Маңғыстау облысы: Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі көңілдегідей
Бірінші жартыжылдықта 10 мың адам «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысқан. Оның 9 мыңына нақты көмек көрсетілген. Мұны кезекті аппарат жиынында Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова мәлімдеді. Сондай-ақ, жиында «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы да талқыланды.
Жыл басынан бері 4 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 900 адам әлеуметтік жұмысқа жұмылдырылған. 800-і жастар практикасына жолданып, 300-ден аса адам сандық сауат ашу курсынан өткен. Мұның бәрі «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүзеге асты. Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде «Бастау» бизнес жобасы арқылы 16 адам шағын несие алып кәсібін ашқан.
— «Бастау» бизнес жобасы аясында бірқатар жұмыссыз жандар тегін оқудан өтіп, кәсіпкерлікті игерді. Атап айтар болсам, 324 адам оқудан өтті. Оның 303 сертификат алды. 161 адам бизнес жобасын қорғады. Сондай-ақ, жұмыс күші тапшы өңірлерге тұрғындарды тарту да қарқынды жүргізілуде. Осы 1-2 айдың ішінде Павлодар мен Шығыс Қазақстан облысына 13 отбасы қоныс аударды, — дейді Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2017-2018 оқу жылында 1500 адам жұмысшы мамандығын тегін оқиды. Оның ішінде 1175 адам 9 сынып базасында оқыса, 356 адам 11 сынып базасында білім алады.
— Қазіргі таңда 70 пайызға орындадық. Енді қалған мүмкіндікті біз қазір жұмыс жасап жатырмыз. Осы бағытта аудан қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты одан әрі жандандырып, бағдарламаға тиісті мамандарды дайындауымыз керек, — дейді Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова.
Өңірде кәсіпкерлікке қолдау жоғары. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы — осының айқын дәлелі. Бағдарлама шеңберінде 7 айдың ішінде облыста 112 жоба іске қосылған.
— Биыл кәсіпкерлік саласы үшін табысты жыл десем, артық айтқандық емес. Жобалар саны былтырғы жылға қарағанда 30 пайызға өскен. 500-ден аса жұмыс орны ашылды. Жобалардың басым бөлігі аудандарда жүзеге асып отыр. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін өседі деп ойлаймын, — дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева.
Жобалардың басым бөлігі сауда-саттық, өңдеу өнәркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылған.
Айман Оңғарбайқызы