ОҚО әкімдігі халықаралық компаниямен МЖӘ аясында бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев халықаралық «Industry and Engineering Corporation» компаниясының Басқарушы директоры Н.Роузенгари мырзамен кездесті.

Соның нәтижесінде халықаралық компаниясы мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі арасында өңірде инфрақұрылым, жол және денсаулық сақтау сынды бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта құжаттар рәсімделіп, халықаралық компанияға бірлесе жүзеге асыратын бірқатар ірі жобалар ұсынылатын болады.

Кездесу барысында тараптар аймақтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылуы тиіс өзгеде жобаларды талқылап, осы бағыттағы жұмыстарға инвестиция тарту жайын сөз етті.

Өз кезегінде облыс әкімі қонақтарға істеріне сәттілік тілеп, өз тарапынан барлық мәселе бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 9,3 млрд. теңге болатын 13 жобаға жеке әріптес анықталып, келісім-шарт түзілді. Оның ішінде 8-і білім беру нысаны болса, 3 спорт, 2 денсаулық сақтау нысаны. Бүгінде бұл жобалардың сегізіне конкурс жарияланған. Ал жыл соңына дейін жалпы 17 жоба бойынша МЖӘ аясында келісім шарт түзу көзделуде.

Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы Шымкент қаласында онкологиялық орталық құрылысын, «Қауіпсіз қала», Шымкент және Түркістан қалалаларының көшелерін жарықтандыру сынды жобаларды іске асыру жоспарлануда.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі