Ұлт және Ұлыс. Билік пен қоғамның ойланатын кезі жетті.

14 -мақала:  Абу-Даби оқиғасы
Кеше күтпеген оқиғаға куә болдық. Мәселе қазақ жастары мен үнділіктердің арасындағы жанжалда да емес, мәселе оның Астанада өтуінде. Екінің бірі әкімшілік қызметкері, екінің бірі тәртіп сақшысы Астанада қазақ жастарының бас көтеруі, шеруі болады деп кім ойлаған ?! Болды ! Енді осыдан дұрыс нәтиже шығару керек.
Мәселе сырттан жұмыс күшін әкелуде болмаса керек, мәселе олардың жергілікті қазақты елдің, жердің иесі деп мойындауында. Әйтпесе, «жаман үйдің иесін қонағы билейді» ! Үнділіктер де алғашқы кезде мінез көрсеткен жоқ. Мінез көрсететін жағдайы да жоқ, арабтың арзымайтын тиын-тебенге жалдап әкелгендері еді. Бірте-бірте бой үйреттті, қазақтың жұмысқа тұра алмай жүргенін, тұрса күзетшіліктен аса алмай жүргенін көрді. Ас-суын дайындайтын қазақтың қыздары мен әйелдері, оларды басына бастады, тамағын лақтырды, қол жүгіртуді шығарды. Осы екі фактор кешегі бас көтерудің негізгі себептері,  үнділердің күзетші жігіттерді жабылып ұруы осы айтылған екі фактордың салдары. Қазақ ертеден осы мәселеге қатты көңіл бөлген, оны «жер дауы, жесір дауы» дейді. Жер дегені елдік мәселесі, кім жерге иелік етеді, сол елдің иесі, жесір дегені қоғамдағы мораль мәселесі.
Көп заман біздің жерге иелігіміз болмады, орыс ойына келгенін істеді. Қазақ әйелі ер-азаматпен  «теңесті», сөйтіп жесір мәселесі тіпті ушықты, не орыс емес, не европа емес, не қазақ емес, ортада қалып қойдық. 
Кешегі бас көтеру стихиялық түрде жүрді. Кеш құрым болған оқиға ғой.   Мен Абу-Даби жатағына іргелес үйде тұрамын. Түнгі сағат оннан кейін полицей, жедел жәрдем  машиналарының сиренасы басылмаған соң есік алдына шықтым. Аула толы адам, Түркістанға қарай сақшы шығармай тұр, бірақ не болып, не қойғанын анық білген адам  жоқ, «үнділіктердің забастовкасы» дейді. Үйді айналып Түркістан көшесіне шықтым, сөйтсем полиция, омон, үндеместер араға түсіп, «Қайтпа», «Қайтпа» деп жатаққа ұмтылған біздің жастардың бірінші шабуылы аяқталған екен. Жатақ ішінен айқай шу, ішіп алған үнділіктердің бақырған дауысы ғана естіледі.
Жарайды, осымен енді тыншыған шығар деп компқа отырып едім, түнгі сағат бір жарымда Керей-Жәнібек бойымен «Қазақстан» деп ұрандатқан жастардың екінші шеруі келді. Қазақстанның барлық «әскери күштері» жатаққа жақындатпай соларға қарсы ұмтылды. Бір жағы «Қазақстан» деп ұрандатқан жастар, екінші жағы Қазақстанның тәртіп сақшылары.
Қыркүйектің басында болған шағын конфликт түбінде бет бұрыс оқиға ретінде тарихқа енеді-ау деп ойлаймын. Өз өмірімде бірінше рет «Қайтпа, Қайтпа» деп айғайды салып жүрген жастарды көрдім. Бұл дегеніңіз жаугершілік заманмен бірге кеткен ұран еді ғой, қолданыстан шығып қалған архаизм деп жүрміз ғой. Сөйтсек  жагершілік заманның белгісі ұлттық код ретінде жадыда сақталады да қажеттілік болса қайта шығады екен. Біз тамырдан қол үзбеген халық екенбіз, соған көзім жетті.
Екіншіден, қазақ жастары «Қазақстаным» деп ұрандатып жүр,  елдің намысы үшін жанын қиюға дайын, қолдарында қару да жоқ. Бұқар жыраудың Бөгенбайды жоқтап «Қазақтың абырой -арына,  сарып қалған бар күшін» дегені есіме түсті, «жалаңаш барда жауға шап».  Біздің жастар нан сұрап, киім сұрап төбелесіп жүрген жоқ, қазақтың намысын кім көрінген келімсекке таптатпаймыз деп көшеге шықты. Бұл қазақтың ер- азаматтарының қанында жауынгер бабаларымыздың ержүректігі, намысқойлығы, ұлтшылдығы  лүпілдеп соғып тұр деген сөз.  Үшіншіден, билік өз азаматтарымен күш жұмсамай, бейбіт түрде сөйлесуге дайын емес. Қазақстанда соңғы бірер жылда бірнеше конфликттер болды, бәрінде қолданылатыны шоқпар. Билікке талап қою керек. Жұмыс күшін әкелуге болады, аса қажет жағдайда, мысалы ел экономикасына қажет зауыт салып жатса ! Ойын -сауық кешендері қаптап кетті және әр ел өздері салып жатқан құрылысты өздері билейді, арабтарға үндістерді әкелген тиімді. Ал бұл қазаққа тиімді ме ?! Ойын-сауық кешенін сала берген дұрыс па және оның құрылысын салып жатқан біріккен эмират Қазақстан үшін соншалықты үлкен жақсылық жасап жатыр ма ?.  Дәл қазіргі уақытта елдің қазақ жастарының амандығы керек !

