар әдебиетінің өзара байланысы. Бұл мәселе оның «Гүлстанның бұлбұлдары», «Достық кемесінде, «Сарқылмас қазына» деген кітаптарынан бастау алып, соңғы жылдары жарық көрген «Байқалдан Балқанға дейін», «Жұлдыздар жарығы», «Ел боламыз десек» тәрізді ойы тұщымды, тілі тартымды, аса қызғылықты публицистикалық жинақтарда жалғасын тапты. Осы көрсетілген еңбектермен қатар Р. Бердібай өзінің «Түрік халықтары эпосының тарихи-генетикалық типологиясы» және басқа да шығармаларында түрік халықтары фольклорының әлі де шешімін тауып болмаған күрделі проблемаларын әдістемелік тұрғыдан көтерді.

Ғалымның бұлардан тыс атқарған игілікті ісі – М. Әуезов музей-үйінде 35 жыл бойында Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетін басқарып, қазақ халқының соңғы 1500-2000 жыл бойындағы тарихы мен мәдениеті тақырыбына 500 дәріс өткізуі. Бұл дәрістердің кезінде өзінің ежелгі тарихынан, мәдениетінен кеңірек мағлұмат алсам деген әрбір адамның жүрегін баурағаны анық. Өйткені халық университеті көне мәдени мұраны ғылыми дәлдікпен жұртшылыққа қайта таныстыруды алдына мақсат етіп қойған еді. Ағартушылық жұмысына әрдайым бейім тұратын әдетімен Рақаң бұл іске де белсене кірісіп кетті. Ол кездегі оқу бағдарламаларының қазақ халқының тарихын, әдебиетін, фольклорын, мәдениетін, өнерін тым жұпыны етіп көрсетіп келгені мәлім. Осы олқылықтың орнын толтыруда Рақаң басшылық еткен халық университетінің атқарған істері баға жеткісіз. Дүниежүзілік мәдениетте өзіндік орны бар, тылсым құпиясы жұрттың құлағын елеңдеткен Орхон-Енисей жазулары туралы дәрістер, Құлтегін, Білге қаған жазулары туралы дәрістер, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ақжан Машановтың Әл-Фараби турасындағы сұхбат-сабақтары, академик Әлкей Марғұланның оғыз-қыпшақ заманының өшпес ескерткіші «Қорқыт ата кітабы» хақындағы, қазақ ғалымы Қадырғали Жалаиридің мұрасы туралы, Шоқан Уәлиханов жөніндегі сабақтары, Түрік қағанаты тұсындағы, Қарахандар билеушілігі кезіндегі, Алтын Орда, қазақ хандықтары заманындағы жазба және фольклорлық ескерткіштер, жыршылық, жыраулық, домбырашылық дәстүрлері – бәрі-бәрі, тізе берсе ұшан-теңіз рухани байлық көзінен халық университеті тыңдаушылары мейірлерін қандыра сусындады. Бұл еңбегі үшін ол Бүкілодақтық «Білім» қоғамының ең үлкен сыйлығы – Вавилов медалімен марапатталды.

Әдебиет сыны, тарихы, фольклортану саласындағы көрнекті еңбектерін жоғары бағалап, Қазақстан үкіметі ғалымға «Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» (1983), «Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» (1992), атағын берді. Р. Бердібай – Қазақстан Ұлттық ғылым

академиясының академигі, Түрік тіл құрымының (Түркия), Халықаралық Шыңғыс Айтматов қоғамдық академиясының, Халықтық (экологиялық) академияның мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы, «Түрік дүниесіне қызмет еткені үшін» сыйлықтарының иегері. Ол «Отан», «Парасат» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен ардақталған.

Р. Бердібай Мәскеу, Қазан, Уфа, Ташкент, Баку, Вильнюс, Таллин, Минск, Киев, Кишинев, Тбилиси, Ашхабад, Душанбе, Бішкек, Элиста қалаларында өткен халықаралық, аймақтық, республикалық конференцияларда фольклор мен әдебиеттің маңызды мәселелері бойынша баяндамалар жасады. Кейінгі жылдарда ғалым Түркияның Анкара, Измир, Анталия, Конья, Қараман, Қырыққала шаһарларында болып өткен түркологиялық конгрестерге қатысты.

Ғалым 1995 жылдан өмірінің соңына дейін Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры болып еңбек етті.

3

Бұл ғалымның шығармашылық өмірін көктей шолып өткенде баяндағандарымыз, Ал оның сыншылығына, фольклоршы ретіндегі зерттеу еңбектеріне, ұстаздық, қоғамдық қызметтеріне жеке-жеке тоқтасақ, әрқайсысы іргелі ғылыми еңбекке жүк болар еді. Ол әрине болашақтың ісі. Әзірше оның өз халқының, сондай-ақ түркі тектес бауырлардың өткеніне, қазіргі тыныс-тіршілігіне және болашақтағы өміріне қатысты мәселелерді тереңнен толғайтын публицистикалық туындыларымен жұртшылықты неғұрлым жақынырақ таныстыруды мақсат еттік.

Неге десеңіз, әдеби ортаға араласа бастаған сонау елуінші жылдардан бастап ақтық демі біткенше Рақаң осы бір жауынгер жанрды жанына серік ету арқылы туған халқының зәру мәселелерін көтеруден бір танған емес. Әр кезде жазылып, ел өмірінің сан алуан проблемаларын қамтитын мұндай мақалалардың, очерктердің, жолжазбалардың көптігі сонша – олардың санын Рақаңның өзі де толық білмеген шығар деген ойдамыз.

Ең бастысы оларда халықтың бүгіні мен болашағы үшін қажетті көкейкесті пікірлер айтылады. Мысалы, мектептерде ана тілін оқытуды жақсарту, терминологияны реттеу, қазақ фольклорының бай мұрасын пайдалану және олардың көптомдығын бастырып шығару, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді жолға қою, ауыл мәдениетін көтеру, орыс тілінен аударма болып шығатын газет-журналдарды дербес басылымдарға айналдыру, қазақша энциклопедия шығару, республикалық спорт мектебіне Қажымұқан атын беру, қазақша басатын машинка шығару, Әл-Фарабиге Алматыда ескерткіш орнату, мәдени мұраны игеруге байланысты республикалық комиссия құру, Ғылым академиясы құрамында қолжазба, шығыстану институттарын ашу, республикада Абай, М. Әуезов, С. Сейфуллин күндерін өткізу, Наурыз мерекесін тойлау, тіл мерекесін өткізу,

Астана қаласында қазақ мектептерінің санын көбейту, Түркістан қаласының құрылғанына 1500 жыл емес, 2000 жыл толды деп тойлау, Түркістан қаласын рухани астана деп ресми түрде жариялау, Отырар шайқасының 850 жылдығын атап өту, Алпамыс жырының 1000 жылдығын атап өту, Түркістан халықтарының арғы-бергі мәдениеті мен тарихын таныстыратын журнал шығару, ғылымның түрлі саласындағы ізденістерді бірлестіріп, жоспарлы, жүйелі түрде зерттеулер жасайтын Орталық Азия академиясын ұйымдастыру, түркістан халықтарының энциклопедиясын шығару, Қазақстанда ноғай мәдениетінің күндерін өткізу, орхон жазуларының, дәлірек айтқанда, ежелгі түрік алфавитінің мерекесін ресми атап өту… Осылай тізіліп кете береді. Бұл ұсыныстардың ішінде назарға ілігіп, ел игілігіне айналғандары біршама. Айтылған жерінде қалып, ескерілмей жатқандары да баршылық. Бірақ Рақаң мойымаушы еді. «Көзге ілмей қойды ғой демей, айта беру керек. Біреу болмаса біреудің құлағына шалынып, түбінде кәдеге жарайды», – дейтін.

