Ұлдың басынан сипама, арқасынан қақ!
Көбіміз елей бермейтін қарапайым нәрселердің өзі бала тәрбиесіне әсер ететін көрінеді. Бұл туралы жақында білдім. Бауыржан Момышұлының кітаптарын парақтап отырып, «Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған» деген жазуға көзім түсті. «Ұл баланы тек арқасынан қағып еркелету керек. Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып өседі. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Сондықтан оның арқасынан қаққан. Арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады», — деп жазыпты Бауыржан атамыз. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп, ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған екен.
Қыз жатжұрттық, қыздың бағы үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр талай қалай болады?» — деп, басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады.
Ата-бабамыз қандай дана болған деп таңғаламын. Расында да, кішкентай баланың басынан сипаңызшы, дереу төмен қарайды. Ал арқасынан қағыңызшы, автоматты түрде кеудесін жоғары көтеріп, басын да тік ұстап қайқая қалады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мән бар екен. Ұл бала тәрбиелеп отырған ата-ана осыны білгені дұрыс.
Бауыржан Момышұлы атамыздың жазбаларында мұндай құнды дүние көп кездеседі. Бұрын-соңды білмеген екенмін. Жазушы әрі батыр атамыздың бір естелігінде Қонаевтың әкесі Меңліахметтің баласына айтқан өсиеті келтірілген. Онда былай деп жазылған:
«Ұлым, ар-намысыңды әрдайым таза ұста, оны бір кірлетсең, тазарта алмайсың. Бақ-дәулет, ар-абырой, атақ-даңқ деген адамға шашының санына парапар даруы мүмкін. Абайламаса, соның бәрінен бес минутта-ақ айырылып қалуы ғажап емес.
Адамның көкірегінде де көзі болады. Оның маңдайдағы көзінен көруі артық. Сен, мәселен, бәр нәрсені қиялдап ойлап тұрып, көрмей-ақ қояйыншы деп бір жаман қылығыңды еске түсіргің келмей безінсең, бәрібір оны көкірек көзің көреді. Ұмытқың келген қылықтарыңның бәрі саған аян, бұл — көкіректегі көздің құдіреті. Егер ол көрмесе, яғни басыңнан өткенді тәжірибелі етіп пайдаланбай, ұмытатын болсаң, біреудің қайғысын көре тұрып теріс айналсаң, онда көкірек ата-анасың. Мұндай жаман аттан сақтан. Көргенсіз, көкірек деген атауға ілікпе, бұларды жау деп біл.
Ер адамның қайғы орнататын тағы бір жау бар. Бұл жау жауынды көбейтеді. Ол — жолында кездесер қылымсыған күлімкөздер. Олардан да сақтан. Қармағына түсіп қалсаң, өмірің өксікпен өтуі мүмкін. Оның түгі кетпейді. Сен ел бетіне тура қарай алмайтын қарабет болып шығасың. Неге десең, оның әке-шешесі, күйеуі, қайын атасы, қайын енесі, туыстары, нағашы жұрты, құда-жекжаттары бар. Солар біліп қалса, бәріне жексұрын боп, өзіңе көп жау тауып аласың. Ондай қарым-қатынасты жасырам деп ойлама, бәрібір бір күні ашылады. Ашылмаған күнде өз ұятыңның алдында не айтасың?
Балам, таза жүріп, таза тұр. Ең құрығанда қасқыр құрлы ақылың болсын. Қасқыр біреу оның алаңдағы күшігін алар болса, ол ауылдың астаң-кестеңін шығарады. Жолбике әйелдің кесапатынан осы тәрізді ауыр жағдайға ұшырап жүрме».
Еліміздің дара тұлғаларын тәрбиелеген дана аталарымыздың осы бір өсиеттерін, ақыл сөздерін әр ата-ана бала тәрбиесінде қолданса екен деймін. Сонда ұл ер мінезді, қыз ибалы болар еді деп ойлаймын.
Мадиярдың хатынан, ОҚО