Ұлттық кодты жаңғырту өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жағады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық кодты жаңғырту туралы келелі ойлар айтылды. Жалпы, мақаланың өзі — қазіргі қазақ қоғамының бет-бейнесін айқындап, алдағы мақсаттар мен міндеттер хақында іргелі жолды көрсетіп берген. Осы арқылы нендей қадам жасау керек, қандай істер атқару керектігін айғақтайды.

Ұлттық код дегеніміз не? Оны қалай сақтау керек? Филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Момынова бізге берген сұхбатында осы сұрақтарға жауап бере отырып, ұлттық код түсінігін жаңғырту мен қалыптастыруда белгілі адамдардың қаншалықты ықпалға ие екендігіне кеңінен тоқталды.

Қазақ тіл білімінде мемлекет қайраткерлері, саяси қайраткерлер тілі жеткілікті деңгейде зерттеліп жатыр ма?

  • Жалпы, масс-медиа арқылы таралатын саяси, мемлекетік қайраткерлер сөздерінің ұлттық кодтарды жаңғырту мен қалыптастырудағы әлеуеті өте жоғары. Басылым беттерінде қайраткерлердің тілін зерттеуге қатысты материалдар оқта-текте бой көрсетіп қалады. Ал былай кешенді түрде атқарылып жатқан жоқ. Мәселен, бұрын билер сөзінен, шешендік өнер шырқауынан бастау алатын лидерлер сөзі жазба әдебиетте алғаш «Қазақ» газетінде (1913-1918жж., Орынбор) көрініс бергені белгілі. Осы газетте саяси қайраткерлер ретінде идеялық бағыт-бағдар ұсынған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы қаламынан туған бас мақалалар арқылы лидерлер тілі өз ерекшеліктерімен қалыптаса бастады. Ал Кеңес өкіметі жылдарында бұл мәселе өз деңгейінде зерттелген емес. Оның бірнеше объективті себептері болды. Ең бастысы ел егемендігінің болмауы және қайраткерлердің өз сөздерін бірден-бір ресми тіл орыс тілінде айтып-жазуында еді. Сондықтан ол кездегі лидерлер сөзі аударманың аспектісі ретінде ғана қарастырылуы тиіс. Ол уақыттарда негізінен Лениннің, Сталиннің, өзге де өкімет басшыларының тілі стилистикалық, лексикалық талдаулардың аспектісі болды. Бүгінгі таңда өз саяси қайраткерлеріміз, Елбасы мен өзге де саясаткерлердің, парламент тілін қазақ тіл білімінің нысаны ретінде зерттеуге мүмкіндік туып отыр.

Жалпы, кез келген адамның әлеуметтік-идеологиялық тұрғыдан ой қорытуына, баға беруіне әлеуеті жете ме?

  • Олай түсінсек, дұрыс болмас еді. Бұл өзі «хан айтқанды құл да айтады, бірақ ауызының дуасы жоқ» дегенге саяды. Яғни, әлеуметтік-идеологиялық бағалау немесе қоғамдық құбылыстар туралы сөз қозғау тұлғалық «мен» арқылы қалыптасады. Сосын барып бағалауға ұласады. Адамның тұлғалық, адамгершілік, діни, саяси, эстетикалық, интеллектуалдық қарым-қабілеті және таным-түсінігінің дамуы адам санасының жоғары сатыға көтерілуімен, адам интеллектісінің жоғарылауымен пропорциялық қатынаста болады. Сондықтан әлеуметтік-иедологиялық тұрғыда сөз айту «бағалаудың субъектісімен», «тұлғамен», «индивид» тұлғасымен тікелей байланысты. Ал лидердің назарына қашан да қоғам үшін актуальды құбылыстар ілігеді. Сол сияқты әрбір кезеңде белгілі бір сөздер өзектеніп, әлеуметтік-идеологиялық жақтан бағаланып отырған. Осындай өзекті сөздердің бағасы белгілі мақсатқа бағындырыла отырып берілетіндіктен, қару ретінде қолданылған. Сондықтан тіл қашан да идеологиялық қару саналады. Қоғамдағы құбылыстарды бағалау адам санасында тоқтаусыз жүріп жататын процесс, ол адамның ойлау қабілеті арқылы іске асатын интеллектуальды-психикалық акт болып саналады. Қазіргі қоғамдағы жаңғыртулар тұсында жаңалықтар, түрлі әлеуметтік-саяси өзгерістердің БАҚ арқылы тілдік сипаты қалыптасуда. Қоғамдық құбылыстар мен өзгерістердің атаулары Президент сөздерінен орын алып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа таралуда. Айталық, 90 жылдардан басталған экономиканы ырықтандыру, ақша-қаржы жүйесін тұрақтандыру, білім гранттары, мемлекеттік гранттар тағы да басқа ондаған атаулар — соның дәлелі. Саяси лидер ретінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Назарбаевтың тілін зерттеуде оның айтулы даталарда сөйлеген сөзі, құттықтаулары, түрлі деңгейдегі кездесулерде айтқан сөздері, жыл сайынғы Жолдаулары тілдік материал бола алады.

Яғни, Елбасы сөздерінің жалпы лидерлер тілін қалыптастыруда әсері мол ғой?

  • Әлбетте. Мемлекетіміздің бірінші адамы Елбасы сөздері лидерлер тілінің көп ерекшеліктерін байқатып қана қоймай, оны қалыптастырады. Соған орай Президент тіліндегі жаңа қолданыстарды былайша тақырыптық топтарға бөлуге болады: саясатқа байланысты сөздер; экономика, қаржы саласындағы сөздер; білім, ғылым саласындағы сөздер; мәдени сала сөздері; ұлттық ұғымды, танымды жаңғыртатын немесе ұлттық кодтарды жандандырып, жаңғыртатын сөздер т.б. Мәдени кодтарды әркім өзінше түрге бөліп жүр. Бірақ есте үнемі болатыны — кез келген нәрсе, құбылыс код бола алмайды, код ретінде негізге әрбір ұлт мәдениетінің архетипі саналатын базалық кодтар алынады және ол әрбір ұлттың, ұлыстың әлемді түсінуінің қарапайым түрі ретінде тілдік санада орныққан, қалыптасқан болуы керек. Ал Елбасы Жолдауында осы базалық кодтар туралы терең түсінік бар әрі жаңа мағыналы көптеген сөз, сөз тіркестері кездеседі. Сол түсініктерді негіз етіп, заман ағымына ілесу үшін ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы өзгертудің бағыты туралы ой қозғайды.

Жаңа өзіңіз айтып отырған мәдени кодтар ғылыми ортада қалай бағаланады. Осы мәселені ғылымға сүйеніп сараптауға қандай мүмкіндік бар?

  • Ғылыми ортада мәдени кодтарды: соматикалық (тәндік); кеңістіктік; уақытша; заттық; биоморфтық; рухани деген түрлерге бөледі. Жалпы алғанда ғалымдар мәдени кодтардың эмпирикалық базасы ретінде статусы әрбасқа тілдік құбылыстарды алады. Ғалымдардың бір тобы диалектілік және субмәдени орта қолданылатын мәтіндердегі кодтарды, айталық, конфессионалдық және фольклорлық кодтарды, келесі бір топ жалпыұлттық әдеби тілдік фактілерді, көркем әдеби, діни-философиялық фактілерді негізге алса, орыс ғалымдары діни, яғни богословтық мәтіндерді негізге алады.Мәдени кодтарды екіге бөліп қарастырып жатады: субстанциональды, концептуальды немесе элементтердің ортақ мәніне негізделген, бірақ материалдық тұрғыдан әртүрлі кодтар бар. Бұл кодтардың ішінде вербалды кодтың орны бөлек. Себебі бұл код — мәдени кодтар жүйесіндегі жеке дара өзіндік ерекшелігі мол, тәуелсіз элемент, ол — МЕТАКОД. Өйткені метакод немесе концептуальды код басқа кодтарды да вербалдандыратын ерекше код. Ол белгілі бір ортада белгі, таңба заттық негізі бар нәрсе, құбылыс, әрекет түрінде кездеседі.

Президенттің мақаласы бізге сүрлеу салып беру тұрғысынан қандай маңызға ие?

  • Таралу аймағы мен танымалдығы және қолжетімділігіне қарай қазақ елі үшін жалпылық сипат алып отырған Президент мақаласы — әрі ортақ сипаты бар, әрі авторы белгілі саяси лидер сөзіне жатады. Президент жолдауы – тұтас, жүйелі мәтін. Ал мәтін Рухани жаңғыру қолданысының мәнін ашатын, мағынасын түсіндіретін көптеген жаңа қолданыстар арқылы тұтасып, лейтмотиві анық дүние болып тұр. Бұл қолданыстар — Жолдаудың мәтінін құрап, тұтастырушы қызмет атқарып тұрған тілдік бірліктер.
     
  • https://baq.kz/kk/news/ruhani_zhangiru/ulttik_kodti_zhangirtu_olgenimizdi_tiriltip_oshkenimizdi_zhagadi__professor20170824_183000