Әрине, ғалымның елу жылдық шығармашылық қызметінде жазған туындыларының бәрі де – мейлі ол әдеби сын болсын, мейлі ол ғасырлар қойнауынан сыр тартқан фольклорлық зерттеулер болсын, мейлі ол заманының өткір мәселелерін қозғайтын публицистика болсын, мейлі ол сан алуан қоғамдық істер атқару барысында мінбелерден айтылған пікірлер, симпозиумдарда, конференцияларда жасалған ғылыми баяндамалар болсын, бір-ақ нәрсеге – халқының тарихын тануға, мәдениетін кемелдендіре түсуге, жадын ұштауға, ұрпақ сабақтастығының сақталуына қызмет етеді.

Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, ғалымның журналистиканың жауынгер жанры публицистиканы өзінің негізгі ғылыми жұмыстарымен қатар алып жүруі – тегеурінді талант иесінің ғылыми зерттеулер жүргізудегі байыптылығын, тереңдігін, жазудағы ой-қиялының ұшқырлығын ғана емес, сонымен бірге оның педагогикалық-ағартушылық дарындылығын да көрсетеді.

Бұған оның соңғы жылдары жарық көрген «Байқалдан Балқанға дейін», «Ел боламыз десек…», «Жұлдыздар жарығы» деген туындыларын оқу арқылы тағы бір көз жеткізуге болады. Бұларда автор егемендік алған елінің ертеңі еңселі болу үшін атқарылар істерді көлденең тартады. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады»»деген нақылға сәйкес халқымыздың басына төніп тұрған, келешекте асқынып кетуі айдан анық қасіреттердің атын атап, түсін түстеп көрсетеді. Өмір сүріп отырған табиғи ортаны ядролық, ракеталық жарылыстар зардабынан тазарту, тілімізге толық «теңдік» әперу, елдік дәстүрді жас қауымның бойына сіңіру, діни, имандылық тәрбиесін жүйелі түрде жүргізу секілді көкейкесті мәселелерді қозғайды. Автор аталған проблемаларды шешуге мемлекет тарапынан шын жанашырлық тұрғыдан көмек көрсетілмесе, мұның ұлтымыздың келешегіне тигізер залалының зор екенін де жасырмайды.

Ғалымның жоғарыда аталған кітаптарымен, баспасөзде жиі жарық көріп тұратын және басқа да публицистикалық туындыларымен танысқан адам

оның бойындағы халқына деген шексіз махаббатты, отанына деген өте күшті патриоттық сезімді, арысы жалпы адамзатқа, берісі бауырлас халықтарға деген асқан мейірбандықты қапысыз аңғарады. Осы қасиеттердің әрқайсысы жеке адамнан табылғанның өзінде қоғам үшін зор байлық екенін ескерсек, осындай баға жеткісіз игіліктердің бір адамның жүрегінде орнығуын ерекше бір құбылыс ретінде қарастырғанымыз орынды. Себебі, әлгіндей сипатты қасиеттер бір арнаға тоғыспаған жерден адам жанын тебірентіп, өзіне еріксіз бас идірер сөздің, тәрбиелік мәні зор пікірдің шығуы екіталай. Тек үлкен жүректі, ізгі тілекті, тал бойына халқының көксеген арманын жинақтаған адам ғана осылай сөйлей алса керек.

Ғалымның түркі тілдерінде сөйлейтін отызға жуық ұлттар мен ұлыстардың тарихи-этникалық және мәдени байланыстарының тамырластығы жан-жақты әрі ғылыми тұрғыда дәлелді талданып, шұрайлы тілмен байыпты әңгімеленетін «Байқалдан Балқанға дейін» деген кітабын оқығанда бұған және бір көз жеткізгендей боласың.

Бүкіл адамзатқа ортақ гуманистік идеяларды бұрын-соңды жазған еңбектерінің бәрінде де ұстанып келген және оны кеңінен насихаттаған автор осы игі көзқарасын мына шығармасында да жалғастырады. Жан-жүрегі адамгершілік пен мейірбандықты қалайтын, өз халқы ғана емес, басқа халықтар да, барша адамзат та бақытты болса екен, адам адамды қанамаса екен, жауыздық біткен жер бетінен жойылса екен деп тілейтін нағыз ізгі ниетті адамның аузынан шығатын сөзді қайталайды.

Осындай ізгі ниет, бауырмалдық, бір кезде тұтасып отырған, тілі де, тілегі де бір, салт-дәстүрі де ұқсас түркі жұртының заманалар желінің әсерімен бөлшектеніп кеткен, өзіндік бет-бейнесін жоғалта бастаған бүгінгі мүшкіл хәліне деген жанашырлық, түрік тектес түгел бол дегендей ой желісі кітаптың өн бойынан байқалады.

Автор мәңгілік қарлы өлке Саха елінде болса да, Алтай жұртын араласа да, ұйғыр мәдениетіне зер салса да, хақастардың эпосын зерттесе де, тува (тоба) халқының өткеніне үңілсе де, қырғыз халқының әлемге аты мәлім жыры – «Манаста» айтылатын көзқамандар туралы ой толғаса да, өзбек халқымен туыстық байланыс тамырларын әңгімелесе де, қарақалпақ фольклорының негізінде қарақалпақ пен қазақ халықтары тарихының ұқсастығын дәлелдесе де, түркмен әдебиетіне шолу жасаса да, қазақ пен башқұрт елдерінің көркемдік мәдениетіндегі тамырластықтан сыр тартса да, татар халқының азаттық жолындағы күресін сөз етсе де, ноғайлы елінің трагедиялық тағдырын баяндаса да, құмықтардың өткенінен сыр шертсе де, қарашай, малқар халықтарының аянышты хәлін жазса да, азербайжан халқының басына соңғы жылдары түсіп отырған ауыртпалықтарға байланысты ортаға ой тастаса да, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған қарайымдар туралы пікір білдірсе де, қырымның қилы тағдырын көлденең тартса да, месхет түріктері жөнінде айтса да бір-ақ нәрсені көздейді. Ол – тағдыр тәлкегімен ыдырып кеткен түркі халықтарының өткеніне ой жіберу,

оқырманға ұлыстар тарихының ұқсастығын жеткізу, бір діңгектен тараған халықтарды жақындастыру жолдарын іздестіру және тағы басқалар.

Айталық, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» тәрізді эпикалық жырлар немесе «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» тәрізді ғашықтық жыр сарындарының қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, өзбек, татар және басқа түркі тектес халықтарда ұқсас болып келетіні, сол сияқты «Көрұғлы» қаһармандық эпосының, Қорқыт жөніндегі аңыздардың бауырлас халықтардың көпшілігінде кездесетіні, демек бұлардың тарихи-мәдени байланыстарының тереңде жатқанын дәлелдейтін мәселелер кітаптың «Түбі бірге туысқан» деп аталатын бірінші бөлімінде кеңінен қамтылып, нақты деректер келтіріле отырып шұрайлы тілмен тартымды баяндалады. Біз де бір сәт ғалыммен бірге түркілер әлеміне сапар шегелік.

