Дінімізде сәлем салу дұрыс емес пе?

Сұрақ:

Сәлем салу ертеден келе жатқан дәстүріміз. Алайда келіндердің сәлем салуы дұрыс емес дегенді естіп қалдым. Дінімізде сәлем салу дұрыс емес пе сонда?

Жауап:

Иіліп сәлемдесуге ешбір көрнекті ислам ғалымы «ширк» деп үкім шығармаған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Иіліп сәлем бермеңдер, олай істеу – Алла тағалаға серік қосуға жатады, яки, тозақта азапталасыңдар» деген тәрізді иіліп сәлем беруді қатты ескертіп келген сахихты былай қойғанда, әлсіз де болса, ешбір хадисі жоқ.

…Мысыр елінің бұрынғы мүфтиі Атия Сақрдың «Сахнада өнер адамы тыңдаушылардың қошеметіне алғыс ретінде иілуіне бола ма?» деген сұраққа 1997 жылғы мамыр айында берген пәтуасынан үзінді келтіре кетейік: «…Кейде үкімдер ниетке қарай бағаланады. Сондықтан халыққа деген алғысын білдіріп, кішіпейілділік ниетімен иіліп сәлем берудің еш оқасы жоқ. Бірақ, қатты иілмеген де жөн…».

…Сөз түйіні, құрмет ниетімен сәлем салу исламда харам яки Алла тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл – қазақтың әдет-ғұрпы. Діни міндет те емес. Қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмайтыны баршаға мәлім. Ендеше, ғасырлардан бері ислам дінін жетік білген ғұламалардың көз алдында жалғасын тауып келе жатқан бұл әдетті ширкке балап, елдің шырқын бұзу – әсте дұрыс емес

06 Қыркүйек 2012,  «Беташар ширк емес» мақаладан үзінді. – Қайрат Жолдыбайұлы.