Әбжылан қыз (Әңгіме)
– Кет! Кет, пәлекет!– Жантері шығып шошына оянған Шаяхметтің дауысы қатты шығып кетті. Кірпі шаштары тікірейген, бұлшық еттері сыртқа теуіп тұрған қараторы өңді жігіт қатты шошынды. Келіншегі де оның жанұшырған дауысынан селт ете оянып кетті. Қарақат көздерінде үрей.
– Не болды? Неге айқайладың?
– Ойпырмай, қорқынышты түс көрдім. Анау сары шашты зұлым қыз айдаһар жыланға айналып, маған бас салды. Тек қана бас салмай бүкіл денемді орап, қылқындыра бастады…– деді Шаяхмет екі қолын жая басын шайқап.
– Қатты шошыттың ғой мені. Ол қандай зұлым қыз?– деп Нұрғайша елең ете қалып.
– Есіңде ме, өткен жылы Марат ағаның үйіне қонаққа барғанымыз. Сонда бір ақсақалмен таныстық. Сол кісінің қызы. Марекең оны «өкіл әкем» деп еді ғой..
***
Ақтамберді Наташаны алғаш көргенде-ақ өзін жылан арбаған торғайдай сезінді. Сол ақ сазандай әдемі орыс қызынын сиқырлы көгілдір көздері соғыстан оралған сақа жігіттің жүрегін торға түскен балықтай бұлқынтты да, біртін-бірге баурай берді… Бура санына жарақат салған снарядтың жарықшағының ізі бітпей, жеңіс тойы әлдеқашан тойланып кетсе де, Мәскеудегі үлкен госпиталға барып, емделуге мәжбүрлеген. Бармақтай жарықшақ қалып қойыпты. Сол екен жанын қоярға жер тапқызбай ауыртқан. Жарықшақты отамен алған соң-ақ бебеулетіп ауырғаны басылып Ақтамберді қалың ұйқыға көмілді. Бір тәулік тұяқ серіппей ұйықтаған солдатты дәрігер медбике Наташаны «Бақылап отыр» деп оның басына отырғызып қойыпты.
Бұл көзін ашқанда, жо-жоқ әлі де оянбай тұрып мұның беті ып-ыстық лепті сезінді. Ып-ыстық леппен бірге әтірдің хош иісі мұрнын жарып жібере жаздады. Керуетінің бір шетінде әйелзатының отырғанын білді. Білді де көзін ашпай осылай жата бергісі келді. Төрт жылдан бері ұрғашыға жанаспаған аптал жігіттің денесі қыз-қыз қайнады. Ал қыз ыстық лебімен хош иісі бұрқырап бұның бетіне төне қарап тұр. Иә, оның көзін ашқысы келмеді. Кенет ыстық алақан бетін сипалады. Жұп-жұмсақ, ұлпадай. Нәзік саусақтар мұның кірпігін түрткіледі. Сол кезде ғана барып Ақтамберді көзін жайлап ашты. Ашқан сәтте күлімдеген, нұршашқан екі көгілдір көзді көрді. Төрт көз бір-біріне арбалғандай қалт тұрып қалды. Кенет қыз сыңғыр ете күліп жіберді. Енді ғана жігіт өзіне төніп тұрған ыстық леп пен хош иістің иесін толық көз алдына әкелді. Әппақ тістері, тәмпіш танауы, төгілген алтын шашы, әппақ жүзі… Қып-қызыл үлбіреген ерін. Ақтамберді осы сұлу келбетті өмір бақи көкірегіне тоқыды. Сол бір мүләйім де пәк қыздың сыңғыр күлкісі де оның жүрегінің нәзік пернесін дөп басты. Сол сәтте Ақтамберді бойы өзінің иығынан ғана келетін орыс аруына өз тағдырының мәңгілік байланғанын ұқты. Наташаның да ешкімі жоқ болып шықты. Соғыстың алғашқы күнінде-ақ Мәскеудің шет жағында орналасқан бұлардың үйін әке-шеше, бауырларымен қоса фашистің бомбасы күл-талқан етіпті. Наташа мектептен келгенде жермен жексен болған үйдің мұржасын ғана таныды. Оны бірден жетімдер үйіне жіберді.
