Шетелдегі қазақтардың ортақ бір уайымы бар
Швеция еліндегі Қазақ мәдениет орталығын 18 жылдай басқарған қандасымыз Махмұт Сарбастың Астанаға келген сапарында сұхбаттасудың сәті түсті. Ол әлемнің 100 елінде 150 мыңға жуық филиалы бар, электротехника, энергетика және ақпараттық технологиялар саласына маманданған шведтік әйгілі АВВ компаниясында 30 жыл инженер болып қызмет атқарған.
— Махмұт Сарбас мырза, Қазақ еліне қош келдіңіз! Бұл Қазақстанға нешінші рет келуіңіз?
— Рахмет! Мен Қазақстанға жыл құрғатпай келіп тұрамын. Биылғы сапарым EXPO-ның қасиетті Қазақ жерінде, елордасы Астана төрінде өтуіне байланысты десем болады.
— Ендеше, алдымен өз өмір тарихыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз…
— Туған жерім — қазақтар қазірге дейін мекен ететін Түркияның Алтай деген ауылы. Әке-шешем сол елдегі басқа қазақтар секілді Қытайдың Құмыл аймағына қарасты Баркөл, Атөрік өңірі жақтан ел басына күн туып, ел ауған заманда жұртпен бірге атақты Гималай тауларынан асып, 17 жылдай Пәкістан мемлекетін мекендеп, Түркияға жеткен қазақтардың бірі. Осы елге барған соң құжат берер кезде тегіңді жаз дегенде әкем Иманғали өз тегі ретінде, Керей ішінде Сарбас руынан болғасын Иманғали Сарбас деп жаздырған. Әкем етінің тірілігі арқасында Пәкістандағы қиын күндер кешіп жүргенде-ақ Меккеге барып қайтқан адам, ол жағын Түркиядағы замандастарының бәрі біледі. Мен өмірге келгенде әкем Анкарадан 350 шақырым қашықтықтағы Алтай ауылында мал шаруашылығымен және дүкен ашып, сауда жасаумен айналысқан екен. Ол кісі менің екі жарым жасымда қайтыс болып, жалғыз шешемнің қарауында қалыппын. Бірақ шешем де көп ұзамай, 7 жасымда о дүниелік болып кетті. Содан әкем өлген соң шешемді өзіне қаратып алған бір туысқан ағамыздың қарауында қалдым. Өзім бір атадан жалғызбын. Ол уақытта Түркияда елдің көбі 5 сыныпты қанағат тұтып, оқуға, білімге аса ынтықпайтын кез еді. Сол бес жылдықты бітірген соң ауылда мал бағуға көмектесіп, өмір сүріп жүрген едім. Шешем түскен шаңырақтың бір ұлы Швеция еліне барып қара жұмыс істеп жүрген. Ол бір жолы ауылға келіп, менің жағдайымды көріп, бұлай жүре берсең, болашағың қиын болады деп Ыстанбұлдағы ағайындардың үйіне апарып тастады. Бірақ ол жақтағы жағдайым тағы да мәз болмаған соң, келесі жылы маған хабарласып, Швеция еліне шақырды. Сөйтіп, бар жоғы 15 жасымда жұмыс іздеп, осы кезге дейін мекен етіп келе жатқан елімдегі Вестерос қаласына бардым. Ол елде кәмелет жасына толмаған баланың жұмыс істеуіне тыйым салынғандықтан, швед елі мені мектепке қабылдады. Бірақ Швецияға жұмыс іздеп келгеніммен бұл елдің тілінде бір ауыз сөз білмеуші едім. Сондықтан мектеп мұғалімдері маған күн сайынғы сабақпен бірге 3-4 сағат швед тілін үйретті. Сабақ оқуға, тіл үйренуге бейімім өте жақсы болғандықтан 4-5 айдың көлемінде бұл тілде еркін сөйлеп, сабақта да үздік оқушылардың қатарына қосылып кеттім. Мектеп директорының назарына іліктім. Директор мені кабинетіне арнайы шақырып алып, қандай мамандық таңдасам дұрыс болатыны турасында кеңесін берді. Мен сол мектеп директорының нұсқауы бойынша қазіргі өз мамандығымды таңдадым. Сөйтіп ЖОО-ны бітіргеннен кейін атомдық энергетика және гидроэнергия өндіру АВВ компаниясында инженер болып ұзақ жыл қызмет еттім.
