Шаһар басшысының жұмысына оң баға берді
Биыл Шымкент қаласында былтырғы жылмен салыстырғанда көптеген салада өсім байқалады. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, өндіріс 1 пайызға, ауыл шаруашылығын өндіру 9,6, құрылыс 14, инвестиция көлемі 1,7, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 11, бөлшек сауда көлемі 3,4 пайызға көбейген. Тұрғындар саны да былтырғымен салыстырғанда 3,7 пайызға артып отыр. 2017 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша Шымкентте 932 мың адам тіркеліпті.
Шымкенттіктердің ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 93 пайызды, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету 48 пайызды құрапты. Ал көгілдір отынмен абоненттердің 92 пайызы қамтылған. Шыны керек, қысы аса қаталдық таныта қоймайтын Шымқалада жылу мәселесі жыл сайын күрделі мәселе ретінде айтылады. Осы проблеманың түйінін тарқату мақсатында қолға алынған А.Байтұрсынов атындағы көшедегі ұзындығы 5,2 шақырым жылу магистралін алмастыру жұмысы аяқталуға жақын. Көшедегі жарық шамдары LED-шамдармен алмастырылуда екен.
— Көріктендіру саласында да ауқымды жұмыс атқарылған. Сайрам ауылындағы «Наурыз» саябағы қайта жанданып, «Мәртөбедегі» қоқыс полигонын рекультивациялау жұмысы жалғасуда. Бадам өзені жағалауы мен осындағы жолды көріктендіру жұмысы атқарылуда. «Шатқал» бағдарламасы аясында қаладағы 7 шатқалға 10 мыңнан астам көшет егілді, – деді қала басшысы Ғабидолла Рахматуллаұлы депутаттардың, тұрғындардың алдында берген есебінде. Өз кезегінде депутаттар қала басшысының жұмысына оң баға берді.
С. Салауат, Оңтүстік Қазақстан облысы