Уақыттан асқан билік жоқ

Уақыттан асқан билік жоқ,

Уақыттан озған жүйрік жоқ,

Адамға Алла бұйыртқан

Уақыттан қымбат сыйлық жоқ.

Өзіңді-өзің алдама,

Уақытты салма саудаға.

Жиырма төрт сағат берді Алла

Балаға, кемпір-шалға да.

Алмас Темірбай

Уақыт – біздің өміріміз. Уақыт өмірімізден бөлек емес, уақыт пен өмір арасындағы байланыс күн мен оның сәулесі, ағаш пен жемісі, көз бен көру арасындағы байланыс секілді өте тығыз. Адамның тыныс-тіршілігі ешқашан уақыттан тыс болуы мүмкін емес. Сен қашан ұйқыңнан оянасың? Қашан сабаққа барасың? Сабақтан қашан келесің? Ұйықтауға қашан жатасың? Бұл сұрақтарға жауап бергенде адамның бір күнгі өмірі туралы білуге болады. Ал уақыт ұшқыр, ол қайталанбайды. Біз шартты түрде адамның өміріне қатысты уақытты өткен күн, бүгінгі күн, және ертеңгі күн деп бөлгенмен, бүгінгі күн бәрібір ертеңге айналады. Ал ертеңгі күн бүгін болады да, ол да өте шығады. Орыс халқында күндер жүріп өтеді, айлар жүгіріп өтеді, жылдар ұшып өтеді (дни идут, месяцы бегут, года пролетают) деген сөз бар. Ол өмірден алынған шындық. Уақыт бір орында тұрмайды. Ол өзгереді. Сол сияқты уақыт көшіне ілескен адам да өзгереді. Адам мен уақытты бөлек, жеке-жеке қарастыру ешкімнің қолынан келмейді. Адамның қолынан көп нәрселер келеді. Біраз нәрсені жасап өзгерте алады. Бірақ адам уақытқа әсер ете алмайды. Оны өзгерте алмайды. Уақытын бағалап, оның қадірін түсінген адам, ең ақылды, ең бақытты. Уақыт көшіне ілесе алмаған кісі өмірде де артта қалады. Уақытпен үйлесім таппаған қоғам да өркениет көшінен артта қалады. Қандай істе болсын уақытты ұтымды пайдалану — үлкен өнер. Осыған қоса уақытым жетпейді деп, мазасызданған адам жетік. Уақыттың бағасын білмеген пенде, өмірдің де қызығын білмейді, деген ойдамын. Ойыма бірден мына өлең шумақтар келді:

Асықпайтын уақытта асығамыз,

Ақиқатты несіне жасырамыз.

Жолға шықсақ – жетуге асығамыз,

Жете салып, кетуге асығамыз.

Таңда – бала-бақшаға асығамыз,

Түсте – алар ақшаға асығамыз,

Мүлт кеткенді тергеуге асығамыз,

Біреу өлсе – жерлеуге асығамыз.

Таныса сап, дайынбыз достасуға,

Амандассақ, қаяумыз қоштасуға.

Үйлене сап, жатамыз ажырасып,

Асығамыз болуға тағы ғашық.

Жағаласып, сандалып, сабылысып,

Жүгіреміз қашанда алып ұшып.

Төзім құрып қалған ба, тағат тозып,

Әлде жүрегіміз кеткен бе сағатша озып.

Уақыт жоқ, уақыт жоқ деп, уақытқа бас ұрамыз,

Осы біздер қай жаққа асығамыз?,- сөзінің шыныңа келсек, неліктен адам өмірдің, уақыттың  құнын білмей небір басқа байлықтарға қол жеткізуін аңсайды. Жaйшылықта адамдардың бәрі бұл дүниеге бір-ақ рет келген қонақ екенін әбден сезіп біледі. Бірақ бұл бір-ақ реттік тамаша орайды жеткілікті қадірлеп, өмірін мән-мағыналы өткізу адам біткеннің бәрінің қолынан келе бермейді. Әсіресе жас шағыңызда адам өлмейтіндей, өмір таусылмайтын күндерден құралғандай сезіліп, адамды алдайды. Бейне өмір озбайтындай, тозбайтындай сезіледі де тұрады. Сондықтан әрқашан адам жігер, қайратының бар кезінде үйрену, еңбектену, басқа да түрлі ізденіс жасап, алға ілгерілеуге тиісті жақтарда барынша қарманып қалуға құлшынуы, уақытпен, аймен, күнмен, тіпті сағат-минутпен жарысып оны неғұрлым өз игілігіне жаратып, ұта түсуге ұмтылыс жасауы қажет. Бұл әрбір саналы, есті адамның бойынан табылуға тиісті асыл қасиет деп ойлаймын.

 

 

 Қанат Іңкәр

 Павлодар қаласы