— Алтайдан ауа көшкен қазақтар Түркияға барып, сол елді пана тұтып біржола тұрақтап қалды деп айтуға болады. Дегенмен сол барған қандастарымыздың арасында әрі қарай Еуропа асып кеткендері де аз емес. Осының себебі неде? Әлде Еуропада өмір сүру Түркиямен салыстырғанда оңайырақ па?
— Иә, оның әртүрлі себептері бар. Қазақтар негізінен Түркиядан Еуропа елдеріне сонда тұрақтап қалу үшін бармайды. Олардың көбі Түркиядағы тұрмысын жақсартып алудың қамымен кетеді. Бірақ барғандардың ешқайсысы қайтып келмейді. Сол жұмыс істеген елінде тұрақтап қалып жатады. Еуропада тұратын қазақтардың көбі өлерінде сүйегін Ыстанбұлға апаруды өсиеттеп кететіндіктен, Түрік еліне табытпен ғана қайтып келеді деп айтуға болады. Ал Швецияға барған тұңғыш қазақ баласы атақты балуан Қажымұқан атамыз екенін бәріміз білеміз. Ол кісі спорт бәсекесіне орай Стокгольм қаласына табаны тиеді. Ал Түркия қазақтарынан тұңғыш барған адам Осман Алтай (шын аты Құсан — авт,.) деген атамыз еді. Осыдан 3-4 ай бұрын 98 жасында өмірден өтті. Оның ұлы Британияның Shell мұнай компаниясында жоғары дәрежелі басшы болып жұмыс істеген. Қазір Еуропаның мұнай компаниялары қауымдастығында қызмет етеді. — Қазіргі кәрі құрлықтағы қандастарымыздың қарым-қатынасы қандай, мәдени орталықтары белсенді жұмыс істеп тұр ма? — Жалпы кәрі құрлықта он мәдениет орталығы бар. Олар Норвегия, Дания, Германия, Франция, Голландия, Британия, Швеция секілді елдерде ресми түрде құрылған. Сол он елде тұратын қазақтар жыл сайын келісіп, бір жерде Еуропа федерациясы аясында кіші құрылтай өткізіп отырады. Сондай-ақ, жастардың жаңа жыл қарсаңындағы демалысты пайдаланып кездесу өткізеді. Еуропадағы қазақ мәдени орталығының құрамына кіретін әйелдердің қолөнер орталығы, жастардың спорт орталығы, діни орталық, сосын қазақ мәдениеті орталықтары жұмыс істейді. — Осы елдердегі қазақ жастары қазақ тілін біле ме? Олар өзара кездесуінде қай тілде сөйлеседі? — Жастардың бәрі түрік тілін біледі деп айтуға болады. Сондықтан оларға қазақша үйрену аса қиындық тудырмайды. Дегенмен Еуропа федерациясының кездесуде ортақ тіл ретінде ағылшын тілін пайдаланады.
— Жалпы Еуропа деп айтып жатырмыз ғой. Сол құрлықта қазіргі кезде қанша қазақ тұрады?
— Францияда 700-ден астам қазақ отбасы бар. Саны жағынан екінші орында Германияның Кёльн қаласы, онда 220-дай, Мюнхенде 40 шақты отбасы, Берлинде де солай, ал Швецияда 100 үй, Данияда 15-20, Голландияның Амстердам қаласында 35-40-тай қазақ отбасы түтінін түтетіп отыр. Сосын Лондонда да осы шамада қазақ үйі бар. Айта кетуім керек, Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері Қазақстаннан да қандастарымыз сол жаққа барып, өмір сүріп жатыр. Бірақ олар бізбен араласпайды. Себебі Қазақстаннан Еуропаға барған бауырларымыздың көбі орыс тілді болған соң тіл табысу қиындау. Қазақстандық қазақтар кеңестік таным-түсінікте, ал біз еуропаша болғандықтан, бәрімізді дін ортақтастырар деп ойлап едік, ол да себеп бола алмады. Тамақты да, басқаны да мұсылман баласы болған соң біздегі қазақтар ойланып, талғап жейді. Ал орысмінезді жастарға бәрібір екен. Олар ойнап-күлетін жерді іздеп тұратын көрінеді… Бұған бола мен ренжімеймін, оларда мін жоқ, мін болса, сол жастардың әке-шешесінде, өскен ортасында. Меніңше, жалпы, ұлтты, мемлекетті біріктіретін нәрсе болады десек, ол — ортақ дәстүр, ортақ дін, ортақ тіл. Осы үш ортақтықтан біртұтас ұлт, ортақ түсінік, Елбасымыз үнемі айтып жүргендей, бірлік, тұрақтылық қалыптасады. Әрине, ондай тұтастықтың басын балабақшадан бастау керек. Бұл дамыған батыс елдерінде бар тәжірибе.
— Сіз қазір өмір сүріп жатқан Швеция елінің экономикалық жағдайы, бұрынғы отаныңыз Түркиямен салыстырғанда қандай деңгейде?
— Мен бұдан қырық жыл бұрын барғанда Швеция елінің халық саны 7.5 миллионның көлемінде болған. Қазірде сол шамадан аса ұзаққа барған жоқ, 9 миллионға әрең жетіп отыр. Жалпы Еуропадағы елдердің экономикалық жағдайы жаман емес екені барша әлемге белгілі. Алайда осы кәрі құрлықтағы бір келелі мәселе бар. Олар отбасы саясатын өмір сүру бағдарламасына қоспаған. Бала туу үшін үйлену, отбасын құру міндет емес, баласын туа береді (әрине туса). Егер жақсы болып жатса, әрі қарай неке куәлігін алады. Әйтпесе, екі жаққа кете салады. Отбасылық мәселені соңғы орынға қою — бұл олардың басты һәм ортақ кемшіліктерінің бірі шығар деп ойлаймын. Менің ойымша, отбасын құру, бала тәрбиелеуді бірінші орынға шығарса, жалпы адамзат баласы дұрыс бағытқа жол тартар еді. Ал Швеция — корольдік режиімдегі ел. Бірақ король деген ол символ. Бұл елді іс жүзінде көп жылдар бойы социал-демократтар партиясы басқарып келді. Осы кезеңде Швеция экономикалық өрлеу дәуірін бастан кешіріп, әлемге танылды. Аталған партия 42 жыл елді алға сүйреп келді. Сондықтан да шығар қазір дамыған мемлекеттер қатарында…
— Түркия туралы айтып берсеңіз…
— Мен заңды түрде екі елдің азаматымын. Бірі Түркия, екіншісі Швеция. Сондықтан жыл сайын Түркияға да келіп тұрамын. Сондықтан бұл елдің жалпы жағдайы мен үшін бейтаныс емес. Түріктер жақын уақытқа дейін жалпыға міндетті 5 жылдық оқуды қанағат тұтып келген-тын. Соның әсерінен қарапайым халықтың жартысына жуығы жоғары оқуға құлықты болмаған. Сол бес жылдықты бітірген соң әрі қарай үй шаруасына көмектесіп болмаса жеке кәсіптер істеп кете берген. Түркия — отбасылық кәсіпті ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып істеуді дәстүрге айналдырған ел. Мысалы әкесі жиһаз жасаумен айналысатын немесе мейрамхана қожайыны болса, баласы да сол кәсіпті жалғастыруға кішкентай кезінен дайындалады. Сол арқылы кез келген түрік азаматы болашақта кім болам деп басын қатырмайды, ЖОО-да оқып, өз өмірінің азығын табуды көздемейді. Бұндай отбасылық кәсіпті жалғастыру бүкіл елдің экономикасының тұрақты дамуына пайдалы болғанымен, көпшілік қауымның жоғары білім алуға деген ынтасын төмендеткен сияқты. Дәстүрлі кәсіпті жалғастырушылар үшін баланың ұзақ жылдар оқып, ЖОО-да білімін шыңдау бір қарағанда бос әурешілік сияқты болып көрінеді. Ал енді артықшылығы жағын айтар болсақ, экономикасы дамыған ел. Оны жұрттың бәрі біледі. Жалпы Еуропада дамыған отыздан астам ел бар болса, соның ішінде Түрік елі алдыңғы қатарда. Бұл жерде «Түркия осындай деңгейге қайтып жетті?» деген сұрақ тууы заңды. Олар туризмді өте жақсы дамытқан, сосын түрік халқы «сауданың тегін» біледі. Өте еңбекқор, кез келген сауда орталығында қызмет көрсету жоғары деңгейде. Ол жағынан, қазақша айтқанда, алдына жан салмайды. Міне артықшылығы осы. Одан кейін бұлар соңғы жылдары жалпыға міндетті білім алуды 5 жылдан 11 жылға ұлғайтты. Мектепте бүкіл түркі тарихы жақсы оқытылады. Өздерінің арғы тегі кім екенін, қайдан шыққаны туралы терең түсіндіріледі. Ал осындай тарихты оқыған жастарының да, кәрілерінің де қазақ халқына деген құрметі бөлек болады. Өйткені олардың саналарында осы күнге дейін азғындамай, басқа ұлттардың ықпалына қатты ұшырамай келген аталарымыз қазақ деген таным бар. Әрине бұл түрік біткен қазақты құдайындай көреді деген сөзім емес, тарихты санасына сіңіре білгені біздің ұлтымызға құрметпен қарайды дегенім.