Екі жетім жан бірін-бірі осылай сүйіп қалды. Иә, иә, Наташа осы бір ұялшақ Азияның ұланын бірден ұнатты. Денесі шып-шымыр, бойы ұзын, картоп мұрын, көздері дөп-дөңгелек, өзі көп жылғы соғыстан әбден шыныққан солдат қыз жүрегін бірден баурады. Госпитал олардың алғашқы махаббат бекеті болды. Екеуі қол ұстасып ортақ шешімге келді. Бірден Алматы шаһарына тартты. Наташаға бұл жердің ауасы, тауы бірден көңіліне майдай жақты. Екеуі де бірден жұмысқа тұрды. Біреуі зауытқа, екіншісі баяғы медбикелігін тастап, зоопаркке орналасты. Бір жаманы он шақты жылдай бала болмай екеуі соңғы кездері жиі ұрсысатын әдет тапты. Баяғы нәзік сезімді, талдырмаш Наташа ұрысқақ, шаптыққан дөңбектей сары қарын әйелге айналды. Олардың ортасы арақ, шарапты судай сіміретін ішкіш орта еді. Бұлар да бұл ішкіліктен сырт қала алмады. Екеуі де қонаққа барса жарыса ішіп ән салып үйге қайтатын. Ақтамберді балаларының тәтті қылықтарына мәз болысып, улап-шулап жататын отбасыларды көргенде қатты қызығатын. Наташа оны байқайтын. Бірақ күйеуінің тым еркелеткенін бе, әйтпесе болмысында сондай әдет бар ма, біреу көңіліне жақпас сөз айтса шаптығып шыға келетін. Мәселен бала туу жағдайы сөз бола қалса:
– Өзің кінәлісің! Өңкиіп жүріп түкке шамаң жоқ,– деп күйеуін тұқыртып тастайтын. Айтпақшы ол Ақтамбердіні айтуға қиынсынып ә дегенде-ақ оны Анатолий деп атап кеткен. Көңілді болғанда Антошкам дейтін. Міне, күндердің күнінде сол Антошка байғұс арманына жетті. Оның Наташасы аяғы ауыр болып, күйеуін айран асыр қуанышқа бөледі. Енді ол анау-мынау емес еркеліктің көкесін көрсетті. Ақтамберді өзі базарға барады, өзі тамақ істейді. Себебі тамақты көрсе Наташа жүрегі айниды екен.
«Мейлі, бәрі құрсыншы! Бір нәрестеге зар болдық қой» деп ойлап Ақтамберді Наташаның ығына жығыла беретін. Ақыры арманы орындалды! Дүниеге қыз келді. Ол кезде жуу мәселесі дүрілдеп тұрған кез. Әйда-а, келіп жуды дейсің! Наталья Федотовна «Қыз әкелдім» деп паңданып күйеуінің мойнына одан сайын мінді. Жұмыстан кейін Танакөздің барлық күтімін Ақтамберді атқаратын. Танакөз Наташаның үкімімен Таняға айналды. Сәбиі шынында да көздері қарақаттай болып өзіне тартыпты.
– Қызымыздың ұлты қазақ. Сондықтан қазақ бала бақшасына берелік,– деп Ақтамберді айтып еді, пәлеге қалды.
– Фу-у, сенің мәмбет тілің кәмге қажет? Ол өлген тіл. Өздері қазақ болса да балаларын орыс мектебіне бергендер қандай көп. Ұят емес пе, Танюшаның мәмбеттердің оқуын оқығаны. Мен Москвалықпын. Оны ұмыттың ба, сен ұмытпа, Антоша оны,– деп Наташа сақылдап күліп жіберді. Антоша үндемеді. Әрине, іштей намысқа булығып Наташаны гүрзідей жұдырығымен періп-ақ жібергісі келді. Қазір-ақ Наташаның мұның жұмысына барып, шаңын қағатынын, тіптен моралдық жағынан азғындады деп партиядан шығаруы да мүмкін. Партиядан шығу өліммен тең емес пе?
– Ох, Геркулесім! Неге үндемей қалдың? Әнеу жұдырығың неге түйілді?– Наташа Антошасының әрбір мінезін, әрбір жылт еткен сәттерін қалт жібермейтін сұңғыла. Ақтамберді өзіне өзі келіп есін жинады.
