Тұңғыш тіл Орталығы қалай ашылды?
Игі істің басы – тіл, тәрбие басы – тіл. Махмұд Қашқари
Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығының» ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Шымкентте тұңғыш Орталықтың ашылуы мемлекеттік тіл саяасатындағы айрықша жаңалық әрі айтулы оқиға болғаны анық.
Әрине, бұл айтуға оңай болғанымен, тыңнан түрен салып, елімізде бірінші болып, мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын Орталық ашудың тым күрделі әрі аса қиын болғанын біреу білсе, енді біреу білмейді. 90-жылдары елімізде қолданылып отырған шараларға қарамастан, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толық іске асыру мүмкін болмады. Оның басты себебі тіл мәртебесі тек ресми тұрғыдан жарияланғанымен, оның жергілікті жерде үйретілуі мен қолданылуын іске асыратын тетіктің (механизмнің) ойлап табылмай отырғандығына байланысты еді. Бұл жөнінде, 1996 жылғы 4 қарашадағы мемлекет басшысының Өкімімен мақұлданған «Қазақстан Республикасы Тіл саясатының тұжырымдамасында» айтылып, «мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталықтарын құру қажеттігі» көрсетілген болатын. Соған байланысты, біз тіл саясатын іске асырудың негізгі тетігі — қазақ тілін оқытып-үйрету мәселесіне қатысты екенін терең түсініп, қаладағы ересек азаматтарға қазақ тілін ақысыз оқыту Орталығын құруды жедел қолға алдық. Осы мақсатта 1996 жылғы тұжырымдамаларда айтылған және Ата Заңымыздың 93-бабында жазылған: «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті жағдайдың бәрін жасауға міндетті деген талаптарын басшылыққа алып, Орталық ашуға белсене кірістік. Ол жылдары еліміз экономикалық қиындықтарды бастан өткеріп, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері 3-4 айлап жалақыларын ала алмай жүрген қиын кезең еді. Сондай-ақ, 1996 жылы Орталық ашуға заңдық негіз болатын жоғарыда айтылған «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» арнаулы Заң да қабылданбаған-ды. Шымкентте 1989 жылғы халық санағы бойынша, қаладағы қазақтардың үлесі 29 % болатын. Шымкентте қазақ тілін ақысыз оқыту Орталығын құрудың қажеттілігіне тоқталсам, 90-жылдардың басында қала түгілі, аудандар мен ауылдар да барлық құжаттар орыс тілінде жүргізілетін. Тіпті, 100 % қазақтар тұратын ауылда да бұйрықтар орысша шығарылатын. Соған байланысты, 1990 жылы «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдары қазағы көп шоғырланған аудандарда да құрылғаны белгілі. Мысалы, 1990 жылы мен Шымкент «Электроаппарат» зауытында цех бастығы әрі қоғамдық негізде осы зауыттың «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып жұмыс істедім. «Электроаппарат» зауытындағы мыңға жуық жұмыскердің 3-4 пайызы ғана қазақ болатын. Бұл зауытта барлық бұйрықтар мен құжаттар тек орыс тілінде жүргізілетін. Тіпті, сол жылдары ұл-қыздарымызды ана тілінде оқытуға қазақша балабақша мен мектеп жеткіліксіз еді. Оған дәлел ретінде, 1990 жылы Шымкентте 3-ақ таза қазақ мектебі мен 2 ғана қазақ балабақшасы болғанын айтсақ та жеткілікті. Институттар мен техникумдарда студенттер негізінен орыс тілінде оқитын. Кәсіпорын, мекеме, ұйымдардағы түрлі жиындар мен іс-шаралардың барлығы да орыс тілінде өтетін. 90-жылдары біз «Қазақ тілі» қоғамының жиналыстары мен еліміздің егемендігін алу жолында түрлі қоғамдық бірлестіктер тарапынан ұйымдастырылатын басқосулар мен сұхбаттарда ғана қазақша сөйлеп, айызымыз қанатын. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік органдар мен мекемелерде қызмет істеп жүрген көптеген мамандар мен басшылардың 60-80 жылдары мектепте және жоғары оқу орындарында орыс тілінде оқып, білім алғандықтан, олар қазақ тілінде құжаттар әзірлеп, баяндама жасауға қатты қиналатын. Құжатты алдымен орысша дайындап, кейіннен қазақшаға аударатындығы да осыған байланысты еді. Мен 1993 жылы Шымкент қалалық Тіл басқармасының бастығы болып тағайындалған соң, басқарманың бас маманы Ү.Қарасаев екеуіміз бірлесіп, қала әкімінің 1994 жылғы 31 мамырдағы № 513 қаулысымен «Тіл және халықтық педагогика мәселелерімен шұғылданатын әдістемелік орталық» аштық. Кейін Орталықтың қаражаты болмай, қысылған уақытта, мен оларға қолдау көрсеттім.
1996 жылы желтоқсан айында біз «ҚР Тіл саясатының тұжырымдамасында» айтылған және Ата Заңымыздың 93-бабында жазылған «Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі тиіс» деген талаптарына сәйкес, осы Орталық негізінде қалалық Тіл басқармасының жанынан «Қазақ тілін оқыту Орталығын құру туралы» қала әкімі А.Ормановқа ұсыныс хат жаздық. Алғашында бас маман Ү.Қарасаев осы ұсыныс хатпен қала басшыларына барғанымен, ешқандай нәтиже шықпағаны жөнінде жаңа жылдан бір апта бұрын маған баяндап және оларға деген ренішін де білдірген-ді.
Содан бұл маңызды мәселені өзім мықтап қолға алып, 1997 жылы қаңтардың басында қалалық Қаржы басқармасының бастығы И.Асқаровқа барғанымда, ол бюджетте қаржының жоқтығын айтып, Орталық ашуға қарсылық білдірді. Ал мен Орталық құру заңды әрі уақыт талабы екендігін түсіндіріп және оны жеделдетіп ашу кезек күттірмес мәселе деп, қала әкімі Анарбек Оңғарұлына әр апта сайын таңғы сағат бестен тұрып (1995-97 жылдары А.Орманов жиналысты таңертең сағат 06:00-де өткізетін), тыным таппай бірнеше рет қайт-қайта бардым. Кейін айдың соңында әкімге тағы да арнайы кіріп, Орталық құру шын мәнінде, тарихи маңызды екендігін және мемлекеттік тілді үйренушілерге нақты жағдай жасамай, қазақ тілінің көсегесі көгермейтінін түсіндірдім. Ақырында А.Орманов азаматтық танытып, сол кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, басынан талай зобалаңды өткізген қазақ тілі өзінің өрлеу дәуіріне бет алғанын байқап және ана тіліміздің болашағын ойлап, 1997 жылдың 31 қаңтарында Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» ашу туралы тарихи шешімге қол қойған еді! Осы тарихи шешімнің негізінде, бұдан 20 жыл бұрын Шымкентте мемлекеттік тілді мәртебесіне жеткізудің нақты қадамы жасалып, республикадағы тұңғыш Орталық өз жұмысын бастаған болатын. Оңтүстіктен бастау алған осы жағымды жаңалық сол замандағы тілсүйер қауымды бір желпіндіріп, қуандырғаны ақиқат. Бұл игі бастама 1998 жылы Астана қаласында және республикамыздың басқа қалалары мен облыстарында қолдау тауып, төрт-бес жылда бүкіл Қазақстанға таралады. Осы игі бастама шын мәнінде Оңтүстік «ұлтымыздың ұйытқысы» екендігін тағы бір дәлелдеді.
Жаңа Орталық ұйымдастыру мәселелеріне байланысты алғашқы айларда бірқатар қиындықтарға кездесті. Сол кездері Шымкент қалалық Тіл басқармасы оңтайландырудың құрығына ілігіп, қысқарып кеткенімен, оның жанынан құрылған тұңғыш «Мемлекеттік тілді ақысыз оқыту орталығын» сақтап қалдық. Сол бір қиын-қыстау шақта мұның барлығы да оңайға түскен жоқ. Дегенмен, уақыт өте келе Орталықтың материалдық-техникалық проблемалары біртіндеп шешімін тапты. Содан бергі уақытта «Тілдерді оқыту орталығының» атауы бірнеше рет өзгеріп, басшылары да ауысты. Өткен 20 жыл ішінде бұл Орталықта бірнеше мыңдаған мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекемелердің мамандары және қаланың қарапайым азаматтары қазақ тілін оқып-үйренді. Ал кейінгі 10-15 жылдан бері азаматтар орыс және ағылшын тілдерін оқып-үйренуде. Бұдан үш жыл бұрын мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған «Біздің міндетіміз — 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу» деген тапсырмасы, Оңтүстік Қазақстанда 10 пайызға артығымен орындалуына Орталықтың қосқан үлесі зор.
20 жылдық тарихы бар Қазақстандағы тұңғыш «Мемлекеттік тілді ақысыз оқыту орталығы» еліміздің бүгінгі тіл саласында қол жеткізген жетістіктерге қосқан үлесі қомақты болғанын және бұл Орталық алдағы уақытта да азаматтарға тілдерді оқып-үйренуіне лайықты үлесін қоса береді деп сеніммен айта аламын.
Қабыл Дүйсенбі «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері