Футболымыз қазақыланбай, іс оңбайды
Жақында чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Астана» қонақта «Селтикке» 5-0 есебімен ойсырата жеңілді. Иә, үкілеген соңғы үмітіміз осы Астанамызда болатын, себебі Қайрат та, Ертіс те бұл жарыстан шығып қалған еді. Екі жыл бұрынғы топтық кезеңге жолдама алған ерлігін тағы да қайталай ма деген зор сенімде болғанбыз. Әттең, рух жетіспеді. Мыңдаған көрерменді жерге қаратты.
Қазақ футболын қалай дамытамыз? Әлемдік аренаға топ жару үшін не істеу керек? Неге ойыншыларымыз тым әлсіз? Міне, осындай сұрақтар көкірек сарайымызда маза таппай келе жатқанына көп жылдың жүзі болды. Ал аралас жекпе-жектен күрескер Қуат Хамитов (Найман) болса былай деді: «Қазақстанда футболға тыйым салу керек, оған жұмсалатын миллиардтаған қаржыны одан да күреске, боксқа салу керек». Меніңше ағамыз бұл пікірді қазақ футболына күйінгеннен айтты деп ойлаймын. Себебі бұлай оп-оңай қолды сермеп, жеңіле салуға болмайды. Ешкім жетістікке бірден жетпейді, қажымас қайраттың, маңдай тердің еңбегімен ғана шыңды бағындырады. Оның себептерін іздеп, оны жөндеуге бар күшімізді салуымыз қажет. Осыған байланысты төмендегі мәселелерді ұсынуды жөн көрдім.
Бірінші мәселе құрамадағы, командалардағы ойыншыларымызды, бапкерлерімізді қазақыландыру. Бұл ұсыныстың жарияланғанына талай уақыт болды деп айтсам қателеспеймін. Өйткені Қазақстан құрамасын алыңыз, клубтарын алыңыз барлық жерде көпұлттылық мәселесі. Жартысынан жоғарысы басқа ұлт өкілдері, оның ішінде орысы бар, кәрісі бар, африкалықтар бар, хорваты бар. Неге тым болмаса құрамамызды толықтай қазақ қылмасқа? Әлде бізде жақсы ойыншылар жоқ па? Мәселені шешудің ең тиімді жолы – ауылдағы балаларды әкелу деп есептеймін. Қазақстан федерациясының қызметкерлері ауыл-ауылды аралап, алаңда ойнап жатқан балаларды көріп, ішінен таңдауы керек. Мәселен аузын айға білеген Арсенал, Челси, Реал Мадрид клубтары бүкіл әлемді аралап, жан-жақтан қарапайым балаларды әкеледі. Роналду, Месси, Кака, т.б. футбол алпауыттары аспаннан түскен жоқ, олар да кезінде аяқ киімге зар болып, көшеде жалаңаяқ доп теуіп өскен балалар. Ал біздің ауылдарымыздан болашақ жарқылдаған жұлдыздар неге шықпасқа? Егер құрамамыз толықтай қазақ болмаса, ұлттық рух, намыс жойылады. Себебі басқа ұлттар тек қана орташа деңгейде ойнап, айлығын алуды ғана ойлайды. Оларда соңынан дейін күресу, намысқа тырысу деген болмайды. Келесі бапкерлеріміз туралы айтатын болсақ осы жылдың басынан бері 12 командада 7 бапкеріміз ауысыпты. Бұл дегеніңіз тұрақтылық, нәтиже жоқ деген сөз. Қуылған бапкерлеріміз Димитар Димитров, Игорь Рахаев, Юрий Красножан, Зоран Вулич, Владимир Вайс, Роберт Евдокимов. Қазір командаларды жаттықтырып жүргендерді де назарларыңызға ұсыналық: Карлос Феррер, Вячеслав Грозный, Станимир Стойлов, Виктор Кумыков. Тізімді жалғастыра берсем, талай бетті толтырарым анық. Нені байқауға болады? Иә, олардың арасында бірде-бір қазақ бапкер жоқ. Қаншама миллиондаған айлық беріп, қызметке аламыз. Ал нәтиже мүлдем жоқ десе де болады. Ақшамен қалталарын қампитып, мәз болып елдеріне қайтады. Тағы да қайталап айтамын, жаттықтырушылар өз ұлтымыздан болуы шарт. Тек қана қазақ болып қоймай, ол намысты, өз ұлтын сүйе білетін, ойыншыларына рух беретін адам болса қазақ футболы дамымайды дегенге сенбеймін.
Екінші мәселе футболшыларымыздың жалақылары. Неге олар миллиондаған қаржы алады да, өрт сөндірушілер, дәрігерлер төмен айлықты алуы тиіс? Бұл сауалға қазір бүкіл әлем бас қатыруда. Мейлі, Еуропа, Америка, Австралия ойыншылары өз ақшасын ақтайды делік, ал біздікілер ше? Олар сол адам есептей алмайтын соманың есесін қайтарып жатыр ма? Премьер-лигадағы ең қымбат ойыншы Қайрат шабуылшысы Жерар Гоу екен. Ол 2 миллион 896 мың доллар тұрады. Оған қоса айына миллионнан астам алатын айлықтарын қосыңыз. Мысалға Қайрат командасы нағыз ардагерлер жинақталған қарт команда десем келісерсіздер. Кезінде Еуропада жасындай жарқылдаған Аршавин, Тимощук, Арзо, т.б. ойыншылар осы командада жинақталған. Құдды пайдаланып-пайдаланып бізге лақтырып жібергендей бейне. Бұларға төленетін жалақылар да таң қаларлық. Айтылған проблеманы шешудің жолы – қандай ойыншы болсын қандай ойын өрнегін, нәтижесін көрсетсе, соған қарап ақша төлеу. Чемпиондар лигасының немесе Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығып жатса айлығын жоғарылатса болады. Сөйтсе ғана олар бүкіл күш-жігерін салып, мотивациямен ойнайтыны хақ, яғни ынталанады. Әйтпесе «Дайын асқа тік қасық» болып жүре берсе, ешқандай жетістікке жетпейді. Мәселен Еуропа командаларының ойыншыларына 1-2 ай сынақ беріледі. Егер ол ойыншы жақсылап ойнап, гол салмаса оны бірден клубтан қуады немесе мүлдем шығармай қосалқы құрамаға қалдырады. Ал бізде қашан өзі жалығып, кетем дегенше жүре береді.
Міне, менің ұсынар шешімдерім осы, құрметті футбол жанкүйерлері. Әрине, футбол федерациямыз осы ұсыныстарды оқып, ой өрнегіне тоқыса нұр үстіне нұр болар еді. Жақында ғаламтордан мынадай қызықты ақпаратты оқыдым. Солтүстік Корея өте қатал мемлекеттердің бірі екені бәрімізге мәлім. Олар тіпті өз футболшыларына да аяусыз қарайды екен. 2010 жылы әлем чемпионатында ешбір нәтижеге қол жеткізбегені үшін ойыншыларды, бапкерді сахнаға әдейі шығарып, халық оларды мазақтап күліп әбден абыройын төгіпті. Содан соң үкімет олардың барлығын құрылысқа, лагерьлерге қара жұмыс істетуге жіберіпті. Мүмкін біздікілерді де өстіп бір жазаның түріне салса бір нәтиже болар ма екен, қалай ойлайсыздар?..
Нұржан Айғали
Абылай хан атындағы әлем тілдері университетінің студенті