– Москвалық сұлуым, ақылдым! Сен дұрыс айтасың. Менің тілімнің болашағы жоқ. Алматыда апаратын мектеп те жоқ оның үстіне. Біздің Танюшажан қиналып қалады. Ол бір түйір қазақша да білмейді ғой,– деді ол қызының шашынан сипап. Сол сәтте Ақтамберді өзін ештеңеге шамасы жетпейтін бейшара жандай сезінді. Дәл осы сәтте тау аңғарында шашырай орналасқан ауылы есіне түсіп кетті. Қазақша еркін сөйлеп, қазақша ән айтқан кездерін сағынып көздері боталады.
– Неғып тұрсың, селтиіп. Дүкенге бар, үйде азық-түлік таусылды,– деген Наташаның тарғыл дауысы оны селт еткізді.
***
– Ойпырмай-ә, не деген зұлым әйел. Зейнет демалысына шықтың, қартайдың деп үйден үлкен кісіні қууға бола ма?– деді Шаяхметтің келіншегі Нұрғайша жаны ашып, біржағынан таңдана сұрап.
– Жо-жоқ, басты мәселе ол емес. Үй Ақтамберді ағаның атында ғой. Соны қызы Таняның атына аудару керек екен. Әйелі Наташа солай бұйырып отыр. Себебі менің естуімше ағаның ол әйелі жаман аурумен ауырады. Көзі тірісінде үйді тезірек қызының атына аударып, о дүниеде тып-тыныш жатпақшы. Момын шалды орыс кемпірі әзірейілдей әбден басынып, билеп алған. Қызы да зұлым. Негізінен «Үйді менің атыма аударып бер!» деп қиғылықты салып жатқан да сол қыз. Анада ауруханада жатқанда олардың талай сұмдығын естідім. Қыздың зоопарктен әкелген әрқайсысы үш-төрт метрден екі үлкен аждаһа жыланы бар…
***
«Папаша! Папатайым!» деп кішкентай кезінде мұның бауырында домалап жататын Танакөзін Ақтамберді жанындай жақсы көретін. Еміреніп өте жақсы көріп кеткенде «Айналайын! Ботам! Күнім!» деп қалай қазақша сөйлеп кеткенін де сезбей қалатын. Таня ол сөздерге түсінбей олардың мағынасын айтып беруін сұрайтын. Папасы ол сөздердің әрқайсысын жеке-жеке тәптіштеп түсіндіретін.
– Ой, қандай керемет сөздер,– деп қызы таң қалатын. Егерде Наташа ондай әңгімелерін естіп қалса кәдімгідей ашуланады.
– Үйретпе ондай мәмбет сөздеріңді. Таняның миын ашытпа!– дейтін дөрекі түрде. Иә, Таня орыс мектебінде оқыды. Содан ба, әлде Наташа қызының әкесіне тым беріліп бара жатқанын көре алмады ма әйтеуір, қызын алғашқы кезде әзілдеп кейін шындап қызғанатынды шығарды. Тіпті бұл туралы жаман сөздер айтып қызына жеккөрінішті етпек болған ниетін де бірнеше мәрте сезіп қалды. «Әншейін, аналық мейірімі шығар» деп Ақтамберді бұған мән бермеген. Бірақ жүре бара қызы мен екеуінің арасы алшақтап, салқындап бара жатқанын сезгенде Ақтамберді іштей қынжылатынды шығарды. Өскен сайын бұрынғыдай қызы еркелеп мұның бауырына тығылмайтын болды. Әкелік мейіріммен құшағына емірене тартқысы келсе ол зорлықпен келетін. Бірде тіптен баяғы қазақы жылы сөздерін төгіп-төгіп жіберіп, мейірлене қызын иіскегісі келгенде ол мұның кеудесінен итеріп:
– Өтінемін, ондай мәмбет сөздерді айтпаңызшы. Менің атым Танакөз емес, Таня. Оны естісем жыным келеді,– деді суық түрде.
– Ойбай-ау, қызым-ау, сен қазақ екеніңді білесің бе? Сенің азан шақырып қойған атың Танакөз. Таняны шығарып жүрген мамаң ғой. Мына біз өмір сүріп жатқан жер біздің ата-бабаларымыздың, қазақтың жері. Оны сен әрқашанда есте ұстап, мақтаныш тұтуың керек, қызым,– деп бұл орнынан ұшып тұрып шыр-пыр болды.
– Кімнің жері болса оның жері болсын, Ол жағы маған бес тиын. Мен Танямын, папа! Білдің бе, мен Танямын! Мен жабайы қазақ болғым келмейді, біз Москвалықпыз.Сен бұдан былай біздің мектепке келме! Түрің қап-қара, қалай болса солай киінесің,– деді де қызы сыртқа шығып кетті, Бұл сұп-суық сөздерді естігенде біреу кенеттен жүрегіне біз тығып алғандай талмаусырап отырып қалды,
– Қалай еститініңді естідің бе?– деген ту сыртынан шыққан зілді дауыстың иесіне бұрылып та қарамай сүлесоқ бүрісіп отыра берді Ақтамберді. Өмірінің жұбанышы да, қуанышы да, бары мен базары да, үміті мен сенімі де жалғыз қызының мына шәлкес мінезі апталдай жігіт ағасының белін қылышпен шапқандай шойырды да жіберді, Ақтамберді бәрінен баз кешкендей. Асау өзенде тасқынмен алысқан ол бір бұтадан нық ұстап тұр еді. Сол бұтадан қапияда айырылып қалып, енді сақ-сақ күлген асау толқындардың бейшара, жансыз салындысына айналып кетіп бара жатқандай бейне.
– Қап!қап! Кешігіп қалыппын-ау! Әттең, дүние-ай, мен не істедім? Мен неге қателестім?!– деді жүресінен отырған күйі гүрзідей жұдырықтарымен көк цементті дүрс-дүрс соғып. Ту сыртынан зілді дауыс тағы шықты
– Не? Не? Не деп оттап отырсың, ақымақ? Орысша сөйле! Мен түсінбейтін мәмбеттің тілінде сөйлеме деп қашанғы қақсаймын саған!– Қара дәу қиралаңдап әзер тұрды. Түрі әлем-тапырақ. Қап-қара түтігіп кеткен. Қарт солдат қаһарланып тұр! Қиық қара көздерінен сексеуілдің шоғындай от жылт-жылт етеді.
– Ей, орыстың мыстаны!– деді ол күндей күркіреп. Содан соң сұқ саусағын әйеліне безеп,– Қазақтың қасиетті сөзінен сен мыстан садақа кет! Мен сендей жүзіқараны қалай ғана сүйдім екен?! Сен сұлу едің! Сен нәзік жанды Наташа қыз едің. Сен мені «сүйдім» деп өтірік айтпаған боларсың сонда. Мен сенімен сонда кездескенде де осындай қап-қара едім. Көрмей қалды ма көзің? Енді мен саған неге ұнамай қалдым?Аяладым, еркелеттім, осы күнге дейін маңдайыңнан бір шертпедім, Неге сен маған кектенесің? Жазығым не? Менің қызымды маған неге айдап саласың? Неге оны уландырасың? Неге мені оған мазаққа айналдырасың? Менің кінәм қазақ болғаным ба? Қазақ сен өшігетіндей саған қандай жамандық жасады соншама? Ай, көк көзді мыстан! Айт, қазір! Егер менің, мына менің халқымның титтей де кінәсі болса, айт! Айта алмасаң мен сені қазір өз қолыммен буындырып өлтіремін!
Сона-ау соғыстан кейін танысып, шаңырақ көтергеннен бері шынында да бір ащы сөз айтып көрмеген момын күйеуінің дәп қазіргі бұрқ-сарқ етіп ашуланған түрін көріп Наталья Федотовна іштей қатты қорықты. Алайда сырттай білдірмегенсіп, әдетінше қос қолын бүйіріне таянып, Анатолиіне көкшіл көздерін ежірейте қарады. Шынында да оның жүзі қуарып, шаштары додаланып нағыз мыстанға ұқсап тұр еді.
– Сен кім едің менімен кездескенде, білесің бе, ақмақ неме? Сен мәдениеттен жұрдай болатынсың. Білімсіз бейшара едің. Мен сені оқыттым. Білімді еттім. Надан едің, адам қатарына қостым. Сен байғұс ең берісі таңдап киім де кие алмайтынсың. Бәрін, бәрін үйреттім. Қазақтың сөзі, тілі дейсің. Айтшы, сен шындықты, сенің бейшара тілің кімге қажет? Ешкімге. Тіптен онымен бір жапырақ нан таба алмайсың. Ол өлген тіл. Өлген тілді не істеу керек білемісің? Оны әне-еу Кеңсайға барып көму ғана қалды. Көму керек оны тепкілеп-тепкілеп!
Шошқадай семіріп алған Наталья батпандай аяқтарымен бейшара қазақ тілін жерлеп жатқандай еденді солқ-солқ еткізіп теуіп-теуіп жіберді. Ақтамберді байғұстың ұп-ұзын денесі мына зілқара сөздерден сұрақ белгісіндей иіліп еңкіштене берді.
– Ох, үндемейсің, қара құл! Сені мен әлем мойындаған орыс тіліне үйреттім. Сенің мәмбет қазағың ұлы орыс халқының арқасында надан елден осындай зор мәдениетке ие болды. Тілі өлген халық ол өлікпен тең. Сенің халқың баяғыда-ақ өліп қалған. Сенің ана терілеріңді іреп, орыстың терісін салу ғана қалды. Көнсең көндің, көнбесең әне есік! Кет! Кет оңбаған! Сен бізге бес тиынға керек емессің, қара құл!– деп Наталья тепсініп, есікті көрсетті. Көк долы жынға айналған долы қатынға ол көз ілеспес жылдамдықпен тап берді. Бір ұрып оны қалпақтай ұшырды. Шошқадай шыңғырған оның дауысы бүкіл үйді дүр сілкіндірді. Құласа да ол тілін тартпады.
– Оңбаған! Оңбаған! Қарақұлсың сен!
Долырып алған Ақтамбердіні бұл қарсыласу, инедей сөздер одан сайын жындандырып, әйелдің май құйрығынан дөңбектей аяқтарымен тебе берді, тебе берді. Оның есін «ыс-с!» ете қалған дыбыс жидырды.
– Тоқтат, папа! Әйтпесе мына жыландарды жіберем!– Бұл қызының дауысы еді. Ақтамберді қалт тоқтады. Қос алып жылан тілдері жалақтап бұған қаһарлана қарап тұр! Қызы ортасында. Оның түрі жыланнан да суық еді!..
***
– Иә, қызы мен екеуі шалды милиция шақырып, қолына кісен салдырып, түрмеге жіберді. Соттады. Қызы анасын қорғады. Байғұс шал бір жыл отырып үйіне келді. Олар өз үйіне шалды кіргізбейді. Пәтерде қаңғып жүрген кездерінде әйелі қайтыс болады. Қызы оны амалсыздан оны үйге кіргізеді,– деп Шаяхмет көңілсіз әңгімесін сүлесақтау қысқартып аяқтады.
– Ана жынды әйелі кеткен соң бәрі дұрыс болған шығар,– деп Нұрғайша оқиға соңын қалай аяқталатынына қызыққан сыңай танытты.
– Қайдағы!? Шал үшін одан да жаман қорқынышты күндер басталды…
***
Ақтамберді мен қызының арасы тым алшақтап кеткен еді. Бұрын жан дүниесі елжіреп жақсы көретін қызы шынында да қазір бөтен, жат жанға айналды. Әкесінің арадағы суықтықты қаншама жылымыққа айналдырамын деген әрекетінен түк шықпады. Әкесінен гөрі оған жыландары жақын екен. Соларды аялайды, еркелетеді. Жылы сөздерін жыландарға айтады. Барлық жылы жұмсағын соларға береді. Екі алып жылан мұны көргенде біртүрлі суық қарайды. Олардың иіріліп ширатылған сұп-суық түрлерін көріп жүрегі дір етеді. Қызының бөлмесінің есігінен анда-санда қарағаны болмаса кірмейді де. Шал өз тамағын өзі істейді. Өзінен-өзі күйбеңдеп жүреді де қояды. Бір көңілге жұбаныш ететіні мұны өкіл әке етіп қабылдаған Марат інісінің үй ішімен араласуы. Ол туысы емес, көршісі ғана. Үйіне барса балалары «Ата,ата!» деп мұның жанынан үйірсектеп шықпайды. Оларды өз немерелеріндей көреді. Қазақылықтың исі аңқыған сол Мараттың үйінен шыққысы келмейді. Көңілі көтеріліп, шал көңілденеді. Осылай көңілденіп үйіне келгенде оның бәрі су сепкендей басылады. Ызғар шашқан үш жан қарсы алады. Әсіресе соңғы кездері қызы әкесіне қатаң талап қойды.
– Сен көп сөзді қой,– деді бірде қызы бұған ызбарланып,– Үйді менің атыма тез аударасың. Ал аудармасаң бар ғой…
Қыз үнсіз қалған күйде өзінің бөлмесін көрсетті. Әкесінің жүрегі су ете қалды. Жыландарына шақтырмақшы! Масқара, ендігі жетпегені осы еді.
– Сонда мені жыландарға өлтіртпекшімісің,– деп шал сеніңкіремей қадала сұрады. Қыз суық жымиды.
– Басқа амалым жоқ,– деді ол иығын қиқаңдатып. Ақтамбердінің жүзі күреңітіп кетті. Қыз сескеніп кейін шегінді де, жыландары тұрған бөлмеге сып берді. Шал көпке дейін ашуын баса алмады. Жаралы жыртқыштай ыңыранып үйге сыймады…
***
– Қой, өтірік болар. Әкесі емес пе, жыландарға шақтырғаны несі?– деп Нұрғайша ышқына сөйледі. Көздері ұясынан шыға жаздап, кінәлі Шаяхмет тәрізді оған шұқшия қарады.
– Мен несіне өтірік айтамын? Өз аузынан естідім. Кеше іздеп барсам есігі алдындағы скамейкада жалғыз отыр екен. Қолындағы таяғымен жерді шұқылайды. Жүзі мұңды. Жүздеріндегі әжімдері тереңдеп кеткен. «Жүрегім шаншиды, Шаяхмет інім» деді даусы жыламсырай шығып. Қызарып кеткен көздерінен жас тамшылары домалап кеткенін көргенде өзім біртүрлі болып қалдым. Басу айттым. Иегі кемсеңдеп шал байғұс одан сайын бүкшиіп кетті. «Ай, Шаяхмет-ай, мұндай күйге жеткеніме ешкімді кінәламаймын. Өзім, өзім кінәлімін! Тезірек Алла алса екен мені!» деді ол бір қолымен көкірегін дүрс-дүрс ұрып. Не айтарымды білмей ыңғайсызданып отырдым. Ол кір-кір орамалымен бет-аузын сүртті. «Ана зұлым қыз мені жыландарға шақтырмақшы. Бұл үкімін ол өз аузымен айтты. Мына керең болғыр құлағым соны да естіді-ау. Тезірек өлтірсе екен сол жыландар!..»
***
Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмайтын ауру тапты Ақтамберді. Сәл көзі ілінсе қызының әбжыландары жылжып келіп қылқындыра бастайды. Кейде олар адамша сөйлеп жанында ширатылып жатады. Қанша қорықпайын десе де тірі жан емес пе, жаны ышқынып кетеді. Кейде долданып ашуланғанда жерді тоқпақтап әзер есін жинайды.
Бәріне кінәлі ана оңбаған мыстан қатыны. Зоопарктен жыландарды да әкелген сол. Қызы сол жыландарға бауыр басты. Жыланның терісі жылына бір рет сыдырылып түседі екен. Өте көп ақша төлеп сол теріні шетелдің адамдары өздері алып кетеді. Ақша десе әкесін де сатып жіберетін қызының бұл бизнесі. Ақтамберді бүгін кеш жатты. Әлденеге мазасызданған соң сыртқа шығып, біраз қыдырып қайтты. Үйге келгеннен соң да ештеңеге зауқы соқпады. Теледидарды қосты. Қас қылғандай ұзын-ұзын анаконда жыландары туралы кино болып шықты. Содан ба, әлде басқа себеп пе көңілінен үрей кетпей қойды. Төсекке жатқанмен ұйқысы шайдай ашылды. Көзін жұмса болды, қызының жыланы өзіне қарай сыбдырсыз жылжып келе жатқандай сезінеді. Неге екені белгісіз соғыстың алдындағы балалық шағы оралды. Әкесі халық жауы болып, атылғанын естіген анасы түнімен жылағаны есінен кетпейді. Бала да болса жүрегі езіліп әкесін жоқтап бұл да жылады. Соғыс басталғанда анасы қатты ауырды. Өкпесіне суық тиіпті. Сол ауру анасын ақыры алып тынды. Мұны көп ұзамай біреулер жетімдер үйіне тапсырды. Он жетіге енді толған жігіт қайдағы бір орыс қаласынан майданға аттанды.