Саха еліне саяхат жасағанда ғалым соңғы жылдарға дейін жер бетінде осындай халықтың бар екенін ешкімнің білмегенін, ұланғайыр алқапты алып жатқан елдің Якутия аталып келгенін, Ресей құжаттарында қазақтың – қырғыз, қырғыздың – қарақырғыз, ноғайдың – татар, алтайлықтардың – қалмақ деп аталғаны тәрізді якут деген лақап атқа ие болған, өзіндік салт-дәстүрі бар бұл байырғы халықтың тілінен, музыкалық аспабынан өзімізге тән ұқсастықтарды байқағанын баяндайды. Сахалардың сөйлеген сөзін, әнін, жырын естіп, жазуын оқи келе анық үйренемін деген кісі бұл тілді бірнеше айда меңгере алатынын айтады. Саха олонхошысының, яғни өлеңшісінің қырғыздың манасшысына жақындығын дәлелдейді. Қазақстаннан соншама алыс жатқан ел салт-дәстүрінің бізге жақындығына сүйсінеді. Ерте кезде сахаларда жаздың орта тұсында қымыз мейрамы – ысаақ өткізілгенін, бұл дәстүрдің кейінгі кезде қайта жаңғырып келе жатқанын, оның қазақтың қымыз мұрындық мерекесіне ұқсастығын, сахалар елінде әрбір мерекені өлеңмен ашу дәстүрі бүгінге дейін бар екендігін, қазақ ұғымындағы тойбастарды еске салатын бұл жанрдың «тойук» деп аталатынын әңгімелей келіп: «Сан ғасырлар бойында бір-бірінен жырақ жатқан, тек соңғы жылдары ғана қарым-қатынасы басталған қазақ және саха халықтарының … байланысы күшейе түссе нұр үстіне нұр… Түрік халықтары бірлігін дамытуға бағытталған сан тарау істердің жеміс берер шағы алда.», – деп түйіндейді автор (9-бет).

Ғалымның тамырластықты іздестіру, халықтар мәдениетінің ортақ үлгілерін қарастыру арқылы ел мен елді, бауыр мен бауырды табыстыру мақсаты кітаптың өн бойында өріліп жатыр. Бұл орайда ғалым түрік әлемінің терең тамырларына, сан мыңдаған жылдардың көркем естелігіне – эпикалық аңыздауларға сүйеніп ой өрбітеді, солардағы ұқсастық сарындарына баса назар аударады. Тарихтың белестерін, ескі ұғымдар мен салттардың тізбегін, адамдардың өзін, оның қоршаған орта, табиғат, қоғам туралы түсінігін ерекше тәсілмен баяндайтын аса бағалы мұра – эпос-жырларды зерттеу объектісіне айналдыра отырып ғылыми пайымдаулар жасайды. Мысалы, кітаптағы «Алтайды аралап қайтқанда» деген еңбегінде автор былай деп жазады: «Қазақ пен Алтайдың көне туыстығын әйгілейтін фактілер, әсіресе

ауыз әдебиеті нұсқаларында жиірек ұшырайды… Қазіргі кезде алтай фольклорының он томы алтай тілінде, кейбір эпос нұсқалары орыс тілінде шығарылып отыр. Сол кітаптарды ашып қарасақ, біздің халықтарымыздың ежелгі поэзиясында ұқсастық, тіпті, бірдейлік қаншалық көп екеніне көз жетеді. Жеке жолдар, шумақтар, тіркестер, бейнелеу жүйесіндегі бірыңғайлықты айтпағанда, үлкен-үлкен жырлар мен ертегілердің, аңыздардың ұқсастықтарын да кездестіреміз. «Алпамыс» жырына сарындас сюжет алтайлықтарда «Алып Манаш» деп аталады. Ал қазақтардың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын еске салатын әңгімелер де алтайлықтарда бір емес, әлденешеу екені анықталып отыр… Ең ғажап нәрсенің бірі – жырымыздың өлшемі, ырғағы, ұйқасы, бейнелеуі көп ретте бірдей болып келушілігі.» (11-12-беттер).

Түркі тілдес халықтар арасындағы осындай сабақтастықтарды ол ұйғыр, хакас, тоба, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түркмен әдебиеті мен мәдениетін зерделеген кезде де ортаға салады. Айталық, «Өркениетке үлес қосқан ел» деген туындысында ұйғырлардың бір кездері жазу-сызуы, ежелгі мәдениеті бар іргелі ел болғанын, түрік халықтарына ортақ ескерткіш болып табылатын Баласағұн мен Қашғарлының «Құтты білігі», «Түрік тілдерінің сөздігі» өзгелерден гөрі ұйғыр диалектісіне жақын екендігін, ұйғыр халқы тарихының фольклор мен жазба әдебиетке байлығын нақты мысалдар келтіре отырып әңгімелесе, «Жырда сақталған сыр» деген келесі еңбегінде хақастың «Алтын-Арығ» («Алтын ару») деген қаһармандық эпосына талдау жасай отырып, хақас эпосы құрылысының өзге түрік халықтарының, соның ішінде қазақ қаһармандық жырларымен типологиялық үндестігін көрсетеді. Ал «Құрылықтың кіндігінде» деген мақаласында оқырманды тоба халқының тарихы мен мәденитінен хабардар етеді. «Түрік эпосы» деп аталатын ұланғайыр мол көркемдік байлықтың ішінде тобалардың үлесі аз емес екенін айта келіп автор: «Халықтар мен халықтар, мәдениеттер мен мәдениеттер арасындағы байланыстарды салыстырып тексерудің жолдары көп. Ұқсастық, үндестік бірде көне заттық ескерткіштерден көрінсе, екінші бір тұста ескі наным-сенім жағынан аңғарылады. Қазақтар мен тобалардың бір алуан рухани туыстығы музыкалық фольклор тарапынан табылғандай екен… Сан ғасырлар бойында тартылып келген қобыз, шаңқобыз, жетігендердің бір емес, бірнеше халықта сақталуы кездейсоқ емес. Мұны бұл халықтардың арасындағы үзілген байланыстардың жанды куәлігі деп қарауға да болады. Чатыған-жетігенді әуел баста қай халық шығарды деп сарсылып іздеу шарт емес, ең бастысы – бір-біріне тілі, кәсібі, салты жақын халықтардың ортақ музыкалық аспаптарды пайдаланғандығы», – деп жазады (40-41-беттер).

Түрік тілдес халықтар өмірінен жазылған бұл еңбегінде автор тарих, әдебиет, мәдениет мәселелерін құрғақ баяндап қана қоймай, реті келген жерде өткен заманалар шежіресінің бүгінгі күнмен тығыз байланысты тұстарын да назардан тыс қалдырмайды. Еңбектің құндылығы да осында деген ойдамыз. Кітаптағы «Көзқамандар туралы аңыз» деген туынды осы сөзіміздің айқын куәсі бола алады. Мұнда қырғыз фольклорының інжу-

маржаны – «Манас» жырындағы оқиғаның қазіргі өмірде орын алып отырған жағдайлармен дәлме-дәл ұштасуы айтылады. Эпоста Манастың іші-бауырына кіріп, ақырында оған у беріп опат қыла жаздаған көзқамандар жәдігөйлігі, оның осы күнгі тіршілігіміздегі көрінісі авторды бей-жай қалдырмайды. Көзқамандар қайдан пайда болады дегенде, олардың өз халқының тілін білмейтін, сондықтан оны жат санайтын, іңгәлап дүниеге келгеннен ер жеткенге дейін басқа түсінік, пиғылда тәрбиеленген жандардан шығатыны, оларға өз елінің асыл қасиеттерінің бірде-бірі дарымағаны, өзін асыраған, адам қатарына қосқан халқының тағдырына дұшпанның көзімен қарап дағдыланғаны, тіпті жаратылысынан ақыл-есі бүтін болып туғанмен, мұндайлар өз елінің перзенті болып жарытпайтыны, ана тілін білмегендіктен, көзқамандардың халқының көңіліндегі мұңды, көкейкесті арманды сезбейтіні, халық даналығы жаратқан небір әсем ән, құдыретті күй, аталар сөзі, ғибрат, нақыл бұларға әсер етпейтіні, эпостағы көзқамандар жырақ жерлерде өскендер болса, олардың қазіргі замандағы «ізбасарлары» өз елінде жүріп-ақ жатбауыр болып қалыптасқаны жеріне жеткізе айтылады. Автор мұндайлардан сақ болу қажеттігін де ескертеді. «Отандастарымыз өз арамызда жүрген, ұлт мұратын қиып жіберетін, елге опасыздығына ұялмай, қайта өздерін озық өркениет жаршылары деп қарайтындардың осы заманның көзқамандары екенін таныса, олардан сақтанудың жолын да іздеп табар еді.», – деген тілегін де білдіреді (50-51-беттер).

