Ислам дінінде бос уақыт, демалыс деген ұғым жоқ
Ислам дінінде бос уақыт, демалыс деген ұғым жоқ. Христиандарда жексенбі, иаһудилерде сенбі қасиетті саналып, олар сол күні демалса, мұсылмандардың мейрамы болған қасиетті жұма күнінде ешқандай демалыс жоқ. Бұл туралы Құранда Алла Тағала: «Ей, иман еткендер! Жұма күні намазға шақырылған сәтте сауда-саттықтарыңызды доғарып, Алланы еске алуға асығыңдар, егер білсеңіздер, бұл сіздер үшін қайырлы. Намаз оқылған соң жер жүзіне таралып, Алланың кеңшілігімен ырзықтарыңызды іздеңіздер. Алланы көп еске алыңыздар, бәлкім құтыласыздар» («Жұма» сүресі, 9-аят), – дейді. Яғни, мұсылмандар қас-қағым сәтке болса да босаңсымай, құлшылығын, еңбегін қалтқысыз орындауы тиіс. Дін ғылымында «Ибнул уақыт» деген тіркес бар. Бұл әрқашан уақытпен санасып, әр нәрсені мерзімінде толық істеп, істі асықтырмай, кешіктірмей орындау, уақыттың баласы болу деген сөз.
Үнемдеп, сақтауға ең лайық әрі қымбат нәрсе – уақыт, бірақ өкінішке орай, ең оңай өткізілетін де уақыт болып тұр. Кейбір бауырларымыз атам қазақ уақытқа мән бермеген деп әрдайым кешігіп жүретіндігін мақтан тұтады. Бәлкім мән бермейтін шығармыз, бір секундта жарық үш жүз мың шақырым қашықтықты жүріп өтеді. Демек, бір сәттің өзінде де ақылға сыйымсыз істер жүзеге асып жатады екен.
Сондықтан болар, Имам Шафиғи: «Уақыт өткір қылыш іспеттес, егер сен оны кеспесең, ол сені кеседі», – деген. Адам баласы өзіне берілген өмір мерзімінің қаншалықты екендігін білмегендіктен, уақыттың қадірін сезбейді. Адам өмірінің соңына еруі уақытының біткені деген сөз. «Ажал» сөзі «белгіленген уақыт» деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үмметімнің өмір сүру жасы алпыс-жетпіс жыл аралығында», – деген. (Тирмизи, Зүһд, 23, Ибн Мәжә, Зүһд, 27). Ал енді алпыс жас өмір сүрген кісі күніне сегіз сағат ұйықтаса, бір жылда 2920 сағат, яғни 121.1 күн деген сөз. Өмірінің үштен бірі. Ұйқыдан артылған қырық жыл қалды, соның тамақ жеуге 4 жылы, автобус күтуге 5 айы, лифтіде 3 айы, тіс тазалауға 3 айы, бағдаршамда 1 айы, аяқ киім киюге 8 күні кетеді екен. Қалғанын есептей беріңіз.