— Махмұт аға, өз отбасыңыз туралы айтып берсеңіз. Балаларыңыз қазір қайда тұрады, өз отанына келгендері бар ма?
— Шет елде тұрған есті қазақтардың ортақ бір уайымы бар. «Болашақта ұрпақтарымыз кім болады?» деген. Біздің жастарымыз қазірдің өзінде ассимиляцияның күшті әсеріне ұшырап барады. Ұлт, дін турасындағы таным-түсініктері кісі алаңдайтындай деңгейге жеткен. Швеция еліндегі туған тілін, дәстүрін, дінін ұмытқан, өзінің кім екенін білмейтін шетелдіктерді көп көрдік. Олардың бұлай болуына әуелде ата-анасы мән бермеген. Содан осы күйге жеткен. Бұл мен үшін өте қорқынышты нәрсе. Себебі менің әкем Иманғали Сарбас Шынжаңнан үдере көшкен елмен бірге, адам түгілі аспандағы құстың өзі ұшып өте алмайтын Гималай тауынан өтіп, шетел асты. Сондағы олардың мақсаты — қорасындағы малы немесе қара бастарының қамы емес-тін. Бейбіт өмір мен өз ұрпақтарының болашағы үшін күресу еді. Ал енді мен неге бүгінгідей баянатты өмірімізде өз ұрпақтарым туралы талпынбауым керек? Қазақстан тәуелсіздік алған соң мен осындай ойға келдім. Сөйтіп бір қызымды Қазақстандағы ЖОО-да оқыттым. Оның нәтижесі жаман болған жоқ, бастысы қызым өзі білмейтін ана тілін, дінін, дәстүрін білген толық адам болып шықты. Қазір Қазақстандағы Норвегия елшілігінде жұмыс істейді. Елге Түркиядан келген қазаққа тұрмысқа шықты. Олардың үш баласы бар, Астанада тұрады. Мен 2000 жылдары Еуропадағы оқуы, экономикасы дамыған елде тұрып, енді ғана тәуелсіздік алып, есін жиып келе жатқан Қазақстанға осы қызымды ақшасын төлеп оқытам деп алып келгенде көбісі таңғалған еді. Бүгінгідей нарықтық заманда бұл бос шығын деп ойлады. Бірақ менің қызым бірінші жылы ақылы оқығанымен, келесі жылы өз талпынысының арқасында грантты ұтып алды. Бес жылдан кейін ол өзі білетін ағылшын, швед тілінен өзге қазақ, орыс тілдерін игеріп қазақ еліне пайдасы тиетіндей маман болып шықты. Сондай-ақ, осы жақта тұрып қалуына жол ашылды. Бұл, әрине, менің негізгі жоспарым еді.
Жас кезімде қазіргі кейбір адамдар секілді ұлтымды ұмытып, өзімді шведпін, швециялық азаматпын деп ойлағам. Бірақ есейіп, ес жиған соң, адамға не керек екеніне көзім жетті. Мына дүниеде толыққанды адам деген түсінік бар. Толыққанды адам болу — өзінің тілін, салт-дәстүрін, дінін біліп ғана қоймай, оларды жанында сақтау керек екенін сезіндім… Менің қалған үш балам қазір Швецияда тұрады. Екеуі отбасын құрған. Оларды жас күнінен бері жыл сайын бір айдай уақыт Түркияға әкеліп тұратынмын. Ондағы ойым — азанның дауысын естісін, құлағына сіңсін, өздерінің мұсылман екенін, қазақ деген ұлттың ұрпақтары екенін білсін дегенім еді. Қазірде сол отбасылық дәстүрімді жалғастырып келемін.
— Әңгімеңізге рақмет!
Бейсен Сұлтан
http://www.inform.kz/kz/sheteldegi-kazaktardyn-ortak-bir-uayymy-bar-shveciyadagy-kandasymyz-mahmut-sarbas_a3061901