Жалпы, Рақаңның публицистикалық туындыларымен жақынырақ танысқан әрбір адам оның сонау бір замандарда іргесі сөгілмей, айбары күшті ел болып отырған, кейін небір қилы оқиғалардың әсерімен бытырап кеткен түркі жұртының бір-бірімен байланысы нығайса, бауырлас халықтардың бір-біріне барыс-келістері көбейсе, бірінде бар игілікті екіншісі қабылдап, рухани байып, үлкен мұраттар көздеп, тізе қосып қимылдаса, дұшпанына дегенін істеткен мығым қалпын қайта тапса деген түпкі ойы мен арман-мақсатын сезінгендей болады.

Мұндай әңгімелер арқау болған жерлерде ғалымның айрықша шабыттанып кететіні бар. Түбі бір халықтардың тарихтағы тату болған, берекелі кезеңдерін сағынышпен еске алып, бүгінгі ұрпаққа ғибрат етеді, ауызбірлігінен жаңылып, тоз-тозы шыққан тұстарын, ұрымтал сәтті аңдыған дұшпанның қатігез озбырлығын өзегі өртене отырып қағазға түсіреді. Мәселен, өзбек пен қазақтың әу баста бір ұлт болғандығын дәлелдейтін тың да тосын, таныс та бейтаныс деректер келтіреді. Ғалым аталған деректерді тағы да өзінің өмір бойы зерттеп жүрген саласы – ауыз әдебиетінен табады. «Фольклордың эпос, ертегі, аңыз, мақал-мәтел секілді жанрларындағы ұқсастық пен үндестік тіпті мол. – деп жазады автор, – Олар халықтарымыздың арасындағы тарихи-генетикалық, тарихи-мәдени қарым-қатынастардың күрделі болғанын байқатады… Қазақтың классикалық қаһармандық эпосы «Алпамыс батырдың» өзбектер арасында да даңққа бөленіп отыруы осы жырды шығарушы, айтушы, дамытушылар қазақ, өзбек құрамындағы рулар екенін дәлелдейді. Ертеде өзбектер той үстінде «жар-

жар» айтқаны, домбыра, қобыз тәрізді саздық аспаптардың күні бүгінге дейін өзбектер арасында сақталып келуі халықтарымыздың бір кезде «қазақ-өзбек» немесе «өзбек-қазақ» болып келген кезеңінің куәгерлері.» (53-бет).

Ал қарақалпақ пен қазақтың етенелігін, тіпті егіздің сыңарындай екендігін дәлелдейтін деректердің мұнан да көптігіне ғалым өзінің «Қарақалпақ қазынасы» деген шағын мақаласында көз жеткізеді. Ел арасын алыстатқысы келетіндер қаншама тырысып, бұл халықтардан «айырмашылықтар» іздегенімен, ежелгі түбі бірге туысқандық көрінбей, байқалмай тұрмайтындығын, анық түбірлестікті іздеген адам, қолдан жасалған жалған теориясымақтарға жүгінбей, халық даналығы жасаған ауыз әдебиеті ескерткіштерін оқуы керектігін қадап айтады.

Шынында да, тарихқа үңілсек, ежелден тағдыры ортақ елдің Алтын Орда, Ноғай Ордасы тұсындағы тығыз қарым-қатынасын былай қойғанда, қарақалпақтар ХҮІІ ғасырдың соңынан ХҮІІІ ғасырдың орта шеніне дейін Сырдария бойында өмір сүрген. Осының өзі-ақ түбі бірге туыстықтың сырын біршама айқындайды.

Екі халықтың етене туыстығы әсіресе «Қарақалпақ фольклорының» жиырма томдығында анық көрініс береді. Ғалым ауыз әдебиетінің барша жанры қамтылған осы томдардан мысалдар келтіре отырып, көптеген қазыналардың екі халыққа да ортақ болып келетінін, мұның өзі арғы түбіміздің бір екендігін тағы да дәлелдей түсетінін сүйсіне баяндайды. Ғалым қазақта бар «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» эпостық жырларының, «Едіге батыр», «Ер Қосай», «Ер Сайын», «Бозжігіт», «Бозұғлан» дастандарының, Алдар Көсе, Жиренше, Қожанасыр туралы ертегілік аңыздардың, тойбастар, айтыс, аужар, сыңсу, жоқтау, бесік жыры, терме, толғау тәрізді ауыз әдебиеті жанрларының қарақалпақта да қайталануы қарақалпақ пен қазақтың тегі мен тағдыры ғана емес, күллі ақындық, шешендік өнер жүйесі, тілдік өлең кестесі, теңеме, баламалары, ой толғамдары, шалқыған биік поэзиялық мәдениеті егіз екеніне шүбә келтірмейді.

Түркмен, башқұрт халықтарының ауыз әдебиеті жөнінде әңгімелегенде де автор түбі бір туысқан елдерді жақындастыра түсудің жолдарын қарастырып, құнды пікірлер айтады. Бір мезет бауырлас жұрттар фольклор шығармаларының тілін салыстыра тексеру арқылы көптеген көмескі ұғымдардың дәл мәнін табуға болатынын еске салады. «Біздің тілші мамандарымыз түркі тілдерінің салыстырма сөздіктерін жасауға кіріссе, аса пайдалы тарихи жұмыс болар еді. – деп жазады ғалым «Түркмен толғауы» деген мақаласында, – Айталық қыпшақ, оғыз, карлук тобынан бір-бір тілді алып сөздік тізсе, бұлардың арасындағы бірыңғайлық пен айырмашылықтың көлемі мен сипаты мейлінше айқындала түспек, қайсыбір терминдерді саралауға, ортақ ұғымдарды екшеуге, сөйтіп тілдердің бұдан былай жақындасуына мүмкіндік молаймақ. Біздің бүгінде кейде тосырқап, кейде түсінбей жүрген сөздеріміздің біразы бір түбірден шыққанын ондай сөздіктер нақтылы ұқтырар еді.» (71-бет).

Дүниеде озбырлықты көп көрген, бодандықтың ащы дәмін татқан, қисапсыз әділетсіздіктерден санасы сансыраған, тұла бойы қалжыраған сәтінде егемендікке ие болып, аждаһаның аузына жұтылып кетуден әупірімдеп аман қалған қазақ халқының өкілі ретінде, жай ғана өкілі емес, халықтың өзіндік болмысын, тілін, дінін сақтау мақсатына өмірін арнаған азамат ретінде Рақаң озбырлық біткенге бей-жай қарай алмайды. Мұны аталған кітапты парақтағанда айқын аңғаруға болады.