Билік мәселені уақытында шешпейді,  өздері өзгемен әмпей-жәмпей болып кетеді, нәтижесінде қазақ көтеріледі, онымен тіл табыса алмайды. Тіл табыса алмайтыны қазақты білетін, тілін түсінетін мамандар басқару жүйесінде аз, тіпті жоқ десек болады. Совет заманынан қалған идеологтарымыз «қазақты бастан пер», «қазақты тоймен алдандырып отыр» деген кеңестерден әрі қарай бара алмайды. Себебі өздері советтік тексіз жүйенің жемісі, тәуелсіз, жауынгер қазақты көрмеген
Қазақтың байырғы заманын көрген, зерттеген, түсінген В.Радлов ХУІІІ ғасырдың қазағы туралы «егер осыншама жаугершілікті бастан өткерсе кез келген халық жер бетінен жойылып кетер еді, қазақ қайта бұл қырғыннан күшейіп, көбейіп шықты» дейді. Біз советтің қырғынынан аман шықтық. Алланың назарында болдық- тәуелсіздігімізді алдық, тәубамыз күшті болды -есімізді жинадық, етегімізді жаптық, енді тең атаның ұлымыз деп «ақырып теңдік сұрайтын» заман келді. Осыны бәріміз де түсінуіміз керек.
— Күшпен қуып тараттық. Енді не болар екен. Аурудың ішке түскені қауіпті. Социологтар, конфликтологтар, этнологтар жұмыс істеу керек.  Бізде кез келген қарапайым тұрмыстық конфликт қарулы қақтығысқа алып келеді. Не себепті ? Қазақ ұлты оянып келеді, жастар намысшыл, қайраты буырқанып тұр. Олар өз жерінде енді кез келген келімсекті басындырмайды. Олар өздерін қожайын сезінуі керек және күш қайратын елге пайдалы іс шараларға, интеллектіалды және ақшалы жұмысқа жұмсауы керек. Билік және қоғам осыны ойлағаны жөн.

                                                    Жамбыл Артықбаевтың  Фб парақшасынан