Ж. Түймебаев, ОҚО әкімі: «Әкімдердің жұмысы инвестиция тартумен бағаланады»

Өңірдің дамуына сыртқы инвестицияның қосар үлесі зор болуы керек. Ол үшін аудан әкімдері кәсіпкерлер мен инвесторларға барлық тиісті жағдайларды жасауға міндетті. Жуырда облыстық әкімдікте өткен селекторлық отырыста Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осылай деп мәлім етті.

«Облысқа 180,6 миллиард теңге инвестиция бағытталып, көрсеткіш 2016 жылдың тиісті кезеңінен 33 пайызға артты. Инвестиция көлемінің ұлғаюы Мұнай өндіру зауытының жаңғырту жұмыстарының есебінен орын алып отыр.  Бұл көрсеткіш республика бойынша 1- орында», — деді  облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов.

Десек те, бірқатар аудан-қала әкімдіктерінде тек бюджеттік инвестициялармен шектеліп, жеке инвестиция тарту бойынша жұмыстар төмен деңгейде жүргізілуде. Осы мәселеге айрықша мән берген өңір басшысы аудан-қала әкімдеріне тиісті ескертпелер жасап, тапсырмалар жүктеді.

— Аудан-қала әкімдерінің жұмысы осы сыртқы инвестиция тарту көрсеткіштеріне қарай бағаланатын болады. Жыл соңында барлық әкімдердің жұмысы сараланғанда осы мәселеге мән беріледі. Сондықтан қарап отырмай сыртқы инвесторларды қызықтыратын жақсы жобаларды әзірлеп, мемлекет тарапынан жасалынатын барлық жағдайларды тиісті деңгейде атқарғандарыңыз жөн, — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Осылайша облыс әкімінің тапсырмасы алдағы уақытта аудан мен қала басшыларының жұмысына серпін беріп, сыртқы инвестиция тартуға деген құлшынысын арттырады деген сенім бар

Шалқар БЕК,

Оңтүстік Қазақстан облысы.