Халықтарды бір-біріне айдап салу, күшпен жаулап алу, өзге елдің аумағына жымын білдірмей, мысықтабандап ену, құлдыққа бас игендерді ішке тарту, оларды дүние-мүлікпен қызықтыру, қорлыққа көнбегендерді қудалау, жазалау, жерін тартып алу, еріксіз шоқындыру тәрізді тағы басқа толып жатқан айла-шарғымен үлесін ұлғайтқан Ресейдің зымиян саясатының зардабын тартқан татар, ноғай, құмық, қарашай, малқар, қарайым сияқты түркі тілдес халықтардың өмірінен жазған мақалаларында олардың өткендегі аянышты тағдырын, кейбіреуінің бүгінгі күні жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрған мүшкіл хәлін жанашырлықпен әңгімелейді, отаршылдардың өзге халықты жаулап алып қана қоймай, оны өзіне сіңіру не мүлде жойып жіберу үшін адам жанын түршіктіретін небір сорақылықтарға барғанын ашына жазады.

Айталық, Қазан хандығын жүз жылдық шапқыншылықтан кейін әрең бағындырған Ресей басқыншылары зорлап шоқындыру арқылы елді мүлдем тұралатуды көздеген, мұнда да дегеніне жете алмаған жағдайда солдаттарды татарларға айдап салып сабаттырған, үйлерін қираттырған, мешіт пен медреселерді ойрандатқан, кейде арандатушы миссионерлер шіркеулерді өздері өртеп, жаласын татарларға жапқан, сөйтіп патшадан бұрынғыдан да қатал бұйрықтар түсірткен.

Жүздеген жылдарға созылған осындай төзгісіз зорлықтан кейін де татар халқы өмір сүруін, ағартушылық қызметін тоқтатқан жоқ. Әу бастан отырықшылыққа бейімделген сауатты ел түрлі қысымшылықтарға қарамастан, Ресейдегі мұсылман халықтарының тілінде кітап шығарудан көш басында болған. Мысалы, ХІХ ғасырда Қазан қаласы шығыс халықтарының тарихын, мәдениетін зерттейтін, мәдени мұрасын басып шығаратын аса ірі орталықтардың біріне айналған. Шығыс халықтарының ана тілінде жарияланған кітаптардың 70 пайыздан астамы Қазанда басылып тұрған. Соның ішінде бір мыңнан астам қазақ кітабы бес миллион данамен тараған. 1901-1917 жылдар арасында Кәрімовтар баспаханасында құран, әптиек және дұғалықтар 4 миллион 358 мың 200 дана болып шыққан. Түрік халықтарының елдік санасының оянуынан қауіптенген билеушілер алдыңғы қатарлы татар зиялыларын қудалауға ұшыратқан.

Ғасырлар бойы қысымшылық көріп, зорлық-зомбылық салдарынан тарыдай шашырап, бүкіл дүние жүзіне тарап кетсе де татар халқының өз үнін жоғалтпай, өзіндік болмыс-бітімі мен мәдениетін сақтап қалғанын, халықтық қалпын бүгінгі күнге жеткізіп қана қоймай, неше алуан аярлықтармен түркі халқын құртып жіберудің сансыз амалы қарастырылған қысылтаяң кездердің

өзінде бауырларға білім нұрын таратуда Ресейдегі түркі халықтарының көш басында болған татар ағартушыларының зор еңбегін ғалым осы кітаптағы «Рухы жығылмаған миллет» деген мақаласында ризашылықпен әңгімелей келіп: «…қазақ халқының мәдени кемелденуіне шын пейілден адал көмектесу – нағыз туыстықтың белгісі», – деп қорытындылайды (96-97-беттер).

Бұдан басқа, «Ноғайлы деген ел еді», «Құмықтар», «Екіге бөлінген ұлыс», «Әзерилер азаттығы үшін», «Түрік жұртының бір сынығы», «Қырымның қилы тағдыры», «Алыс та болса жақын» деген мақалаларында автор ауыз бірлігінің жоқтығынан, зорлық-зомбылықтан күні бүгінге дейін зардап шегіп отырған туысқан халықтар жөнінде, сонымен бірге ғасырлар бойы елдігін жоғалтпаған, іргесі шайқалмаған, біртұтас Түркия туралы көрген-білгендерін, түйген пікірлерін, ой толғамдарын ортаға салады. Бұлардан Кавказды мекендеген ноғай халқының қазақтарға етене жақындығын, Алтын Орда дәуірлеген тұста және одан бертінгі ел билеген Едіге кезеңінде, ХҮІ ғасырдың орта тұсына дейін Ноғай Ордасының бір мезетте үш жүз мың әскер шығара алатын іргелі ел болғанын, бірі Мәскеудің сойылын соғамын деп, бірі оған қарсы шығып өзді-өзі қырқысудың нәтижесінде тоз-тозы шыққанын, қазір олардың саны жүз мыңның ол жақ бұл жағында екенін білуге болады.

Ал кітаптағы «Құмықтар» деген мақаладан түркі тілдес құмық тілінің Дағыстанда жүздеген жылдар бойы халықаралық қатынас тілі болғанын оқудың өзі түркі тілі аясының кеңдігін дәлелдейтін қызықты дерек. Алайда ашкөз отаршылдықтың ауқымы ұлғайған сайын тілдің де, халықтың да өрісі тарыла беретінін Р. Бердібай «Екіге бөлінген ұлыс» деген мақаласындағы қарашайлар мен малқарлардың қилы тағдырын әңгімелей отырып дәлелдейді, халықтың аз-көптігіне қарамай, оларды жер бетінен жойып жіберудің сыннан өткен әдістерін шебер пайдаланған отаршылдардың, әсіресе мұсылман халықтарына қырғидай тигенін, ол үшін «бөлшекте де билей бер» әдісін кеңінен пайдаланғанын айта келіп, патшаның аяр саясаты жөнінде мынадай ой түйеді: «Отаршылдар солтүстік Кавказдағы мұсылман халықтары арасына сына қағып арандату қиын екенін білген соң, тілі басқа ұлыстарды бір-біріне қосып, өзара бәсекелес етіп қоюды көздеген. Тіл бойынша бір топқа жататын адыгей, черкес, кабардыларды үш халық санатында бөлшектеп жіберген. Ал егер бұл ұлыстар бір автономиялы әкімшілік қарауына біріксе, сан жағынан көрнекті елге айналатыны кәміл еді. Қарашай мен черкесті, кабарды мен малқарды бір-бір әкімшілік аймаққа бөлудің түпкі есебі оларды өзара орысша сөйлеттіріп, арғы тегін ұмыттыру болатын… Мұндай анық озбырлықты «аз халықтарға қамқорлық» деп көрсеткен.» (115-бет).

Ғалым еңбектерінің, оның публицистикалық сарында жазылған шығармаларының және бір ерекшелігін атап өткен жөн. Ол қай елде болмасын, қандай мәселе қозғамасын әңгіме арқауына айналып отырған нәрсенің қазақ халқына, түрік тілдес бауырларға тигізер ортақ пайдасын

ешқашан естен шығармайды. Үнемі жеке мәселеден жалпылама ой түйіп, белгілі бір қорытынды шығарып отырады. Мәселен, оқырманмен Түркияға барған сапары жөнінде ой бөліскенде ғасырлар бойында шаңрағы шайқалмаған, іргесі таймаған, туы жығылмаған Түркия елінің тарихы мен мәдениеті, өмірдің сан саласында қол жеткізген табыстары төңрегінде тамсана әңгімелеп, құрғақ баяндай бермей, үйренетін, үлгі алатын, бізде де осылай болса дейтін тұстарын ортаға салып, пікірлесіп отырады. Осы жақсы тәжірибені неге іліп әкетпеске дегендей емеурін білдіреді. Соның бірі – түріктердің термин жасау принциптеріне үңіледі. Тіл жанашыры ретінде мұның бізге пайдалы тұстарын атап көрсетеді. Айталық, олар белгілі бір ұғымның баламасын іздегенде сөздерді ең алдымен өз тілінен, одан қалса, басқа түрік халықтарының тілдерінен іздейтінін, осындай мүмкіндіктерді сарқып болғаннан кейін ғана еуропалық, интернационалдық терминдерді қабылдайтынын, ақылға қонымды, өмірге икемді осындай принциптерді біздер де негізгі нысана етіп ұстауымызға болатынын еске салады.

Ой айту, пікір білдіру арқылы халқының мәртебесін асырсам, бір кезде дүниені тітіренткен түрік жұртының соңғы ғасырларда қағажу көрген қаһарман тарихын, ол туралы жосықсыз бұрмаланған шындықты оның өзі де, өзгелер де таныса екен деген арман ғалым шығармасының бүкіл лейтмотивінен көрінеді.

Әрідегі дәуірлердің терең қатпарларына бойламай-ақ, Түрік қағанатынан бергі бір жарым мың жылдық тарихымыздың өзі ата-бабаларымыздың іргесі берік, айбынды мемлекет құрғанын, бүгінгі Монғолияның даласында сақталып тұрған Құлтегін, Білгеқаған, Тоныкөк жазулары өз кезеңінің ақиқатын мәңгілікке қалдырған жазба ескерткіштер екенін, бұл жазудың өзінің шығу дәуірі жағынан славян халықтары қолданып жүрген әліппе – кирилицадан көнелігін әңгімелеуден бастайтын «Түрік қағанатынан Түркістанға дейін» деген көлемді туындысында, Қазақ хандығының ежелгі астанасы Түркістан қаласының қилы тарихы туралы жазылған «Баскент туралы бірер сөз» деген мақаласында, қазақ халқының аумалы-төкпелі тарихын ақтаратын, халық болып қалыптасу жолындағы қиындықтардан сыр шертетін «Шерлі шежіре» деген еңбегінде, жау шапқыншылығынан бас сауғалап, шетел асып кеткен қазақтардың өмірінен мәселе қозғап, ой тастайтын «Ата жұртты аңсаған» деген шығармасында, дін сенімін нығайту, экология қатері, тілді дамытуға қатысты проблемалар төңрегінде оқырманмен пікір бөлісетін «Үш бірлік» деген жаратындысында, месхет түріктерінің трагедиялық тағдырын әңгіме арқауына айналдырған «Арман алдамайды» деген мақаласында ғалым өзіне ғана тән стильмен көптеген тың мәселелер, халқымыз үшін маңызы зор проблемалар көтереді. Олардың бәрін тізіп шығу мүмкін болмағандықтан, автор ойының желісі нені меңзейтінін атап өтумен ғана шектелмекпіз. Біз кімбіз, қандай елміз, халықтың бірлігін қалыптастыру, бүтіндігін нығайту үшін, ислам діні аяқ асты болмау үшін не істеу керек, рулық өлшемнен қайтсек құтыламыз, ұлттық сана деңгейін көтерудің жолдары қайсы, шеттен келген қандастарға қамқорлық қай

дәрежеде, түркі тілдес бауырлармен тұрақты байланыс орнатудың тиімді жолдары қайсы? Осы және тағы басқа мәселелер ғалымды толғандырады.

4

Осындай толғаныс, халқының бүгіні мен ертеңіне алаңдаушылық, ұлттық сананы қалыптастыруда, тілді дамытуда, дінді насихаттауда, республиканы мекендеген басқа халықтармен қарым-қатынаста атқарылып жатқан істер, оларды жетілдіре түсудің жолдары, республиканың, ұлттың ілгерілеуіне өзге елдердің оң тәжірибесін тиімді кіріктіру мәселелері, ортаға тасталатын және басқа ойлар, пікірлер, тұжырымдар ғалымның «Ел боламыз десек…» деген келесі бір публицистикалық толғамдарының басын біріктірген қомақты кітапта топтастырылған.

Бұл кітабында да автордың елдік, ұлттық, халықтық мәселені бәрінен жоғары қоятыны, бүкіл саналы тіршілігінің осы іске бағындырылғаны бірден аңғарылады. Кітап төрт тараудан тұрады. «Ұлы арман», «Тіл тағдыры – ұлыс тағдыры», «Мұраттастар мәжілісі», «Ел қазынасы – ескі сөз» деген тараулардың әрқайсысының өзіндік көтерер жүгі бар. Басқаша айтқанда, әрбір тарау жеке кітаптың рөлін атқаратындай әсерге бөлейді. Ең бастысы – бұларда айтылатын әңгімелер ғалымның елге, оның бүгіні мен болашағына қатысты оқырманмен ой бөлісулерін қамтиды, автор қайтсек көшімізді түзейміз деген беймаза да қамқор көңілінің алаңдаушылықтарын білдіреді.

Кітаптың беташарында «Ұлт тағдыры туралы толғау» деген тақырыпшаның берілуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің кітапты әлеуметтік маңызды әдебиет тізіміне енгізуі де шығарманың көкейкестілігін көрсетеді. Бұған еңбекпен танысу барысында оқырманның өзі де көз жеткізеді.

Мұнда да автор қандай тақырыпты әңгіме арқауына айналдырмасын, – фольклор мұрасы жөнінде айтса да, газет тілшісімен әдебиет жөнінде сұхбаттасса да, экология, тіл, дін мәселелерін қозғаса да, халық музыкасын сөз етсе де, қазақ мектебінің мәселесін көтерсе де, қазақтың арғы-бергі көрнекті мәдениет, ғылым қайраткерлері туралы ой өрбітсе де, – барлығында да оларды ұлт тағдырымен, ұлтты өркендету жолдарымен шендестіріп, ұсыныстар айтып отырады. Егер ғалымның осы кітаптағы және басқа еңбектеріндегі, күнделікті баспасөзде жиі жарық көріп тұратын мақалаларындағы ұлттың дәстүріне, тарихына, тіліне, әдебиеті мен өнеріне, мәдениетіне қатысты айтқан ұсыныстарын тізімге алып, оның маңыздылығына мән берілсе, ұлттың өркендеуіне қосылған өлшеусіз үлес болар еді. Өкінішке қарай, ғалымның құнды ұсыныстарының кейбіреуі ғана жүзеге асырылып, көпшілігі айтылған жерінде, қағаз жүзінде қағажу қала береді.

Осындай құнды ұсыныстар мына кітапта да молынан қамтылған. Олардың тақырып аясы да кең, халықтың әлеуметтік-мәдени өмірінің барлық

саласын дерлік қамтиды. Мақалаларының бірінде «ескі түркі әдебиетінің туындыларын меңгеріп, рухани даму қасиетіне жаратуды» (17-бет), «қазақ халқының көркемдік мәдениетіне қатысты кем дегенде 2000 жылдық тарихы бар әдеби-фольклорлық ескерткіштерді жекелеп те, топтап та зерттеуді» (103-бет) сөз етсе, енді бірінде «мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытып, ой-өрісін кеңейтетін сан-сала суреттік кітапшалар мен қолданбалар шығару», «бастауыш мектептен бастап, жоғары оқу орындарының түрлі пәндері бойынша қазақ тілінде төл оқулықтар шығару», «Қазақ тіліндегі кітаптардың тақырыптық шеңберін кеңейту», «Дүние жүзінің ең үлгілі ғылыми, көркем ескерткіштерін қазақ тіліне тәржімелеу» (25-26-беттер), «Шет жақта жүрген отандастарымыздың рухани дамуына көмектесу» (38-бет) керектігін ескертеді, үшінші бір мақаласы мемлекеттік тілді дамытудың, оны өмірдің барлық саласына енгізудің, халықтық музыканы насихаттаудың өзекті мәселелерін қаузайды.

