ҚР ПРЕЗИДЕНТІ Н. НАЗАРБАЕВ: «ҚАБЫЛДАНҒАН ЗАҢДАРДЫ ХАЛЫҚҚА ТҮСІНДІРУ ЖАҒЫ КЕМШІН!»                      

Билік тармақтарының бастама көтеруі тым әлсіз. Бұл туралы 6-шы шақырылған ҚР Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында сөз  сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтты. «Бүгін Парламент жаңа жағдайда өз жұмысын бастайды. Оның палаталары мен Үкіметке қосымша өкілеттілік, демек жауапкершілік жүктеліп отыр. Ашығын айтайын, билік тармақтарынан бастамалар өте әлсіз көтеріледі. Мүмкін менің де кінәм бар шығар. Міндетті түрде айту керек. Өткен жолы Үкіметті ауыстырған кезде де айтып едік. Қазір де сол жағдай орын алуда. Мұнан ары осындай жағдайға жол бермеу керек.  Барлығы да Конституция, Заң бойынша жазылған. Әрбір министр өз учаскесіне жауап береді және жауапкершілік арқалайды», — деді президент қатаң дауыспен.

Елбасының сөз саптауынан тағы бір аңғарғанымыз, Үкімет еліміздің экономикалық саясатына және белгіленген барлық бағдарламалардың жүзеге асырылуына толықтай жауап береді. Ал Парламент заң шығарушы әрі бақылаушы билік ретінде өз өкілеттігін жүзеге асырады. «Қазір негізгі жүктеме атқарушы билікке түсіп отыр. Практикалық міндеттер атқарушы билікке жүктелген. Ел Үкіметі негізінен заң жобалау жұмысының жылдық жоспары аясында заң жобаларының әзірлеуші болып қалуда», — деген Елбасы, Парламент депутаттары заңнамалық бастамаларды жиі көтере бастағандығын айтып, оны позитивті құбылыс деп бағалады. «Бұл ретте шағын ведомстволық немесе өңірлік ғана емес жалпы мемлекеттік мүддені әр уақытта ескерген жөн. Біз мұны бақылап отырмыз. Әрбір депутаттың өз сайланған өңірге ұнағысы келетіндігі түсінікті де. Бұл әлемнің барлық парламенттерінде бар. Бірақ Конституция мен «Парламент туралы» Заңға сәйкес барлығымыз да халыққа жұмыс істейміз деп айқындадық. Сонда барлық  өңірге жақсы болады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сессия барысында қабылданатын заңдарды халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі де айтылды.  «Соңғы уақытта заң шығармашылық процессі барынша ашық бола түсті. Парламенттік тыңдаулар өткізіледі, заң жобаларын қарауға сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары тартылады. Дегенмен, азаматтар барлық уақытта да ақпаратқа қанып отырған жоқ. Заңнан туындайтын өздерінің құқықтары мен міндеттерін білмейді» деген елбасы қабылданатын заңдар алдымен қоғаммен, халықпен бірге талқыланып, түсіндірілмейтіндігін  баса айтты. «Сондықтан депутаттар да, Үкімет мүшелері мен облыс әкімдері де  түсіндіру жұмыстарына айрықша назар аударуы тиіс. Қазақстандықтардың барлық заңнамалық жаңашылдықтардан және біздің шешімдерімізден хабардар болуға толық құқығы бар», — деді ел президенті. Осы орайда Қазақстан Президенті кеңес заманында КСРО Жоғарғы кеңесінің қаулыларын қарапайым адамдарға жеткізу үшін тіпті трамвайларға да іліп қоятындығын еске салды.

           «АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ, ҚАЙТЫП ҮЙІРІН ТАПҚАН СОҢ»

Қазақта тап осындай жақсы бір тәмсіл бар. Сессия барысында президент Жұмағалиев пен Досаевтың Үкіметке оралу себебін түсіндіргенде  осы тәмсіл ойға оралды. «Әлемде әлі күнге дейін тынышсыздық орын алуда. Державалар арасындағы диалог санкциялық саясатпен бірге жүруде. Бұл Қазақстанға да әсерін тигізбей қоймайды. Өңірлік жанжалдар да тынышталар емес. Деструктивті идеология өзінің ықпалын кеңейтуді жалғастыруда. Бұған қоса, жаңа мүмкіндіктер берумен қатар тәуекелдері де бар жаппай цифрландыру қарқын алып келеді. Мұның барлығы да жаңғыру сағатында есептің жылдармен емес минуттармен жүріп жатқандығын білдіреді. Қазақстан бұл бағыттардың барлығында да міндетті түрде үлгеруі тиіс. Дәл осы жайт Үкімет позициясын  екі жаңа орынбасармен нығайтуға мәжбүрледі», — деген Елбасы, Асқар Жұмағалиевтың Үкімет басшысының орынбасары болып тағайындалуы елімізде «Цифрлы Қазақстан» атты ауқымды мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырыла бастауымен байланысты екенін жеткізді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке Ерболат Досаевтың қайта оралу себебін де түсіндірді. Есте болса, ол өткен жылдың мамырында Ұлттық экономика министрі лауазымынан отставкаға кеткен болатын. «Экономиканың макроэкономикалық бөлігін күшейту Ерболат Досаевқа жүктеледі. Ол нағыз азамат, джентельмен ретінде өкілеттігін өз еркімен тоқтатқан жағдай болды. Бірақ, бұл оның кінәсі емес. Оның тәжірибесі мен білімі, жұмыс тағлымдамасы еліміздің экономика, қаржы, макроэкономикасын, сонымен қатар бюджетіміздің жартысын тұтынатын әлеуметтік блогын өз қолында ұстауға мүмкіндік береді деп үміт артуға болады», — деп оған жылы сөз де арнады президент.

 

ЕЛБАСЫ СЫНЫНАН ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ ШЫҚПАҚ?

Бүгінде балабақша ашу бизнес үшін тиімді екені даусыз. Бірақ байлар мұны ескеріп жатыр ма? Елбасы бұған да шүйлікті. «Қараңыздаршы, мемлекеттік-жекешелік серіктестік бойынша қаншама балабақша салынған. Айта қоярлықтай үлкен шаруа емес екен. Ал біздің шенеуніктер болса балабақшалардың орнына сарайлар салып тастады, олардың ішінде бассейндері бар. Бұған қоса ботаникалық бақ пен музыкалық салон да бар. Бізде спортқа арналып бассейндер салынған, музыкалық мектептер бар. Ата-аналар жұмыс уақытында балаларын аталған балабақшаларға беретіндей жағдай жасап, балалардың дамуына көмек беру керек. Осы жұмыспен айналысқан жөн»,  — деп кейіді президент.

Елбасы кейбір салаларды жекеге беруден қорықпау керектігіне айырықша тоқталды. Сонымен бірге дәрі-дәрмек бағасының шарықтауына тосқауыл қоюды тапсырды Үкіметке. «Дәрі-дәрмек заттарының айналымы маңызды әлеуметтік сипатқа ие. Салада бағаның шарықтауына тосқауыл қоятын шаралар қажет, сондықтан дәрілік және медициналық заттардың айналымын реттеу керек болып тұр. Қазақстандықтар қолжетімді, сапалы әрі қауіпсіз дәрі-дәрмекті алу құқығына ие. Мен бұл жайында бірнеше мәрте айтқан болатынмын, бізде дәрі өндірісінде қандай да бір монополия бар», — деп күдіктің де құлағын қылтитты елбасы.

Осы орайда Президент фармацевтикалық фабриканы салуға ниетті инвесторлар келген кезде кедергілер туындай бастайтынын сынға алды.

«Барлық жерде кедергілер қойылады. Неге? Себебі жеткізушілер мен осында қабылдайтындардың құрылымы қалыптасты. Бұл салада қандай да бір айырма бар және осыдан кететін ойлары жоқ. Біртановқа (ҚР Денсаулық сақтау министрі ) бұл мәселеге қатысты тиісті шешім жасауды тапсырған болатынмын. Менің ойымша, ол дұрыс қадамдар жасап жатыр, алайды бұл істі соңына дейін жеткізу керек», — деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өңірлердегі медициналық мекемелерде жұмыс істемей тұрған жабдықтар мәселесіне назар аударды.

«Жаңа жабдықтар облыстарда еш қызмет көрсетпестен пайдаланылмай жатыр. Оларды кезінде қажет деп бюджетті қарастыру барысында алды, ал кейіннен игерілмей қалды. Себебі оның барлығы алдын ала пысықталмады»,-деді Президент. Бұл тұрғыда Елбасы Денсаулық сақтау министріне аталған салада қордалаған мәселелерді ретке келтіріп, осы жайында кейіннен егжей-тегжейлі баяндап беруді тапсырды.

Президент тиімсіз кәсіпорындарға мемлекеттік қолдауды доғару керектігін Үкіметтің есіне тағы бір салды. Бұл тұрғыда Президент ауыл шаруашылығы саласындағы жағдайға былайшы тоқталды. «Қарызға ала бергендіктен, қазір тығырыққа тірелді. Не істеу керек? Банкротқа шығару қажет. Қорқатын түк те жоқ. Америкада бір миллион фермер банкрот болса, бір миллионы құрылады. Жақында Астана форумында осы тұрғыда мысал келтірген болатын. Мәселен, Вашингтонда 1 500  мейрамхана банкротқа тап болып, қайтадан құрылады», — деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы осындай жағдай екінші деңгейлі банктерге де қатысты екенін, оларды тағы да мемлекет қаржыландыруға алғанын атап өтті.

«Мұны тоқтату керек, ең дұрысы бұл банктердің жұмысын тоқтатып, оларға төлегенді доғарған жөн. Өзі жұмыс істеп, пайда тауып отырған жекеменшіктерді біз не үшін субсидиялауға тиіспіз? Қазір басқа жүйе. Барлығы да егер сен жекеменшік болсаң, толықтай өзің жауап беретіндігін түсіну қажет. Банкрот па — онда банкрот, тиімді жұмыс істей алмайсың деген сөз. Дәл осы жолға түсейік. Өйткені бізде басқа жол жоқ», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Нағашыбай Қабылбек