Қалғып кетіпті. Алыстағы туған ауылында екен. Көктем. Қызылды-жасылды қырмызы дала. Бармақтай бала жүгіріп келеді. Әне-еу көз ұшында тұрған анасына қарай асығады. Қызыл көйлекті анасы қанда-ай биік. Басы сона-ау ақша бұлттармен астасады. «Кел, келе ғой, құлыным!» деген жып-жылы дауысы анық естіліп тұр, анасының. Кенет алдынан дә-әу жылан пайда бола қалды. «Балам байқа, ана жылан шағып алады. Өзенге, өзенге қаш!» деді анасы да оны көріп. Бірақ бұралаңдай аққан өзен үлкен анаконда жыланына айналып, бұған төне берді.
– Апа-а!– деді айқайлап қорыққанынан. Қатты айқайлаған даусынан өзі оянып кетті. Сол сәтте «ыс-с!» еткен таныс дауыс естілді. Анаконда! Қарт жалма-жан төсегінің жанын қармалады. Таяғы қолына ілікті. Ысылдаған дауыс шыққан жаққа жанұшыра таяғын сілтеді. Тиген тәрізді. Өйткені былқ ете түскендей. Екінші рет сілтеймін дегенде мәйкішең жатқан шалдың денесіне мұздай жыланның құйрығы сарт етіп тиді. Сол-ақ екен төсектен көтеріле берем деген ақсақалдың денесін ұзын жылан тез орап алды да, алапат күшпен қабырғасын сықырлатып қыса бастады…
***
Жұмыста отырған Шаяхметке Марат досы қоңырау шалды.
– Шәке, қазір келіп қайтпайсың ба? Ақтамберді шал қайтыс болыпты. Сол кісіні жерлеуге көмектеспесең болатын емес.
Шаяхмет жұмыстан сұранып Марат айтқан мәйітханаға келді. Сасып кеткен мәйітханадан Ақтамберді ақсақалдың денесін әзер тапты. Мәйітті соңғы рет жуындырғанда оның денесінен көкпеңбек болып білеуленген іздер анық көрініп тұрды.
– Ақтамберді аға қызының жыланмен өлтірем деп жиі қорқытатынын айтып еді. Мынау жыланның ораған, қысқан іздері емес пе, Мареке?– деп Шаяхмет таңдана сұрады.
– Иә, дұрыс айтасың. Әкесінің түбіне жеткен зұлым қызы ғой. Кеше барсам көзі бұлаудай жылап отыр екен. Сөйтсем ол әкесінің өлгеніне емес, өлім халінде жатқан жаралы жыланын ойлап жылапты. Міне, сұмдық! Меніңше шал өлер алдында жанұшырып таяғымен төніп келген айдаһар жыланды ұрып үлгірген. Таяқтың ұшындағы істік темір жыланның дәл төбесіне тиіпті. Қыз әкесін қарғап отыр,– деді Марат тіксіне сөйлеп…
Шалды соңғы сапарға шығарғанда да қызы келген жоқ. Шаяхметтің осы сұмдық оқиға туралы мақаласы газетке шыққанда оқыған жұрт жағасын ұстады. Зұлым қыз ол мақала туралы кейін естіп, орысшаға аудартып оқыпты. Оқыпты да жынданып журналисті жерден алып, жерге салып боқтапты дейді: «Мен оны өлтірген жоқпын! Ол өз ажалынан өлді. Мен журналисті сотқа беремін!» Бірақ неге екенін кім білсін жеме жемге келгенде қыз журналисті сотқа беру шешімінен бас тартыпты. Неге? Осы құпия шешім біздіңше көп нәрсені аңғартқандай…
Ертай Айғалиұлы