Туған тілінің бүгінгі хәл-күйі ғалымды айрықша толғандыратыны осы еңбектен айқын аңғарылады. Бұл жөнінде кітаптың өн бойында ретіне қарай пікір білдіріліп отыратынын былай қойғанда «Тіл тағдыры – ұлыс тағдыры» деген бір тарау түгелдей мемлекеттік тілдің көкейкесті мәселелерін қозғауға арналған. Онда мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілінің еліміздегі мәртебесіне қатысты батыл да дәлелді ойлар ортаға салынады. Тарауда топтастырылған «Шегінерге жер жоқ», «Заң көкпар емес», «Өзен басынан былғанбасын», «Өзіңнен туған ұл өзекке тепсе», «Дүбәрадан дұрыстық шықпайды», «Қақпақылға түскен қайран тіл», «Ұлт рухы сезілсе», «Теңдік сұрар күн туса», «Мемлекеттік… әрі ұлтаралық», «Мәңгілік кепілі» деген публицистикалық шығармаларында ғалым қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына тек қазақтар ғана емес, әділдік сезімін жоғалтпаған барша халық өкілдерінің тілектес болғанын, Заңға күмән келтіруге дәті барғандардың арсыздығына таң қалатынын (151-бет), ешқашан шектеу көрмей келген орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру мәселесін талқылаймыз дегенді біржола ұмыту керектігін (157-бет), қазақ тілінің құрдымға біржолата түсіп кету процесінің тоқталғаны көңілімізге үміт ұялататынын, қазақ отаншылдары, орыс халқының және басқа ұлттардың адал ұлдары қазақ тілінің шыққан биігінен қайта құлап түсуіне жол бермес деп сенетінін (166-бет), халықты өзінің төл есімінен, тілінен, жерінен жұрдай еткісі келетіндердің дегені болмайтынын (168-бет), Ата Заңымызда «біз, қазақ халқы және Қазақстандағы барша халықтар» деп айтуға жүрексінсек, былайғы тіршілікте ұлтпыз деп ашық айтуымыз екіталай болмақтығын (172-бет), тілімізді өзіміз құрметтеу үлгісін көрсетпесек, басқаларға өкпелеудің орны жоқтығын (176-бет), туған халқының қасиетінен хабарсыз өскендерді космополиттік дағдыдан қайтарып, өз елінің тілін, салтын қадірлейтін ететін батыл шаралар керектігін, ал бүгінгі жас буынға толық ұлттық тәрбие беру – ел боп жасауымыздың мықты кепілі екендігін (186-бет) шабыттана да ширыға да толғайды.

Ұлттың ұлт ретінде сақталып қалуының бірден бір кепілі – ана тіліне деген перзенттік жанашырлығын автор мынандай пікірмен тұжырымдайды: «Дүниедегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оның кең тыныспен табиғи дамуы, ұлт ретінде өмір кешуіміздің аса қажетті шарты екенін басшымыздан қосшымызға дейін мойындап, оны сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындағанда ғана ілгері басамыз. Қазір тіліміздің рухы мен мәнін қалпына келтіруге, оны әлемдегі ең озық ғылыми халықаралық тілдердің қатарына қосуға қолайлы кезең туып отыр. Жүздеген жылдарда кеткен есеміздің орнын толтыруға тағдырдың беті бері қарап отырған сәттілікті толығымен пайдалана алмасақ, болашақ буындар алдында кешірілмес айыпқа батамыз. Сол үшін бүгінгі таңда «ана тілі үшін күрес – ұлт келешегі үшін күрес» деген сөздер сарқылмас қуат беретін ортақ ұранымыз болсын.» (190-бет).

Ғалымның халқына деген шынайы махаббаты, елдігімізді жоғалпасақ екен деген игі тілегі үнемі ол үшін не істеу керек деген сауалдармен астасып, кітапта оған жұртшылық көкейіне қонымды жауаптар беріліп, ұсыныстар айтылып отырады. Ел мүддесіне қатысты ондай көкейкесті пікірлер тұрмысымыздың, мәдениетіміз бен өнеріміздің сан-саласын қамтитынын жоғарыда айтып өттік және олардың бәрін бірдей мұрнынан тізіп беруді орынсыз деп санаймыз. Дегенмен де халық мұрасына, соның ішінде музыкаға қатысты автордың жүрегін сыздатқан, сонан соң қалам ұшынан запыран болып төгілген мына бір жолдарды айтпай кете алмадық: «Қазақты ұлттық ерекшелігінен айырғысы келгендердің бір құрығы халық музыкасына түсіпті. Бұндай «әккілік» «мен озбырмын» деп төтелеп келмей, «теория» қисынын жамылып, өте нәзік, жымысқы жолмен бой көрсеткен. «Қазақ музыкасы социализм дәуіріне сәйкес келмейді, еуропалық саз, опера жүйесіне көшу ғана бірден-бір дұрыс бағыт» деп музыка көшін табиғатымызға жат арнаға итермелегендердің ішкі пиғылын аңғару да оңай емес еді. Қазақ халқының ең білімді, саналы, зиялы қауымын «халық жауы» атандырып, жоқ қылған соң, «мынауың дұрыс емес» деп еуроцентристерге қарсы шыға қоярлық күш те ол кезде табыла қоймайтын. Ұлт деген сөзді айта қалғандарға «ұлтшыл» деген таңбаны баса салу оңайдың оңайы еді. Сонымен, не керек, музыканың теориялық, методологиялық «майданында» саз өнерінің еуропалық үлгісін бірыңғай дәріптеушілердің дегені болып, халық әндері мен күйлері екінші кезекке ысырылып шыға берген. Шұғыл түрде опера жасаудың, оны қазақ музыкасының ірі жетістігі деп марапаттаудың тасасында ұлттық саз өнерінің тамырына балта шабу процесі үздіксіз жүргізіліп жатты… Қазақ музыкасын еуропалық жүйеге түсіруді көксегендер бұл күнде негізгі мақсатына жеткенін «тойлап» атап өтуіне болады. Халқымыздың ғажайып сұлу да бай ән, күйі төрдегі орнынан сырылып, босағадан сығалап қалған қасіретті шындықтың куәгері болып отырмыз… Ән де, күй де үздіксіз орындалып, үлкеннің де, кішінің де құлағына сіңісті болып жүрмесе, мейлі жауһар не алтын болса да, ұмыт бола береді екен… Қазақша ән, күй есіттіретін жалғыз «Шалқар» каналын жауып тынғаннан кейін… тұрпайы қышқырып, құлақ тұндыратын

