Уақыт дегеніміз-Өмір
Адамзаттың уақыт пен мекенге мұқтаж екендігіне ешқандай талас жоқ. Аядай мекенге көп нәрсені сыйғызуға болады, алайда аз уақыт ішінде көп істі жасағанмен, оның толыққанды сапалы болу мүмкіндігі өте төмен.
Адам ата заманынан қияметке дейінгі бүкіл адамдардың өмір сүретін орны – Жер беті. Бірақ олардың әрқайсысының уақыты бір-бірінен мүлдем бөлек. Біздің бір жерден шығып, қайта оралуға толық мүмкіндігіміз бар. Алайда, өткен уақытты қайтару ешкімнің де қолынан келмейтін шаруа. Сондықтан да уақыт мекеннен артық тұрады. Уақыт өмірімізден бөлек емес, уақыт пен өмір арасындағы байланыс күн мен оның сәулесі арасындағы, ағаш пен жемісінің, көз бен көру арасындағы байланыс секілді өте тығыз. Демек, уақыт дегеніміз – біздің өміріміз. Уақытты босқа өткізу – мезгілі өлшеулі, құны өлшеусіз өз өмірімізді рәсуа қылу деген сөз. Бізге бір-ақ рет берілген мүмкіндік және мәңгілік ғұмырдың кілті осы өмірде. Осыны зая қылмау үшін бірінші уақыттың қадірін білу керек және сол аралықты қалай пайдалануды жақсы меңгеру қажет.
Қасиетті Құран Кәрім мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттерінде сынақ өмірдің сыры арқылы уақыт ұғымының маңыздылығын көрсетіп, құдды оны шебер қолдануды үйретеді. Шариғатта адам өмірінің әрбір сәтінен сұралатындығы, берген байлықтың қай жолда, қалай жұмсалғанынан есепке тартылатындығы ашық баяндалады. Күн мен түннің бір-бірін қуалап, асқан дәлдікпен жылжуын қамтамасыз еткен Алланың адам баласын босқа жаратқандығын айту үлкен әбестік. Уақытқа серт етіліп басталған «Ғасыр» сүресінде иман, ізгі амал, туралыққа және сабырлыққа шақырумен өтпеген өмірдің бәрі ысырап болғандығы, бұлай тірлік еткен адамдардың баршасы қасіретке ұшырайтындығы қатаң түрде ескертіледі. Серт тек қана маңызы зор нәрселер үшін жасалады. Бұл да серттің әсерін күшейту үшін керек-ті. Құранда:«Бір іс біткенде дереу екінші іске кіріс, сонымен айналыс, Раббыңа жөнел», – дейді («Инширақ» сүресі, 7-8-аят). Тағы бір аятта: «Жақсы істе жарысыңдар» («Бақара» сүресі, 148-аят), – делінсе, азаптан құтылған мүміндердің ерекшелігін сипаттаған басқа бір аятта: «Олар бос және пайдасыз істерден аулақ жүреді» («Муминнун» сүресі, 3-аят), – делінген. Осылайша мұсылмандардың уа-қыттарын босқа өткізбейтіндігін білдіреді.
Ал енді сүннетке келер болсақ, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Қиямет күні бес нәрседен сұралмайынша құлдың аяқтары тұрған жерінен тапжылмайды. Өмірін қалай өткізгендігінен, жастық шағын қалай және немен өткізгендігінен, дүние-мүлкін қайдан тауып, қай жерге жұмсағандығынан және білімін қалай қолданғандығынан», – делінеді (Тирмизи, Қиям, 1).
Өмір жер бетіндегі тірлік иелерінің барлығына берілген тең сыбаға. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Бес нәрсе келместен бұрын мына бесеудің қадірін біліңдер: қаусаған қарттықтан бұрын желкілдеген жастықтың, сырқаттанбастан бұрын денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, қарбаластан бұрын бос уақыттың, өлместен бұрын өмірдің», – деген өсиет айтылған (Бұхари, Риқақ, 3. Тирмизи, Зүһд, 23).
Сондай-ақ: «Екі нығмет бар, адамдардың көпшілігі бұл екеуінің қадір-қасиетін білмей опық жеп қор болады. Біріншісі – денсаулық, ал екіншісі – бос уақыт», – деген хадистің де адамдар үшін мәні зор (Бұхари, Риқақ, 1). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екеуінің қолдан кеткеннен кейін қайтарылуы еш мүмкін болмайтындығын және аса қымбат бола тұра адамдардың ғапылдықпен қадірін білмей сорлайтындығын меңзеген.