Оңтүстікте мұғалімдер үшін үйлер салынады

Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте аймақ басшысы облыстағы мұғалімдерді қызметтік пәтермен қамту керектігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді құрылыс басқармасына жүктеді. Мұғалімдердің статусы төмендеп кеткен бүгінгідей уақытта облыс басшысының бұл бастамасы ұстаздардың үміттерін үкілеп қана қоймай, өңірдегі білім саласының сапасының артуына қызмет ететіні айтпаса да түсінікті. Қазақта «үйі жоқтың күйі жоқ» деп тегін айтылмаған.

Осы жиын барысында Жансейіт Қансейітұлы облыс аумағындағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық мәселесін де қозғады. Облыста көшені тазалау, бей берекет тасталған күл-қоқыстарды жою және үй қасбеттерін әктеу, сырлау бойынша тапсырмалардың орындалуы баяу екен. осыған орай, әсіресе, қаладағы тазалық мәселесіне қатысты қала әкімінің осы салға жауапты орынбасарына сын-ескертпелер айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Бүгінде Шымкент қаласын тазалықты қамтамасыз ететін 3 мекеме бар, онда бір мың адам жұмыс істейді және 203 техника бар. Алайда осыған қарамастан тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары көңіл көншітпей отыр. Осы тапсырмадан кейін қаланың тазалығына қатты көңіл бөлініп, нәтиже шыға бастағаны байқалады. Иә, қаланың тазалығы әрбір қалалықтар мен қала қонақтары, олардың денсаулықтары үшін өте маңызды.

            С.Салауат, Оңтүстік Қазақстан облысы