жат сарын толық үстемдік құрып алды… Осылайша еуроцентристер, космополиттер қазақ еліне рухани экспансиясын белгілі белеңге жеткізіп, дарынды халқымызды мәңгүртке айналдырып отыр… Сан ғасыр бойында күштілердің ығында келген жұртымыз тәуелсіздікке қол жеткен заманда ұлт дәстүрін мұншама қорлыққа түсіруге көнбейтінін ашық білдіруі керек» (142-143, 145-146-беттер) дей келіп, ғалым халық музыкасын дамытуға қатысты: «Шалқар» каналын қайтадан іске қосу, қазақтың халықтық музыкасы жинағын том-том етіп басып шығару, радио мен телевидениеде дәстүрлі әндер мен күйлерді бағдарламаға қосып отыру, музыкалық оқу орындарында халқымыздың байырғы төл музыкасын үйретуге кең орын беру, қазақ музыкасының классикалық үлгілерін жасаған халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы туралы әдеби-музыкалық хабарлар беріп тұру, ұлттық музыка тарихы мен теориясы жөнінде мақалалар, зерттеулер, диссертациялар жазуды жүйелі түрде жолға қою, «Қазақ музыкалық энциклопедиясын» шығаруды ойластыру, қазақ музыкалық мәдениетінің бұрынғы және болашақтағы тағдырын ұдайы қадағалап, талдап, бұл тараптағы жұмыстарды бағдарлап отыратын тұрақты комиссия құру (146-бет) қажеттігі туралы бірнеше құнды ұсыныстарды көлденең тартады.

5

Айта берсек, ғалымның қазақ елінің арғы-бергі мұң-мұқтажынан бастап, түрік әлемінің ғажайыптары туралы сыр толғаған тартымды да танымдық әңгімелерінің ұшы-қиыры жоқ деуге болады. Әдебиет пен мәдениеттің сан алуан жанрларын, ондаған ғасырлардың тарихын қамтитын бұл еңбектерді болашақта жинақтап, жүйелеп мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарының студенттеріне оқулық ретінде ұсынса, келешек ұрпақтың бойына отаншылдық ұрығын себетін, оларды патриоттық рухта тәрбиелейтін, жеткіншектер санасына ұлтжандылықты жас кезінен дарытуға септігін тигізетін, тағлым алар тамаша бір игілікті іс болар еді деген ойдамыз.

Мысалы, ғалымның 2000 жылы жарық көрген, Шығыстан шыққан есімі әлемге мәшһүр Ж.Баласағұн, А.Яссауи, А.Йүгінеки, Низами, Науаи, Мақтымқұлы, Бердақ, Біләл Назым тәрізді түркі тілдес халықтардың даналарынан бастап, қазақтың Абай, Мағжан сияқты данышпандарына дейінгі исі түркі поэзиясының жарық жұлдыздары жайындағы зерттеу еңбектері енген «Жұлдыздар жарығы» деген кітабын танымдық тұрғыдан алғанда дайын оқулық деуге болады.

Мұнда автордың ХІ-ХХ ғасыр аралығындағы түрік әдебиетіне қатысты ой-пікірлері жинақталған. Дәлірек айтқанда, ғалым бұл еңбегінде осы уақыт аралығында өмір сүрген, Кеңес үкіметі кезінде әңгіме ауанына қарай оқта-текте ғана ауызға алынатын, Шығыстың кемел ойлы ақындарын оқырманға кеңірек таныстыруды мақсат тұтқан. Және оларды бір еңбектің аясына жинақтап, сабақтастықпен, топтастырып беруінің де мәні бар. Осы арқылы

ол жалпы алғанда Шығыс халқының, соның ішінде түрік жұртының қаншалықты білімдар, қаншалықты кемел болғанын, халық даналығының тақыр жерден басталмайтынын, арши, көре білген адамға оның тамыры тереңде жатқанын оқырманға және бір сездіріп қойғысы келгендей.

Еңбектің және бір құндылығы онда ғылыми айналымда бұрыннан бар, есімі жұртшылыққа таныс Шығыстың атақты ғұламалары мен ақындарының шығармалары тапқа, жікке бөлу тәрізді қасаңдықтан ада, таза ғылыми тұрғыдан талданумен бірге, бұрын оқырманға беймәлім болып келген есімдердің де аталуы дер едік. Мәселен, түріктің ұлы ақыны Юнус Емре, өзінің туындыларын қазақ, башқұрт, татар тілдерінде жазған, ағартушы ақын, ойшыл Ақмолла (Мифтахетдин) Мұхамедияров, құмық халқының ұлы ақыны Ирчи Қазақ (Жыршы Қазақ) (шын аты Қазақ Татархан оғлы) тәрізді көрнекті ақындар өлеңдерінің қоғамдық, әлеуметтік мәні, көркемдік ерекшеліктері әңгімеленеді. Сол сияқты Майлы Сұлтанқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Мұсабек Байзақұлы, Шәді Жәңгірұлы, Ергөбек тәрізді есімдері қазақ әдебиетінде сирек аталатын ақындардың шығармаларына тереңірек тоқталып, олар қалдырған мұраның күні бүгінге дейін халық жадынан өшпеуінің мәнін түсіндіреді.

Сөз реті келгенде ғалымның арғы-бергі өткен, қазіргі көзі тірі көрнекті ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, ақындардың, жазушылардың шығармашылық портреттерін сомдаудағы шеберлігін, кейіпкерінің бойындағы суреткерге тән қасиеттерін туындыларды талдаумен шебер ұштастыра отырып, оқырманға дөп басып, қапысыз жеткізе білетін ұтқырлығын айта кеткеніміз жөн. Бұған оның «Ел боламыз десек…» атты кітабындағы қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев, көрнекті әдебиетші Бейсембай Кенжебаев, белгілі ақын-жазушылар Сафуан Шәймерденов пен Мұзафар Әлімбаев туралы жазған «Нәзірдің жұлдызы», «Кемелдіктің бір қыры», «Ғалым тағлымы», «Азамат сөзін айта білген», «Сөзден інжу іздеген» деген очерктері және «Жұлдыздар жарығы» деген еңбегінде сөз болатын Шығыс ғұламаларының, ақындарының шығармашылықтарын талдап көрсетуге арналған туындыларымен танысу арқылы анық көз жеткізуге болады.

* * *

Осымен көрнекті ғалым Р.Бердібайдың шығармашылығына жасаған азды-көпті шолуымызды тәмәмдауға да жақындадық. «Азды-көпті», «шолу» деген сөздерді жайдан-жай қолданып отырған жоқпыз. Өйткені энциклопедист-ғалым Р.Бердібайдың өмірінің мағынасы болып саналатын, халықшылдық сарындағы сан тарау еңбектеріне талдау жасап, баға беру әркімнің қолынан келетін шаруа емес. Сондықтан біз тек оқырман ретінде қадағалаған өз ойымызды ғана ортаға салғанымызды және бір ескерте кеткіміз келеді.

Алайда ақиқаттығына ешкім шүбә келтірмейтін бір шындықты айтпай кетуге және болмайды. Ол – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Рымғали Нұрғали марқұмның сөзімен айтқанда, не істемесін, мейлі мақала жазсын, кітап шығарсын, халық университеті жұмысына аралассын, аудиторияда, ғылыми мәжілісте, теледидарда, радиода сөйлесін, мәртебелі мекемелерге ұсыныс түсірсін, ең ақыры дастархан үстінде кеңес құрсын, – бәрібір түптеп келгенде, Рахманқұл Бердібайдың барлық қаламгерлік, әлеуметтік әрекетінің алтын өзегі, құлақкүйі біреу: ол – ұлт қамы, азаттық идеясы, еркіндік сарыны.

http://www.qazaquni.kz/2017/08/07/73189.html

Орынбек Жолдыбай,

филология ғылымдарының кандидаты